Өлең, жыр, ақындар

Қар

Татьяна Петровна үйіне келіп кіргесін, араға ай салып, қарт Потапов қайтыс болды. Татьяна Петровна кішкентай қызы Варямен, кемпір күтушісімен жалғыз қалды.

Небары үш бөлмелік шағын үй теріскей өзені жағасында, дөң басында, қаладан шыға беріс жерде қалқиып тұратын. Үй артындағы жапырағы төгіліп, жалаңаш қалған бау сыртынан қайың тоғайы ағарып көрінетін. Тоғай ішіндегі сыйдиған ағаш үстінде ертеден кешке дейін ұзақ қарғалар ызышуыт-қымғуыт болып, қара бұлттай қаптап ұшып жүретін де, ауа бұзылатынынан хабар берер еді.

Татьяна Петровна Мәскеуден соң құлазыған қалашыққа, оның көзге қораш үйлеріне, сықырлауық қақпалары мен білте шамның пышырлай жанған дыбысына дейін естілетін маужыраған мамыр айының кештеріне көпке дейін үйрене алмай-ақ қойды.

— "Ақылсыз жазған басым сол! Театрды, дос-жарандарымды тастап, Мәскеуден неге кетіп қалдым осы! — деп ойлайтын Татьяна Петровна. — Варяны Пушкиноға, күтушісіне апарып тастап — онда ұшақтар шабуылы атымен жоқ еді ғой — өзім Мәскеуде неге қала бермедім. Құдай-ай десейші, мұнша ақылсыз болармын ба!"

Бірақ енді Мәскеуге қайта оралу қайда. Татьяна Петровна лазареттерде ойын қойып, өнер көрсетем ғой деп ойлады. Қалада мұндай лазареттердің әлденешеуі бар — ендеше қам жемесе де болады. Жүре келе, әсіресе, қыс түсіп, қалашықты қар басқан кезде — ол әйелге қатты ұнайтын болды. Май тоңғысыз мамырдай күндер жылжып өте берді. Өзен көпке дейін жасыл суы буланып, бұрқырап жатты.

Татьяна Петровна қалашыққа да, бөтен кісінің үйіне де дағдыланып кетті. Бұзылған рояльге, жаға қорғанысының өңкиген броненосецтерін бейнелейтін қабырғадағы сарғыш тартқан суреттерге де көзі үйренді. Қарт Потапов бұрын кеме механигі болған. Оның түсі оңып кеткен, жасыл шұғамен тысталған жазу үстелінің үстінде "Громобой" крейсерінің моделі тұратын, қария осы кемемен жүзген екен. Бұл модельге Варяны жолатпайтын. Жалпы ешбір затты ұстап көруге рұқсат етпейтін.

Потаповтың артыңда теңізші ұлы қалғанын, ол қазір Қара теңіз флотыңда әскери қызмет атқарып жүргенін Татьяна Петровна жақсы білетін. Үстел үстінде крейсердің моделімен қатар оның суреті тұратын. Татьяна Петровна кейде оны қолына алып қарайтын, қиғаш қасын керіп, ойға шоматын. Ілгеріде, жас күнінде, сәтсіз тұрмысқа шыққанға дейін, осы жігітпен бір жерде дидарласқандай болып көрінетін. Бірақ қайда? Қашан кездесті онымен?

Теңізші оған сабырлы көзімен әжуалай қарап: "Иә? Сіз сөйтіп біздің қайда кездескенімізді шынымен-ақ есіңізге түсіре алмадыңыз ба?" — деп, сұрап тұрғандай көрінетін.

— Жоқ, есімде қалмапты, — дейді Татьяна Петровна баяу ғана.

— Мама, кіммен сөйлесіп отырсың? — дейді Варя керші бөлмеден дауыстап.

— Рояльмен, — деп күледі Татьяна Петровна.

Қыс ортасында Потаповтың атына бір адамның қолымен жазылған хаттар келе бастады. Татьяна Петровна оларды үстел үстіне текшелеп қоя берді. Бір күні ол шырт ұйқыдан оянып кетті. Терезеден қардың жарығы түсіп тұр. Потаповтан қалған сұр мысық Архип диван үстінде бырылдап, ұйықтап жатыр.

Татьяна Петровна халатын жамылып, Потаповтың бөлмесіне кіріп, терезе алдына барып тұрды. Әлдебір құс ағаштан үнсіз көтеріліп, қарды желпіп, шаңытып кетті. Ағаш көпке дейін ақ ұлпасын сеуіп, терезені тозаң басты.

Татьяна Петровна үстел үстіндегі шырақты жағып, жұмсақ орындыққа отырды, шырақ отына тесіліп ұзақ қарады, — ол тіпті жыпылықтамады да. Сосын әйел хаттардың бірін жайымен қолына алып ашты да, артына бір қарап, оқуға кірісті.

"Сүйікті шалым менің, — деп оқи бастады Татьяна Петровна, — менің госпитальда жатқаныма міне бір ай. Жарақатым онша ауыр емес. Тіпті қазір жазылып келеді. Құдай үшін, уайым жей көрме және темекіні көп тартуыңды қой. Өтінемін!"

"Папа, мен сені жиі-жиі есіме аламын, — Татьяна Петровна хатты әрі қарай оқи берді, — өзіміздің үйді де, қаламызды да есіме аламын. Осының бәрі сұмдық алыста, дүниенің шалғай бір шетінде қалғандай сезіледі. Мен көзімді жұмам да, дүниенің бәрін айдан анық көремін: мен қақпаны ашып, бақ ішіне кірдім. Қыс, кар, бірақ жар басындағы ескі самал жайға баратын жол тазартылған, ал сирень бұтасын бозқырау басқан. Пытырлап пеш гулеп тұр. Қайың түтінінің иісі шығады. Рояль күйіне келе жөнделіпті, әйтеуір, ал сен шырағдандарға мен Ленинградтан әкелген еспелі сары шырақты орнатыпсың. Рояль үстінде со баяғы ноталар: "Қарғаның мәткесі" операсына кіріспе мен "Алыс отан аясына" романсының ноталары жатыр. Есіктегі қоңырау сылдырай ма? Мен оны жөндеп үлгірмедім-ау, қайтейін. Осының бәрін, шынымен-ақ, қайта көрер ме екем? Алыс жолдан келгенімде, шынымен-ақ, құмыраға құйылған өзіміздің құдық суымен жуынар ма екем? Есіңде ме? Еһ, қайран дүние, соның бәрін осы жерде, қиыр шетте жүріп, қалай сағынғанымды білсең? Соғыстың ең бір жойқын, қорқынышты сәттерінде мен мұны бір сәт есімнен шығарған емеспін, сен бұған таңданбай-ақ қой, имандай шынымды айтып отырмын. Мен тек күллі елді ғана емес, оның жаныма жақын оймақтай бір мүйісін: сені де, өзіміздің бауды да, жалбыр шашты балаларды да, өзен сыртындағы қайың тоғайын да, тіпті мысығымыз Архипті де қорғап жүргенімді айқын ұқтым. Маған күлмей-ақ та, басыңды шайқамай-ақ та қой.

Госпитальдан жазылып шыққаннан кейін, бәлкім, мені аз күнге үйге жіберер. Білмеймін. Бірақ күтпегеніңнің өзі жақсы".

Татьяна Петровна ертеңгісін Варяға: қолыңа ағаш күректі алдағы, жар басындағы самалжайға апаратын жолды күреп таста деді. Самалжай әбден тозған екен. Оның ағаш тіреулерін құрт жеп, мүжіп тастапты. Ал, Татьяна Петровна өзі есікке ілінген қоңырауды жөндеді. Оған кісі күлерлік сөздер жазылыпты: "Есікте тұрмын салбырап, қақсаң — кетем даңғырап". Татьяна Петровна қоңырауды қағып еді, ол тіл біткендей сылдырай жөнелді. Кәрі мысық Архип мұны жақтырмағандай құлағын едірейтіп, орнынан тұрды да, ауызғы үйден кетіп қалды, шамасы, қоңыраудың көңілді сылдыры оған әбес көрінсе керек.

Түс кезінде бетіне қан жүгіріп, балбұл жайнап, қуаныштан көзі жалтылдап кеткен Татьяна Петровна қаладан рояль жөндейтін шалды ертіп келді, ол примустарды, жер май жаққышты, қуыршақтарды, гармондар мен рояльды түзеп, бабына келтіретін, орыс болып кеткен чех еді. Оның Невидаль (Көрмедім) деген аты қызық-ты. Рояльді жөндегесін, чех тұрып: күйсандық ескі де болса, жақсы екен, — деді. Татьяна Петровна бұны онсыз да білетін.

Ол кеткеннен кейін, Татьяна Петровна жазу үстелінің күллі суырмасьтн абайлап қарап, жуан өрме шырақтың бір құтысын тауып алды. Оларды рояль үстіндегі шырағдандарға орнатты.

Кешқұрым ол шырақтарды жағып, рояльға отырды, үй ішін күмбірлеген күй кернеді.

Татьяна Петровна ойнауын қойып, шырақтарды өшірген кезде, шыршадағы сияқты, бір тәтті түтін иісі бөлме ішінде аңқып кетті.

Варя шыдап тұра алмады.

— Біреудің заттарын неге қозғайсың? — деді ол Татьяна Петровнаға. — Мені жолатпайсың да, өзің ұстайсың, ә? Қоңырауды да, шырақтарды да, рояльды да — бәрін де ұстап көресің. Біреудің ноталарын да рояль үстіне апарып қойдың.

— Өйткені мен естияр үлкен адаммын, — деп жауап қатты Татьяна Петровна.

Варя қабағын түйіп, күдіктене қарады. Тап қазір Татьяна Петровна ересек адамға тіпті де ұқсамайтын еді. Жүзі жайнап, құлпырып тұр. Осы сәтте хан сарайында зерлі туфлиін жоғалтып алатын, алтын шашты ару сияқты еді өзі. Сол қыз туралы ертекті Варяға Татьяна Петровнаның өзі айтып берген-ді.

Лейтенант Николай Потапов пойызда келе жатқанда-ақ, үйде әкесімен бір тәулік қана болатынын есептеп қойған-ды. Демалысы тым қысқа еді, бар уақыт жолға кетті.

Пойыз қалашыққа күндіз келді. Осы жерден, вокзал басынан-ақ, лейтенант ескі танысы станция бастығынан әкесінің осыдан бір ай бұрын қайтыс болғанын, ал олардың үйінде Мәскеудің бір жас әнші әйелі кішкентай қызымен тұрып жатқанын білді.

— Қоныс аударған әйел, — деді станция бастығы.

Потапов тіс жарып, тіл қатпады, терезеден аяғына пима, үстіне қаптал шапан киген, қолдарында құмандары бар жолаушыларға мұңая қарап тұра берді. Оның басы айналып кетті.

— Иә, — деді станция бастығы, — қандай алтын адам еді. Баласын көре алмай кетті, байғұс.

— Қайтар пойыз қашан жүреді? — деді Потапов.

— Түнде, сағат бесте, — деп жауап қатты станция бастығы, сосын біраз үнсіз тұрды да: — Сіз біздің үйде болыңыз. Біздің кемпір сізді шайға қандырады, тамаққа тойғызады. Үйге бармай-ақ қойыңыз, — деді ол тағы да.

— Рахмет, — деп жауап берді де, Потапов шығып кетті.

Бастық оның соңынан қарап, басын шайқады.

Потапов қаланы басып өтіп, өзен жағасына келді. Өзен үстіне сұрғылт аспан төніп тұр. Аспан мен жер арасында қиыршық қар көлбей ұшып жатыр. Қи шашылған жол үстінде ұзақ қарғалар жүр. Ымырт үйіріліп барады. Қарсы жақтан, орманнан жел ызғырып, көзден жас парлатады.

"Қайтейін! — деді Потапов. — Кешігіп қалдым. Енді мына дүниенің бәрі — осы қала да, өзен де, үй де маған жат сияқты".

Ол бұрылып, қала сыртыңдағы жар басына көз тастады. Ондағы бақ қырау жамылған, қарайып үй көрінеді. Үй мұржасынан түтін будақтайды. Жел түтінді қайың тоғайына қарай қағып алып кетіп жатыр.

Потапов жай басып, үйге қарай беттеді. Ол үйге кірмейді, тек оны жанай өтіп, бауға көз жүгіртеді, ескі самалжайда аз аялдайды. Әкесінің үйінде бөтен, енжар адамдар тұрып жатыр деген бір мазасыз ой жанын жегідей жейді. Ең абзалы — ешкімді кермей, жүрегіне жара салмай, үнсіз кету, өткенді біржолата ұмыту!

"Лаж бар ма, — деп ойлады Потапов, — күн санап есейе түсесің, төңірегіне де салқын сабырмен қарайтын боласың".

Потапов үйге қызыл іңірде келді. Ол қақпаны абайлап ашып еді, бірақ қақпа сықыр ете қалды. Бақ іші дір еткендей болды. Бұтақтардан қар ұшып, сусылдап кетті. Потапов төңірегіне көз тастады. Самалжайға апаратын жолдың қары күреліпті. Потапов самалжайға келіп кірді де, оның ескі жақтауына қолын салды. Сонау шалғайда, орман сыртыңда, аспан жүзіне шырай еніпті — шамасы, бұлт тасасынан ай туып келе жатса керек. Потапов фуражкасын шешіп, шашын тарақтап бір сипады. Төңірек мүлгіп тұр, тек төменде тау етегінде бос шелегін салдыратып, әйелдер жүр — үкіден су алуға бара жатқан сияқты.

Потапов самалжай жақтауына шынтағымен сүйеніп:

— Бұл қалай? — деді баяу ғана. Сол мезетте әлдекім Потаповты жайымен иығынан түртті. Бұрылып қараса ту сыртыңда басына жылы орамал тартқан, ашаң жүзді байсалды бір әйел тұр екен. Ол тұнық қара көзімен Потаповқа үнсіз қарайды. Кірпігі мен бетіне бұтақтардан сусып түскен қар ери бастапты.

— Фуражканы киіңіз, — деді әйел жайымен, — салқын тиіп қалар. Үйге жүрелік, мұнда тұру жараспас.

Потапов үндеген жоқ. Әйел оны жеңінен ұстап, тазартылған жолмен ертіп жүрді. Есік алдына келгенде Потапов аялдай берді. Кеудесі қысылып, бір сәт тынысы тарылғандай болды. Әйел тағы да баяу тіл қатты.

— Ештеңе етпейді. Сіз менен қысылмай-ақ қойыңыз. Қазір бәрі қалпына келеді.

Ол ботысының қарын түсірмек болып тепсініп-тепсініп қалып еді, сол сәтте сенектен қоңырау сылдырлады. Потапов қатты күрсініп, кеудесін кере дем алды.

Ол қысыла күбірлеп үйге кірді. Ауызғы бөлмеде шинелін шешті, со замат қайың түтінінің әлсіз иісін сезді. Архипке көзі түсті. Архип диванда есінеп отыр. Диван жанында тұлымы шолтаңдап бір кішкене қыз тұр. Ол Потаповқа қуана қарайды, бірақ оның өзіне емес, жеңіндегі алтын зерге қарайды.

— Жүріңіз! — деді Татьяна Петровна, сөйтіп Потаповты ас үйге ертіп келді.

Мұнда құдықтың салқын суы құйылған құмыра, емен жапырағының бейнесі кестеленген кенеп сүлгі көзіне оттай басылды.

Татьяна Петровна шығып кетті. Қыз бала Потаповқа сабын әкеп берді де, оның кителін шешіп, жуынып жатқанына қарап тұрды. Потапов әлі қысылып жүр.

— Сенің мамаң кім! — деп сұрады ол қыздан, сұрауын сұраса да өзі қызарып кетті.

Бұл сауалды әйтеуір қарап тұрмас үшін ол айта салды.

— Ол ересекпін деп ойлайды, — деді қыз сыбырлап, — ал өзі тіпті де ересек емес. Ол баладан бетер, менен де бетер тентек.

— Неліктен? — деп сұрады Потапов.

Бірақ қыз жауап бермеді, мәз-мейрам болып, үйден жүгіріп шығып кетті.

Күллі кеш бойы Потапов өзін бір жанға жайлы ұйқы мен түс арасында жүргендей сезінді, осы бір ғажап сезім бір серпілмей-ақ қойды. Үйдегі нәрсенің бәрі тура оның ойынан шықты. Ноталар да сол қалпы, рояль үстінде жатыр, шырақтар да пытырлап жанып, әкесінің шағын бөлмесін жарық етіп тұр. Тіпті оның госпитальдан жазған хаттары да үстел үстінде жатыр — және бәрі де әкесі хатты қоятын сол ескі құбыланамамен бастырулы жатыр.

Шайдан кейін Татьяна Петровна Потаповты тоғанның ар жағындағы әкесінің бейітіне апарды. Буалдыр ай шырқап жоғары шығыпты. Оның сәулесінен қайыңдар қар үстіне көмескі көлеңкесін түсіріп тұр.

Бұдан көп кейін, түннің бір уағында, рояль қасында жайымен күй тілін басып отырған Татьяна Петровна Потаповқа бұрылып:

— Мен сізді бұрын бір жерде көрген сияқты болам да тұрам, — деді жай ғана.

— Бәлкім, көрген де шығарсыз, — деді Потапов.

Ол әйелге тура қарады. Шырақ сәулесі қырынан түсіп, келіншек жүзінің бір жағын ғана жарық етіп тұр. Потапов орнынан тұрып, бөлме ішін бір бұрышынан екінші бұрышына дейін аралап шықты да қайыра тоқтады.

— Жоқ, есіме түсіре алар емеспін, — деді ол ұяң дауыспен.

Татьяна Петровна бұрылып, Потаповқа үрке көз тастады, бірақ тіл қатпады.

Потаповқа кабинетте, диван үстіне төсек салды, бірақ ол ұйықтай алмады. Бұл үйдегі әрбір минут оған ерекше ыстық, қымбат көрінді, сол себепті де оны ұйқыға қимады.

Ол төсекте жатып, Архиптің майда, ұры жүрісіне, сағаттың тықылына, жабық есік сыртыңда Татьяна Петровнаның күтушімен күбірлесіп сөйлескеніне құлағын түріп, елеңдеп жатыр. Сосын олар сөйлесіп бітті ме қалай, күтуші кетіп қалды, бірақ табалдырықтан сығалаған жарық сөнбеді. Потапов кітап беттерінің сытырын есітті — шамасы, Татьяна Петровна бірдеңе оқып жатса керек. Потапов әйелдің оны пойызға ояту үшін, әдейі ұйықтамай отырғанын аңғарды. Мен де ояу жатырмын деп айтқысы келіп еді, бірақ Татьяна Петровнаның атын атап шақыруға жүрегі дауаламады. Сағат төртте Татьяна Петровна абайлап есікті ашып, Потаповты шақырды. Теңізші орнынан қозғалды.

— Уақыт болды, тұрыңыз, — деді әйел. — Оятқым келмеп еді сізді, қайтейін.

Татьяна Петровна түн қойнында мүлгіп жатқан қаланы көктей өтіп, Потаповты станцияға шығарып салды. Екінші қоңыраудан кейін, олар қоштаса бастады. Татьяна Петровна Потаповқа екі қолын ұсынып тұрып:

— Хат жазып тұрыңыз. Біз енді жақын туыс сияқты болып кеттік қой. Солай емес пе? — деді.

Потапов жауап қатпады, тек басын изеді.

Арада бірнеше күн өткеннен кейін, Татьяна Петровна Потаповтың жолай жазған хатын алды.

"Біздің қай жерде кездескенімізді, мен, әрине, есіме түсірдім, — деп жазыпты Потапов, — бірақ мұны анада, үйде сізге айтқым келмеді. Жиырма жетінші жылғы Қырым есіңізде ме? Күз. Ливадия бағындағы кәрі шынарлар. Күңгірт аспан, ақшыл теңіз. Тар соқпақпен мен Ореандаға қарай келе жаттым. Соқпақ жиегіндегі орындықта бір қыз отыр екен. Жасы он алтылар шамасында. Қыз мені көрді де, орнынан тұрып, қарсы жүрді. Біз қатарласа бергенімізде мен оның жүзіне көз салдым. Қыз менің тап қасымнан кітабын ашып ұстаған күйі, сылаң қағып өте шықты. Мен со жерде тура қалып, қыз соңынан көп қарадым. Сол қыз сіз болатынсыз. Мен жаза баспасам керек. Сонда сіздің соңыңыздан қарап тұрып, менің күллі ғұмырымды рәсуа ететін немесе мені қол жетпес бақытқа кенелтетін жанның дәл қасымнан жанап өткенін сездім. Мен осынау ақ жүзді аруды өзге дүниенің бәрін ұмытып, жаныма балап, жақсы көретінімді білдім. Сол сәтте дүние күйіп кетсе де,сені табам деп серт еткем. Со замат осылай ойласам да, орнымнан қозғалмадым. Неге екенін өзім де білмеймін. Содан бастап, мен Қырымды, сіздің жалт етіп бір көрініп, жоғалып кеткен соқпақты жақсы көретін болдым. Бірақ тағдыр менің жолымды оңғарды, сізді қайта жолықтырдым. Ал, егер сәті түсіп, аман-сау қалсам, егер қажет болса, күллі өмірімді өзіңіздің жолыңызға құрбан етем. Иә, мен әкемнің үстелінің үстінен ашылған хатымды көрдім. Мен бәрін де түсіндім, алыстан разы көңілдің алғысын жолдаймын".

Татьяна Петровна хатты ысырып қойып, көзі бұлдырап, терезе сыртыңдағы қарлы бауға қарады:

— Құдай-ау, мен ешқашан Қырымда болған емен. Ешқашанда! Бірақ енді бұдан келер-кетер не бар? Оған жаңылыпсың деймін бе? Өзім де жаңылыппын деймін бе?!

Ол жымиып күліп, көзін алақанымен басты. Терезе сыртыңда қызғылт шапақ маздап, ұзақ уақыт сөнбей тұрды.

1943 жыл.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз