Есірік

Өте ерте кезде есірік деген ел болыпты. Ол елдің Әулеки деген биі болыпты. Әулеки би елдегі игі жақсыларды жиып, ислам діні шыққанына жар шашып, халқына ораза ұстауды, намаз оқытудың амалын іздестіреді. Жиылған адамның ешбірі ақыл айтпаған соң, бес мықты жігітті сайлап алып, елінен жеті жүз ділдә жиып береді де:

            — Осыған ораза, намаз тауып сатып әкеліңдер. Егер тауып әкелмесеңдер, бастарыңды аламын,– деп бұйырады. Ораза- намаз іздеген Әулеки бидің бес жігіті ай жүріп арып, жыл жүріп жүдеп, батыстағы бір елге келеді. Ел ішіне келіп, өздерін түгендесе біреуі жоқ. Қалай санаса да төртеу болып шығады. Жігіттер осылай  жоғын іздеп тұрғанда сол елдің түйеші шалы Мұрал қастарына келіп, неге әбігер болып жатқандарын сұрайды. Жігіттердің біреуі елінің биі Әулеки жеті жүз ділдә беріп, ораза намаз тауып әкел – деп жұмсағанын, егер таппай барса бастарын алатындығын айтып, елден шыққанда бесеу едік, жол-жөнекей біріміз, жоғалды, соған әбігер болып жатырмыз – дейді. Қу шал бұлардың сасып тұрғанын біліп:

         — Жоқ адамдарыңды тауып берейін, ақысына не бересіңдер?– дейді. Жігіттер:

         — Ойбай, ағатай, елу ділдә алыңыз – дейді.  Мұрал жігіттерді аттарынан түсіріп, бөлек байлатады. Сосын біріне санатса, аттары бесеу болып шығады. Енді аттарыңа мініңдер – дейді. Жігіттер сонда, өздерінің түгел екендігін біледі.

         Бұл бір білгіш адам екен, осыған ораза, намаз тапқызып алайық, – деп ойлайды жігіттер.

         — Сіз әулие адам екенсіз, біздің қалған ділдәмізді алып, ораза, намаз тауып беріңіз – дейді. Сонда Мұрал:

         — Менің түйемді үш күн баға тұрыңдар, сендерге ораза, намаз тауып келемін – деп күншілік жердегі ара баққан кісіге келіп, екі шелек араны балымен сатып алады. Іші гу-гу еткен екі шелек араны Мұрал жігіттерге алып келіп, бірін ораза, бірін намаз,– деп береді де ділдәларының бәрін алады. Жігіттер:

         — Мұны қалай пайдаланамыз, – дейді. Сонда Мұрал:

         — Елдеріңе апарып, алты қанат ақ орданы тігіп, еліңнің ораза, намазға сиынатындарын ордаға жинап, есігі мен түндігін ашылмайтындай етіп бекітіңдер. Сосын ораза, намазды ұғатын боласыңдар, – дейді. Ораза, намаз тапқан бес жігіт Әулеки биге келіп екі шелекті тапсырады. Әулеки би тыңдап көрсе, шынында да ораза, намаз күбірлеген сияқты болады. Сосын елінің игі-жақсыларын жинап, үлкен ақ орданың ішіне бәрін жалаңаш кіргізіп, есігі мен түндігін жаптырып алады да, екі шелектің аузын қатар ашады. Неше күннен бері ашыққан аралар игі жақсы, уәзір, байлар мен билердің жалаңаш еттеріне қадалып шаға бастайды.  Отырғандар  төзе алмай, орданың быт-шытын шығарып қашып шығады. Ісіп-кеуіп далаға қашып шыққан байлар мен уәзірлер өздерін түгендесе, Әулеки би жоқ болып шығады. Әулеки биді іздеп сұрастырса, бір қойшы:

         — Екі намаз соңында, ергеншегі мойнында, сайда қуалап кетіп бара жатқан – дейді. Сөйтсе есіктен ең алдымен шығамын деп ұмтылған Әулеки бидің мойнына ергеншек ілініп, ашыққан ара артынан қалмай, бір сайға келгенде талып жығылған жерінен уәзірлер тауып алады. Жығылған биді тұрғызған  уәзірлері:

         — Есірік деген елімнің, Әулеки биі деген байқұсым-ай,– деп еліне алып қайтыпты.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)