Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Бала тәрбиесі

- Бала тәрбиесі деген қиын екен, - деді еркек. - Өз басымнан өткесін білемін ғой. Жалғыз қызымыз бар. Соның тәрбиесіне алаңдаймыз. Кейінгі кезде қызымыз бізге қарсы сөйлейтінді шығарып жүр. Ол тіпті біздің өзімізді теріске шығара бастады. Мысалы, жұбайымыз екеуміз әңгімелесіп отырсақ, ол араласа кетіп, бізді теріске шығарады.
- Сен бізге қарсы сөйлеп отырсың ғой, - дейміз біз.
- Мен қарсы сөйлеп отырған жоқпын, - дейді қызым. - Бар болғаны өз пікірімді білдіргеніме де жазықтымын ба?
- Қарсы сөйлемегенің осы болса... Сен әлі де сөйлеп отырсың.
Әйеліміз екеуміз қатар отырып алып, оның тәрбиесі жайлы шүңкілдесе бастаймыз.
- Осының бәрі мектептен, - дейді әйелім.
- Дұрыс айтасың, әрине мектептен.
- Олардың директорлары не бітіреді екен сонда?
- Қайдағы директор? - деймін мен. - Директор деген бар болғаны галстугін тартқылап қойып, екі қолын артына ұстап жүреді де қояды.
- Мұндай жұмыс сенің де қолыңнан келеді ғой, - дейді әйелім.
- Келмегенде ше? Галстугіңді тартқылап қойып, қолыңды артыңа ұстап жүру де қиын жұмыс болып па? Тек тамақ ішуді ұмытып кетпесең болғаны.
- Олардың мектебі қай жерде өзі? - деймін. - Сен онда барсаңшы, сөйт те шаңын қақ.
- Қағамын, - дейді әйелім.
Әйелім ертеңіңе мектепке кетті. Бірақ шаңын қаға алмапты. Анығында онда біз ойлағандай директор еркек емес, әйел адам екен.
Директор әйелімді жылы ілтипатпен қабылдапты.
- Біз сіздерге қалай алғысымызды білдірерімізді білмей отыр едік, - дейді директор. - Сіздердің қыздарыңыз біздің мектебіміздің ең үздік шәкірті. Осындай бала тәрбиелеп отырғандарыңыз үшін сіздерге рақмет!
Әйелім бұл сөздерден кейін не айтарын білмей тосылып қалады.
- Сонда да бір ауыз ескерте салсаңыздар қайтеді.
- Біз сіздерге алғысымызды білдіріп, хат жіберіп едік қой, - дейді директор таңданып. - Сіздер алмадыңыздар ма?!
- Қайдағы хат?! - деймін мен әйеліме қарап. - Сен хат көріп пе едің?
- Хат көрсем, көзім шықсын.
Біз дереу қызымызды шақырып аламыз.
- Осында бізге алғыс білдіріп, хат келгендігін естіп отырмыз?
Қызым бізге қағаздарының арасынан хатты алып берді.
- Бұл хат бізге арналған ғой. Сен мұны неғып бізге бермей жүрсің?
- Мен сендерге хат әкелдім деп қанша рет айттым, - дейді қызым күйініп. - Сендер кешегі болған тойдың әңгімесінен ауыздарың бір босамай отырып алды емес пе?
- Мынау бізге қарсы сөйлеп тұр ғой.
- Мен қарсы сөйлеп тұрған жоқпын, - дейді қызым. - Бар болғаны түсіндірмек болдым.
- Бұл хатқа жауап жазу керек пе? - деймін әйеліме қарап.
- Қайдан білейін? Мәдениетті адамдар хатқа жауап қайтарып жатады ғой.
Бірақ қызымыз біздің хатымызды апарудан үзілді-кесілді бас тартты. Тіпті бөлмесінің есігін тарс жауып алды.
- Айтпақшы әлгі соңғы қоңырау деген бірдеңелері болады емес пе? - деймін әйеліме қарап. - Хатты сонда апарып берейік.
Біз дереу қызымызды шақырып алдық.
- Сендердің соңғы қоңырауларың қашан болатын еді?
Қызымның көзі шарасынан шыға жаздады.
- Қайдағы соңғы қоңырау?! Мен әлі жетіншіде оқып жүр емеспін бе?!
- Енді соған да біз кінәліміз бе?
Қайткенде де хатты соңғы қоңырауда апарып беретін болып шештік. Әрі алғысымызды білдірейік, әрі жөн-жобаны білетіндігімізді танытып, сый-сияпат та көрсетейік.
- Соңғы қоңырауға дейін әлі біраз уақыт бар екен, - деді еркек қол сағатына бір қарап қойып. - Оған дейін бала тәрбиесімен үздіксіз айналыса бермекпіз.
 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...