Әнші

Жетішатыр — жақсы қала.
    Қаптап жатқан қазақ. Жазы-қысы — қымыз, ойын-сауық —«кататься». Айт, той, құдалық, ат жарыс, күрес. Маскүнем, Төбелес. Үй қыдырған көлең-көлең ақ жаулық... Жаз шықса пароход, паром, желқайық,жасыл арал, қалың орман... Көкке шыққан, гуләйтсоққан, масайраған шат көңіл... Сырнай-керней...Қызық думан... Қайткенмен сергек қала.
   Стипендиядан жырмалаған азды-көпті тиынның қызығын көргелі адам сияқтанып отыз тиынға бержабай жалдап, жексенбі күні ар жаққа тарттық.
Келген жылымыз. Қаланың жай-жапсарына қанық емеспіз.
— Ағай, жақсы қымыз кімде бар?
Бержабай әйелдердің атын шұбырта бастады.
— Жұмаш кімніңқатыны?
— Қатын емес,қыз...
      Бақсақ, «Әбуқанипа», «Имам ағзамшылап», қымызшылар қатындардың атымен айтады екен.
      Он минутта арғы қабаққа шықтық.
Ар жақ — қазақ даласы. Өзен өрлей салынған екі мешітті, бір шіркеулі, ығы-жығы тайпақ қала. Ағашы, кірпіші, төбесі, тоқалы жапырайған тәукеншік үйшіктер: «Бізді қазақтан басқа кім мекендесін?» дегендей, бет-аузы қисайып, көздері сығырайып, кемсеңдеп тұрған іспетті. Байлардың көк шатырлы салауатты сарайлары жаман-жұман баспаналарды - басып кететіндей қоразданып, басын көкке созады. Көк шұға тысты, жанат құндызды көк құмыра бөрік киген маубас, бордақы байлар ат-тұрманы жарқырап, көкмойын жегіп, былқылдақ қашабада шалқайып жатып, кататься соғады. Ескі-құсқы киім, етік-метігін қолтықтап, дорбасын, боқшасын арқалаған қаланың кедейлері жаяу-жалпы сүмеңдеп, сақалына сүңгі тұрып, базарға кетіп барады. Көпшілік тамақ тауып қайта ма? Әйтпесе сандалып, құрамай қауып қайта ма? Кім білсін?.. Жоқшылық қысып, еңсесі түсіп мең-зең болған сорлылар неден мұндай болғанын қайдан білсін?..
—     Балалар, қайда апарайын?
—     Қай жақынына апар!
—     Жақыны Аққатын... Шәкет те алыс емес...
—     Қай қызы барына апар,— дейміз.
     Бержабайшы қос терезелі тоқал үйдің алдына ойысып тұра қалады.
Тымақтарын шекесіне салған төрт-бес желбегей сал даурығып, итермелесіп, тәлтіректеп үйден шығып келе жатады. Бізге оқшия қарайды да, «зиянсыз балалар» екенімізді білген соң, тұмсығын көтеріп жүріп кетеді.
    Көптен күткен жеңешедей, ауыз үйдегі алтын сырғалы, ақ құба, бидай өңді кербез жеңгей: «Балалар, жоғары шығыңдар!»— деп майысып, төргі үйге қарай сілтейді.
     Төсек-орны, дөңгелек үстелі, тегенесі, кесесі біріне-бірі сай шап-шақ қана бөлмеде екі-үш жігіт қымыз ішіп, томашадай аппақ қана Шәкет сырлы қасықтай сары ожаумен қымыз сапырып отырады. Мұрты тоқпақтай түксиген сары жігіт сырғып орын беріп, отырысымен кесесін ұсынады. Бұл қаланың бір жақсы жері — қазақтың оқыған балаларын сыйлайды. Балалары үлкендерін сыйлайтын болғаны ғой.
«Қымыз әкелейін бе?»— дегендей, Шәкет көзі күлмеңдеп бізге қарайды.
— Бір шерік қымыз...— деп аузыңнан шығуы-ақ мұң, Шәкет жылп етіп, бір үлкен бөтелкені алып келеді. Даярлап қояды-ау деймін. Кемешті сары тегешті алдына тақап қойып, төңкере лықытып, бұрап-бұрап шорылдатып, қымызын лезде құя қояды. Қою сары қымыз көбігі бұрқырап, быжылдап иісі кеудеңді жарады.
Әупілдекше кекіріп, қымыз кеңірдекке келіп, көзі қызарған қонақтар шүлеңгер жігітсіп:
—  Мә, қарындасым, өзің іш!— деп кезек-кезек Шәкетті сыйлайды. Шәкет ернінің ұшын тигізіп бір жұтады да, аяқ иесіне қылмыңдап бір қарап, қайта құйып береді.
      Шәкет — он бес-он алтыдағы жас бала. Пәлен сұлу да емес. Бірақ бет пішіні, көз қарасы неше алуан құбылады. Кейде қасын керіп сызыла қалады, кейде назданғандай көзін қысыңқырап қылымсиды, кейде сені сүйем дегендей құлақтанып терең қарайды,кейде көзін жалт еткізіп жайдарыланақалады. Әйтеуір тоқсанқұлпырып отырған бір көз.Қонақтарын небір-екі ауызәзілімен, не сиқырлы көзімен сыйлайбіледі. Аңғал адамішінен «мені-тәуір көріп отыр» депойлап қалатын. Шәкет кімді жақсыкөргенін бір алла білмесе,кім білсін... Көзімен алдап,ақшасын қаққалыотырғанын ақымақтар қайдан білсін...
     Әркім барын базарға салып, мал таппақ, күнелтпек қой. Шәкет те көзін сатып күлгірленіп отырғаны—күнелтудің карасы. Тұрмыс, жоқшылық не қылғызбайды, Шәкетте де сол мұқтаждық. Шәкет бір үйлі жанды көзімен асырап отыр. Шәкет ақшаға қызықса, әлдекім біледі... Аяйсың Шәкетті. Қарғайсың мынау отырған есіріктерді. Мынау жүгенсіздер, анау қасын керген жеңгесі Шәкетті бұзбай қояр ма?..
Қала жігіттері қалжыңға топас келеді ғой.
Әзілі жараса алмай, қымыз ұсынуға зорлап отырғанда, арсалаңдаған бір жігіт кіріп келді. Өз үйінен жаңа келе бір кесені алып, «құйшы!»— деп, Шәкетке сүйкене отыра кетті.
Қонақтар: «Бәрекелді! Жақсы келдің!»— деп аяқтарын ұсынды.
– Шәкет, қарағым, гармонды әперші!
– Ойбай уақытым жоқ, бержабай күтіп тұр...
–  Барарсың, азырақ әнсалып кет...
Жігіттер жабылып болмаған соң, әнші сандыққа отырды. Шәкет сырнайын әперді. Әнші Шәкетке қарап мырс етіп: «Болмас, болмас»,— деп, гармонды қолына алды.
Әнші, еркін, ерке екен. Шәкетке қарап:
— Бетімнен бір сүй, ән салайын,— деді.
—  Ойбай-ау! Сөйтпей...— деп Шәкет назданды.
—  Онысы дұрыс. Әйтпесе нашына келмейді,— деп отырғандар кеу-кеуледі.
     Шәкет сүйе қоймады. Әнші ұялып қалатынын сезді білем, еңкейген кісі болып, байқаусызда Шәкеттің бетінен сүйіп алды. Шәкет әнтек қызарып, басыла қалды.
      Әнші көңілі дауалағандай, ырғалаңдап мойнын бұрып салып, гармонды барылдатып күйледі.
Ұшатын құстай қымтанып, қомданып алды. Отырғандар аузын ашып аңырды. Әнші жіберді. Бір-бір ауыздан ән салды. Аз да болса бірегей болды.
     Сүмірейте,қылмита соқты,желдете құтырта соқты. Лебізі құлаққа жағыпкетті, жүректі тербетті, тамырды желпіндірді, бойды шымырлатты.
— Өйт, шіркін!.. Па, сабазым-ай!
—Ой, пәле-ай!
     Мидай жазық құла түзде ішің пысып келе жатқанда, көзіңе сұлу орман, сәулетті тау көрінсе, көріктен, оттан айырылған, қабағынан қар жауған қариялардың ортасында, кенеттен атқан таңдай сұлу сәулем қыз көрінсе, қараңғы түнде ел таба алмай сандалып келе жатқанда, аяғыңның астынан қиуадан от жылт етіп көрінсе, қандай қуанып, кенеліп қаласың. Жапа-тармағай жым болып томсарып, тоң-торыс отырған жандарға әншінің әні де сондай әсер берді. Көңіл бір жадырап шайдай ашылды. Әттең, ауыздың дәмін ала алмай, құмарымыз қана алмай қалдық.
—Бұл қай әнші?
—Әнші Әмірқан осы,— деді.
—Әмірқанды жұрт мақтайтын. Бір естуге мен де ынтық едім.
—Әмірқанның үйі осында ма?
—Осында.
—Үйінен қашан табылар екен?
—Оны қайтесіңдер?
— Әншейін... Әнін бір естуге...
—Оны үйден ұстай алмайсыңдар. Ол — бір сағым.
—Өзі не кәсіп істейді?
— Әмірқанда кәсіп бола ма? Ән салғаннан басқа...
—Ақша тапса, жарайды ғой...
—Көп үстіндегі жігіт емес пе? Оған кедейлік бар ма?
—Өлеңді ақша сұрап айта ма? Жоқ...
—Аштан өлуге бейіл, өлең айтып ақша сұрағанын көргеміз жоқ.
—Онысы қызық екен!..
—Өзі де қызық жігіт. Онсыз топтың ажары кірмейді. Әйтеуір жандырып жүреді.
Расында жандырып жіберді.
Әмірқанның жайынан аз әңгімелесіп, қымызға қанған соң пәтерімізге қайттық.
 
      Наурызда қазақ шәкірттері сауық жасауға даярландық. Жастардың талабы, өнері, жігері, қызметке жарамдылығы сыналатын жер де сауық, шалағайлығы, салақтығы, қорқақтығы, мақтаншақтығы, өзімшілдігі байқалатын жер де сауық.
Спектакль қоюға лайықты кітабыңыз да, әйелдеріміз де болмады. Бірлі-жарым оқыған әйелдер ұялды, бұлданды, көнбеді. Бір-екіретшақырсақ та «басыауырып» келмейқалды. Сонымен бір перделік күлкі, қалғанын декламация, хор, ән домбыра, оркестрмен өткізбек болдық. Сауығымыз сары ала болсын деп, Әмірқанды да шығарып, ән салғызбақ болдық.
      Өз рольдерімізді бір ыңғайлап, даярлап алған соң Әмірқанға кісі жібердік.
      Әмірқан қол ұстасып, сыпайы амандасып отырды. Әнеугі Шәкеттікінде көрген Әмірқан емес, бұйығы, момақан жігіт.
«Бәленше қандай кісі?» деп сұрасаң, Бек деген қу түрін бұзып аудармай сала қоятын. Нармамбет шешен бір құрбысын: «Май ауыз, май құлақ, тасбақа, талтақай» деп суреттеген екен. Егер мен Бек тәрізді қу болсам, мойынымды қыжырайтып, көзімді бажырайтып: «Әмірқан осындай жігіт» дер едім. Егер мен Нармамбеттей шешен болсам, Әмірқанды: «Ербең құлақ, едірек, талтиған тәпек асық» дер едім. Олардай менің өнерім жоқ, сондықтан мен Әмірқанды «Шеулі қаршығадай шап етер, киіктің асығындай тап етер» жігіт деп қана суреттей аламын.
      Әмірқанның бес-алты әнін таңдап алып, сауық күні келуге уәдесін алып, апарып салдық.
   Сауыққа өз әлімізше жақсы даярланғанбыз. Клубтың театрын алғамыз. Билет екі күн бұрын қыдыртып сатылған. Жетішатырдың қазақтары қандай тыраш: қатын-қалаш, бала-шағасымен келді — залға сыймай кетті. Мұндайда саналы жеңгейлердің де пайдасы үлкен тиеді ғой. Рәзия жеңгей неше түрлі тәтті нандар пісіріп, жеміс алып, баласының тойы болатындай қызмет істеген. Оспанбек ағайдың үйіндегі жеңгей де қоңыр қаздай байпаңдап, екі бөшке қымызды сатып, ақшаны көпіртіп алып жатыр. Қарындастарымыз да программа сатып, сымпылдап жүгіріп жүр. Мұқтаж шәкірттер кенелмеген не қалды? Жастардың тұңғыш журналы аяқтанбасқа не қалды?
      Халық мұнша жиылады деген есте жоқ. Мына топты, анау қызметті көрген соң көңіліміз көкке серпіп, аяғымыз сайға тимей жүр. Жұрт у да шу, мәз-мейрам.
    Сауықты Наурыз мейрамына арнаған соң қазақтың ескі ырымын да істегенбіз. Сарқасқа құрт көжені тай қазанға жүздіріп, бұқтырып қойғанбыз. Ішіне жылқының басын салып, екі-үш табақ ет асып, үлкендердің алдына тартпақ болғамыз.
     Ойын басталмай-ақ, жұрт қымызға бас қойып жатыр. Жәлен сықылды мұғалімдер Наурызды түсіндіріп, жастардың талабын құттықтап, мінбеге шығып сөз сөйлеп жатыр. Біреулер: «Ата-бабамыздың жоралығын істейік» деп, төс қағысып, көрісіп жатыр. Ойын басқарушы Әбіжанда ес жоқ, кішкене жұтып келсе керек. Әбіжан болмаса, сауық осындай болар ма еді? Билетті дендеп өткізген, әйелдерге тамақты әзірлеткен, кілем, ыдыс, сайман бар жабдықтың бәрін тапқан сол. Әбіжан — мақтаншақ жігіт. Жарнамаға, программаға «Басқарушы» деген аты жазылғаны Әбіжанға зор атақ. Әбіжанның таныс емес адамы жоқ, құрдасы емесі тағы жоқ. Ол жұрттың бәріне еркін. Берсе қолынан, бермесе жолынан тартқандай ғып алады. Оның ойыны қайсы, шыны қайсы екенін адам да білмейді. Ойынды Әбіжандай кісі басқарсын...
     Қоңырау екі соғылды. Біз сахна жақта домбырамызды күйлеп, тамағымызды кенеп, кісілерімізді жинап, жағамызды түзеп, шашымызды тарап, нәрселерімізді құрып, шала бүлініп, жанталасып жатырмыз. «Осынша топтың алдында шалдырып, масқара болып қаламыз ба, болмаса шапалақ соғылып, қошамет аламыз ба»— деп жүрегіміз дүрс-дүрс етеді.
      Қоңырау үш қағылды.
    Шымылдық ашылды. Зал у-шу, айқайласып, кимелесіп, орынға таласып, «дауыстама!», «отырыңдар!» десіп күңкілдесіп жатыр. Әлден уақытта саябырлайын деді.
       Өзімізше жақсы шығардық деп ойладық. Шымылдық жабылды, шапалақ соғылды.
Хорымыз жамырап жақсы шықпады...
Рахымбек декламациясын жақсы айтты. Скрипкаға ән қосқан он екі жасар Мәржім тамаша соқты. Қайта-қайта шақырып, залды дүрсілдетті. Өзі тіленіп шыққан студент бикешіміз «Жалғыз шалды» бастағаннан міңгірлеп, «қаттырақ, қаттырақ» дегізіп еді, орта кезіне барғанда, төбеге ұрғандай тұрып қалды. Қағазына қарап, кәне таба алсыншы! «Қайт, қайт!»— дейміз. Тыңдамайды. Өзі де қылаң кісі емес еді, әлден уақытта бітіріп, өрт сөндіргендей қап-қара болып, сахнаның артына жоқ болды.
        Бірақ «әбиірді ақша отау жауып», кейінгілер сүрінбей шықты. Әсіресе жұртты сүйіндірген Әмірқан болды.
Қазақ ішіндегі жиын, тойда айтқаны болмаса, Әмірқан театрда ән салып көрген жоқ екен.
       «Жұртқа тәжім етесің, домбыраңды көп күйлеп жалықтырмайсың, сыпайы жүріп тұрасың» деп тапсырғамыз. Әмірқан оның бірін де істеген жоқ. Жайдағысындай іркілместен тайтаңдай басып барды да намазды тізе басқан кісіше, белуарына шейін еңкейді. Сөйтті де шалқайып отыра кетті.
        Әмірқан шығысымен шапалақ шартылдады. Өзге шығушылардан Әмірқанның киімі де, түрі де, жүріс-тұрысы да жат  еді, қазақтың еркіндігін еске түсіруші еді.
         Домбырасын күйлеп, екпіндетіп бір-екі сарындатып алды да, айқайға басты.
         Зал тым-тырыс болды...
Топ көргенде Әмірқан аруақтанып, көтеріліп кетеді екен. Бұрынғы дауысы астар болмай қалды. Зал жаңғырып, күңгірлеп кетті.
Сұңқылдаған көмейі
Сыбызғының үніндей;
Ескектеген толқыны
«Бозайғырдың» күйіндей;
Аспандап соққан айғайы
Алтайдың асқар тауындай;
Желпілдеткен түндікті
Күздігүнгі дауылдай;
Төмендете сорғалап,
Тас бұлақтың суындай;
Әсем, әсем нақысы
Айдынның сұлу қуындай;
 Қалықтатып созғаны
Сарыарқаның беліндей,
Жаяулатса, баяулап,
Арқаның қоңыр желіндей;
Тамылжытып, сынықсып,
Жаңа түскен келіндей;
Қалың қазақ даласын
Әнімен залға сыйғызды,
Дауысын көпке сүйгізді,
Шапалақ та шапалақ...
Пәле шіркін! Бис-бис...
Тағы да шық, тағы да!..
Тағы шықты Әмірқан.
 
      Бұ жолы Әмірқан басқа әнге салды.
     Бір-бірін қиып кете алмай, мұратына жете алмай, қош айтысқан жарға ұсап, жалғызынан айрылып, қанатынан қайырылып, зарлаған бейне жанға ұсап, болмаса жылап егілген, көзден жасы төгілген, бейне бір қайғы-зарға ұсап, өкінішті, өксікті, қасіретті, мұңды әнді сарнады. Жұрт төмен қарап, әркім жүрегімен сырласқандай, әншінің бітіргенін де сезбей қалды. Кенет тым-тырыс бола қалды да, шапалақ қайта соғылды. Қалғып кетіп оянған, қызықты тәтті түс көрген, қайтарам деп талпынған кісідей, жанға жаққан тәтті үннің кеткеніне өкініп, өршелене соғылды.
    Әмірқан тымағын қыңырайта киіп тағы барды. Тағы соқты. Тағы да ескектете, желпіндіре, желіктіре, ышқындыра, құлшындыра соғып, тыңдаушының айызын әбден қандырды. Әмірқан бәйгеден келді! Зал сарт-сұрт, айғай-ұйғай, гуілдеп, толқындап барып басылды. Әмірқанды құшақтап алып, арқаға қағып, бетінен сүйіп жатырмыз.
      Әмірқандай әнді ешкім сала алмайды. Жай жүргенде Әмірқанды ешкім де елемейді. Әмірқан ән салса, сонда кім екенін білесің. Ән салса, ол өзін-өзі ұмытады, әннің әуеніне төңкеріледі, оның дауысы көмейінен шықпайды, жүрегінен шығады. Ол әннің әр нақысын ұғады, әнді ғана сүйеді. Ол тәтті үнге, топқа бола жаралған адам. Ән салса рақаттанып, гүл-гүл жайнайды. Көзі де, аузы да, денесі де, қолы да бірге салады. Әмірқан кісі емес, әнге айналады. Оның ән салғандағы түріне қарап отырсаң, тоясың.
    Бірақ Әмірқан үнемі олай айта бермейді. Әмірқан қымызы, тобы, ойын-сауығы, қыз-келіншегі бар жерде өзін-өзі ұмытып айтады.
     Әнін ұғушы, тыңдаушы болса, шабыттанып айтады. Тыңдамай, жыбырлап сөйлесе бастаса, Әмірқан тұрып кетеді, айтпайды.
 
      Әмірқан кісіге тез үйір болатын, жолдасқа жанын қиятын жігіт. Наурыздан кейін бізбен дос болып кетті. Бер жаққа шықса, бізге соқпай кетпейді.
—  Менің құжырамды да бір көріңдер,— деп, қайта-қайта шақырып, үйіне қонаққа апарды.
Құжырасы бір іншік екен. Қарт шешесі, қоңыр ғана келіншегі бар екен. Үйінде мәз төсеніші де жоқ. Бар асыл бұйымы — үкілі сары домбыра. Оқығандардан көргенін істеп:
— Біздің жампоз мынау!— деп, қатынын жетелеп әкеп, қолын ұстатты. Қымыз, ет алып, тыраштанып, шабылып қалыпты.
Әмірқандікі қаланың дәл шетінде. Үйінің ар жағы жасыл дала, қымызды ішіп алған соң көгалға шығып, сейіл құрдық. Ән туралы әңгіме қылдық.
— Менің жүрмеген жерім, көрмеген елім бар ма?— деп бастады Әмірқан. Жас күнімнен әкеме еріп, ел араладым. Әкем ересен әнші еді. Әкем қайтыс болған соң, жақсыларға еріп көп жүрдім. Жәрмеңкелерге бардым. Маған ән үйреткен әуелі әкем болды. Содан соңғы үлгі берген кісі Жұмабек әнші еді. Уай, шіркін, Жұмабек жігіт еді. Ондай әншіні өмірі көргем жоқ. Қанша айтса, бір жалықпайсың. Бір әнін бір ат беріп үйренсең обалы жоқ... Өлеңші, әншідеген жігіттердің бәрін естідік. Қайда? Жоламайды. Әннің бір жерін келтірсе де, бір жерін былықтырып алады. Бас-аяғы бірден мүлтіксіз шықпаған соң әнді салып не керек?..
— Естайды естігендерің бар ма?
— Жоқ.
— «Қорланды» сол шығарды дейді ғой... Оның ән салғаны бір порым екен. Күжілдеп, ызбарланып, ышқынып, тістеніп, шытынап кетеді екен. Ән салғаны төбелеске бергісіз. Әншілердің көбі түр шығарам деп, әуре болады. Жақсы әнді бұзып жібереді. Қиқылдай ма, шиқылдай ма, аупылдай ма мазарат... Есіл әнді бей-берекет қылады. Бет-аузын тыржитып, зорланып, күшеніп отырып салған соң ән бола ма? Әнді еркіне жіберіп, қысылмай салған ғой қызығы.
      Әншілердің көбі не мақтан үшін, не мал табу үшін айтады. Шабыты келмесе де зорланып айтады. Зорланып айтқан ән дұрыс шыға ма? Ән салу көңілден ғой... Мен өзім көңілденбесем, жақсы айта алмаймын: айтқым келмейді...
      Әннің бір кілтең жерлері болады... Жұрттың көбі соны келтіре алмайды. «Ау» дегеннің бәрі ән болады деп ойлайды. Ол ән бола ма? Кейбіреу орысқа еліктей ме, ноғайша жырлай ма? Қазақ әнін бұзып жібереді. Қазақтың нағыз өзәнін салшы, қандай тыңдар екен!? Бұ шіркіннің соңына түскен соң, құнттамаса болмайды ғой. Жұмабек марқұм әнді салып жіберіп: «Қай жері ұнамайды?» деп, білетін кісілерден сұрап отырушы еді. Әркімнің әнін тыңдап, жақсы жерін алып, жаманын тастап талғамаса, дұрыс шықпайтын көрінеді. Осы «Екі жиренді» елдің аузынан бала күнімде естіп едім. Енді байқасам, әжептәуір ән екен. Қандай жаңа әніңнен кем емес. Оңдап түзеген соң жұрт қағып әкетті...
      Мұндай сөз Әмірқанның ғана аузынан шығады. Жалпылама әнші әннің қайткенде жақсы болатынын ескермейді де. Әмірқанның әнге берілгендігі сонша, басқа шаруаға олақ-ақ. Қолынан түк келмейді. «Аштан өлемін-ау, көштен қалам-ау, ертең не күн көрем-ау» деген уайым ойына да келмейді. Кейде: «Кемпірдің наны... отыны бітіп қалыпты» деп, сасқалақтап жүгіріп жүргені. Біреуден ат, біреуден арба, біреуден қарызданып азық, ақша алып жүргені. Ол «барды баламайды, жоқты санамайды», өзінің бірдемесін сұрасаң бере салады, кісінің нәрсесін, киімін өзі де киіп жүре береді. Ұят екен-ау демейді. Ол кісі алдауды, арын сатуды білмейді. Кім көрінгенге сенеді. Өзін әркім талай алдап кетсе де, сенуін қоймайды. Ондай саппасты таппассың.
      «Менікі, сенікі» деген сезім Әмірқанда жоққа тәндік еді. Есімде бар, бір шілдеханада менің қасыма бір келіншекті отырғызды. Құлағыма сыбырлады: «Қапы қалма, айналдыра бер»— деді. Анадай жерден ән соғып отырып, келіншекті нұсқап, көзін қысып қояды. Сөйтсем, Әмірқанның өз келіншегі екен.
Бір жолыққанда:
— Соққан-ау! Әнеугі өз қатының екен ғой,— десем:
— Е, менікі болса қайтушы еді?..— деп, былықтырып отыр.
— Бұрынғы қатының қайда?— дегенде:
— Оны шығарып жібергем,— деп, ойыншық тәрізді айта салды. Сұрай келсем, мұнысы бесінші екен. Әмірқан әнді шабыты келгенде қандай салса, қатынды да шабыты келгенде ала салады екен. Көңілі суыған күні не қатын тастап кетеді екен, не өзі шығарып жібереді екен. Қатыны тастап кетсе, өзі намыстанбайды екен, өзі шығарса, қатынға да обал болды-ау деп артық қынжылмайды екен.
       Үй іші не болып жатқанымен ісі жоқ, қашан көрсең де жайраңдап мас болып, арсалаңдап жүргені. Жұрт оны «алақұс» дейді, «бәдік» дейді. «Осы Әмірқан бір мезет есі кіріп, ойлана ма екен? Мұңая ма екен?» деп ойлаушы ем. Мұңаймақ түгілі, Әмірқанның жылағанын да көрдім.
        Көкек айы. Мал төлдеп, жер көгеріп, құс ұялаған кез. Әмірқан, Дәулетжан — үшеуміз Керуенкөлге құс атуға бардық. Керуенкөл қалаға қырық шақырым. Екі мылтығымыз бар, қос алып барғамыз. Екі күн жатып, қайықпен жүріп, қамыстың арасынан қаздың жұмыртқасын теріп, құс атып кенелгеміз. Дәулетжан көл жағалап кеткен. Кешке таман Әмірқан екеуміз қостың алдында қаз жүндеп, жұмыртқа асып отырып әңгіме құрдық. Әмірқанға: «Басыңнан кешкен бір қызық әңгімеңді айтшы» дегенде, мынаны айтты:
—  Ел қыдырып, ән салып, жын қуып жүрген кезім. Қайда ойын болса, іздеп кетеміз. Ормамбетте Ақтамақ деген бір тамаша қыз болды. Үріп ауызға салғандай, жұтынып тұрған сұлу еді. Міне, биыл отыз екіге шығып тұрмын, ондай сұлуды көргем жоқ. Өзі паң. Жөпшенді бозбалаға көзінің қырын да салмайды. Пысықсыған талай жігіт маңына дари алмай қойған.
Бір ойында Ақтамақ маған орамал тастады. Өңім екенін, түсім екенін білмедім. Буыным қалтырап кетті. Буы әкетіп барады. Бетіне таман таянғанда, қолымды ұстады да: «Шын сүйсең, сүй!» деді. Ақтамақты сүйген кісінің арманы бар ма? «Шыным» дедім. Қасынан орын берді. Дәмелі жігіттер ішін жарып жібергендей болды. Төбем көкке жетті. Бір қаға берісте: «Біздің ауылға келіп жүрсейші!» деді.
        Содан кейін Ақтамақтың аулынан шықпайтын болдым. Жеңгесінің отауына барсам, ән салғызады. Әзілдеседі. «Әніңді тыңдағым келеді де тұрады» дейді. Бір күні: «Түсімде көрдім» деді. Не керек, сүйте-сүйте қалай жақындасқанымызды білмеймін: бірімізді-біріміз көрмесек шыдай алмайтын болдық. Ол «өл» десе, өлгендеймін. Түрім мынау, жалғыз атты кедеймін. Неме қызыққанын білмеймін, ынта-көңілі маған ауды да кетті. Бір күні:
—  Мені шын сүйсең алып қаш!—деді.
—  Қайда барамыз?
—   Қалаға кетейік.
      Өлерімді білмейтін мен де жындымын ғой. Таңасып тұрған байдың екі атына екеуміз мініп, «қала қайдасың» деп, тартқанымыз ғой. Сен қыз алып қашып көрген жоқсың ғой?
— Жоқ.
— Қызық қой... Түні бойы соқтырып отырып, таң ата Орданың тауына келіп бекіндік. Маңайда ел жоқ. Күндіз тауда жатып, кешке түн қатпақпыз. Атты бір қуысқа тығып, өзіміз тамақтанып, ұйықтап алдық. Жанторсықта қымызымыз, бір қоржынбасы етіміз бар-ды. Бәрін өзі даярлап алған.
       Қас қарая аттандық. Атымыз шалып, тыңайып қалған екен. Қылаң ұрады. Жортып келеміз. Алдымызда екі кезең қалды. Ар жағы — беті ашық дала. Итжатпастың асуына шыға бергенде, қарсы алдымыздан үш атты кісі сопаң етті. Ұры екен. «Ойбай!» дедік. Ақтамақ қолымнан шап беріп ұстай алды. Келе: «Түс, түс!»— деді. Түсе қоймадым. Біреуі сойылмен салып жіберді — қалпақтай түстім. Есім ауып қалды. Есімді жиған кезде, екі қолымды артыма байлап, көзімді таңып, біреуі артына міңгестірді. Ақтамақтан айрылдым. Таудан тауға соғып әлден уақытта бір ылдиға түстік. Мені аттан түсірді. Аяғыма шылбыр тағып, бір ағашқа байлап тастады. Домалап жаттым. «Өлемін ғой» деп жатырмын. Ақтамақ байғұс сорлы болды ғой. Әлде неғып жатыр? Ой мұндай қысылмаспын. Әлден уақытта аттың дүбірі естілді. Екі атты кісі келді де, ағаштан шешіп алып, атқа міңгестіріп алып жүрді.
       Көзімді шешіп жіберді — алдымда бір ақ қос тұр. Үймелесіп жігіттер тұр. «Кір» деді. Қоста Ақтамақ бар екен, мені көргенде жылап жіберді. Қостағы маңғаз жігіт менің жөнімді сұрады. Шынымды айттым. Қымыз бергізді. Ірге жағынан бір шешен домбыраны алып, қолыма берді де; «Кәне, ән сал!» — деді. Айтпасқа лаж бар ма?
— Ұрылардың әнін білесің бе?
—  Білем,— дедім. Исақ — Ермектің, Иманжүсіптің, Балуан Шолақтың, Мәдидің әндерін салдым.
Әнге сүйсінді.
—  Жігіт екенсің,— деді.
— Әнің болмаса, жаныңа қош айтысатын едің. Жалғыз өзің қыз алып қашып жүрген сен де бір ер екенсің. Жарайды. Жолың болсын!— деп көзімізді байлатып, жанымызға екі жігіт қосып, таудан шығарып салдырды.
      Сөйткен Ақтамақпен бір-ақ жұмадай дәурен сүрдім. Ой дүние-ай!— деп, Әмірқан ауыр күрсінді де, дыбыссыз қалды. Бетіне қарасам, көзінің жасы парлап тұр екен.
Жұбатайын деп:
— Ой, саған не болды?!— дедім.
— Әншейін... Көңілім бұзылып...
— Бала болдың ба? Өткен іске өкіне ме екен...
—  Ақтамақтың қылығы бетер еді...— деп, солқылдап тұрып жылады. Кәне уата алсамшы.
—  Армансыз жан бола ма? Қалай айрылдың?— деп қоймаған соң:
— Дүниеде күліп-ойнап жүрген жолдастың мырт-мерезі жаман екен... Көпте мейірім болмайды екен... Ұры құрлы болмады. Не де болса, ердің қолынан келеді ғой,— деді.
        Ар жағынан қазбалап сұрағам жоқ. Екі қаз, үш қасқалдақ арқалап Дәулетжан да келіп қалды.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
Сайтты қолдану жөнінде нұсқаулық
ҰБТ(онлайн тест)