Өлеңдер бөлімі

Кеш

Өзінің жазғысы келген ойын бір қызғыш дәптерге түсіріп, тұтас толтырып шыққан еді. Осымен негізгі мақсаты да орындалды. Бұл - әлдебір кештің сұлбасы. Оны бір жерге шығара қояйыншы деген де ойы болған жоқ. Тек бұл жазудың не жазу екендігі айқын тұру үшін басына "Қазақ хандығы құрылуының 540 жылдығына арналған бағдарлама" деп жазып қойды. Бағдар етіп 1456 жылды алғаны.
Сонан соң дәптерді қағаздарының арасына салды. Арада аз уақыт өткенде, мектептегі мұғалімдік жұмысының екінші жылының да алғашқы қоңырауы қағылып, жаңа бір оқу жылы басталып кеткен еді.
Үстел үстіндегі тексеріліп қойылған жоспарлардың ішінен өзінің күнтізбелік жоспарын рұқсат сұрап алғалы жатыр еді, оқу ісінің меңгерушісі:
- Бір кеш өткізу ойда жоқ па? - деді.
- Қандай кеш? Әдеби кеш пе?
Мамандығы әдебиеттің маманы болған соң, осылай деп сұраған еді.
- Мейлі, әдеби кеш болсын, басқа тақырыптағы кеш болсын, әйтеуір, бір кеш өткізу ойда жоқ па?
Жас маман болған соң жұмыс істесін дегені болса керек. Кеш өткізу туралы ой нақты жоспарында жоқ еді, бірақ сұрақ қойылған соң, орнықты бір жауап қайтаруы да керек. Осы кезде барып есіне әлгі дәптер түсе кетті.
- Менде бір дәптер бар, - деді. - Бірақ оның ішіндегі нәрсе әдебиеттің мұғалімдерінен гөрі тарихтың мұғалімдеріне көбірек қатысты сияқты. Егер тарихшылар қызығушылық танытса... - деп тарихшы әріптестерін де қамти кетті.
- Неге қызығушылық танытпайды?! - деді завуч.
Сөйтті де, дереу тарих пәнінен сабақ беріп жүрген екі тарихшы қызды шақырып алып:
- Дәптерді көріп шығыңдар да, үшеулеп содан бірдеңе шығарыңдар, - деді.
Енді қызғыш дәптерді тарихшы қыздар оқып отырды. Бұлар да өзі секілді мұғалімдік қызметтің екінші жылын енді ғана бастап жатқан еді. Үшеуінің де анағұрлым тәжірибесі жоқ еді.
- Дұрысы, мұны тәлімгерге алып барайық, - деді қыздар сонан соң.
Тәлімгер бұлардан кіші, бірақ жұмыс тәжірибесі жағынан үлкен еді. Осындай сыныптан тыс іс-шаралар өткізуге әбден дағдыланған.
Енді қызғыш дәптерді тәлімгер оқып отырды. Оқып отырды да:
- Мынау - мәдениет Үйінің сахнасында өтілуге тиісті нәрсе, - деді.
- Оны мәдениет Үйінің сахнасына апарып қайтесің, - деді бұл. - Осы жерде, мектептің бір сыныбында-ақ...
- Жоқ! - деді тәлімгер. - Мынау - мәдениет Үйінің сахнасында өтілуге тиісті дүние. Мен қазір бала жіберіп мәдениет Үйінің директорын шақырамын.
Мәдениет Үйінің директоры келді. Бұл да осындай жұмыстармен тәжірибе жинап қалған жігіт еді. Енді қызғыш дәптерді сол жігіт оқып отырды.
- Мынау сценарий ғой, - деді мәдениет Үйінің қызметкері оқып отырып. - Екі жүргізушіге арналып жазылған ғой. Мұны енді тек дайындау керек. Ауылдың жігіттерін шақыру керек.
- Осыған бола ауылдың жігіттерін шақырып қайтесің? - деді бұл тағы да. - Мектептің оқушыларының күшімен-ақ...
- Сен мына сценарийдің ішінде көріністер жазып отырсың ғой. "Қазақ хандығының құрылуы", "Ақтабан шұбырынды" деген көріністер жазып отырсың, - деді мәдениет қызметкері. - Ондағы хандардың рөлін тек тұлғалы келген, даусы зор ауылдың жігіттеріне тапсыру керек. Мен мұны сахнаға өзім дайындап шығарамын, - деді сонан соң.
Сол-ақ екен, әу баста үш адамға тапсырылған жұмыстың соңында соншама адам атсалысып кетті.
Дайындық ауылдың әкімі мен мектептің басшысының назарында тұрды. Басшылар ойласа келе: "Мұны еліміздің тәуелсіздігінің 5 жылдығына орай, сахнада қояйық. Балаларға бөлек өткізейік, үлкендерге - халыққа бөлек қойып берейік", - деді.
Белгіленген күні сахнада екі жүргізушінің жүргізуімен кеш өтіп жатты.
"Қазақ хандығы құрылуының 540 жылдығына арналған, - деді олар. - және 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінің 80 жылдығы құрметіне,
Желтоқсан оқиғасының 10 жылдығына орай, сонымен бірге Қазақ Елі тәуелсіздік алуының 5 жылдығына байланысты өткізілгелі отырған "Біз, қазақ, ежелден еркіндік аңсаған" атты әдеби-тарихи сазды бағдарламаны бастауға рұқсат етіңіздер!"
Осыдан біршама уақыт өткен соң, бұған аудан мектептерінің арасында болып өткен өнер байқауында өз ұжымына арнап жазған сценарийі үшін аудандық өнер байқауының қазылар алқасы сол байқаудың дипломын берсе, одан соң "Облыс білім саласындағы шығармашылық еңбегі және жеткіншек ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі табыстары үшін" деген облыстық білім департаментінің Құрмет грамотасымен марапатталса, соның барлығының әу басында осы бір қызғыш дәптердегі Қазақ хандығының 540 жылдығына бағыттап жазған дүниесі жататын еді.
Өйткені осы кештен кейін де жас ұрпақтың тәлім-тәрбиесіне арналған талай кештер мен кездесулердің, концерттер мен сайыстардың, диспут, кітап оқушылар конференциясы, тағы да басқа іс-шаралардың өткізілуіне үнемі атсалысып отырыпты. Мұндай іс-шаралар өзі жетекшілік ететін әдебиет және құқық үйірмелерінің аясында да өтіп жатты және мектептегі қоғамдық ұйымдармен де, сондай-ақ, жекелеген ұстаздармен де бірлесіп атқарылып жатқан еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...