Өлең, жыр, ақындар

Сасқалақ Сәду

Бір байдың Сәду деген жалғыз баласы бір күні аңға шықпақшы болады. Бірақ ол бұл сапар әдеттегісіндей қасына кісі ертпейді, «біреу алып берген аңды қайтейін, мен де өз бетіммен олжа табамын» деп құлшынады. Мұны естіген әкесі баласының талабына сүйсініп, астына ең бір жуас атын мінгізеді де, қолына аңды өзі қайырып, өзі ұстайтын жүйрік тазысын жетектетеді. Сөйтіп, Сәду «қырыспал аңшы» болып жолға шығады:

Оңаша шыққан соң Сәду аңшылардан көргенін істеп тазысын босатып қоя береді. Тазы салған жерден иіс қуып, ізге түсіп жөнеледі. Одан Сәду де қалмайды. Бір кезде есіз тау ішіне кіреді. Бір қырқадан аса бергенде, Сәду тазысының бір қоянды шалып бара жатқанын көріп қалады да, айқайлап атына қамшы басады. Қырқаға шықса қоян да, тазы да жоқ. Сәду «Аққасқа, Аққасқа!» деп айқайлап олай да, былай да шабады. Түк жоқ, зым-зия. Қояны былай тұрсын, тазысына зар болады енді ол.

Әлден уақытта Аққасқа келеді, аузы-басы қан-қан. Олжадан айырылып қалғанына Сәдудің іші күйеді. «Ә, бұл қоянды өзі жеп қойған екен, ендеше мен мұны қасымнан екі елі шығармаймын», — деп ойлайды Сәду. Сөйтіп, ол Аққасқаны қарғыбауынан шылбырымен байлап алады.

Бір кезде қалың қойтас ішінен бір түлкі зыта жөнеледі. Мұны көрген Аққасқа сасқалақ Сәдудің қолынан шылбырды жұла қосылады да, сайдың арғы бетіне жібермей бір толғап өткенде түлкі сасқанынан інге қойып кетеді. Атын төпеп Сәду де жетеді. Келсе, іннің екі аузы бар екен. Бір аузын тырмалап Аққасқа қазып жатыр. Сәду екінші аузына келсе, түлкі іннен қылт ете қалады. Осы кезде Сәду атынан қарғып түсіп, іннің аузын бассалады. Бірақ түлкі ін түбіне кетіп қалады. Енді қайту керек?..

Сәду тымағымен бұл ауызды бітейді де, іннің ит қазып жатқан жағына келеді. Сөйтіп Аққасқаны ұстап алып, оны мойнындағы шылбырының бір ұшымен атының ауыздығына байлайды. Осы кезде түлкі олардың қасындағы бос ауыздан тағы да қылт етеді. Сасқалақтаған Сәду баж етіп, қолындағы қамшысымен іннің аузын шартылдатып сабай береді. Бұл дыбыстан шошынған түлкі іннің тымақ тығылған аузынан шыға қашады. Інге тығындалған тымақ түлкінің басында кетеді.

Бұл кезде байлауда аласұрып, алар аңын аңдып тұрған адуын тазы да тап береді. Ежелден жетекке үйреніп қалған ат та одан қалыспай құйғыта жөнеледі. Сасқалақ Сәду қызыл танау болып жаяу қалады.

Есіз тау, тақтай-тақтай тас, шым-шытырық шатқал. Ішінде шырматылып Сәду жүр. Ол өткен-кеткеннен:

— Тымақ киген түлкі көргендерің бар ма? Ат жетектеген тазы көргендерің бар ма? — деп сұрайды. Бірақ «көрдік» деген жан болмайды. Сәду ауылға қайтайын десе, олжасы мен тымағын, тазысы мен атын қимайды, тауып алармын деген үмітпен таудың ішінде қаңғып қала беріпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз