Өлең, жыр, ақындар

Киелі қобыз

Қарағанды облысы, Приозерск қаласы

«Приозерск қаласының №1 жалпы орта білім беретін мектебі» КММ

Ғылыми зерттеу жұмысының авторы 9 «Ә» сынып оқушысы

Тлепбай Гүлім Болатбекқызы

Жетекшісі тарих пәнінің мұғалімі Карабаева Маржан Лесбековна

Жұмыстың тақырыбы: «Киелі қобыз»

 

Мазмұны

  1. Аннотация......................................................................................................2
  2. Кіріспе...........................................................................................................3-4
  3. Қазақтың киелі қобызының  шығу тарихы.........................................................5-6
  4. Негізгі бөлім
  5. Қорқыттың өмірге келуі……………………………………………..................………7-8
  6. Қорқытпен қобыз…………………………………………………...................………..8-9
  7. Қорқыт туралы зерттеулер……………………………………...................………….9-10
  8. Қобыздың құдіреті…………………………………………….....................…………10-11
  9. Нарқобыздың тағдары……………………………………….....................………….11-12
  10. Қобыз түрлері……………………………………………….....................…………....12
  11. Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлері………………..............……………..12
  12. Қорытынды……………………………………………………...................…………13-15
  13. Терминдер……………………………………………………................………………16
  14. Пайдаланғанәдебиеттер………………………………………...............…………….17
  15. Қосымша материалдар

 

Аннотация

Ұсынылып отырған ғылыми жобада қазақ халқының киелі қобыз аспабының шығу тарихы, құрылымы, даму белестері оның халық мәдениетінде алатын орны жайында толық мағлұмат берілген.

Аннотация

В данном проекте говорится об истории происхождения кобыза-музыкального инструмента казахского народа, о строении кобыза, о его роли в жизни и культуре казахского народа.

 

Мақсаты: Қазақ халқының  – қобыз аспабының құрылымымен таныстырып, халқымыздың рухани және мәдени мұрасын қастерлеп, бағалай білуге насихаттау.

Міндеттері:

  • Қазақ  халқының  киелі қобызының  шығу тарихымен танысу.
  • Қазақ  халқының киелі қобызының Қорқытпен байланысы мен дәстүр өлшем бірліктерін талдау.
  • Қобыздың  құдіреті мен нарқобыздың  тағдырын  баяндау.

Өзектілігі: Қобыз әлемнің моделi. Бүкiл ғалам мен адам арасын байланыстырушы. Рухани мәдениет ретiнде қарастырсақ, қобыз аспап ғана емес бақсылардың емдеу құралы, қазақ халқында және өзге ұлттарда алатын орнын анықтау.

Күтілетін нәтиже: Қазақ халқының Қорқытпен байланыстыратын қобыздың алатын орны ерекше. Сондықтан мәдени-мұраның қыры мен сырына үңіліп, қадір-қасиетін айқындау – бүгінгі ұрпақтың борышы. Ал осы негіз қалаушы құндылықтардан айырылып қалмауымыз үшін ең басты байлығымыз мәдени-мұраларды қорғау.

 

Жоспар

I.  Кіріспе

1. Қазақтың киелі қобызының  шығу тарихы.

II.  Негізгі бөлім

2.1. Қорқыттың өмірге келуі

2.2. Қорқыт пен қобыз

2.3. Қорқыт туралы зерттеулер

3. Қобыздың құдіреті

3.1. Нарқобыздың тағдары

3.2. Қобыз түрлері

3.3. Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлері

III.  Қорытынды

 

I.  Кіріспе

Қазақтың киелі қобызының  шығу тарихы.

Қобыз VIII ғасырдан, Қорқыт ата заманынан келе жатқан қазақ халқы үшін киелі аспап. «Қарағайдың түбінен қайырып алған, үйеңкінің түбінен үйіріп алған» қобызды қазақтың кие тұтуының өзіндік мәні бар. Бұл қобызды ойлап тапқан мистикалық тұлға – Қорқытпен тікелей байланысты. Қобыз адамның дауысын, қасқырдың ұлуын, аққудың қиқылын, жел мен судың үнін бере алады. Табиғаттың қайталанбас дыбыстарын ағаштан ойылып жасалған қарапайым аспаптың бере алуы, көптеген ғалымдардың таңданысын тудырып отыр. Қобыз ұлттық мәдениетіміздің алтын діңгегі. Скрипка аспабының атасы. Аспап ысқысы бар шекті аспаптардың қатарына жатады. Өнер киесін арқалаған бабаның өнегесін қадірлеп, өткенді ұмытпай, бабалар жолын жалғастыру үшін қажет. Осы мұраны танып меңгеру бүгінгі, келешек ұрпақтар үшін парыз десек, оны жас ұрпаққа үйретіп, олардың бойына сіңіру, білікті ұстаз мамандардың міндеті.

Қоңыр үнді қобыз ғасырлар сырын жетелейтін киелі аспап. Қобыз десе біздің санамызға Қорқыт ата түседі. Қорқыт бабамыздан қалған қасиетті қара қобыз ғасырдан – ғасырды жалғап, сазды сарынын үзбей қазақ халқының қуанышы мен қайғысын жеткізіп келеді. Бірде ботасыз нарды идірсе, енді бірде жан азабын тартқан шерменденің дертіне дауа болады. Қандай күй орындалса да қобыз сарыны құлаққа жағымды, жылы естіледі.
Ақиқаты аңыздан ажырай қоймаған Қорқыт тұлғасына қатысты сұрақтар қаншалықты көп болса, қобыздың да адамзат баласына беймәлім сырлары жетерлік. Аңыздарда жаңа жа­салған аспапта Қорқыт баба күй тарта бастағанда, бүкіл дүние күңіреніп, әлемнің астаң-кестеңі шыққандығы айтылады. Көкте ұшқан құс пен жерде жүгірген аңды да күйінің сиқырлы үнімен арбай алған абыз атаның қа­сиетті қобызының үні шық­қанда, бүкіл даланың топырағын төңкерген дауыл тұрып, аспанды күркіреген қою қара бұлт шалған. Ол өзінің болмысымен, күңіренген күйімен халықты қорқытып қана қоймаған, Сыр суының үстінде күй тартып, елін бақытқа кенелткен дейді. Қо­бызды қазақтың кие тұтуының сыры, оның осылай пайда болуы­ның ғажайып ертегіге ұқ­састығында да жатқан шығар.
Қазақ жұрты қобыздың ерек­ше үнімен қоса, пішініне де зор мән берген. Қасиетті аспаптың аққу пішіндес сипатында өзіндік ерекшелік бар көрінеді. Ака­демик Әлкей Марғұлан мұның себебін аққу құстың киелілігімен байланыстырған. Ғалым бұл орайда ежелгі қазақтардың ақ­қуды қастерлеп, оның бейнесін өздерінің тотемі еткендігін не­гізге алады.

II. Негізгі бөлім

  1. Қорқыттың өмірге келуі

Ұлы Даланың ұлы перзенттерінің бірі – Орта ғасырларда өмір сүрген ірі ойшыл, жырау, қобызшы Қорқыт ата. Оның соңында қалған әдеби және музыкалық бай мұра ұлағатты ұрпақтар арқылы кезеңнен кезеңге ауысып, бүгінгі күнге жетіп отыр. Енді ол кім болған, қандай мұралары бар дегенге келейік.

Қазақ халқының атадан балаға тараған шежіресі бойынша музыка өнерінің тууы Қорқыт есімімен тығыз байланысты. Қорқыт қобызға алғаш тіл бітіріп, үнін күй етіп сөйлеткен өнер иесі, күй атасы. Ел аузындағы аңыздардың бірі Қорқыттың елден ерекше болып дүниеге келуі және оған Қорқыт есімінің берілуі. Қорқытты туарда анасы құланның жаясына жерік болыпты. Жыл сайын бір рет толғатып, баланы үш жыл тоғыз күн көтереді. Бір күні нәрестенің дүниеге келер сәті жетеді. Анасы, туарында тоғыз күн толғатыпты, сол сәтте жер дүниеге үш күн, үш түн қараңғылық түсіпті, қара жаңбыр, дауыл соғып, біреуді біреу көре алмай, қорқыныш басыпты.

Бала анасынан туа тіл қатып, сөйлей бастайды. Шілдеханасына жиналғандар: «Бұл ерекше қасиетті болып өмірге келуі арқылы біздің бәрімізді қорқытты ғой, сондықтан аты Қорқыт болсын», - деп нәрестенің атын Қорқыт қояды.

                            Қорқыт туған кезінде,

                            Қара аспанды су алған

                            Қара жерді құм алған

                            Ол туғанда ел қорқып,

                            Туғаннан соң қуанған – деген өлең жолдары Қорқыттың өмірге келуі жайында жыр. Міне осы ғажайып жағдайда туған Қорқыттың ер жеткеннен кейінгі іс-әрекеттері де ешкімге ұқсамайды. Ол жиырмаға толғанда түсінде біреулер аян беріп, «қырықтан артық жасамайсың» депті. Міне, осыдан кейін Қорқыт дүниенің  көп ойлап, өлмеудің жолын іздестіреді, түйесі Желмаяға мініп, әлемнің төрт бұрышын аралайды. Ол қайда барса да, қазулы көрді көреді... бұл кімнің көрі, -  деп сұрағанда «Қорқыттың көрі» деп жауап алады. Ақырында өзінің туған жері Сырдария бойына келеді, қарағайдан қобыз жасап, өлмес өмір күйін тартады. Қазақта «Күй атасы – Қорқыт» деген аңыз осылайша пайда болады. Ол Сырдария суының бетіне кілем төсеп, күй тартқанда дүниедегі жан иесінің бәрі де құлағын елжіретіп тыңдаған.

  1. Қорқыт пен қобыз

Қорқыт жасынан өте ұғымтал, құйма құлақ болып өседі. Сол кездегі аспаптардың бәрінде де керемет ойнайды екен. Алайда, ол оған қанағаттанбай, адам және жануарлардың үнін, табиғаттағы құбылыстар мен дыбыстарды жеткізетін жаңа бір аспап жасағысы келеді. Он ойланып, тоғыз толғанды. Қарғай ағашын кесіп әкеліп, одан бір нәрсенің жобасын жасайды. Бірақ ары қарай қалай, не істерін білмей қиналады. Күндер осылай өте береді. Бір күні шаршап отырып, көзі ілініп кетіп, түс көреді. Түсіне періште енеді. Ол балаға: «Қорқыт, жасап жатқан қобызың алты жасар нар атанның жілігіндей екен. Енді оған түйенің терісінен жасалған шанақ, ортекенің мүйізінен ойылған тиек, бесті айғырдың құйрығынан тартылған қыл ішек жетпей тұр. Осылар болса, аспабың сайрағалы тұр екен», - деп кеңес береді. Қорқыт ұйқысынан ояна сала, осы айтылғандардың бәрін жасап

                   „Қарағайдың түбінен

                   Қайырып алған қобызым,

                   Үйеңкінің түбінен

                   Үйіріп алған қобызым,

                   Желмаяның терісін

                   Шынақ қылған қобызым,

       Ортекенің мүйізін

                   Тиек қылған қобызым,

                   Бесті айғырдың құйрығын

                   Ішек қылған қобызым,

                   Құлағыңды бұрайын,

                   Осы айтқаным болмаса,

                   Қайырып жерге ұрайын“ – деп жырлайды.

Сырдарияға кілем жайып, үстіне отырады да қобызын күндіз-түні тарта береді. Сол уақытта бүкіл жер-жиһан, жүгірген аң, ұшқан құс, бәрі-бәрі дарияның жағасына анталап келіп, күй тыңдап тұрады екен. Қорқыттың қобызы күй төгіп тұрған кезде оған ажал да батып келе алмапты. Бірде шаршағаннан көзі ілініп кеткен кезінде судан кішкентай жылан шығып, дана қартты шағып алады. Сөйтіп, Қорқыт 95 жасында жантәсілім етеді. Ел аузындағы «Ажал айтып келмейді» деген нақыл осыдан қалса керек... Бүгінгі күні Қорқыт бабамыздың оннан астам күйлері белгілі болып отыр.

2.3. Қорқыт туралы зерттеулер

  • ХVІІ ғасырлық тарихшы Әбілғазы Бахадүр хан өзінің «Түрік шежіресінде» баят руынан шыққан Қорқыт атаның оғыздардың елбегі (ел министрі) қызметін атқарғандығын және 95 жасында қайтыс болғандығын жазады.
  • Шоқанның көзқарасынша, «Қорқыт – қазақтардың бірінші бақсы-шаманы, елге қобыз үйретуші ұстаз, күйші, өлең сазының шебері».
  • «Қорқыт ата кітабы» 1815 жылы неміс ғалымы Х.Ф.Диц Дренден кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының»  12 жырдан тұратын нұсқасын тауып бастырды.
  • Итальяндық ғалым Е.Р.Россидің де еңбегі ерекше. Ол Ватикан кітапханасынан «Қорқыт ата кітабының» тағы бір нұсқасын тауып, 1956 жылы оны итальян тіліне аударды. Эпостың аудармалары және мәтіндері Лондонда, Белградта, Бакуде, Мәскеуде, Анкарада, Стамбұлда, Прагада, Алматыда т.б. қалаларда жарық көрді. 1999 жылы «Қорқыт ата кітабының» 1300 жылдығы дүние жүзінде кеңінен атап өтілді.
  • Қорқыт ата мазары - ІХ-ХІ ғасырларда тұрғызылған күмбез. Қазіргі Қызылорда облысы Қорқыт теміржол станциясынан 3 шақырым жерде болған. ХІХ ғасырдың аяғында сүйегі басқа жерге көшірілген. Сырдария арнасының ауытқуынан Қорқыт мазарының қалдығы 1960 жылдары шайылып кеткен.
  • «Қорқыт ата кешені» - 1980 жылы Бек Ыбыраев аэродинамикалық эффектіні пайдаланып тұрғызған. Дала желінің екпінімен қобыздың үні естіліп тұрады. Ішкі жағы “түйетабан” өрнектерімен нақышталған. Қазақстандағы ең үздік тарихи ескерткіш.

 

  1. Қобыздың құдіреті

Қыпшақ Қойлыбай Әбдурахпанұлы – атақты бақсы, таңғажайып тәуіп, керемет көріпкел, теңдесі жоқ қобызшы болған. Аңыздарда да, тарихи шығармаларда да Қорқыттан кейін Қойлыбайдың есімі аталады. Ақын Хамитбек Мұсабай өзінің «Қойлыбайдың қоштасу күйі» деген дастанында Қойлыбайдың қобызы мен киелі қасиеттері туралы былай жыр толғайды:

Қарт Қойлыбай – қобызшының абызы,
Шежіредей сайрап жатыр әрізі.
Қатар жүрер қос анардай қашанда,
Замананың ақиқаты, аңызы.
Ол қобызбен – қара тасты сөйлеткен,
Ол қобызбен – тал бесікті тербеткен.
Ол қобызбен – селді буып сұрапыл,
Ол қобызбен – шу асауды үйреткен.
Ол қобызбен – қара бұлтты қақ тілген,
Ол қобызбен – ақбоз үйді тіктірген.
Ол қобызбен – тілін кесіп жыланның,
Ол қобызбен – ханға тізе бүктірген.
Ол қобызбен – жанған өртті өшірген,
Жөнге салған ессіздерді есірген.
Киіз үйді жиһазымен жиюлы,
Арғы беттен – бергі бетке көшірген.
Ол қобызбен – қара нөсер жаудырған,
Ол қобызбен – жан ләззатын қандырған.
Ол қобызбен – тоқсан тоғыз күй шалып,
Ол қобызбен – мәңгіге атын қалдырған.

Ұлтымыздың ұлы ғалымы Шоқан Уәлихановтың пайымдауынша, түсінде Қорқыт атадан бата алған қыпшақ Қойлыбай бақсы шамамен XIV ғасырдың аяқ шенінде өмірге келген. Оның атақты бақсы, тәуіп, сәуегей, қобызшы ретінде есімінің алты алашқа кеңінен танылған кезі – XV ғасырдың алғашқы ширегі. Ол Қойлыбайды «бақсылардың бақсысы әрі пірі» деп бағаласа, Әлкей Марғұлан: «Қорқыттың қобызын, оның сарынын ең алғаш рет мирас еткен кісі – Қойлыбай бақсы. Ол Қорқыттың шәкірті болып саналады» деп жазады. Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, бақсылық ойынын бастап, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай қобызын бәйгеге қосып бас бәйгені жеңіп алады. Мағжан Жұмабаев Шоқанның зерттеулерін негізге ала отырып «Қойлыбайдың қобызы» атты дастанын жазған.

Қобыздың тағдыры бақсылардың тағдарымен бірге. Бұл жөнінде Әлкей Марғұланның өзі былай де пжазады: «Ұлы бақсы, жыраулардың, қобызшылардың көп шыққан ортасы, әсіресе, қыпшақтар арасы (ХІІІ –ХІХғасыр). Олардың ішінде 1299 жылы Византия тарихында жазылған Көкем бақсы, Римға, Мысырға елші болып барған. Бұлардың кейбіреуі Мысырға қобызын ала барып, Мысырдың суретшілері оларды суретке түсіріп алған. Қыпшақтың ең атақты қобызшыларының бірі – Барақ бақсы. Қобыз тартумен бірге ол қыпшақ тілінде эпикалық жыр айтып, кейде өлеңдер жазып жүрді». Рашид ад – Диннің шежіресінде қобыз сөзінің арғы түбірінің «Қыпшақ» сөзімен төркіндес екендігі айтылады.

3.1 Нарқобыздың тағдыры.

Қобыз аспабы Кеңес дәуірі тұсында көптеген қудалаушылық көрген, бақсы аспабы деп, ойнауға тыйым салынған аспап. Дегенмен де өнер адамдарының, халықтың арақасында 20 ғасырдың 70 жылдарында қайтадан жаңғырған.

3.2 Қобыз түрлері

Нарқобыз, қылқобыз, шаңқобыз болып бөлінеді. Қылқобыз - ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі. Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нарқобыз», «жезқобыз» деп аталатын түрлері де бар. Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек.

  1. Қобыздың оркестрде қолданылатын түрлері

Қобыз-бас, қобыз-прима, қобыз-контрабас,  4 ішекті прима қобыз, қобыз-альт.III. Қорытынды

Ұлттық болмысымызды, ұлттық өнерді қадірлейік.

Қазақ музыкасына арқау болған әр түрлі музыкалық аспаптар заманымызға сай түрленіп, жаңа ұғымда, жаңа мазмұнда пайдаланылып, қазақ өнерін әлемге танытып келеді. Демек, қазақтың музыкалық аспабының қай түрі болмасын көнермейді деген сөз, керісінше ол заман ағымына сай өзгеріп, жаңарып, жаңа туынды ретінде өмір сүреді.

Қазіргі кезде музыка әрлеушілері түрлі музыка жанрларын домбыраға, қобызға және т.б. музыка аспаптарына сәйкестендіріп, ұлттық нақышта, жаңа әр беріп, жоғары талғамда орындалуын көздейді.

Бүгінгі таңда қайта көркейген, жаңа мазмұнға ие болған, өмірімізден өзінің лайықты орнын алған бұл музыкалық аспап, өткеннің ескерткіші ғана  емес, күнделікті  мәдениетімізді дамытатын, ажарын ашатын, рухани құндылық ретінде  сақтауымыз керек.

Саналы адам баласы табиғи дарынымен ерекшеленсе, асыл мұраларамыз ата – бабаларымыздың өнерімен, өнегесімен бағалы.

Бүгінгі күні Қазақстанда Қорқыт атаның ізбасарлары аз емес. Бабалар мұрасын жалғастырушылар Қорқыттың күйлерін бізге жеткізіп отыр. Қорқыттың «Қобызым» әні әнші Жанар Айжанованың орындалуында өз тыңдаушыларын тапқан. Гүлнұр Оразымбетованың орындауындағы Қорқытқа арнайы жазылған «Қорқыт - қобыз» әнінің өзі бір тарих. Ел ішінде «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қоңыр», «Тәңір күй», «Қорқыттың елмен қоштасуы» деп келетін қобыз күйлері, байырғы сарындар күні бүгінге дейін тартылады.

Скрипканың арғы атасы – қазақтың қара қобызы екенін әлем музыканттары мойындап та, дәлелдеп те үлгерді. Дәлелдеген – еуропалықтар. Мойындатқан – қазақтың ару қыздары. Бұл ұмытылуға жақын қалып, қудалау көрген аспапы Еуропаға халқымызды соғыс жылдары қазақтың тұңғыш скрипкашысы Әйткеш Толғанбаев танытты. Қазір дүние жүзіне танылып отырған қыл ішектің шеберлері - Марат Бисенғалиев, Арман Мырзағалиев, Ақан Мейірбеков, Айман Мұсақожаева, Гауһар Мырзабекова, Меруерт Тұяқбаева, Жәмилә Серкебаева, Лана, Бұл орындаушылардың мүмкіндіктері мен жоғары орындау мәнеріне Штраус, Брамс, Шуберттердің отаны алақандары қызарғанша қол соғып, жоғарғы мәртебелі ханшайымдар, корольдер, императорлар мен графтар арнайы шақыртулар жіберетін, қазақстандық музыканттардың гастрольдік сапарын асыға күтетін болды. Ұлыбританияның,  Паганинидің отаны Қорқыттың отанына жол бере бастады.

Ұсынысым

Мына біз жастар ата-бабамыз қалдырып кеткен мәдени  мұраларымызды қадірлеп, бағалай білуіміз қажет. Ол үшінде қаламызда немесе мектебімізде арнайы мәдени мұраларды сақтайтын мұражайлар  болса деймін. Ол жерге сыныптастарымызбен барып сол мәдени мұраларымызды өз көзімізбен көріп олардың қадір-қасиетін сыныптас достарым түсінеді деп ойлаймын.Сонымен қатар, мәдени-мұраны жаңғырту және насихаттау мақсатында мектебімізде үйірме сабақтары өтілсе екен деймін.

Терминдер

1. Тотем - рулық қоғамдағы дамдар тобының шығу тегін жануарларға, өсімдіктерге немесе табиғат құбылыстарына байланыстыруы.

2. Бақсы – жеке адамның бойында бір беймәлім күштің әсерінен кенеттен пайда болатын бізге көрінбейтін, сыртқы белгісіз «рухтармен» байланыс жасап, неше түрлі көріпкелдік, болжағыш, сәуегейлік, емшілік т.б. құпиялы сиқырлы жұмбақ күш иесі.

3. Контрабас - ысқымен  тартылатын ішекті музыкалық аспап.

Пайдаланған әдебиеттер

  1.  Мәдени мұра /№4 (31) Алматы 2010
  2.  «Паганини Қорқытқа жол бере бастады» Мұрат Әуезов
  3.  «Қорқыттың қобызы» М.М.Әуезов
  4.  «Қыпшақ Қойлыбай бақсы» Мақсұтбек Сүлеймен
  5.  Әл-Фараби. Музыканың ұлы кітабы. – Астана, 2008
  6.  Сарыбаев Б. Қазақтың халық аспаптары. - Алматы, 1980
  7.  Ж.Темірғалиев. Қазақ оркестрін аспаптандыру.- Алматы, 2010
  8. «Қорқытнама»  Райымбергенов. Алматы.1980       
  9. «Қойлыбайдың қобызы» Мағжан Жұмабаев

ҚОСЫМША МАТЕРИАЛДАР

  1. Қорқыт пен қобыз

 

Қорқыт – Баят руынан шыққан оғыздардың елбегі (ел министрі)

             

              Әбілғазы Бахадүр

 

2. Қорқыт ата кітабы

 

Қорқыт туралы ең алғашқы хатқа түскен айғақ «Қорқыт ата кітабы»болса, мұның өзі XV ғасырда жазылған. Бұл кітаптың әзірше екі нұсқасы белгілі. Бірі - 12 тараудан тұратын Дрезден нұсқасы, екіншісі - 6 тараудан тұратын Ватикан нұсқасы. Бұл еңбектер оғыздардың ата жұртында жазылмаған, әр тарапқа шашыраған оғыз ұрпағының есінде қалған естелік іспеттес.

3. Қорқыт ата күмбезі

 

  • ІХ-ХІ ғасырларда тұрғызылған күмбез.
  • Қазіргі Қызылорда облысы Қорқыт теміржол станциясынан 3 шақырым жерде болған.
  • ХІХ ғасырдың аяғында сүйегі басқа жерге көшірілген.
  • Сырдария арнасының ауытқуынан Қорқыт мазарының қалдығы 1960 жылдары шайылып кеткен.

 

4. Қорқыт ата кешені

 

1980 жылы Бек Ыбыраев аэродинамикалық эффектіні пайдаланып тұрғызған.

Дала желінің екпінімен қобыздың үні естіліп тұрады.

Ішкі жағы “түйетабан” өрнектерімен нақышталған.

Қазақстандағы ең үздік тарихи ескерткіш.

 

5. Қылқобыз

 

Қылқобыз - ерте заманнан келе жатқан қазақ халқының екі ішекті ысқышпен ойналатын аспабының бірі.

 

Өзіндік жасырын сыры мол, адамның еркіне көне қоймайтын, күрделі аспап. Ішегі жылқының қылынан жасалады. Қобыз аспабының екі ішектісімен бірге – үш, төрт ішектілер және «нар қобыз», «жез қобыз» деп аталатын түрлері де бар.Қобызды ағаштан шауып немесе құрап жасайды. Беті жартылай терімен қапталады. Ол дыбыстың жаңғырып шығуы үшін керек.

 

            нарқобыз, қылқобыз, жезқобыз

 

 

1-3 – халық арасында ертеден келе жатқан қобыз түрлері;

 

4 – қобыз-бас;

 

5 – қобыз-прима;

 

6 – қобыз-контрабас;

 

7 – 4 ішекті прима қобыз;

 

8 – қобыз-альт

 

6. Шаңқобыз

 

      Шаңқобыз – бітімі бөлек, ойналуы ерекше қазақ халқының көне музыкалық аспабы. Аспапта ойнау ерін мен тістің арасындағы қуысқа тікелей байланысты.

 Ойнау кезінде орындаушы оң қолымен тілшенің ұшын шалып отырып, шапшаңдата дыбыстайды.

Бұл аспап «Шаңқобыз» деп аталғанымен  Қорқыттың қобызына ешқандай қатысы  жоқ.

 

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (6)

Ұлан

Өте керемет берілген екен

Арай

əдемі жазылған екен

Нағима

Керемет көп нәрсе оқып білдім Қорқыттың анасы 3жыл 9 ай көтерген деген тіптен ақылға сыймайтын дүние. Ол кісі өте ерекше

ақгүл

бәрін біліп алдым

ақгүл

өте жақсы

ақназ

өте керемет берілген екен(

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар