Өлең, жыр, ақындар

Түркі әлемінің зиялылары Түркістанда бас қосты

Бүгін, 19 мамырда Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде ЮНЕСКО-ның 2016 жылды «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жариялауына орай түркі әлемінің зиялылары бас қосты.

Түркі әлемінің түп қазығы Түркістан шаһарында өткен бұл жиынның Түркі әлемі үшін маңызы зор. Салтанатты жиын, Түркиядағы «Түркі әлемінің жазушылары және көркемөнерпаздары қорының» кезекті «XX халықаралық түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау» рәсімімен басталды. Ол «Түркі тілдес республикалардың Тәуелсіздігіне 25 жыл» атты ғылыми жиынға ұласты.

Ғылыми басқосуды Халықаралық Түркі Академиясының президенті Дархан Қыдырәлі жүргізді. Жиынға келген түркі әлемінің зиялылары, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, ЮНЕСКО бойынша аталған «Ахмет Ясауи жылы», университет құрылуының 25 жылдығы мерейтойларымен құттықтады. Әрі бүгінгі 19 мамыр, Түркия мемлекетінің «Ататүрікті еске алу және жастар мен спорт күні» мерекесімен құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Зиялы тұлғалар түркі халықтарының тарихына тоқталып, ортақ мақсат-мұраттар, алдағы атқарылар игілікті істер жайында сөз қозғады.

Бұған дейін әлемнің Лефкоша (Кипр), Баку (Әзербайжан), Ускуф (Македония), Нью-Иорк (АҚШ), Бішкек (Қырғызстан) сияқты қалаларында шымылдығы түрілген «Халықаралық түркі әлеміне еңбегі сіңген тұлғаларды марапаттау рәсімінің» кезекті жиырмасыншы рәсімінің Түркістанда өтуі кездейсоқтық емес.

Биылғы айтулы шараның марапат иелері қатарында Әзербайжан мемлекетінің саясаткері, журналист Г.Пашаева, Қырғыстан мемлекетінің Түркиядағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі Б.Қаламбекова, македониялық Т.Ибрайми, Ахмет Ясауи университеті Өкілетті Кеңесінің төрағасы, профессор Мұса Йылдыз, Әлем және Түркі халықтарының ақыны, жазушы О. Сүлейменов және жазушы, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты М. Байғұт бар. Сонымен қатар Түркияның «Газиантеп»  университетінің ректоры, профессор М.Я.Жошкун, Түркі әлемі біліміне еңбек сіңірген Қ.Бұлбұл,  ТРТ-1 телеарнасының журналисі М.Боздағ, профессор Х.Кошан, Тіл  маманы, жазушы Ю.Гедикли, қылқалам шебері, профессор А.Караоғлу, «Анадолы ауыл қорғаушылары және шейіт отбасылары конфедерациясының» басшысы З.Сөзен, Түркі әлемі жазушылар және көркемөнерпаздар қорының төрағасы Я.Акенгин,  журналист, жазушы, ақын М.У.Йылмаз, Самсун қаласы әкімшілігінің мәдениет және әлеуметтік департаментінің басшысы Н.Чамаш қордың арнайы естелік кәдесыйымен марапатталды. Мұнымен қатар түркі әлемі зиялыларына университеттің «Ясауи жылы» медалі де табысталды.

Сондай-ақ, университеттің 60-тан аса ардагер оқытушы-профессорлары мен қызметкерлеріне мерейтойлық «25 жыл» және «Ясауи жылы» медалі салтанатты түрде тапсырылды, деп хабарлайды университеттің баспасөз қызметі.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар