Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы

Жәутіков Орынбек Ахметбекұлы (1911-1989) - ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.

Қарағанды облысы Ақтоғай ауданында дүниеге келген.



1920-1930 жылдары ауылдық мектепте, кейіннен Қарқаралы қаласындағы мектепте оқыған. 1934 жылы Қазақ педагогикалық институтының (Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті) физика-математика факультетін үздік бітіріп, Ленинград мемлекеттік университетінің (Санкт-Петербор мемлекеттік университеті) аспирантурасын тамамдаған. 1934-1951 жылдар аралығында Қазақ педагогикалық институтында ассисент, аға оқытушы, доцент, декан, директордың ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, кафедра меңгерушісі болған. 1945 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясында Математика және механика секторы ашылып, кейіннен Математика және механика институты құрылған. 

О.Жәутіков 1945-1965 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика секторында аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, 1965-1969 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтының директорының орынбасары, зертхана меңгерушісі, 1969-1989 жылдар аралығында Қазақстан Ғылым академиясы Президиумының мүшесі, Физика-математика ғылымдары бөлімшесінің академик-хатшысы қызметтерін атқарған. 1985-1989 жылдары Қазақстан Ғылым академиясының Математика және механика институтында зертхана меңгерушісі болған. 

Негізгі ғылыми еңбектері қозғалыстың орнықтылық теориясына, математика, физика теңдеулеріне, дифференциалдық теңдеулердің шексіз жүйелеріне, теориялық және қолданбалы механикаға, математика тарихы мен оның методологиясына арналған. 

О.Жәутіков - республикалық физика-математика мектебін ұйымдастырушылардың бірі. Бұл мектеп қазір Орынбек Жәутіковтің есімімен аталады. Ол республикамызда математик ғалымдарды дайындауда және математиканы насихаттауда көп еңбек сіңіріп, отандық математиктер мектебін қалыптастырды. 1958 жылы академик О.Жәутіков алғаш рет қазақ тілінде математикалық талдау туралы оқулығын шығарған. Ол 200 ден астам ғылыми еңбектердің, ғылыми-танымдық кітаптардың, методикалық жұмыстардың, көптеген оқулықтардың авторы. Белгілі ғалымдар А.Ляпуновтың, С.Ковалевскийдің, Н.Лобачевскийдің, С.Соболевтің, М.Лаврентьевтің, К.Персидскийдің, Қ.Сәтпаевтің, тағы басқалардың өмірі мен шығармашылық қызметтері туралы зерттеулерін ғылыми-танымдық кітаптары мен мақалаларында жариялаған. 

Академик О.Жәутіков Кеңес Одағы мен шетелдерде өткен осы замандағы математика және механика проблемаларына арналған көптеген съездер, конгрестер мен конференцияларға, симпозиумдарға қатысқан. 

Орынбек Ахметбекұлы Алматы қаласында оқушылардың Кіші ғылымдар академиясын ұйымдастырып, академияның көп жылдар бойы Құрметті президенті болды. 

О.Жәутіков математика ғылымын дамытуға және физика-математика білімдерін жетілдіруде зор үлес қосып, ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлағаны үшін Октябрь революциясы, 2 рет «Құрмет Белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамоталарымен марапатталған. 

Қазақстанның еңбек сіңірген ғылыми және техника қайраткері, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының лауреаты академик-ғалым Орынбек Жәутіков 16 мамыр күні 1989 жылы қайтыс болды. 

Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысымен академик-ғалым О.Жәутіковті мәңгі есте сақтау мақсатында Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі мен Қарқаралы қаласындағы №1 орта мектебіне есімі берілген. 

Әль-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде үздік оқыған студенттерге арналып О.Жәутіков атындағы стипендия тағайындалған. Алматы қаласында ғалым О.Жәутіков тұрған үйдің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылған. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (2)

Дархан

Жəутіков Орынбек Қызыларай емес Қусақ даласында дүниеге келген Өз өмірбаянында жазып кеткен Бұл мəлімет тұлғаны əркім өзіне тату емес тарихи шындық, келер ұрпақ үшін!

Папа

Дархан дұрыс айтады

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)