Өлең, жыр, ақындар

Стамбодағы Османлы түрік һәм сұлтандары

Ең ескі заманда Алтайдан түріктер күнбатыс жаққа бара берген, сол түріктің се, яки сақа деген халқы Ғайса пайғамбардан 200 жылдан бұрын Алатаудың күнбатысында жүрді. Оларды тибет нәсілінен Юечжи дегендер орнынан қуып, онан да күнбатысқа таман жіберген соң, бір табы қаңлы атанған елді Ғайса пайғамбардан 130 жыл бұрын барған қытайдың Чжан-Цян деген елшісі көрген. Қытай жазушыларының сөзінше, сол кезде қаңлылар жүз жиырма мың үйлі халық еді. Қаңлыларға ол кезде бес кішірек хан қарайды. Сол қарағандар – Ташкент, Самарқанд, Керман, Бұхара, Хиуа еді. Еврей жазушылары оларды скиф, яки сақа деп жазады. Осы айтылған түрік халқының бірталайы парсы ішінде қалып, соның Афшар деген нәсілінен Надиршаһ деген парсыны қаратып алды. Осы күнгі парсының патшасы – сол түріктің Афшар деген таптан Музаффареддин шаһтың баласы Мұхамед Ғали шаһ.

Онан соң 1219 жылы Шыңғыс ханның әскері орта Азиядағы елді шауып быт-шыт қылғанда, әр ел толқынып ауғанда жоғарғы айтылған қаңлының Қайы хан дегеннің халқы елу мың үйдей қаңлы ауып Рум жеріне барды. Біраздан соң соғыс басылған кезде Қайының баласы Сүлеймен елін алып қайта келе жатқанда, Евфрат дариясына суға кетіп өлген соң Сүлейменнің баласы Тоғрул төрт жүз үйдей еліменен Арыз маңында қалыпты. Өзі батыр болып, маңайындағы елдерді алып жүргенде Қония падишасы Ғалалиддин деген Шыңғыстың баласы Шағатайдың әскеріменен соғысып жатқанын көріп, Ғалалиддинге болысып көп қайрат көрсеткен соң, Ғалалиддин разы болып, Аскуд, Қараша тау, Тұманшы деген жерлерді беріп, Ертоғрулды әскербасы қылыпты. 1272 жылы 90 жаста Ертоғрул өліп, орнына баласы Ғұсман әскер басы болды. Бұл әкесінен де мықты болып, әр жерді алып, Қараша Хасар деген жерді алғанда Ғалалиддин Ғұсманды өз алдына бөлек бек қойды. Онысы 1282 жылы еді. Мұнан он бір жыл соң Тәбриздегі Шыңғыс нәсілінен хан болып тұрған Ғазан хан Рум жұртын шауып, әрбір кішкене хандықтарға бөліп жібергенде Ғұсман да өз еркі өзінде бір хан болып қалды 1300 жылы. Сол себептен ол түріктер Ғұсманды жұрты атанып, Ғұсман сұлтанды бірінші сұлтан деп санайды:

1. Ғұсман Ертоғрул ұғылы, 2. Орхан Ғұсман, 3. Мұрад Құдауәндкар Орхан ұғылы, 4. Йылдірім Баязид Мұрад Хұдауәндкәр ұғылы, 5. Мұхамед Баязид ұғылы, 6. Мұрад Мұхамед ұғылы, 7. Мұхамед Фатих ІІ Мұрад ұғылы, 8. ІІ Баязид Мұхамед Фатих ұғылы, 9. Жауыз Сәлим ІІ Баязид ұғылы, 10. Қанун Сүлеймен Жауыз Сәлим ұғылы, 11. ІІ Сәлим Сүлеймен ұғылы, 12. ІІІ Мұрад ІІ Сәлим ұғылы, 13. ІІІ Мұхамед ІІІ Мұрад ұғылы, 14. Ахмед ІІІ Мұхамед ұғылы, 15. Мұстафа ІІІ Мұхамед ұғылы, 16. ІІІ Ғұсман Ахмед ұғылы, 17. ІҮ Мұрад Ахмед ұғылы, 18. Ибраһим Ахмед ұғылы, 19. ІҮ Мұхамед Ибрахим ұғылы, 20. ІІ Сүлеймен Ибраһим ұғылы, 21. ІІ Ахмед Ибраһим ұғылы, 22. ІІ Мұстафа ІҮ Мұхамед ұғылы, 23. ІІІ Ахмед ІҮ Мұхамед ұғылы, 24. Махмұд ІІ Мұстафа ұғылы, 25. ІІІ Ғұсман ІІ Мұстафа ұғылы, 26. ІІІ Мұстафа ІІІ Ахмед ұғылы, 27. Абділхамид ІІІ Ахмед ұғылы, 28. ІІІ Сәлем ІІІ Мұстафа ұғылы, 29. ІҮ Мұстафа Абділхамид ұғылы, 30. ІІ Мұхамед Абділхамид ұғылы, 31. Абділхамид ІІ Мұхамед ұғылы, 32. ІІ Абділхамид Абділмажит ұғылы (осы күнгі сұлтан).


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз