Өлең, жыр, ақындар

Алаш арыстары: соңғы сөз, соңғы сурет

Қазақ тарихының мақтанатын, шаттанатын кезінен бөлек, жүзге жабырқау әкелетін, көңілге қаяу түсіретін күндері-де бар. Ол – көпшілікке белгілі 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін көргендерді еске алу күні

Назарларыңызға ұсынылып отырған тарихи фотосуреттердің жиынтығын бұдан біраз жыл бұрын Алматыдағы кино-фотоқұжаттар және дыбыс жазбалары сақталған орталық мұрағатының қоры жұртшылыққа жариялаған болатын. Ұлт үшін құрбан болған есіл ерлердің жазықсыз бейнесін мұрағаттың қор меңгерушісі Еңлік Толықбаеваның республикалық «Жас Алаш» газетіне жариялауы бойынша танып білген көпшіліктің төбе құйқасы шымырлап, жан дүниесі алай-дүлей күйге түскені анық. Сонымен қатар зерттеуші, журналист Болат Мүрсәлім құрастырған «Алашорда» фотоальбомынан да бірнеше сурет көшіріліп алынды.

Әр сурет – әр түрлі тағдыр. Соңғы сөз – арманшыл адамның, үмітті жанның келешекке сәлемі, аманат-өсиеті. «Сөзің – өзің» деп С. Торайғыров бекер айтпаса керек. Қайран арыстардың мүбарак жүзінен, бейкүнә пейілінен жазықсыздығы, нақақтығы айқын аңғарылады. Тергеудегі сансыз қитұрқылық, мазаққа толы алдап-арбау арыстарымыздың жігерін жасыта алмапты.

Әлихан Бөкейхан

Әлихан Бөкейханның ел арасындағы зор беделінен қорыққан большевиктер оны Қазақстаннан аластап, Мәскеуге жер аударды. Он жыл үй қамағында отырған әйгілі тұлғаны 1937 жылдың тамыз айында қайта тұтқындайды. Әлихан Бөкейханды ату жазасына кескен үкім 1937 жылы 27 қыркүйекте шығарылған және дәл сол күні шешім орындалған. 

1989 жылы мамырдың 14 ССРО Жоғарғы сотының қаулысы бойынша әрекетінде қылмыс құрамы жоқ болғандықтан толық ақталды. 

«Мен Советтік билікті жақсы көрген емеспін, бірақ, мойындадым!» Әлихантанушы С. Жүсіп мырзаның зертеуінше, бұл – Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханның соңғы сөзі. 

 

Ахмет Байтұрсынұлы

Ахмет Байтұрсынұлы алғашында 1929 жылы НКВД жендеттерінің құрығына ілігіп, 10 жыл мерзімге концлагерьге кесілді. Алайда ол жаза солтүстік өлкеге (Архангельск облысы) жер аударылуға өзгертілді. Айдаудан 1934 жылы аман оралғаннан кейін 3 жылдан соң, 1937 жылдың 8 қазанында қайта ұсталып, «халық жауы» деген жалған айып тағылды. Екі айдан соң, яғни 8 желтоқсанда атылды. 1988 жылы советтің соттың шешімімен айыпсыз деп танылып, ақталды. 

Ұлттың рухани көсемі болған Ахмет Байтұрсынұлының әдебиет хақындағы өсиетін соңғы сөз ретінде де бағалаймыз: «Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп…» Оның бұл сөзі Әлиханның «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген сөзімен үндесіп жатқанын аңғару қиын емес. 

 

Жаһанша Досмұхамедов

Жаһанша Досмұхамедов Мәскеуге қызметке ауысқан 1930 жылдың қазан айында тұтқындалып, 1932 жылы Воронежге 5 жыл мерзімге жер аударылады. 1938 жылы қайта тұтқындалып, үштіктің шешімімен ату жазасына кесіледі. Үкім 1938 жылдың 3 тамызында орындалған. Тек сталинизм зардаптары жойылғаннан кейін 1958 жылдың 28 ақпанында ақталды. 

Өкінішке қарай, «Айтуда Жанша шебер» деп суреттелетін бұл арыстың соңғы өсиеті сақталмапты. 

 

Темірбек Жүргенов КСРО Жоғарғы Советіне депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылатын 1937 жылдың 3 тамызында «халық жауы» деген жалған айыппен ұсталған. РКФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 10, 11-тармақтары бойынша ату жазасына кесілді. ССРО Жоғарғы сотының әскери коллегиясының 1957 жылы 18 сәуірдегі шешімімен кінәсіз жазаланғаны анықталып толық ақталған. 

 

Халел Досмұхамедов

Халел Досмұхамедов 1938 жылы 26 шілдеде жалған саяси айыппен екінші рет тұтқынға алынып, әуелі Мәскеу, кейін Алматы түрмесінде отырды. 1939 жылы 24 сәуірде әскери трибуналдың үкімімен ату жазасына кесілді. Оның ісі тек 1958 жылы 28 ақпанда Қазақ ССР Жоғарғы сотының Қылмыстық істер коллегиясында қайта қаралып ақталды. 

1938 жылы екінші рет қамалғанда шиеттей бала-шағасына: «Енді мені күтпеңдер. Елге көшіңдер», – деп тіл қатып, соңғы сөзін айтып үлгереді… 

 

Санжар Асфендияров

1937 жылдың тамызынан 1938 жылдың 25 ақпанына дейін НКВД түрмесінде отырған Санжар Асфендияровтың соңғы сөзін білу мүмкін емес. Осындай пікірді әйгілі қайраткер өмірін зерттеуші ғалымдар бекітіп отыр. 

Әйгілі қайраткердің жұбайы Рабиға да ҚарЛАГ-та 5 жыл айдауда болды. Өзі 1958 жылы 26 мамырда ақталды.

 

Нәзір Төреқұлов

Нәзір Төреқұловты 1937 жылдың 17 шілдесінде НКВД жендеттері тұтқындады. Осы жылдың қараша айында ССРО Жоғарғы сотының әскери алқасы түрікшілдікті насихаттады және «халық жауы» деп айыптап, ең жоғарғы үкім – ату жазасына кесті. 1958 жылы 28 қаңтарда ССРО Жоғарғы сотының шешімімен ақталды. 

 

Жүсіпбек Аймауытов

1929 жылы басталған советтік қуғын-сүргін кезінде Қазақстандағы ұлтшылдық ұйыммен байланысы бар деген жалған жаламен тұтқындалып, ұзақ тергеуден кейін Жүсіпбек Аймауытовқа 1931 жылы ату жазасына сырттай үкім шығарылған. 

«Маған тағылған кінәмен таныстым. Өзімді айыптымын деп санамаймын». Бұл Аймауытов қаламынан туған соңғы сөздер еді. 

 

Сәкен Сейфуллин

Сәкен Сейфуллин нақақ жаламен 1937 жылдың 24 қыркүйегі күні қамауға алынған. 1938 жылы «ұлтшыл буржуа» деген айыппен тұтқындалып, 1938 жылы 25 ақпанда Алматы НКВД-сының қабырғасында атылды. Кейін Сталин қайтыс болғаннан кейін 1957 жылы ақталған. 

Сұңқар Сәкен: «Ешқандай қылмыс жасаған емеспін. Алдын ала жүргізілген тергеуде айтылғандарды растамаймын», – десе де, ажал құрығынан құтыла алмады.

 

Ілияс Жансүгіров

Ілияс Жансүгіров 1937 жылы 5 тамыз күні репрессия жендеттерінің кесірінен қамауға алынып, 1938 жылы 26 ақпан күні ату жазасына кесіледі. 1957 жылы 12 сәуірде толық ақталып, туған халқымен қауышады. 

Ақынның соңғы кезде қалай және қайде жерде ұсталғанын, оны ұстап әкеткен адамдар жайлы оның ұлы Саят «Азаттық» радиосының тілшісі Өміржан Әбдіхалықұлына берген сұхбатында былай дейді: «Әкем ол уақытта Жазушылар одағын (1937) басқарған. Қазақтың салтымен жаз шыға таудың бөктерінде киіз үй тігіп, сонда дем алады екен. Сол жақтан ұстап әкеткен. Қаладағы үйін тінтіп, құжаттарын, шығармаларын алып кеткен. Кейбір шығармаларының қайда екені әлі күнге белгісіз».

 

Бейімбет Майлин

Бейімбет Майлин 1937 жылы жазықсыз тұтқындалып, қызыл қырғын саяси репрессияның кесірінен 1938 жылдың 26 ақпанында сұраусыз атылды. 

Бейімбеттің өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген Тоқтар Бейісқұловтың көрсетуінше, әйгілі жазушыны айыптайтын сот отырысы 26 ақпанда 12.30-да басталып, 12.45-те аяқталған. Ұлттық әдебиет классигінің өмірін жалғыз оққа байлаған үш-ақ адамның шешіміне небары 15 минут уақыт кеткен.

 

Құдайберген Жұбанов

Құдайберген Жұбанов атышулы 58-баптың 2, 8, 9, және 11-тармақтары бойынша айыпталған. Ең алдымен бірінші бап (58-2) бойынша «жапон жансызы» ретінде кінә таққан. Ондағысы ғалымның жапон тіліне қызығушылығынан бөлек, 10-нан астам тілді білетіндігі себеп. Алайда 58-8 бап (террорлық) айыпталып, өлім жазасына кесілген үкім шығарылды. 1938 жылдың 25 ақпанында атылған. 1957 жылы 3 қазанда ССРО Жоғарғы Соты Әскери алқасының шешімімен ақталды.

 

Шахзада Шонанова

Шахзада Шонанова – сталиндік репрессия жылдарында атылған қазақтың үш қызының бірі. Белгілі журналист Қарагөз Сімәділдің жазуынша, совет үкіметін құлатпақ болды деген айыппен Торғай Сүлейменова, Мәмила Таңатова есімді қазақ әйелдері ату жазасына кесілген.  

Шахзада Шонанова төре тұқымынан және Бақытжан Қаратаевтың туысы болуы себепті, кейін көрнекті мұғалім Телжан Шонановқа тұрмысқа шығуына байланысты өмірі ауыр жағдайда өтті. 1931 жылы Алматы медициналық институтына түсіп, алайда қатаң бақылауда болып, үздіксіз аңду мен қудалаудың астында болған ол 1933 жылы ақыры оқуды тастады. 1937 жылы қисынсыз жала жабылып, «халық жауы» атанған Шонанова саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болды.

Алаштың арыстай азаматтарына қарсы ұйымдастырылған ОГПУ мен НКВД репрессиясы екі кезеңнен тұрады дейді зерттеушілер. Бұл қуғын-сүргіннің ақыры жаппай соттаудан бөлек жаппай атуға ұласты. 1928-1932 жылдардағы алғашқы сүргіндеу барысында 47 адам тергеліп, 1930 жылғы 4 сәуірдегі сот үкімімен 35 адамға түрлі жаза қолданған. Ахмет Байтұрсынов бастаған 10 адамның атуға бұйырылып, кейін онысы 10 жылдық түрмеге ауыстырылатыны осы кез. Ал 1932 жылғы екінші сот үкімінің Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жаһанша Досмұхамедов бастаған ұлы қайраткерлер тобы 5 жылдың мерзімге Воронежге еріксіз айдалды.

Тұтастай алып қарағанда, 1937-1938 жылғы қанқұйлы сталиндік репрессиядан ешкім де аман қалмаған («Алашорда» кітабының «Абақты жолы» бөлімі).

Заңғар КӘРІМХАН

Назар аудар:

Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі

Бүгін Ұлт-азаттық күрестің бастауы болған 1916 жылғы «июнь жарлығына» 100 жыл толды

Ғұмар Қараш

Әлихан Бөкейхан

Алаштан шыққан тұңғыш елші

Ахмет Байтұрсынұлы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (5)

abaikz

Абақтыда қатты қиналған көрінеді, аз уақыттың ішінде түрлері қатты өзгерген... Советтік билік талай елдің қаймағын түрлі жолдармен жойғангой...

Бір қазақ қой!!!

"Шүкір етілмеген нығымет алынады" дейді Құранда марқұм бабаларымыздың жанқиярлығымен осындай ұлан байтақ жерге қожайын болып отырмыз. Қəзіргі жағдайымызға шүкірлік етіп, Алладан елдің амандығын тілеп, елге қызмет етпеу соқырлық масқаралық.

Ерзат

Бізде сол коммунистік партия әлі тайраңдап жүр, ата бабаларымызды қырсада қазақтар көкке көтеріп жүр

Дархан

Байқұс қазағым не көрмеді

Дариға

марқұм бабаларымыз

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз