Күлпаш

Күлпаштың көңілсіздікке түсіп жүрген күндерінің бірі еді...Үстінде, өрім-өрім болған соң әр жерінен бір түйіп қойған ескі көйлек, оның сыртында тозығы жетіп тулаққа айналған қысқа ескі тон, басында селдіреген көне бөкебайдың жұрнағы. Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... үйдің ішін жылытуға -  пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ... қара судан баска дән татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны - аштықтың зардабы. Бар сенетіні байы Мақтым ел қыдырып, тілек тілеп, ерте кетіп, кеш келеді. Бірақ, оныңда табары жоқ...

Әйтсе де, Мақтым кеткенде сол бірдеме әкелетіндей көріп, өзін-өзі алдастырумен ұзақ күнді кеш қылады. Бұл Күлпаштың бүгінгі әдеті емес, көптен бергі әдеті. Жағын суалдырып, жүзін сарғайтып адам қарағысыз қылып барып, ақырында ісікке айналдырған осы әдет, осы шыдамдылық.

Күлпаш осы кезге шейін өзінен бетер баласын аяумен келді.Ауыл-аймақ, көрші-қоландарынан сұрастырып алған сорпа суын баласына беретін болды.

Соңғы кезде оның өзі де болмай кетті. Бұл ауылда отырғандардың бірсыпырасы-ақ өлмелі кедей, бәрі де «шықпа, жаным, шықпа» деп отырған секілді. Бұрынғыдай ауысып тамақ беру абысын-ажын арасынан кеміп кетті. Шағын тамақтың үстіне біреу келсе, кірпік шешендей жиырылатынды шығарды. Мұны, әсіресе, Күлпаш сезеді. Бұрынды-соң аш болсын, тоқ болсын тамақ үшін біреуге телміруді ар көретін Күлпашқа бұл оңай болсын ба, көрші үйлерге қатынауды сиретіп еді...

Міне, бүгін ақтық азық таба алмағандарына үшінші күн, іші қабысып, жүрегі қарайып, көзі бұлдырап, өлім сағатын күткендей ыпыны кетіп отыр... Әлі есі-дерті баласында. Ойлап отырьіп-отырып қабағын шытып, кейістік тартқан кісі тәрізді баласына қарап:

- Кұдай-ай!.. Не қылмысымыздан бұл күйге түстік екен? - деді.

Жылап жіберді. Бүртік-бүртік ыстық жас үстіндегі жарғақ тонның омырауынан сырғанай бастады...

Аштықтан басқа Күлпаштың мазасын алатын тағы бір ой бар еді. Ол ойдың Күлпашты қинағанына бүгін екінші күн. Қыстың бас жағында, жұртпен қатар соятын малы болмай, жалғыз атты ұрып алып, Мақтым жаяу тілек тілеуге айналған соң, Күлпаштың бірге туған сіңлісі Раушан келіп Күлпашты азғырған:

- Осы жаманмен біраз күн өмір өткіздің ғой. Ендігі қалған өмірінді қорлыққа салма... жыл болса ауыр, осы бастан азбас, тозбас қамынды ойла... -деген.

Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы Жұмағазы.

- 40 - 50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би, өзің хан боласың!... -дейді Раушан.

Қыстың бас кезінде ептеп күнделік тамақ тауып ашыға қоймағандықтан «байынды тастап, байға ти...» дегенде, Күлпаштың жүрегі тас төбесіне шығып кетті.

- Қарағым, Раушанжан-ау, аузың барып неғып айтып отырсың! -деп еді...

Арадан екі-үш ай өткен соң аштық шеңгелін қаттырақ салды. Тұрмыс түрі қиындыққа айналған соң, әсіресе, баласының тамақ сұрап жылағанына жаны төзбеген соң, кейбір кейістік тартқан уақыттарда Күлпаштың ойына Раушанның сөзі түсетін болды. Бірақ, ол сөздің өзіне пайдалы, я зиянды екенін бұл уақытқа шейін айырып білген емес. Әйткенмен соны ойлайды,

неге ойлайтынын өзі де білмейді...

Әрі-сәрі болып жүргенде сіңлісі Раушан тағы келді. Күлпашты көріп аяды, жылады...

- Енді өлесің ғой, жазған, мен биыл не айтып едім?! - деді.

Күлпаш үндемей ойға шомды. Жүрегінде таласып тұрған екі ой бар: «Жұмағазыға тисем, тамағым тоқ, көйлегім көк болар еді... Калижанды да ашықтырмауға болар еді...» деп ойлайды; «Жастан қосылған қосағым еді. Оны жылатып тастағанда не оңам!..» деп те ойлайды. Екі ойдың бірі жеңіп шыға алмай, өзі қатып отырған Күлпаштың басын одан жаман қатырады...

Күлпаштың қажығанын, нақ бұрынғыдай қарысып кетпейтіндігін сезіп Раушан сөзді кесіп айта бастады:

- ... Мына күйіңмен ұзаққа бармай өлесің. Сені өлімнен құтқаратын бізде де әл жоқ. Өзіміз де сол Жұмағазыдан күн көріп отырмыз... енді, сөзді қойып, соған ти!..  -  деді.

Күлпаш күрсінді:

- Қалижанды қайтем? - деді.

- Ойбай, апа, баланың басы құрысын, әуелі өз қамынды же, артынан алдыра жатарсың, - деді.

Байын ауызға алмай, баласын ғана атағаны - Күлпаштың әбден әлсіреп, ескі қайрат, шыдамдылықтан айрылғандығын білдірді. Жұмағазының нұсқауымен келген Раушан, апасының жайын сезген соң істі біржола бітірудің қамына кірісті.

Күлпашты қызықтыра сөйледі.

-... Не бар тамақ соның үйінде: бұзылмаған қазы, бүрулі ет, шұжықтың саны жоқ... Әлі күнге дастарқаннан наны үзілген емес. Сені алып беремін деп біздің үйдегі күйеуің сөз қылғанда, «одан артық қатынды іздесем де таба алмаймын ғой» деп қутың-қутың етеді...

Бұзылмаған қазы, бүрулі етті есіткенде Күлпаштың аузынан суы ағып, ынтығуға айналды. Бүрліктірген аштық, тамақты есіткен соң, Күлпаштың еркін алып, жеңгендей... жүрегі дірілдеп, көзі қарауытып «тием!..» деген сөз еріксіз аузынан атылып шыға жаздап отырып:

- Әй, қарағым-ай! - деп өксіп жылап жіберді. - Қарағым- ай, өздерің білші... мен естен танған кісі ғой... - деді.

Жамаулы күпіге оранып бүрісіп жатқан Қали жыбырлап:

- Әже!.. - деді.

- Ау, қарағым! - деді Күлпаш.

- Әкем келді ме?..

- Қарағым-ау, әкеңнің қарасы батсын!

Таңмен кеткен Мақтым әлі қайтқан жоқ. Күн батуға барып қалды. Боранды ызғырық азырақ серпіліп ашылып, бұлттың жиегінен шыққан күн Мақтымның жамаулы терезесінің көзінен көрініп, босаға жаққа нұрлы сәулесін шаша бастады.

Күлпаш пештің қасында. Жанында бүрісіп Қали жатыр. Ойға шомып біраз отырып, «уһ!» деп ауыр күрсінді. Бұл күрсіну - күн батардың алдында катындардың от жағып, тамақ асатынын еске түсіргендіктен шығып отырған емес, бұл жүректі қаптап топтанып, іші-бауырын елжіретіп, тұла бойын удай жайлаған калың касіреттің, ауыр дерттің ұшқыны еді. Бұл дертті Күлпаштың кірсіз таза жүрегіне салып отырған сіңлісі Раушан. Раушанға қосымша болып ызғарын төгіп бүрліктірген аштық!..Өткен өмірінде ойына келмеген істі Күлпаш істегелі отыр. Байынан айырылып екінші адамға, өткен өмірінде ойына кірмеген адамға тиюге уәде берді... ертең мәңгі кетпек. Бірақ қалай кетпек? Қалай айрылмақ?.. Оны Күлпаштың өзі де білмейді.

Раушан кеткелі ойлағаны жалғыз Мақтым. Мақтымның өзін айттырып күйеу болған шағы көзіне елестейді:

... Жазғы кез... Мақтым ұрын келген. Түксиген қабақ, қушық мұрын, еңкек денелі қара сұр жігіт. Жұртқа қалай көрінетінін өзі білсін, әйтеуір Күлпашқа ұнауы анық.

Күлпаш бір көргеннен-ақ тәуір көріп кеткен. Содан бері екеуінің арасы әлі тәуір: біріне-бірі наз қылып сөйлескенде: «екеуімізді қара жер айырар» деп серттесетін... Мақтым үйде азғана жоқ болса, «қайда кетті» деп келгенше ынтық болатын Күлпаш осы... Сүйткен Мақтымын бүгін тастамақ. Әй, рақымсыз аштық-ай! Кімдерді жылатпады, кімдер жыламады!

Күлпаш өксіп жылап жіберді.

Бүрісіп жатқан Қали қозғалып:

- Әже, - деді.

- Немене, қарағым?

- Әкем келді ме?..

Далада тықыр білініп сықырлап есік ашылды. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышысынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып, адам бейнесі кеткен біреу есіктен кірді.

Бұл - Мақтым еді, Күлпаш жалт етіп қарады да мұңайып кетті...

Қали басын көтеріп алып:

- Әке, келдіңбе?

- Келдім, қарағым!.. - деп кемсендеп, калтылдап жыртық етігін сықырлатып, үйдің ортасындағы бағананың түбіне келіп Мақтым салбырап отыра кетті.

Қали сүйретіліп тұрып, екі көзі Мақтымның мойнындағы дорбада, ептеп басып жақындады.

Мақтым жылап қоя берді:

-  Қалқам-ау, дым жоқ!..

Күлпаш та жылады.

Қали ауыр күрсініп, тәлтіректеп басып барып күпісіне оранып, Күлпаштың қолтығына басын тыға бүрісіп жата кетті.

Көп уақыт өтті. Қас қарайып, үйдің ішін қою қараңғылық қаптады. Мақтым бағанаға сүйеніп әлі отыр, оқта-санда уһілейді.

Күлпаш ойға шомған адам тәрізденіп біраз отырып, бір кезде шошынған адамдай кенет басын көтерді:

- Әй,-  деді.

Дауысы бір түрлі қалтырап, үйдің ішін жаңғырықтырды.

- Жай ма?

Күлпаштың үні бітті... не айтарын білмеді... көзінен мөлдіреп жас төгіле бастады...

- Қатын, бірдеме айтайын дедің бе?

- Әшейін... бүғін Раушан келіп еді...

- Жай келіп пе?

Күлпаш тағы сөйлей алмай, көз жасына булықты. Әлде не уақытта тағы да:

- Әй, - деді.

- Немене, жазған, айтсайшы!

- Біз осы қайтеміз?

- Қайдан білейін.

- Біз өлмейміз бе?

- Өлетін шығармыз!..

- Біз...-  деп тағы тоқталды.

- Біз... біз... айрылсақ қайтеді?!

Мақтым әлденеге қозғалғандай болды. Үй іші тым-тырыс. Жаңа туған айдың сәулесі түсе бастады..

- Қатын, сен не деп отырсың?

- Айрылыссақ?!

- Раушан айтты ма?

- Ия.

- Қалиды қайтесің? - деп, Мақтым кемсендеп, өксіп жылап жіберді.

- Әттең кедейлік, әттең аштық, қылдың-ау!..

Пеш пен Күлпаштың арасындағы қуысқа тығылып бүрсең-

деп жатқан Қали тағы қозғалды:

- Әже, -деді!

- Қалқам-ау, не қыл дейсің?

- Тондым!

Марттың іші. Жетіге созылған боран бүгін ғана ашылып, жылы шуақ күннің көзі ықтасындағы қардың бетін жылтыратып, терлетіп жатыр. Жерде де бұрынғыдай ызғар жоқ: арық малдар тысқа шығып, күн шуақтықтағы боқтықты, шөпті тіміскіп жүр.

Ұзыннан созылған ауылдан оқшау, жеке, маңайында бұдыр жоқ, калың күртіктен моржасы зорға көрініп тұрған шеткергі үйге ауыл сыртындағы жіңішке жолмен жастау әйел аяндай басып келе жатыр.

Бұл - Күлпаш еді. Жұмағазыға тигеніне жиырма күндей болған. Аштықтың қанды тырнағы Күлпашты бұған да көндірген. Бірақ аштықтан құтылған екем деп қабағы ашылған Күлпаш жоқ. Жұмағазының үйіндегі жиырма күн жиырма жылдан ауыр болды. Әсіресе Қалиды сағынды. Жұмағазының үйіне барған күннің ертеңіне түнде Қали түсіне кірді: Күлпаш үйден шығарда «қалқам» деп барып Қалидың бетінен сүйгенде, өкпелеген адамдай аузын бүртитып, тұрған орнында қалшиып қалып еді.Түсінде де сол күйін көрді. Аузы бүртиып, көзі әлдеқайда бірдемеге тіреліп қатып қалған... Күлпаш «қалқам» деп бауырына тартса да, тас секілденіп орнынан қозғалмайды...

Бір күні түсінде Мақтымды көреді. О да ренжулі, о да ашулы. «Әй, әй!» деп Күлпаш бір-екі рет сөйлесе де, Мақтым жауап бермейді...

Дүниедегі ең жақсы көретіні байы мен баласын ренжітіп, өзінің бас сауға қылып кеткенін Күлпаш енді ар көре бастады. «Өлсем солармен бірге өлсем болмайтын ба еді?!» деген ой кірді. Бір жағынан Мақтым жайын ойлайды. Ала дорбаны мойнына іліп алып таңмен тамақ іздеп кетсе, тапсын-таппасын кешке бір оралып соқпай қоймайды. Сондағы азаптанып жүргені қатын-баланың қамы, соларды аштан өлтірмеудің жабдығы, сөйтіп жүрген адамның кадірін білмей тастап кететін не жөні бар еді?!.

Күлпаш барғалы қайғы үстіне қайғы жамап, ақырында, бүгін Жұмағазының үйде жоғын пайдаланып, келе жатқаны еді. Күлпаш бұл жолы түрлі ойға мініп келеді. Мақтым ренжімесе, басқа байға тидің деп ашуланбаса, ескі тұрмысқа қайта қайту да ойында жоқ емес.

Аяғын екі-үш басып қайта-қайта сол жақ қойнын сипап қарайды. Қойнында екі кесек ет бар: біреуін Қалиға, біреуін Мақтымға деп жасырып пісіріп алған.

- Қарағым-ай, етті көргенде не дер екен? - дейді оқта-санда.

Ауылға төніп келгенде екі-үш ит үріп алдынан шықты. Күлпаш елеген жоқ, кіре беріс шеттегі Ыбырайдікі еді. Биік қылып соғылған аққаланың басында Ыбырай тұр екен. Күлпаш оны да абайлаған жоқ. Жүрегі алып-ұшып үйіне жеткенше асықты.

Ыбырай танып:

- Ау, келінбісің? - деді.

Күлпаш сәлем қылды да жөнеле берді, Ыбырай бірдеме айтқысы келген кісі секілденіп, аққаладан аяғын бір-екі басып түсіңкіреп барып тоқтады.

Күлпаш үйіне жетті. Лапастың есігіне көзі түсіп, жүрегі қалтырап тіксініңкіреді. Есіктің алды күртік қар, із дегеннен дым жоқ!.. Малтығып басып барып үйдің есігіндегі қарды аяғымен ысырып, есікті ашуға айналды... жүрегі лүпілдеп соғып, көзі қарауытып бір түрлі қорқыныш пайда болғандай тәрізденді. Бірақ неден сезіктеніп корыққанын өзі де біле алмады. Білетін

жайы да жоқ еді...

Жан дәрмен қайраттанып зорға дегенде салдама есікті қозғап, сықырлатып ашты. Суық леп бетке соқгы. Терезеде жарық жоқ, үй тастай қараңғы.

Күлпаш қалтыранып кетті, үйге кірерін де, кірмесін де білмеді. Бір аяғын табалдырықтан ішке салып, есіктен қолымен ұстап қалтырап:

- Қарағым! - деді.

Үн жоқ...

- Қарағым, қайдасың?.. Әй, бармысың?..

Жауап жоқ...

Күлпаш не қыларын білмеді. Жалтаңдап артына қарады.Жүгіріп терезеге барып күртік қарды қолымен қопарып ашты. Нұрлы күннің сәулесі жамаулы терезе арқылы үйге түсіп, жарық қылды. Түс кезі екен, күн тұп-тура пешке түскен...

Қарды тастай беріп Күлпаш жалма-жан сығалап еді, пештің жанында ұйлығып, бүк түсіп құшақтасып жатқан әкелі-балалы екеуіне көзі түсті... Іші елжіреп көзіне жас келді. Ұйықтап жатыр екен деп қуанып, малтыға, сүріне  үйге кірді:

- Қарағым, Қалижан, тұр!..

Төніп келіп Қалиды сүйейін деп ұмтылғанда, көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!..

Күлпаш шошып:

- Әй... -деді.

Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады.

1922.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
Сайтты қолдану жөнінде нұсқаулық
ҰБТ(онлайн тест)