Өлең, жыр, ақындар

Алматыда студенттер жер қойнауын пайдалану саласындағы өз жобаларын ұсынып жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Бүгін Алматыда Қ. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ базасында өткен «TechGarden's Smart Industry STARTUP DAY» байқауы барысында оған қатысушылар жер қойнауын пайдаланушылардың алдына қойылған технологиялық міндеттерді шешу бойынша өздерінің инновациялық жобаларын ұсынды.

«Бүгінгі іс-шараның мақсаты - елімізде инновациялық қызметті дамыту үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен тиісті ғылыми-зерттеу институттарына осындай диалог алаңын ұсыну.

Бұл жерде компаниялардың жылдық жиынтық табысының 1 пайызы арқылы қаржыландыруға үміткер жобалар жинақталды», - деді өз сөзінде «Almaty Tech Garden» инновациялық технологиялар паркі» Автономиялық кластерлік қорының директоры Санжар Кеттебеков.

Үміткерлердің соңғы бір ай бойы www.techgarden.kz сайтының on-line қызметі арқылы байқауға қатысуға өтінім беруге мүмкіндігі болды.

Кен өндіруші компаниялардың алдында тұрған нақты технологиялық міндеттерді шешуге бағытталған үздік сегіз жобаның иесі қазылар алқасының алдында өз жобасын қорғауға мүмкіндік алды. Егер лайықты қорғап шықса, онда олар алдағы уақытта аталған компаниялардың мердігері ретінде өз шешімдерін жүзеге асыра алады.
С. Кеттебековтың айтуынша, «Smart Industry STARTUP DAY» - жаңадан бастап келе жатқан жас стартаперлер ғана емес, жер қойнауын пайдаланушы компаниялар үшін де маңызды байқау. Бұл компаниялар жаңа жобалардың шешімері арқылы өз өндірісінің тиімділігін арттыра алады.
«Біз бұл стартап жобаларға бастан аяқ жетекшілік жасаймыз. Сондықтан, байқаудың бір жүлдесі ретінде Almaty Tech Garden паркінде стартап-жобаны жетілдіру бойынша үш айлық бағдарлама қарастырылған», - деді ол.

Автор: Айбота Жаппарберген


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар