Өлең, жыр, ақындар

Бабалар аманаты - өміршең өсиет

Тіл қашан да ұлттың кеудесіндегі жаны болып қала бермек. Ұлттың тамыры тереңге жайылса ана тіліміздің мәртебесімен парапар келеді. Алаштың ардақтылары өз мүддесінен ел мүддесін жоғары қойған шақта алдыңғы қатарлы мәселеде-қазақ тілінің ғұмыры һәм болашағы тұрды. Осы орайда әрине заңды сұрақ туындайды: неліктен тіл мәселесін алға қойған? - деген. Алаш туы астында біріккен елдің ұлдары тілдің саяси қуаттылығын, халықты біртұтас қылудың рухани байланысы екенін анық ұғынды. Алаштың аянбай тер төгіп, басын қатерге тіккенінің нәтижесінде өзіміз де, тіліміз де азаттығын алды. Қазақ интеллигенциясының тіл төңіренінде мол мұра қалдырғандығы-ұлттық байланысты терең ұғынғаны деп білеміз. Ендеше, тағылымды мұралар тізіміне көз жүгіртейік. Бірінші кезекте,Мұхтар Әуезов былай депті:Ахаң ашқан қазақ мектебі, Ахаң түрлеген ана тілі, Ахаң салған әдебиеттегі елшілдік ұраны – «Қырық мысал», «Маса»; «Қазақ» газетінің қан жылаған қазақ баласына істеген еңбегі, өнер-білім, саясат жолындағы қажымаған қайраты, біз ұмытсақ та, тарих ұмытпайтын істер болатын. Осы пікірден соң, ұлт ұстазы Ахметтің тілтану ғылымының шырқау шыңы екенін аңғарамыз. Тіл мүддесі жолында білім алушының шырағданына “Оқу құралы” атты еңбегі айналды. Аталмыш еңбекте қазақтың тұңғыш әліпбиі , оқу нұсқаулығы, тілге жеңіл деңгейдегі сөздер тізбегі қалың оқырманға жол тартады. Ахаңның ізінен ерген Телжан Шонанұлының, Елдес Омарұлының оқу-әдістемелік мақалалары да білім беру жолында айтулы қызмет қылды. Білімді азаматтардың бас қосқан ортасында тіліміздің әліпбиі мен құрылымдық ережелері сөз болды. Менің ойымша, сол бір замандағыдай алқалы жиынды әлі де өткізу керек. Жаңа Қазақстанда талқылайтын, өзгеріс енгізіп, бір уәжге келетін мәселелер қарасын жоққа шығармаймыз. Тіл жанашырларымен қатар өзге ғылым өкілдерінің бас қосуы ана тілі игілігі жолында тың жаңалықтар әкелер еді. Неге десеңіз, Ахаңның мектебі жоғарыда аты аталған ғалымдарды өсірді, ұштады. Жас буын өкілдері жаңалық ашып жатса, Ахмет ердің мәртебесі тағы да көтерілгені. Екіншіден, 19 ғасырдағы ұлттық жазба әдебиетімізге дем берді.  Сонау зар заман ақындарынан бастап, реалистік бағытты әкелген Абайдың мұрасын толықтырды.  Қазақ даласын роман,әңгіме, повесть, поэма, баллада, драма секілді жанрлармен таныстырды. Әпсәтте-ақ әдебиетіміз жаңа деңгейге көтеріліп, батыс пен шығыстың әдебиет өнерімен иық теңестірді. Онымен қоймай қазақ лексикасын сөзді қолдану, ұғымды ашу, құбылысты суреттеу сынды жүйелермен толықтырды. Алаштың бұл ізденісі жойылмады. Кейіннен, тетелес інілері Мұхтар Әуезовтің қаламына тіл бітірді. Айбынды рухымен Баукеңдей ерлер, тарихты тайсалмай жазған Ілияс Есенберлин, Мұхтар Мағауиндей өршілдерді әдебиет саласына баулыды.  

Алаштың азаматтары тіл-ұлттың қорғаны баға берді. Қазақ хандығы дәуірінде тіл билікке халықтың ащы зарын жеткізу құралы болса, Алаш қозғалысы кезінде ұлтты тұтастырушы ғаламат күш саналды. Мағжан Жұмабаевтың: «Ұлттың ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болу» деген қанатты сөзі жас ұрпақтың көкірек көзіне тоқып отыруымыз қажет. Күллі алаш ұлдарының тіл туралы өлеңдері, озық ойлары егемендік алған бүгінгі қазаққа да жолбасшылық етіп жатыр. 

Жоғарыда айтылған ойларыммен замандасымның көкірек көзіне үндеуім жетсе деймін.Патшаның боданынан арашалауды қалаған Алаш ерлері арманда кетті. Бабалар аманатын азат елдің ұрпағы ретінде жүзеге асыру сіз бен біздің борышымыз.

Теміржан Көркем


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер