Өлең, жыр, ақындар

Әже, келдің бе?

Әсемнің өкпесі қара қазандай. Ауылда тұратын әжесіне көкесі «әне апарам, міне апарам» дегелі талай болды. Неге айтқанын орындамайды? Уәде бермегенде, бүйтіп мазасызданбас еді. Әлгінде далаға шақырған құрбылары Диана мен Динаға да ерген жоқ. Жайшылықта ойнаудан әсте жалықпайтын қызының бұл тосын қылығына шешесі де аң-таң.

Ол төргі бөлмедегі терезеден көшеге көз жіберді. Үшінші қабаттағы бұлардың пәтерінен аула іші тегіс көрінеді. Аулада қазір қайнаған тіршілік. Балалар әткеншекке отырып, жүгіріп, секіріп, бірін-бірі қуып мәз. Белесебет үйреніп жүр-ау шамасы, анау бір қыз қалт-құлт етіп теуіп барды да, құлап калды.

Әсемге бұл көрініс те әсер етпеді. Әжесін қатты сағынғаны соншалық, қазір ауылға жүріп кеткісі бар. Бірақ қалай? Тәтті қиялын аяқ тықыры бөліп жіберді. Шешесі екен.

— Қызым-ау, бір жерің ауырып тұрған жоқ па? Далаға шықпадың ба?

— Шыққым келмейді.

— Ішің пыспай ма?

— Жоқ...

— Қабағың келіспей тұр.

— Жай...

— Мен дүкенге барып келе қояйын. Алда-жалда далаға шыққың келсе, білесің ғой есікті қалай жабуды?.. Көп айналмаспын.

Әсем үйде қалды. Көкесі жұмыста. Қас қарайып, қараңғылық түскенде бір-ақ келеді. Ал өзінен үлкен ағасы Еркін лагерьде демалуда. Шешесінң «дүкенге барып келе қояйын» дегені жай сөз.

Біледі ғой мамасын. Көрші Майра тәтенің сөзімен айтқанда, шешесі «қыдырымпаз». Ендеше екі-үш сағатсыз орала қоймас үйге.

Әсем есікті жауып, тысқа шықты. Ешқайда мойын бұрмастан тұп-тура үй іргесіндегі аялдамаға келді. Мандайшасында «5» деген жазуы бар троллейбус те келе қалғаны. Отырып автовокзалға жетті.

Автовокзал. Ары-бері қайшыласқан жұрт. Сабылған жолаушылар. Сөмке көтеріп, қоларба сүйреген адамдар. Арасында бірен-саран балалар да бар. Әсем ес білгелі әке-шешесіне еріп талай рет ауылға сапар шеккен.

Сонда Қарағашқа жүретін автобустың анау шеткі платформадан аттанатынын көрген. Діттеген жерді жаңылмай тапты. Үлкен қызыл «Икарус» автобус жүргелі тұр. Жолаушылар түгелімен отырып болған сыңайлы.

Қолында қағаз-қаламы бар алдыңғы есіктен түскен бір тәте:     

— Қайда барасың, балақай? — деді жылы ұшырап.

— Ауылға, әжеме...

— Әжең қайда тұрады?

— Алыста.

— Алыста болғанда, ауылдың аты бар ма?

— Қарағаш.

— Ә! Жүре ғой, қызым... Ол жаққа бір сағаттан кейін автобус қатынайды.

Бейтаныс тәте Әсемді автовокзалдағы бөлмесіне алып келді. Аты-жөнін, неше жаста екендігін сұрады. Әсем қайда, қай қабатта, тіпті қай подъезде тұратынын да тақылдап айтып берді. Содан соң бейтаныс тәте бір жерге телефон шалып сөйлесті. Көп ұзамай бөлмеге екі милиционер кірді. Әсем тіксініп қалды. Себебі, тура осы формадағы қызыл жағалы кісілер, ылғи арақ ішіп, мас болып жүретін, көрші подьездегі бір ағайдың қолын артына қайырып, машинаға отырғызып әкеткенін көрген болатын.

— Кішкентай жолаушы қайда? — деді милиционердің біреуі.

Әсемнің құлағы елең етті.

— Е, мында отыр екен ғой...

— Мен сіздерді танымаймын, — деді Әсем қорқыңқырап. — Әжеме бара жатырмын.

— Әсем, ақылды баласың ғой. Бара ғой ағаларыңмен. Сені әжеңе жеткізіп салады, — деді бейтаныс тәте. Сенбейін десе, өтініп тұр. «Алдай қоймас».

Бұл кезде ауылдан келген Әсемнің әжесі немересін үй-ішіне түгелімен іздеттіріп, жан біткенді қуырып жатқан. Екі милиционерге еріп келген Әсем аңырып тұр. Үрей мен сағыныш қабаттасқан баланың көзінен мөлдір моншақтар үзіліп-үзіліп түсті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз