Зиянкестер

Зиянкестер – адам мен жануарлар организмінде әр түрлі ауру қоздырғышын таратып, өсімдіктерді зақымдайтын жәндіктер мен жануарлар тобы. Зиянкестер адамға, малға, орман және ауыл шаруашылығына үлкен зиян келтіреді.

Ауыл шаруашылық зиянкестері — егістік пен табиғи өсімдіктерді зақымдап, түрлі аурулар таратады. Бұларға, негізінен, кемірушілер, бауыраяқты ұлулар, жұмыр құрттар (нематодтар), т.б. жатады. Мысалы, капустаны — капуста ақ көбелегі мен капуста қара күйесі, асқабақты — ұсақ шыбындар, қызылшаны — қызылша бүргесі, баялды (баклажан) мен картопты — колорадо қоңызы зақымдайды. Жиі кездесетін түрлері: шаян тәрізділер, көп аяқтылар және өрмекші тәрізділер. Көптеген дақылдардың өнімдеріне үлкен зиян келтіретін көпқоректілер: шегірткелер, шілделіктер, күздік көбелек, шалғын көбелек, шыртылдақ қоңыз, қара қоңыз, т.б. Зиянкестер — өздерінің биологиялық ерекшелігімен, түрлерінің көптігімен, өсімталдығының жоғарылығымен және өсіп-өну процесінің шапшандығымен ерекшеленеді.

Зиянкестердің таралуы және олардың кешенді түрлерінің бірлестігі, бір егістікте қалыптасуы, қоршаған ортаның жағдайына және сол ортаға бейімделуіне байланысты. Астық дақылдарының зиянкестері астық өнімдерін күзде тасығанда және қыста сақтау кезінде зақымдайды. Бұларға өрмекші тәрізділер (мысалы, астық кенесі, т.б.), қоңыздар (мысалы, астық қоңызы, астық тескіші, астық сүлікшесі, бізтұмсық қоңыздар, т.б.), көбелектер (мысалы, астық сұр көбелегі, дән қоңыр көбелегі, т.б.), құстар (мысалы, көгершін, үй торғайы, т.б.) жатады. Кенелер, қоңыздар, көбелектер — арпа, бидай, сұлы, күріш, жүгері, т.б. дақылдардың жапырағын, сабағын зақымдап, дернәсілдері өсімдіктің дәнімен қоректенеді. Бұдан астық дақылдарының өнімі кемиді.

Бал арасының зиянкестері аралар мен олардың тіршілік өнімдерімен қоректенеді. Зиянкестердің ішіндегі ең қауіптісі — Vаrrоа jасоbsоn кенесі. Бұлар бал арасын жеп қояды. Бал арасының жыртқыштары (аражегіш, тағанақ, т.б. құстар) омартадағы жиналған балды ғана емес, бал арасымен де қоректенеді. Өсімдік жемісі мен тұқымының зиянкестері — буынаяқтылардың үлкен бір тобы. Бұлар өсімдіктің гүл бүршігін, бүрін, тұқымын, дәнін жеп қоректенеді. Бұл топқа: жапырақ ширатқыш, қосқанаттылар (жапырақ шыбыны, галлицалар), жарғаққанаттылар, қоңыздар жатады. Зиянкестер жыл бойы жиналатын тұқымның жартысына жуығын жеп, шаруашылыққа 25 — 50%-ке дейін шығын келтіруі мүмкін. Орман зиянкестері — орман ағаштары мен бұталарын зақымдайтын жануарлар. Бұларға, негізінен, кенелер, көпаяқтылар, бауыраякты ұлулар (шырыш), жәндікқоректі сүтқоректілер (кірпі, көртышқан, жертесер, т.б.), тышқандар, жұпаяқтылар (қабан, бұғы, бұлан, т.б.), жыртқыштар (түлкі, қоңыр аю) және құстар (тоқылдақ, қайшыауыз) жатады. Зиянкестер ағаштың жапырағын, бұтағын, гүлін, жемісі мен тұқымын жеп, діңін тесіп, тамырларынан шырынын сорады. Зақымданған ағаштар өсуін тоқтатып жеміс салмайды. Олар бірте-бірте өз тіршілігін жояды.

Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Пікірлер (1)

мектеп бітіруші

иә келісем ұбты өз жайында калсыншы

Пікір қалдырыңыз

nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)