Өлең, жыр, ақындар

Байланыс бөлімшесі

Көкесінің жеке іс парағындағы жазулардың басы - оның Ленинград майданының жауынгері болғандығы жайлы жазумен басталған. Көкесінің мектептен кейінгі үлкен өмірдегі жолы осылай басталыпты. Көкесі осының алдында ғана мектепті бітірген. Мектепті бітірген жылы мектеп әкімшілігі көкесін "Өте жақсы оқып, үлгілі тәртіпті болғандығы үшін берілді" деген мақтау қағазымен марапаттапты. Көкесі соғыстан келе салып, төрт айдай колхоз басқармасының хатшысы болып істейді. Ал сонан соң сол кездегі Қазалы аудандық білім бөлімінің бастығы Нұрмановтың бұйрығымен жетіжылдық Жданов мектебіне меңгеруші әрі мұғалім болып бекиді. Көкесі бұл қызметті екі жылдан астам уақыт атқарған. Сонан соң ауылдық кеңес жанындағы оқу үйінің меңгерушісі, ауылдық кеңес хатшысы және кітапхана меңгерушісі қызметтерін атқарады. Бірақ көкесінің негізгі саналы ғұмырын арнаған қызметі - оның байланыс бөлімшесінің бастығы болып істеген қызметі еді. Көкесіне берілген әр түрлі марапаттар, мысалы, облыс байланыс басқармасы бастығының қолы қойылған Құрмет грамотасы, есімі байланыс қызметкерлерінің Құрмет тақтасына жазылғаны туралы Куәлік, сол сияқты еңбек кітапшасына әр кезеңде жазылып отырған көптеген алғыстар мен ақшалай және бағалы сыйлықтардың берілгендігі туралы жазулар - осы қызметіндегі жемістері.

Ол кезеңдегі байланыс бөлімшесіне хат-хабар, газет-журнал тарату, сәлем-сауқат жеткізу байланыстарымен бірге радио және телефон байланысы да қарайтын. Сондықтан көкесінің қарамағында бірнеше хат тасушылар мен байланысшы монтёрлар және байланыс бөлімшесінің механигі жұмыс істеді. Үлкен бір бөлмеде радионың жабдықтары орналасқан еді. Әр үйде сөйлеп тұратын радио осы тораптан басқарылады, сөндіріліп, қосылады. Аумағы нақ осындай жапсарлас бөлмеде АТС орналасқан. АТС жұмыс істеген кезде үздіксіз сартылдап тұратын. Дәл қазір адамдар бір-біріне қоңырау шалып жатыр дейді. АТС жұмыс істеп тұр. Радионың жұмысына қарағанда АТС күрделі дейтін. АТС бұзылмасын деңіз, егер АТС жай жөндеуді қажет ететін болса, оны механиктің өзі де атқара береді, ал АТС күрделі жөндеуді қажет ететін болса, онда жоғарыдан арнайы мамандар шақыртылады. Ондай мамандар талай келіп, жатып, АТС-ті жөндеген.

Көкесі отыратын бөлмеге қарама-қарсы тағы да шағын бөлме бар. Онда байланысшы монтёрлардың керек-жарақ, құрал-жабдықтары тұрады. Радионың сымдары, телефонның кабельдері, ал жерде байланысшы монтёрлардың бағана басына шыққанда аяққа киетін құралы мен сақтық үшін белге тағынатын белдіктері жатады.

Көкесінің отыратын бөлмесі - үлкен бөлме. Ол ортадан сәнді ағаш жақтаумен бөлінген. Жақтаудың кішкене есігі бар. Жақтаудың ішкі бетінде көкесінің жұмыс үстелі және байланыс бөлімшесінің сейфтері орналасқан. Қабырғада дөңгелек ақ сағат уақытты көрсетіп тұр. Көкесінің арқа тұсында тағы да бір шағын бөлме бар. Онда байланыс бөлімшесінің қағаздары сақталады дейді.

Көкесінің жұмыс үстелінің үстінде екі телефон тұр. Оның бірі - қалалық байланыс телефоны. Ең мазасыз шырылдайтын да - осы телефон. Одан қаладағы бастықтар жиі қоңырау шалып, ауылдағы өз салаларының бастықтарын сұрап жатады. Көкесі мұндайда екінші телефонды ала салып, ауылдағы бастыққа қоңырау шалады. Одан кейін екі тұтқаны айқастырып түйістірген күйде үстел үстіне қояды. Сонан соң көкесі бұған көзі күлімдей қарайды. "Ақша берейін бе?" - дейді. Бұл көкесінен еш уақытта ақша сұраған емес. Көкесі қалтасына қолын салып, қара сұр былғары әмиянын алып шығады. Ақша алып береді. Бұл ақшаны бәрібір апасына береді. Мүмкін талай ақша бұл арқылы осылай көкесінен апасына ауысып отырған шығар.

Жақтаудың алдыңғы бөлігінде де едәуір кеңістік бар. Бұл жерде бұрышта жасыл түсті сырмен боялған үлкен үстел тұр. Қаладан арнайы көлік алып келген газет-журналдар мен посылкалар осы үстелдің үстінде орналасады. Посылкалардан алманың иісі бұрқырап шығып жатушы еді. Егер байланыс бөлімшесі деген не десеңіз, осы бір посылкалардан бөлмеге аңқып шығып жататын алманың иісі болып есіңізде қалып қояр еді.

Көкесінің байланыс бөлімшесіне аудандық байланыс торабының жігіттері де ұдайы келіп жататын. Костюм-шалбар киініп, галстук тағынған жігіттер мұның үйіне қаздай тізіліп кіріп бара жатушы еді. Оларға үйде қазан көтеріліп жатады. Бұл соларға қарап отырғанда, жігіттердің ортасындағы біреуі мұны ұдайы басынан сипап өтетін. Бұл сол жігітке іштартып тұрады. Кейін білсе, көкесі де осы жігітке іштартып қараған екен. Оның себебі - бұл жігіт білімді, байланыс саласының жұмысын жақсы біледі дейді. Жалпы, апасының айтуынша, көкесі бір білімді жігітті көрсе, үйге қуанып келеді екен. "Осындай жігіттер ғой ертең елді басқаратын. Әр саланың тізгінін өзінің білетін жігіттеріне ұстатқанда ғана барып, ел сонда ғана көгереді" деп отыратын", - дейді апасы. Көкесі әлгі жігітке тек іштартып қана қоймапты, болашақта осы саланың тізгінін ұстайтын болады деп үміт етеді екен. Кейін бұл есейгенде әлгі азаматтың сол тізгінді ұстап отырғанын аудандық газеттен оқып, көріп жүрді. Бұл кезде көкесі әлдеқашан дүниеден өтіп кеткен еді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз