Өлең, жыр, ақындар

Ат тергеу

Халық дәстүрінде адамға құрмет көрсетудің жолдары көп. Соның бірі — ат тергеу. Ұлт дәстүрі бойынша әйелдер атасының, қайнаға, қайнысының, қайынсіңлісінің атын атамай, өзінше лайықты ат қойып «бай атам», «би атам», «мырза қайнаға», «төрежан», «тентегім», «еркем», әйел болса «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым», «күлімкөз» деп атайды. Жеңгелер жағы небір күлкілі аттар да қоя береді. Мысалы: тапалды «сұңғақтым», жайбасарды «жүйрік» дейді. Мұның бәрі шын мәнінде сыйластық пен құрметтің ерекше бір белгісі болып табылады. Ер адамдар да ақсақалдар мен өзінен үлкендерді «ата», «әже», «шеше», «апа», «Ереке», «Аха», «Жәке», «Сәке» деп құрметтеген. Бұл да осы ғұрыптың бір түрі. Ат тергеу — біздің халқымыздың адам сыйлау жөніндегі ізеттілік, көргенділік, кішіпейілдік қасиеттерінің биік көрінісі. Өзінен үлкен адамның атын тура атау анайылық болып табылады.

Әдебиетте бірінші рет Н.И.Ильминский «Күйеуінің туыстарының атын келін еш уақытта атамайтын. Оның аға-інілеріне, апа-қарындастарына арнайы ат қоятын...» деп ат тергеу туралы жазған. Келін тарапынан ат тергеу күйеу туыстарының жасына, жынысына, туыстық қатынасының алыс-жақындығына байланысты. Бұл арада келінннің тапқырлығы, байқағыштығы да оған көп көмек беретін. Өйткені әркімнің әр түрлі сырттай, іштей ерекшеліктеріне, мінез-құлқына қарай ұнамды ат қоя білу кез келген кісінің қолынан келе де бермейтін.

Егер жас келін сол әулеттің, сол елдің үлкен адамдарының атын атап қалса, ол тәрбиесіздік, құрметсіздік саналып, үлкен сөгіске қалады, қатал сынға ұшырайды. Ат тергеу дәстүрі қазақ келіндерінің ибалы-ибасыздығын, текті-тексіздігін, сұңғыла-сарамастығын, тілге шешен-шорқақтығын сынайтын қатаң өлшем.

Жаңа түскен жас келіндер түскен үйдің баласы болып кетеді. Сондықтан күйеуінің үлкен әкесін «әке» не «ата» десе, әжесін «әже» дейді. Ал күйеуінің әкесін  «үлкен ата», «ата», «кіші ата» дейді.

Күйеуінің ағаларына: «үлкен аға», «жақсы аға», «ағакем», «көке» деген аттар қойса;

Інілеріне: «сал жігіт», «молда жігіт», «мырза жігіт», «ортаншым», «тетелес», «інішегім», «кенже»;

Қайын сіңлілеріне: «шырайлым», «жігіт жат», «еркежан», «еркем», «еркекшем», «молдақыз», «айдарлым», «кекілдім»;

Бұрын ұзатылған қыздарды «апа» деп, не олардың күйеулерінің аттарымен бәлендегі қыз, түгендегі қыз дей салады.

Мұнымен бірге жас келіндер күйеуінің бірге туған, немере, шөбере туыстарының өздеріне де жоғарығыдай ат қоюмен қатар, олардың әйелдеріне, яғни абысын-ажындарын да үлкен апа, апа, кіші апа, жақсы апа, жеңешем, бәлен апам, түген жеңешем деп атай береді.

Әркімнің туыстық жақындығына, туыстар арасындағы, жалпы қауым алдындағы алатын орны мен беделіне қарай орынды ат қойғыш келіндерді халық аса ұнататын. Мәселен, би, болыс болып жүрген қайнағаларын би ата, би аға, болыс ата, болыс аға дей береді.

Әдепті келіндер ат тергеуге соншалықты мән беріп, сыйлы үлкен адамдардың атын атауды өзіне кешірілмес күнә деп санап, өзі атын атамайтын қайын ата, қайын ағаларымен аттас бөтен адамдардың да аттарын тура айтудан именіп, мәселен, қажы аттас, ағакем аттас деген.

Қазақ аттары жер, су, аң, құс және төрт түлік малдың атауларымен байланысты қойылатындықтан, ондай атаулардың өзін өзінше өзгертіп айтатынын А.Самойлович та атап өткен еді. Мәселен, атын атамайтын адамдардың аттары Сарыбай, Сұлушаш, Бүркітбай, Биеке, Бүйен болсын. Мұндайда келіндер Сарысу өзенін шикіл су десе, Сұлу төбе деген жерді әдемі төбе, Бүркітті — қыран, биені — сауар, малдың бүйен ішегін жуан ішек деп өзгертіп айтады.

Халық дәстүрі бойынша ауылдағы қарт кісілер мен қайнағаларын атамау үшін мазмұны бір басқа балама тауып қойылатын. Мәселен, Қасқырбайды — Бөрі ата, Қазыбайды — Топ ата, Айтуғанды — Түнгі жарық, Алтынбайды — Бестен артық, Қыстаубайды — Көң ата деп те атай беретін.

Қазақ әйелдері күйеулерінің де атын атамай оларды «отағасы», «біздің үйдің кісісі», «бәленнің ағасы» дейтін. Күйеуінің құрдастарының да атын атамай, оларды «құрдас» атандыратын.

Халық аузында мынадай қызықты әңгіме бар. Бір келіншек «Сарқыраманың ар жағында, сылдыраманың бер жағында маңыраманы ұлыма жеп жатыр! Білемені жанымаға жанып-жанып тез келіңдер!» — депті. Сөйтсе ол Өзенбай, Қамысбай, Қасқырбай, Қайрақбай, Пышақбай деген қайны, қайнағаларының атын атамауға тапқан тұспалы екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (4)

Алтынбек н

Үлкен әжем қайнысын бес ондық деп атайды ағамыздың аты елубай болатын

Сара

ойланатын нәрсе екен

Аруна

Ильминский жаман адам болған дейді, шпион - Түркі халықтарын бөлшектеп, орыстандыру саясатында «тілді» қару ретінде қолданған орыс шығыстанушысы

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер