Өлең, жыр, ақындар

Тәубеге келген күнәһар

Жетпіс жыл өмір сүрген бір пенде, бар ғұмырын күнәмен өткізеді. Өмірінің соңғы сәтінде қатты науқастанып төсек тартып жатады. Бірақ істеген күнәсіне тәубе етіп, өкінумен болады. Ақырғы сәт тақап, Әзірейіл жан алуға келгенде, екі көзінен жас парлап: «О Тәңірім! Менің бар күнәмді өзің кеше гөр!» — деп жылайды. Соңғы сөзін айтып үлгергенше кеудесінен шыбын жаны ұшып шығады.

Жан көтеріліп отырып жәннат бақшасының қақпасына келді. Жұмақтың қақпасын қағып ішке кіргісі келетін ниетін білдіреді. Бірақ, есік ашылмайды. Қақпаның арғы жағынан:

 — Жәннат қақпасын ұрып жатқан бұл кім? Дүниеде жасаған қандай ізгі амалдарың бар? — деген дыбыс шығады. Сосын пақырдың жасаған бар күнәларын тізіп санап шығады да: «Мен білсем, сен жұмаққа кірмейсің. Орны тозақ болуы керек. Құдай дәргағынан ары кет,» — деп жауап береді. Күнәһар пенде:

— Иә Раббым! Бұл кімнің дауысы. Түріңді көре алмай тұрмын, — дейді. Дауыс оған:

— Мен Ғайса пайғамбардың ең жақын серігі Петр боламын, — деп жауап берді. Күнәһар:

— Әулие Петр, мені жарылқай гөр! Адам пендесінің әлсіз екенін, ал Құдайдың шексіз мейрімді екенін есіңе ал! Сен Ғайса пайғамбардың жанында жүрдің. Оның айтқан насихатын жақыннан тыңдадың. Бірақ, Ғайсаның саған таң сахарда ұйықтамай, ояу отырып дұға жаса деп үш рет айтқанын ұмытып, ұйқыға кеттің. Ал, пайғамбар басын шайқап, өкініп, жүрегі қан жылап еді ғой. Соны есіңе түсірші. Мен де солай өмірдегі міндетімді ұмытып, күнәға баттым. Сен Ғайсамен бірге боламын деп үш рет уәде беріп едің. Пайғамбарды ұстап алып, ағашқа шегелегенде сен одан бас тартып қашқаныңды ұмыттың ба? Мен де солай әлімсақтағы уәдемді ұмытып келіп тұрмын. Бірақ, Құдай мейіріммен көз салып, сені жәннатына кіргізді. Сен неге содан үлгі алып, маған мейіріммен қарамайсың? — деп сұрады.

Қақпаның арғы жағында тұрған адам үнсіз қалды. Сосын күнәһар жәннат қақпасын екінші мәрте қақты. Бұл жолы басқа бір дыбыс шығып:

— Бұл кім? Қандай сауапты ісің бар? — деп сұрады да, ол да пақырдың бар күнәсін тізіп шықты. Сосын: — Ей, қарабет, дүниеде іліп алар жақсы амалы жоқ екен. Аулақ кет, орның тозақ, — дейді. Күнәһар:

— Иә Жаратушым, бұл кімнің дауысы? — деп сұрайды. Дауыс оған:

— Мен Дәуіт патшамын, — дейді. Күнәһар:

— Оо, Дәуіт патша, мен бейшараны аяй гөр! Адам әлсіздігі мен Құдай рахметінің кеңдігін есіңе ал. Құдай сені патша етті, жұрт алдындағы дәрежеңді өсірді. Байлық та, атақ пен даңқ та берді. Ал сен бір кедейдің ажарлы әйеліне ғашық болып, оны әйел етпек болдың. Қанша малың болса да, кедейдің соңғы қойына көзің түсті. Бірақ, мейірімді Құдай, сонда да сенің дәрежеңді артық етіп, жәннатына кіргізді. Мен де біреудің әйелін тартып алдым, біреудің қойын ұрладым. Күнәға белшеден баттым. Сен «өз қателігім есіме түскенде, бармағымды шайнап өкінемін» деп едің. Мен өлім сәтінде сол сөзіңді есіме алып, шын тәубе еттім. Енді не себепті мені кіргізбейсің, — дейді.
Есік арт жағында дауыс үнсіз қалды. Күнәһар сәлден соң қақпаны қайта қағады. Бұл жолы басқа бір дауыс шығып:

— Бұл кім? Жәннаттың есігін тоқылдатқан қандай жансың? — деп сұрайды. Ол да күнәһардың бар ісін тізіп шығып:

— Әй, пенде, аулақ жүр. Сен мынадай күнәңмен жәннатқа кіруге сай емессің, — дейді. Күнәһар:

— Е, жасаған, бұл кімнің дауысы, — деп сұрайды. Дауыс иесі:

— Мен Ғайса пайғамбардың сүйікті шәкірті Иоаннмын, — дейді. Күнәһар қуанып кетіп:

— Сен мені кіргізбеуге хақың жоқ. Петр мен Дәуіт адам жанының әлсіздігі мен Құдай рахметінің шексіздігі есіне түскендіктен маған ләм демеді. Ал сен өмір бойы Құдайдың сүйіспеншілігін, рахметін насихаттап келдің. Мені тозағына түсірмей, жәннаттың есігіне дейін әкелген Тәңірім сияқты сен де маған сүйіспеншілік таныт. Қартайып төсек тартқан кезімде, сенің кітабыңнан «Бауырлар, бір-біріңді жақсы көріңдер!» — деген насихатты оқыдым. Бірақ, жұртты жақсы көруге, махаббат танытуға кеш қалдым. Тәубе еттім. Ал, сен сол өсиетті жазып тұрып, қалайша мені жақсы көрмейсің. Махаббатпен жәннаттың есігін ашпайсың ба? — деді.

Сол кезде жәннат қақпасы ашылды. Иоанн тәубаға келген пақырды құшағына қысып, кешірім сұрады. Оны Жаратушы әлеміне алып кетті.
 

Аударған: Жүрсін Кәрім


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз