Жетімнің ақысы

Өткен замандарда Әбдіхамит деген патшаның уақытында бір адам екінші бір адамнан жер сатып алыпты. Әлгі жер сатып алған адам жерін айдап жатса, айдаған жерінен бір құмыра алтын тауып алыпты.

         Жер сатып алған адам жер сатқан адамға барып: «Сенің сатқан жеріңнен бір құмыра қызыл алтын шықты, ол алтын сенің есіңнен шығып кеткен екен, соны барып алып кетерсің», – дейді. Сонда жер сатқан адам айтады: «Мен саған жердің бәрін сатқанмын. Ол менің алтыным болса, енді сенікі», – дейді. Жер алған кісі айтады: «Мен сенің тек жеріңді алғанмын, алтыныңды алмаймын» деп, екеуі Әбдіхамит патшаның алдына келіпті. Сонда патша екеуінен де сұрап, бұл екеуі де алтынды алмаса, жерден шыққан алтынды кім алады деп уәзірлерінен сұрайды.

         Сонда бір уәзірі тұрып айтты: «Бұл жерден шыққан алтын патшаның несібесі болса керек»– дейді. Сонда патша айтады: «Құдайдан қорықпаған ақымақ екенсің, жер сатқан алмайды, жер алған алмайды, мен алатындай оны менің қай ата-бабам көміп қойып еді», – деп, әлгі уәзірді қуып жібереді. Сонда бір уәзір тұрып: «Жер сатқан мен жер алғаннан сұраңыз. Ұлы, қызы болса бірін-біріне некелеп қосып, алтынды сол екеуіне берсін», – дейді.Сонда патша сұрапты: «Қайсыңда ұл бар, қайсыңда қыз бар?» деп. Жер сатқан «ұлым бар» десе, жер алған «қызым бар» дейді. Екеуінің де баласын шақыртып алып, қызды ұлға неке қылады. Ұлдың аты – Нарон, қыздың – аты Сәлима екен. Әлгі алтынды ұл мен қызға береді.

         Сонда тұрып Сәлима айтады:

         — Әй, Нарон, менің саған айтатын сөзім бар. Нарон:

         — Айт, – дейді.

         — Мен айтсам, екеуіміздің аталарымыз алмаған дүниені біздер қалай аламыз? Біздер патшаға барып арыз қылайық. Бізден алып басқа біреуге берсін. Біз бұл бәледен құтылсақ тәңірі маңдайымызға жазып қойған несібеміз бар болар, сол несібеміз таусылғанда өлерміз, – дейді.

         Нарон мен Сәлима патшаға арыз қылады. «Бұл пәлені бізден алып басқа біреуге берсеңіз екен, біздің аталарымыз алмаған алтынды біз қалай аламыз? Бізге құдайдың берген несібесі бар, соны несібе етсек те болады», – депті. Патша бұларға таң қалып, нысаптарына «бәрекелді» деп, Нарон менен Сәлимадан алтынды алып, өзінің жанынан көп дүниені беріп қайтарады. Патша уәзіріне бұл алтынды не қыласыңдар дейді. Бір уәзірі: «Бұл алтынды бұрынғы шыққан жеріне қайта көму керек», – дейді.

         Тағы бір Әбдиәлім деген уәзірі: «Құдайдың берген дүниесін жерге көміп не керек. Бұл дүниені қайырлы іске жұмсау керек. Кімде-кім бір жеміс ағашын тамырымен алып келсе сол ағашты осы алтынға сатып, жақсы жерге егіп, сол ағашты бау қылып, жеміс салған уақытта бейшараларға үзіп жеуге ықтияр беріп қойса, жақсы-ақ болар еді», – дейді.

         Бұл сөз патша мен уәзірлеріне де мақұл көрінді. Әбдіхамит патша әлгі Әбдиәлім уәзіріне айтыпты: «Жақсы, өзің сол ізгі жеріне жұмсарсың», – деп. Сонда Әбдиәлім уәзір халыққа хабар беріп, таудың бағынан жеміс ағаштарын алтынға сатып алды. Бұл ағаштарды жақсы жерге егіп, қалған алтындарды отыз адамға бөліп беріп осы бақшаға қарайтын боласыңдар, дейді. Бұлар үш жылға уәде қылып үш жылға шейін отыз адам әлгі ағаштарды күтіп баптады, бұл ағаштар өсіп жеміс салыпты. Бұл ағаштардың бәрі қалың өсіп, қараңғы болып кеткен соң, құдайдың құдіретімен он мың түп гауһар шам пайда болыпты. Бұл гауһар шамның жарығы күндіз-түні бірдей жарық болып, жарықтарының арасындағы жемістері көрінеді. Сол уақытта Әбдиәлім уәзір баяғы егілген ағаштарды келіп көріңіз деп Әбдіхамит патшаға хабар береді. Әбдіхамит патша бірнеше адамдармен әлгі ағаш егілген бауға бармақшы болады, уәзір әйелімен неше түрлі тамақ әзірлеп қояды. Патша келіп баудың ішінде тамаша қылып отырады.

         Онан соң, бақшашылардың біреуі бір дастарқан жемісті әкеліп патшаның алдына қояды. Патша: «Бұл жемістерден біздерге жеуге жарамайды, бұл жетім-жесірлердің ақысы болса керек», – деп жемісті қайтарады. Әлгі бақшаның жемістері ешқашан таусылмайды екен. Ол бақша осы күнге шейін бар дейді. Бұл күнде бақша тек адам үшін ғана емес, неше түрлі жануарлар тамақ тауып қорек ететін, жазда сая, қыста пана қылатын қасиетті мекенге айналыпты деседі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)