Өлең, жыр, ақындар

Абиев Аяп Қадірұлы - біздің ауылдың батыры

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ МҰНАЙЛЫ АУДАНЫ
“№10 ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРУ ОРТА МЕКТЕБІ” КММ-сі
ҒЫЛЫМИ ЖҰМЫС
ТАҚЫРЫБЫ: АБИЕВ АЯП ҚАДІРҰЛЫ – БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ БАТЫРЫ
БАҒЫТЫ: ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ
ОРЫНДАҒАН: МЫРЗА ЕЛДОС, 10-СЫНЫП ОҚУШЫСЫ
ҒЫЛЫМИ ЖЕТЕКШІСІ: АБДЫКАДЫРОВА КУМИСАЙ,
ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ПӘН МҰҒАЛІМІ
2014-2015 ОҚУ ЖЫЛЫ
Аннотация
Тақырыптың өзектілігі. Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің соғысқа қатысқандағы мақсаты – бүгінгі ұлан – байтақ кең даласын жаудан сақтау үшін, ұрпағы жалтақ- тамай өмір сүру үшін өз өмірін күреске арнады. Олар елін азат ету үшін аянбай ерліктер көрсетіп, қиындыққа қарсы тұра білді.
Зерттеу мақсаты – Ұлы Отан соғысының 70 жылдығы мерекесі қарсаңында соғыстың сұрапыл жылдарында елін, жерін, Отанын қорғаған біздің ауылдың батырының ерліктерін, жүріп өткен жолдары туралы жазылған мәліметтерді, асыл мұрадай сақталған заттарын, бейбіт өмірдегі еңбектерін, кейінгі ұрпаққа өнеге – өсиет ретінде таныстыру.
Міндеті:
– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің өмірін өзімізге үлгі – өнеге тұту;
– Әр ауданнан келген оқушыларға біздің ауылдың батырының ұлағатты өмірін паш ету;
– Ұлы Отан соғысы ардагерлерінін ерлігін насихаттау және жас ұрпақты елін, жерін, Отанын қорғауға тәрбиелеу;
Ұсыныс: 1. Біздің ауылдың батырының даңқын марапаттарлықтай ескерткіш орнатылса;
2. Аяп Қадірұлының есімі көше атына берілсе;
Жұмыстың жалпы сипаттамасы: Ұлы Отан соғысы ардагерінің өмірі, отбасы кең ауқымда қарастырылған.
Күтілетін нәтиже: Бүгінгі менің және басқа оқушылардың ғылыми жұмыстары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланса, елін, жерін, Отанын қорғауға деген жастардың патриоттық сезімі оянып, тәуелсіз елінің қадірін білетін білімді де тәрбиелі жастар қалыптасар еді.

 

МАЗМҰНЫ


КІРІСПЕ…………………………………………………………………………3
І. АЯП ҚАДІРҰЛЫ – БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ БАТЫРЫ
1.1. АЯП ҚАДІРҰЛЫ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ…………4
1.2. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ БАСТАН КЕШКЕН ҚИЫНДЫҚТАРЫ...... 5-6

ІІ. АСЫЛ МҰРАДАЙ САҚТАЛҒАН ЗАТТАРЫ
2.1. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ МАРАПАТТАУЛАРЫ ……………………7-8
2.2. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ БЕЙБІТ ӨМІРДЕГІ ЕҢБЕКТЕРІ…………… 9
2.3. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ………………………10-11

ҚОРЫТЫНДЫ…………………………………………………………...…….12
ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ…………………………………………………….......13


КІРІСПЕ
«Бабалар ерлігі – ұрпаққа аманат» шығармашылық ізденіс жобалар байқауы бойынша, Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, халық ағарту ісінің үздігі, бейбіт өмірдегі жас ұрпаққа білім, тәрбие беруде ұзақ еңбек еткен ардагер ұстаз, отбасында екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірген Құнанорыс әулетінің қадірлі ақсақалы, Батыр ауылының үлгілі отбасы, біздің ауылдың батыры – Абиев Аяп Қадірұлы туралы зерттеген ғылыми жұмысымды қорғау үшін келдім.
Мақсатым – Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарында елін, жерін, Отанын қорғаған біздің ауылдың батырының ерліктері, жүріп өткен жолдары туралы жазылған мәліметтерді, асыл мұрадай сақталған заттарын, марапаттауларын бейбіт өмірдегі еңбектерін, естеліктерін жинақтап кейінгі ұрпаққа өнеге – өсиет ретінде таныстыру еді.
Бұл зерттеу жұмысының барысында маған көп көмек берген, яғни, Абиев Аяп Қадірұлының Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерліктері, жүріп өткен жолдары, ұстаздық қызметі туралы айтқан оның екінші ұлы Абиев Ыбырайым молда болатын.
Абиев Аяп Қадірұлы туралы айтқан әңгімесіне зер сала отырып, мен біздің ауылдың батырының өмірі тек соғыспен немесе майданмен ғана шектелмейтінін, білім беру саласында да орны ерекше екенін түсіндім. Қазақта «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген нақыл бар, ендеше біздің ауылдың батырының ұясында, яғни отбасында 2 ұл, 15 немере, 36 шөбере бұл күнде ауызбіршілігі мол, ынтымақта, татулықта ата өсиетін оқитын, тоқи білетін отбасы екенін білдім.
Ұлы Отан соғысының жеңіспен аяқталғанына да 70 жыл уақыт өтті, менің ойымша соғыс ардагерлерінің бейбіт өмірге оралғаннан кейінгі жағдайы, оның еңбегі әлі де болса зерттелмей жатқандай. Өйткені аталарымыз өткен сара жолды көзімізбен көріп, құлағымызбен естімеген соң біз үшін жұмбақ. Сол себепті мен бүгінгі ғылыми жұмыста біздің ауылдың батырының өнегелі өміріне көбірек тоқталуды жөн көрдім.
І. АЯП ҚАДІРҰЛЫ – БІЗДІҢ АУЫЛДЫҢ БАТЫРЫ

1.1. АЯП ҚАДІРҰЛЫ – ҰЛЫ ОТАН СОҒЫСЫНЫҢ АРДАГЕРІ
Абиев Аяп Қадірұлы 1923 жылы 3 наурыз айында қазіргі Өзбекстан Республикасы Бухара облысында Ортачуль ауылында орта шаруа отбасында дүниеге келген. 1930 жылы Тәжікстанның Қорған – Төбе облысына көшіп барып, сол жылы 1-сыныпқа барады. 1937 жылы 7-сыныпты бітіріп, Қорған – Төбе қаласындағы 3 жыл 6 айлық педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1941 жылы оқуын бітіріп, ауыл мектебіне мұғалім болып орналасады. 19 жасында, яғни 1942 жылдың көктемінде бүкіл халық аттанып жатқан майданға елін, жерін қорғау үшін аттанады. Ауылында анасы мен 12 жасар қарындасы Апақай қалады. Аяп Қадірұлы 367 – атқыштар дивизиясының 49 – полкі құрамында І және ІІ Белорус майданында соғысқан. Украина, Польша жерін, Курск, Брянск, Орел, Орша қалаларын жаудан азат етуге қатысқан. 1943 жылы сол қолынан ауыр жарақаттанып, елге оралған. Жауға қарсы кеудесін оққа төсеген жауынгерлердің біріндей болған оның ерлігі – елге мұра, ұрпаққа – ұран боларлықтай.
Бүгінгі ұлан – байтақ кең даласын жаудан сақтау үшін, ұрпағы жалтақ- тамай өмір сүру үшін өз өмірін күреске арнады. Ол елін азат ету үшін аянбай ерліктер көрсетіп, қиындыққа қарсы тұра білді.
Ұлы Отан соғысының тарихында біздің ауылдың ержүрек батырының есімі ерлігіне лайық ерекше құрметпен аталады. Сол бір аспан мен жер күңі-реніп, отқа оранған сұрапыл жылдарда қайтпас қайсарлықтың, ерен ерлік пен өрлік- өжеттіктің өшпес өнегесін көрсетіп, сол тұстағы алып ердің ең жоғары наградасына ие болған батырымызды жерлестері ерекше мақтан тұтады.

1.2. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ БАСТАН КЕШКЕН ҚИЫНДЫҚТАРЫ
Кеңес Армиясы жаудың бетін қайтарып, майдан даласында үлкен бетбұрыс жасап жатқан кезде әкем Аяп Қадірұлы ауыр шайқастарды бастан өткізген сақа жауынгер еді. Курск доғасындағы қанды қасаптың бел ортасында – Брянск майданының құрамындағы 367 – атқыштар дивизиясының 49 – полкі құрамында болып, Украина, Польша жерін, Курск, Брянск, Орел, Орша қалаларын жаудан азат ету айқастарын бастан кешті.
Кеңес әскерінің Орел-Курск бағытындағы шайқастарда жеңіске жетіп, жауды Днепр өзеніне дейін шегінуге мәжбір етуі бүкіл майдан шебін батысқа қарай жүздеген шақырым шегеурге мүмкіндік жасады. Елу күнге созылған осы бір қиян-кескі ұрыста немістер 30 дивизиясынан айырылды, сол кездегі соғыс тажалы атанған немістің “тигр”, “пантер” атты 1500-дей танклері, 3 мыңнан астам зеңбіректері, 3500 самолеті жойылды. Жау жағының жарты миллионға жуық жауынгері Курск түбінде жер жастанды. Немістің қанқұйлы армиясы енді қайтып Кеңес еліне беттеместей болып осы Курск доғасында мықтап сыбағаларын алды.
…1943 жыл. Қатардағы солдат Аяп Қадірұлы ІІ Беларуссия майданындағы 367 – атқыштар полкінде болатын. Таң алды. Жау пулемет, автомат, зеңбіректерден оқ нөсерін төкті. Оған қарсы біздің “катюшалар” бірінен соң бірі атылып, фашистердің есін шығарды.Біздің жауынгерлер жалғамалы көпір жасап, арғы бетке өтті. Нағыз кескілескен ұрыс басталды. Аяп батыр да ілгері ұмтылып келеді.Кенет жарылған гранат оның сол қолына тиді. Солдат аяғын бір басты да, екінші аттай алмай, есінен танып құлап түсті. Әйтеуір, біреулердің арқалап келе жатқанын ол еміс-еміс біледі…
Дәрігерлер Аяп Қадірұлының сол қолына операция жасайды. Сосын мұқият қарап, сол қолының саусақтарын кесіп тастайды. Сол күні түнде аурулар вагондарға тиеліп, тылға жөнетілді. Аяп батыр әскери госпитальда ұзақ емделіп, ауыр жарақаттанып, елге оралды.

…1949 жылы 26 жасында Сұлуай есімді қызға үйленіп, сүйген жары 12 құрсақ көтереді. Сол 12 баланың 10-ы қайтыс болып, өмірдің қиын тауқыметін басынан кешіреді.
…1998 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтаарал ауданы Мырзакент қалашығынан Өзбекстан Республикасы Гагарин қаласына көшіп келеді. Көшіп-қонып жүрген кезде Аяп Қадірұлының үйі, асыл бұйым заттары тоналған, тұрмыс жағдайы мүшкіл болған. Екінші ұлы Ыбырайым ауыл молдасы қызметін атқарса, келін - балалары жұмыссыз болатын,.
Ұлы Отан соғысының ардагеріне лайықты құрмет, көмектер көрсетілмегеннен кейін ата-бабалары өмір сүрген Маңғыстау еліне оралуды мақсат етті.
Сол себепті 2005 жылы Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы, Ақшұқыр елді мекенінде тұратын тарих және география пәнінің мұғалімі, ұстаздық қызметін жалғастырушы, немересі Абиева Ақсәуле Ыбырайымқызының қолына келіп, Ұлы Отан соғысының ардагері екенін дәлелдейтін құжаттарын қайта жаңғыртады. 2009 жылы немере балалары Маңғыстауға жұмыс жасауға келсе, 2011 жылы екінші ұлы Ыбырайым отбасымен бірге көшіп келеді.
2012 жылы 89 жастағы Аяп Қадірұлы Маңғыстау жерінде бір күні асқа барады. Асқа барған кезде денсаулығы сыр беріп, жерге құлап, оң жақ қабырғасын сындырып алады. Балалары Ақтау қалалық емханаға алып келіп, дәрігерлерден көмек сұрайды. Дәрігерлер өкпесінде дақ бар деп диагноз қойып, оған қарсы дәрі-дәрмектер жазып, ішуін талап етеді. Аяп Қадірұлы Осы уақытқа дейін бірде-бір дәрі ішіп көрмегенін ескертті. Күшті дәрілердің әсерінен ақсақал екі көздің жанарынан айырылады. Бір күннен кейін емханаға барып қаралса, өкпесінде дақ жоқ екені анықталды.
Ия, біздің ауылдың батыры Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр село округіндегі Шерқала шағынауданында отбасымен бақытты өмір сүріп, 2014 жылдың 15 қарашасында о дүние салды. Бірақ, ол әрдайым біздің жүрегімізден орын алып, көз алдымыздан ешқашанда кетпейді.

ІІ. АСЫЛ МҰРАДАЙ САҚТАЛҒАН ЗАТТАРЫ

2.1. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ МАРАПАТТАУЛАРЫ
Біздің ауылдың батыры Отанға деген шексіз сүйіспеншілігін адал өткерді. Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен, Халық ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталды. 1975 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісіне – 30 жыл» медалімен, 1979 жылы «СССР – Әскери күштеріне – 60 жыл» медалімен, 1985 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісіне – 40 жыл» медалімен, 1985 жылы Ι дәрежелі Отан соғысы орденімен,
1986 жылы «Еңбек ардагері» орденімен, 1988 жылы «СССР – Әскери күштеріне –70 жыл» медалімен, Өзбекстан Республикасының Президенті
И. Каримовтың жарлығы бойынша 1994 жылы “Жасорат” медалімен марапатталады. 1995 жылы «1941-1945 ж.ж. неміс фашистерін жеңгеніне – 50 жыл» медалімен, 2000 жыл «Ұлы жеңіске – 55 жыл » медалімен, 2004 жылы ҚР Президентінің №1439 жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен бірге автокөлік тарту етілді. 2010 жылы ҚР Президентінің №951 жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» орденімен және Ақтау қаласынан 30 шағынауданынан пәтер берілді. 2013 жылы “Маңғыстау облысына 40 жыл” мерейтойына арналған орден мараппаталды. 2014 жылы Астанадан «Курск қаласының азат етілгеніне - 70 жыл» орденімен марапатталды.

Хронология
• Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен;
• 1975 жылы «Социалистік жарыстың жеңімпазы» белгісімен;
• Халық ағарту ісінің үздігі белгісімен;
• 1975 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісіне – 30 жыл» медалімен;
• 1979 жылы «СССР – Әскери күштеріне – 60 жыл» медалімен;
• 1985 жылы «Ұлы Отан соғысы жеңісіне – 40 жыл» медалімен;
• 1985 жылы Ι дәрежелі Отан соғысы орденімен;
• 1986 жылы «Еңбек ардагері» орденімен;
• 1988 жылы «СССР – Әскери күштеріне –70 жыл» медалімен;
• 1994 жылы “Жасорат” медалімен;
• 1995 жылы «1941-1945 ж.ж. неміс фашистерін жеңгеніне – 50 жыл» медалімен;
• 2000 жыл «Ұлы жеңіске – 55 жыл » медалімен;
• 2004 жылы ҚР Президентінің №1439 жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 60 жыл» мерекелік медалімен бірге автокөлік тарту етілді.
• 2010 жылы ҚР Президентінің №951 жарлығы бойынша «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 65 жыл» орденімен және Ақтау қаласынан 30 шағынауданынан пәтер берілді.
• 2013 жылы “Маңғыстау облысына 40 жыл” мерейтойына арналған орденімен ;
• 2014 жылы Астанадан «Курск қаласының азат етілгеніне - 70 жыл» орденімен марапатталды.

2.2. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ БЕЙБІТ ӨМІРДЕГІ ЕҢБЕКТЕРІ
1943 жылы соғыста сол қолынан ауыр жараланып, бірнеше жыл ұстаздық қызметін жалғастыра алмайды. Тек 1947 жылы ғана ұстаздық қызметін жалғастырады. Аяп ата 5-6-7 сыныптарына география және тарих пәнінен сабақ берген. 1960 жылы Ташкенттегі Низами атындағы институтқа оқуға түсіп, 1964 жылы педагогикалық иституттың толық курсын бітіреді. 1960 – 1964 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Мақтарал ауданы Славянка ауылында Чкалов атындағы орта мектептің оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. 1965 жылы Гагарин қаласына көшіп келіп, ұстаздық қызметін одан әрі жалғастырады. 1969-1970 жылдары Гагариндегі Абай атындағы мектепте оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Осы мектепте 1988 жылға дейін жиырма үш жыл шәкірт тәрбиелейді. Аяп Қадірұлы өзінің саналы өмірінде жастарға білім беруде қажырлы қайрат етіп, 42 жыл ұстаз болып, көптеген білімді шәкірттер тәрбиелейді. Қазір сол шәкірттері еліміздің әр жерінде халыққа қызмет етуде. Осы жылдар ішінде жемісті еңбегі бағаланып, Қазақ ССР-і және КСРО-ның халық ағарту ісінің үздігі белгісімен марапатталған.
Аяп Қадірұлы – Ұлы Отан соғысына қатысып, жеңіспен елге оралуды мақсат еткен, бейбіт еңбектің қиыншылығында, рахатында көріп, өмір кешкен саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне кінәратсыз арнаған ұстаз.
Ол тек ұстаз ғана емес, өмірінің жартысын мектеп басшылығы қызметін атқарған, ауылдың мәдени, саяси-әлеуметтік өмірлеріне еш тоқтаусыз араласатын, көмектер беріп отыратын. Ол өмірінің соңғы күндеріне дейін қоғамдық жұмыстардан тыс қалмай біраз жылдар ардагерлер кеңесінің мүшесі де болды.

2.3. АЯП ҚАДІРҰЛЫНЫҢ ҚАРА ШАҢЫРАҒЫ
Абиев Аяп Қадірұлы Адай ішіндегі Келімбердінің бір тармағы Құнанорыс руының Кенжебайдан тараған. Аяп Қадірұлының отбасында 2 ұл, 16 немере, 36 шөбере бар. Өзінен тараған ұрпақтары Әбдісамат пен Ыбырайым.
Абиев Әбдісамат Аяпұлы 1956 жылы 20 маусымда Тәжікстанның Қорған – Төбе облысында дүниеге келеді. Гагарин қаласында құрылыс- техникумында инженерлік мамандығын бітірген. Қазіргі таңда Оңтүстік Қазақстан облысы, Мырзакент қалашығында мамандығы бойынша жұмыс жасауда. Әбдісаматтан 2 ұл, 3 қыз тарайды. Оның бірі – Рысбек (1984ж.) Шымкент қаласындағы тоқыма фабрикасында инженер мамандығы бойынша жұмыс жасаса, екінші ұлы – Жолжігіт (1998 ж.) 11-сынып оқушысысы. Рысбектің Архат есімді 3 жасар ұлы бар.
Аяп Қадірұлының екінші ұлы Ыбырайым молда Аяпұлы 1958 жылы Тәжікстанның Қорған – Төбе кентінде дүниеге келген. 1960 -2009 жылдар аралығында Өзбекстанның Гагарин жерінде өмір сүріп, сол жерде мектепті бітіреді. Денсаулығы болмай 10 жасынан дін жолына түсті. 18 жасында Пір Бекет ұрпағы Қияқбай – Мақсұм бата береді. 1989 – 1991 жылдары Ташкент медресесін бітіреді. Гагарин жеріндегі мешітте найб – имам болды. 2010 жылы Мақтарал ауданы Мырзакент қалашығына көшіп, «Абдул – әкім жамиға» мешітінде найб – имам, имам – кеңесшісі болады. Діннен дәріс береді. Аяп батырдың атасынан қалған асатаяғы екінші ұлы Ыбырайымға асыл мұра ретінде қалдырған, әлі күнге дейін сақталған.
Ыбырайым Аяпұлынан 4 ұл, 4 қыз дүниеге келеді. Үлкен ұлы Абиев Нұралы Ақтау қаласында спецэлектромонтаж коорпорациясында қызмет етсе, екінші ұлы Нұрберген күзет полициясында жұмыс жасайды. Ал үшінші ұлы Нұрислам теңіз қарулы күштерінде пароход жүргізушісі қызметін атқарса, кенже ұлы Нұржігіт Алматы қаласындағы “Абу – Ханифа ” медресесінде ІІ курс студенті. Нурисламнан тараған шөбересі Мейіржан қазір 1 жаста.
Қадір

Әби

Аяп

Әбдісамат Ыбырайым

Рысбек Жолжігіт Нұралы
Архат Нұрбер
Нұрислам Мейіржан
Нұржігіт

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Сонымен сөзімді жинақтай келе мынандай түйін жасағым келеді. Мен біздің ауылдың батыры Абиев Аяп Қадірұлы туралы екінші ұлы Ыбырайым молдадан естігенімді зерделеп жаздым.
Ойымызды түйіндей келе айтарымыз, ата – бабаларымыздың асыл мұрасын көздің қарашығындай сақтап, өзімізге өнеге тұтсақ, олардың есімін қадірлесек бұл жастар үшін тәрбие бастауы болары сөзсіз.
Сондықтан өшпес із қалдырған ардагер аталарымыздың өмір тарихы мен ерен ерліктері және еңбек жолдары туралы мәліметтер баспасөз беттерінде жарияланса деп ойлаймын, сол мақсатта Мұнайлы газетіне «Атамның өмірі – өнеге» тақырыбында мақала жаздым.
Біздің ауылдың батыры 2 ұл, 15 немере, 36 шөберені тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы “Қара шаңырақ” қазіргі жастарға үлгі боларлық отбасы.
Сөз соңында ұсынысым, біздің ауылдың батырының даңқын марапаттарлықтай ескерткіш орнатылса, «Батыр ортақ, бақ жалқы» дегендей, ұлттық үрдістерімізді ұлықтап жатқан шақта ержүрек ұл Аяп Қадірұлының есімі көше атына берілсе екен деймін.
Халқына қадірлі абзал азамат, біздің ауылдың ер батырының жарқын бейнесі оның ұлағатын көрген ұрпақтары мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. «Маңғыстау батырлары» кітабы
2. «Тағзым» кітабы
3. «Құнанорыс» шежіре кітабы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (1)

aitzhan

Сайтта өте көп пайдалы материалдар қоры бар екен. Сайтқа тіркелгеніме қуаныштымын. Алдағы уақытта өзімнің оқушыларымның да жұмыстарын жарияламақпын.

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар