Өлең, жыр, ақындар

Алдардың тууы

Алдардың әкесі Алдан момын адам болыпты.

Оның өмір бойы кәсібі қой бағу екен. Баққан қойы байдікі болған соң:

— Бай, құдай күнімді саған қаратып, қойыңды баққалы отырмын. Беретін ақыңды айтқаның жөн болар еді, — дейді жалданарда.

— Несін сұрайсың, байғұсым... Біздікі деген көл емес пе! Асты жатып ішесің, мал десең айдап кетесің, тек бағуыңды біл. Ар жағын өзіме қоя бер...  Құдай  бар,  мен  бар.

Ащы терің жерге төгілсе төгілер, менің дәулетім төгілмес, бардан ауысады, балдан жұғысады, жүзді айдап, бірді жетелейсің, — дейді екен бай оған.

Оның «жатып ішетіні» рас бопт. Жұмыстан шаршаған Алдан басын көтере алмай, асты жатып ішіпті. Уәделі уақыты бітіп, кетерінде бай бір ешкі жетелетіпті.

«Кетем дедің, кеттің, бір оқыстық еттің, мына беріп отырғаным — «есің кетсе, ешкі жи» деген. Ешкі егіз туса, екеу болады. Ендігі жылы төртеу болады. Е...  дегенше жүз болады. Жетелеп кеткен бірің де осы, айдап кеткен жүзің де осы. Байғұсым, бара ғой», — деп бай алдапты.

Шағыммен барса хан алдапты. «Шариғат солай», — деп қожа алдапты. Базарға барса, саудагер және алдапты — «жаңылып жалпақ еттім, ұмытып үлкен еттім» деп нан сатқаны, «жіп деп жібектен тоқыппын, түк деп түбіттен тоқыппын» деп, мата сатқаны алдапты. «Барыпкелім  айтты» деп, бақсы алдапты. «Көзіңді жұмсаң керемет көресің» деп, ұры алдапты. Адал еңбегін алдап алып, күн көрушілер көбейген кезде  Алдан налып, зарын шағатын әкім таппай жүргенде, қатыны бір ұл туыпты.

Қарағымнын атын «Алдар» қояйын, алдаушылар көбейген заманда туды ғой. Мені алдаған арсыздар мендей қып мұны да алдасын, болмаса, «көп асуға — бір тосу» болып, алдаушыларға тосу болсын, — деп, Алдар қойыпты.Қартайғанда көрген ұлын әлдилеп отырып, алдаушылардың арсыздығын жыр қылып айтып, шерін тарқатады екен. Ол: —

Алдаушы арсыз көбейіп,
Ардан тойдым, қарағым.
Әділеттік табылмай
Заңнан тойдым, қарагым,
Арсыз заман — азаптан,
Жаннан тойдым, қарағым.
Арашашым болсын деп
Алдар қойдым, қарағым... — депті.

Бала балғындай тез өсіпті. Былдырлап тілі шығыпты. Батпандап есі кіріпті. Әкесінің әлдиін аңғарып, сұрау беріпті:

— Әке, сені кім алдады?

— Ақы бермей, бай алдады.

— Оның барып есесін алам.

— Қара жүрек хан алдады.

— Оған барып қан қақсатам.

— Базар толған саудагер бар, өтірікші өңшең мұндар! Мен байғұсты көп алдады.

— Базарына барайын, бар алтынын алайын.

— Қожасы бар, молдасы бар, бақсы-балгер жолдасы бар. Шайтан, ұры, сиқыршысы, жұртты соның бәрі алдады.

— Ер жетейін, ел аралайын. Алдаушылармен арбасып көрейін! — депті баласы. Сол бала сөйтіп ержетіпті, алдаушылармен айқасуға кетіпті.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз