Өлең, жыр, ақындар

Қазақ тілі сабағында дамыта оқыту технологиясы арқылы оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту

Атырау облысы, Индер ауданы
М.Әуезов атындағы орта мектебінің
Бастауыш сынып  мұғалімі: Махметова Бибигул Жақияқызы

 

Бала дамуының ең шарықтау шегі – бұл тіл мен ойдың шығармашылығы

                                                  Л.С. Выготский

«Келер ұрпақ алдында зор жауапкершілік жүгін арқалап келеміз» деген Елбасы Н.Ә. Назарбаев. Еліміздің болашағы көркейіп, өркениетті елдер қатарына қосылуы бүгінгі ұрпақ бейнесінен көрінеді. Осыдан барып жас ұрпақтың бойындағы іскерлік қабілетін ашу және оларды шығармашылыққа баулу туындайды.

Әрбір мемлекеттің өсіп-өркендеудің, бәсекеге қабілетті болуының ең басты ошағы – ұстаз берген білімде. Сондықтан да дамудың ең биік көкжиегінен көрінгісі келетін кез-келген мемлекет, ең алдымен, білім беру саласын дұрыс жолға қойып, сапасын көтеруді мақсат етеді. Ендеше осындай бәсекеге қабілетті, рухы биік ұрпақ тәрбиелеу жаңа кезең мұғалімінің еншісіне тиері анық .

«Қыран – түлегіне қайтпас қанат сыйлайды,ұстаз – шәкіртіне талмайтын талап сыйлайды»- демекші, ұстаз – қай кезде де мектептің жүрегі, қоғамның тірегі. Қоғам тұлғаны қаншалықты жетілдірсе, жетілген тұлға қоғамды соншалықты дәрежеде дамытады. Ал жеке тұлғаға білім беріп, тәрбиелейтін, дамытатын, әрине – ұстаз. 

Мұғалімнің қоғамдағы орнын, адамдықтың таразысы- ұстаздықты, белгілі ақын, алғашқы педагогикалық еңбектің авторы Мағжан Жұмабаев «Алты алаштың баласы бас қосса, ең қадірлі орын мұғалімдікі», деп жоғары бағалады.

Әрбір тұлға өмірінде үлкен тәрбие мен таусылмас білім ошағын санасына ұялатқан ұстазын мәңгілік есінде сақтайды. Сондықтан, қоғам талабына сай шебер мұғалім болу заман талабы болып тұрғаны анық.

 ХХІ ғасыр жан-жақты дамыған, білімді, өз ісіне де, өзгенің ісіне де әділ баға бере алатын, өзіне сенімді, тәуелсіз Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына зор үлес қоса алатын тұлға тәрбиелеуді талап етіпотыр. Осыған байланысты бүгінгі күннің басты мәселесі-жас ұрпаққа нәтижеге бағытталған білім беру.

Бүгінгі таңда еліміз нәтижеге бағытталған білім беру моделіне көшті.

Нәтиже дегеніміз - жеке тұлғаның құзырлылығы. Ал нәтижеге бағытталған білім беру дегеніміз – жеке тұлғаның құзырлылығын қалыптастыру.  Құзырлылық( құзіреттілік)  - ол терең білім. Оқушының құзырлылығын қалыптастыру үшін мұғалімнің өзі құзырлылыққа жету керек.   Құзыреттілік ( құзырлылық) – дара тұлғаның бойындағы өзара байланысты сапалардың (білім, білік, дағды) жиынтығы. Құзырлылық – белгілі сала бойынша жан-жақты хабардар, білгір деген мағынаны білдіреді.«Сompotens» латын тілінен аударғанда қандай да бір сұрақтар төңірегінде беделді түрде шешім шығара  алады   дегенді  білдіреді   деген сөзді      

К.Құдайбергенова «Құзырлылық табиғаты- тұлғаның өзіндік дамуында»  еңбегінде айтса, Б.А.Тұрғынбаева «Мұғалімдердің шығармашылық әлеуетін біліктілікті арттыру жағдайында дамыту» еңбегінде «өзінің практикалық әрекеті арқылы алған білімдерін, өз өмірлік мәселелерін шешуде қолдана алуын құзырлылықтар деп атаймыз» деп анықтады

Жалпы оқытудың негізгі мақсаты – оқушыны дамыту. Баланы дамыту, кең мағынада алғанда, оның организміндегі психикалық және физиологиялық өзгерістері және кез-келген қасиетіндегі қарапайымнан күрделіге, төменгі сатыдан жоғары сатыға көшу деп түсіндіріледі. 1930 жылдардағы педагогикада осы мәселелерді орыс психологі Л.С. Выготский тең жүретін процесс деп түсіндіреді және «оқыту дамудан бұрын жүреді, балаға неғұрлым білім берсек, ол баланы соншалықты дамытады» дегенді айтады.

Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында: « ... жылдам өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдының негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру»,- деп атап көрсеткен.Мұғалімнің мақсаты – білім алушылардың пәнге деген қызығуын арттыра отырып сапалы білім беру болса, ал қазіргі заман талабына сай білім берудің жолы – тиімді педагогикалық технологияны басшылыққа алып сабақ өткізу.

Мен өз іс-тәжірибемде  дамыта оқыту  технологиясын қолданамын. Дамыта оқыту технологиясы арқылы қазақ тілі  сабағының мазмұны мен сапасын арттыра отырып, оқушылардың ізденушілік, танымдық, өзіндік жұмыс істеу белсенділігінің шеберлігін шыңдауды мақсат етіп,мұғаліммен оқушы арасындағы ынтымақтастықты жетілдіріп, үлкен жетістіктерге қол жеткізуді міндет етемін.

Танымдық қабілет әркімге тән. Қабілетсіз адам болмайды. Адам бәріне де қабілетті бола біледі, тек өз бойындағы қабілеттің алғы шарты болатын нышандары оята білген жөн. Ал таным дегеніміздің өзі «тану» сөзінен алынған. Танымдық құзыреттілікті дамыту- қоғам талаптарына сай жеке тұлғаны дамыту.Жеке тұлғаның оқу - танымдық құзіреттілігі яғни, өзінің білімділік қабілетін ұйымдастыра білуі, материалды жоспарлай білуі, ізденушілік - зерттеушілік әрекет дағдыларын игеріп, шығарманы толық сатылай кешенді талдауы, негізгі түйін-қорытынды жасай білуін дамыту – негізгі қызметім. Сондықтан, дайын материалды оқытып, түсіндіруімен ғана шектелмей, оқушыларды өз бетінше іздендіретін, алған білімдерін тұжырымдай алатын жұмыстар жүргізу қажет деп білемін.Сонымен бірге мұғалім мен оқушының арасында ұжымдық қарым-қатынас, бір-біріне деген сыйластық болған жағдайда ғана оқыту өз нәтижесін береді деп ойлаймын.

“Сабақ беру үйреншікті жай шеберлік емес, ол үнемі жетілдіруді қажет ететін, үнемі жаңаны табатын өнер”,- деп Ж. Аймауытов айтқандай, сабақ беруді өнер деп бағалау тегін емес.

«Технология» тарихи ұғымы техникалық прогреспен байланысты және сөздікте (грек тілінен аударғанда  teche - мәдениет, шеберлік, білік, ал  logos- сөз, білім) материалды өңдеудің тәсілдері мен құралдары туралы білім жиынтығы деп түсіндіріледі.

Педагогикалық технологияның кәдуілігі әдістемесінен басты айырмашылығы –оқу үрдісінің нәтижелі болуына кепілдік беруі. Оқу үрдісін технологияландырутуралы көзқарас  осыдан 400 жыл бұрын туындағанын біз  Я.А.Коменскийдің айтқан пікірінен көре аламыз. Автордың айтуынша, оқыту «технологиялық» болу қажет, яғни  оның мәні   нені үйретсе де, нені оқытса да оқу үрдісі табыссыз болмауы қажет. Мұндай оқыту механизмін Я.А.Коменский «дидактикалық машина» деп атады.

Технологияға мақсат қою, осы мақсатқа жетудің құралдарын іздестіру, бұл құралдарды қолданудың ережелерін табу маңызды болып табылады. Соған байланысты мақсат – құрал -  оның қолдану ережелері - нәтиже алу заңдылықтары  іздестіріледі. Мұндай ережелерді тауып, пайдалану -  кез-келген  технологияның басты мақсаты.    

Оқыту технологиясын таңдап, іріктеу – оқушының оқу-танымдық іс-әрекетін басқарудың негізгі бір буыны. Қазіргі кезде әдебиеттерде  осы заманға білім берудің даму бағыты мен тенденцияларын қамтиытын 50-ден астам педагогикалық технология қолданылып жүр. Олардың бәрін бірдей кез-келген пәнді оқыту барысында қолдану мүмкін емес. Сондықтан да жергілікті ғалым Б.Т.Барсайдың ғылыми түрде негіздеуінше, бастауыш сынып математикасында қолданылатын оқытудың қазіргі технологияларын төмендегіше топтайды:

  1. Ынтымақтастық педагогикасы
  2. Білім беруді ізгілендіру технологиясы (Ш.Аманашвили)
  3. Ойын арқылы оқыту технологиясы
  4. Дидактикалық бірліктерді ірілендіру технологиясы (П.М.Эрдниев)
  5. Математиканы оқытудың есеп шығаруға негізделген технологиясы (Р.Г.Хазанкин)
  6. Дамыта оқыту технологиясы (Л.С.Выготский, Л.В.Занков, Д.Б.Эльконин, В.В.Давыдов)
  7. Оқытудың модульдік технологиясы (В.М.Монахов)
  8. Проблемалық оқыту технологиясы (М.И.Махмутов)
  9. Тірек сигналдары арқылы оқыту технологиясы (В.Ф.Шатолов)
  10. Түсіндіре басқарып –оза оқыту (С.Н.Лысенкова)
  11. Деңгейлік саралап оқыту технологиясы (Ж.А.Қараев)
  12. Оқытудың компьютерлік технологиясы
  13.  Бағдарламалап оқыту технологиясы (Б.Скиннер, Н.Краудер, В.П.Беспалько). 

Біз өз зерттеуімізде педагогикалық технологиядан дамыта оқыту    технологиясына сүйенетіндігімізден, енді осы технологияның ерекшелігі мен мәніне тоқталып өтелік.

«Дамыта оқыту» деген термин психология ғылымының қойнауында туып, баланың дамуын қарастырған Ж.Пиаженің еңбегінде ойлаудың әр түрлі деңгейін, типтерін Л.С.Выготский, С.Л.Рубинштейн және басқа да психиканың функциясын зерттеген Б.Г.Ананьев, А.А.Люблинская және басқа да іс - әрекет теориясының психологиясын жасаған А.Н.Леонтьев, П.Я.Гальперин еңбектерінде жан – жақты талданды. Осылардың негізінде дамыта оқыту проблемасына арналған екі іргелі эксперимент жасалып, оның бірін В.В.Давыдов, ал екіншісін Л.В.Занков басқарды.

Зерттеулердің мақсаты Л.С.Выготскийдің 1930 жылдардың басында жасаған оқыту мен дамытудың арақатынасы жайлы болжамының дұрыстығын тексеру, нақтылау.

Көрнекі психолог Л.С.Выготский айтқандай оқыту дамудың  алдына шығып отырса, ол бала дамуының «ең таяу аймағын» жасайды, баланы іздендіруге талаптандырады және дамудың бірнеше ішкі процестерін қозғалысқа келтіреді. «Ең таяу даму аймағы» одан әрі «актуальды даму аймағына» көшуі тиісті тапсырмаларды өз бетімен орындайды.

Дамыта отырып оқыту жүйесін жақтаушылар (А.А.Леонтьев, т.б) да жоғарыдағы пікірді қостай келіп, қазіргі заманғы мектептің мақсаты – оқушыны тек қана «ең таяу даму аймағына» қол жеткізуін қамтамасыз ету және оның білімін арттыру ғана емес, сонымен қатар баланың жеке адам ретіндегі жан – жақты дамуын және бүгінгі ғана емес, ертеңгі дамуына жол ашу, дайындау екендігін баса айтады.

Оқыту мен дамудың арақатынасы жөніндегі мәселелердің шешілуі дамудың екі өрісіне байланысты. Бала меңгерген нәрсе оның кешегі күні, өткен кезеңі болып табылады. Дамудың аяқталған кезеңіне негізделген оқыту табыс әкелмейді немесе ол баланың дамуға деген қажеттерін қанағаттандыра алмайды. Оқушыға өте жеңіл тиетін білім өзін ынталандырмайды, таным мен табыс қызықтырмайды. Л.С.Выготский ойынша, оқыту баланың ертеңгі күніне бағдарлануы тиіс, яғни, бала өзінің пісіп – жетілген мүмкіндіктерінің деңгейіне емес, дамуға бейімделген бағыттар деңгейінде болуы тиіс. Оның ертеңгі күнін дәл осы бағыттар белгілейді. Бұл идеяны Л.С.Выготский одан әрі былайша сабақтайды: «Оқыту мен даму тікелей сәйкес келмейді, олар бір – бірімен өте күрделі қарым – қатынастағы екі процесті білдіреді. Оқыту тек дамуыдыі алдында ғана жүрсе жемісті болмақ».

Міне, осылайша Л.С.Выготскийдің оқыту мен дамудың арақатынасы жөніндегі теориясы «дамыта оқыту» деген атпен ХХ ғасырдың 50 – 60 жылдары пайда болды.

Дамыта оқыту идеясын алғашқылардың бірі болып 1950 – 1960 жылдары қолға алған академик Л.В.Занковтың басшылығымен жасалған бастауышта оқытудың жаңа жүйесін мұғалімдер қауымы үлкен ықыласпен қабылдағанымен, белгілі себептерге байланысты өрістеп кете алмады. Тек 1990 жылдары ғана Ресей мектептерінде қайтадан қолданыла бастады.   

Дамыта оқытуда баланың ізденушілік – зерттеушілік әрекетін ұйымдастыру басты назарда ұсталады. Ол үшін бала өзінің бұған дейінгі білетін амалдарының, тәсілдерінің жаңа мәселені шешуге жеткіліксіз екенін сезетіндей жағдайға түсуі керек. Содан барып ол білім алуға әрекеттенеді. Бұл технология бойынша сабақ төмендегідей құрамдас бөліктерден тұрады:

  1. Оқу мақсаттарының қойылуы;
  2. Оны шешудің жолын бірлесе қарастыру.
  3. Шешімнің дұрыстығын дәлелдеу.

Дамыта оқыту – күрделі құрылымды, бір тұтас педагогикалық жүйе. Оның нәтижесінде әр оқушының өзін - өзі өзгертуші субъект дәрежесіне көтерілуі көзделіп, оқыту барысында соған лайық жағдайлар жасалады.

Демек, дамыта оқытуда – оқушы өз іс - әрекетін өзі құруға, өзін - өзі дамытуға, білімді өз бетімен меңгеруге, өз ойын еркін айтуға, дәлелдеуге, шешімнің дұрыс – бұрыстығын қабылдауға, өз бетімен іздену жұмыстарын жүргізуге, өзін - өзі бағалауға үйретіледі.

Сабақ білім беру процесінің негізгі элементі болып қала береді, бірақ Л.В.Занков жүйесінде оның атқаратын қызметі, ұйымдастыру формасы елеулі өзгеріске енеді. Оның инвариантты (тұрақты) сапалары төмендегідей :

- сабақтың мақсаты тек жаңа материалдардан хабардар ету мен білік, білім,дағдыны тексеруде ғана емес, жеке тұлғаның басқа да қасиеттеріне бағындырылады;

-сыныпта оқушылардың өз бетімен ойлауына негізделген әрекеттер жүзеге асады;

-мұғалім мен оқушының ынтымақтастығы.

Сабақтың әдістемелік мақсаты – оқушылардың таным белсенділігін көтеруіне жағдай жасау. Бұл мақсат төмендегі жолдар арқылы жүзеге асады:

  • мұғалім сабақта проблемалық жағдай туғызады;
  • оқушылардың субъектілік тәжірибесін ашатын оқу қызметін ұйымдастырудың сан-алуан формасы мен әдістерін қолданады;
  • сабақ жоспарын оқушылармен бірге отырып жасап, талқылайды;
  • әр оқушының жұмысқа қызығушылығын тудыруға жағдай жасайды;
  • оқушыны ынталандырып отырады, тапсырманы орындауда қателесуден, дұрыс емес жауаптан қорықпау үшін түрлі тәсілдерді пайдалануға үйретеді;
  • сабақ барысында оқушы оқу мазмұнынының неғұрлым маңызды түрі мен формасын таңдауға көмектесетін дидактикалық материалдарды пайдаланып отырады;
  • тек соңғы нәтижені ғана емес, оқушының қызмет әрекетінде бағалап отырады;
  • оқушының есеп шығаруда т.б. жұмыста өзінше әдіс табуға ұмтылуын қолдап, басқа оқушылардың әдістерімен салыстырып, тиімдісін мақұлдап отырады;

В.В.Давыдовтың пікірі бойынша, төменгі сынып оқушыларына танымдық міндеттерді шештірудің жолын іздестіру арқылы шығармашылық тәжірибені меңгертуге болады. Соның нәтижесінде білім, білік және дүниеге көзқарас, қатынас қалыптасады. Осы жағдайда бастауыш сыныпта тәрбиелеу мен оқыту баланың жеке бас қасиеттерін дамытады.

Дамыта оқыту жүйесінде оқушылардың ойларын жетілдірудің маңызы зор. Біріншіден – дамыта оқытуда білім даяр күйінде берілмейді, оған оқушы өз оқу әрекеті арқылы қол жеткізеді. Сабақтың алғашқы ізденіс кезеңінде жаңа ақпарат жайлы не білетіндіктерін ортаға салып, мәселені өз беттерінше шешуге талпынады. Сөйтіп олар осы мәселе туралы өз білімдерінің жеткіліксіз, таяз екенін сезіну арқылы сабаққа деген қызығушылықтары оянады, ішкі түрткілері пайда болады. Екіншіден – дамыта оқытуда оқушы жоғары қиындықтағы мәселелерді шеше отырып өзінің санасының саңылауларын ашады. Әр оқушының өзінің деңгейіне дейін дамуға қол жеткізе алады. "Жақсы оқушы”, "Жаман оқушы” ұғымының болмауы, балаларды танымдық әрекеттерге ұмтылдырады, құштарлығын арттырады. Үшіншіден – оқушының жеке басын дамытатын басты құрал – ол өзінің әрекеті. Сол себепті дамыта оқытудағы оқыту әдістері оқушыны белсенді жұмыс жағдайына қоя отырып, мәселелерді, қайшылықтарды шешу мақсатын қояды. Төртіншіден – дамыта оқыту жүйесінің нәтижелі болуы оқушы мен мұғалімнің арасындағы жаңаша қарым-қатынасы арқасында ғана өз жемісін береді. Сол себепті дәстүрлі жүйедегі әміршілдік стиль бұл жерде тиімсіз, оқушы – "орындаушы”, "мұғалімнің тасасындағы” объект емес. Ол өз пікірін ашық айта, ойын дәлелдей, дәйектей алатын, сонымен қатар басқаның да ойын тыңдап, көзқарасын құрметтей білуге үйренген жаңа сападағы оқушы ретінде дәлелдей алады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз