Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны

Бүгінгі  таңда  елімізде  білім беру мазмұны жаңа бағытқа бет бұрды. Елбасы  Н.Назарбаев өз сөзінде: «Біз қазір «білім-ғылым-инновация» атты үштік үстемдік құратын постиндустриялық әлемге қарай бағыт алып барамыз», - деген болатын.  Ендеше, еліміздің әлемдік үрдістерге енуі   білім беру жүйесінің жаңа сапалық деңгейге өту қажеттілігін арттыруда екені түсінікті.

    Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде білім беру үдерісінің құрылымы мен мазмұнына елеулі өзгерістер енгізілуіне байланысты Қарағанды қаласында «Назарбаев зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының ұйымдастыруымен 27 маусым мен  22 шілде аралығында  қазақ тілі пәні бойынша  педагогика кадрларының біліктілігін арттыру курсы өтті.

  Курсқа алғаш келген күннен бастап, көкейімізде жүрген көп сауалдардың жауаптарын алдық, жалпы білім беру мазмұнының өзгешелігімен, ерекшелігімен таныстық. Біз осы оқу барысында қазақ тілін жаңа мазмұнда оқыту бойынша дәріс-тренингтер тыңдап,  жаңартылған білім беру бағдарламасының құрылымын, мақсат-міндеттерін түсініп, осыған сәйкес педагогикалық тәсілдерді, білім беру бағдарламасындағы оқу мақсаттарына жетуде критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрендік.  Орыс тілді мектептерде қазақ тілін оқытуда  оқушылардың бойында тілдік құзіреттіліктерді   қалыптастыру бойынша қолданылатын белсенді оқыту стратегияларымен, аудармасыз оқытудың тәсілдерімен таныстық. Тек танысып қоймай, тәжірибе барысында іске асырдық, түрлі тапсырмалар мен жаттығулар әзірледік. Мұғалімдердің сабақ беру үрдісінде негізге алатын 3 құжатпен – Оқу бағдарламасы, оқу жоспары және қалыптастырушы бағалауға арналған тапсырмалар жинағымен танысып, жұмыс жасадық.    Мұндағы жаңа оқу бағдарламасының ерекшелігі – оның ХХІ ғасыр дағдыларын дамытуға бағытталғандығында, яғни ақпаратты іздеу, талдау және интерпретациялау дағдыларын дамыту; адам, табиғат және қоғам туралы олардың бастапқы білім қорларын қалыптастыру (әлемнің біртұтас бейнесі); рухани-адамгершілік құндылықтарын дамыту.

  Жаңа бағдарламаны меңгеру барысында ерекше есте қалған мына әдіс-тәсілдер сабақтың тиімді өтуіне, оқушы бойында қажетті 4 дағдыны(тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым) қалыптастыруға ықпал ететіні сөзсіз: «Шығыс базары», «Білім қабырғасы», «Ыстық орындық», «Пікірлер сызығы», «Сана саяжолы», «9 ромб», «5 қадам», «Драма әдісі», «Әдебиеттік үйірме», графикалық органайзерлер – «Дара диаграмма», «Қос диаграмма», «Оқиға тауы», «Хикая картасы», «Эмоция кестесі», т.б.

Курстан өте көп жаңалық, білім алдық.  Біздің білімге деген құштарлығымызды арттырып, дәріс берген тренеріміз Смайл Айкен Исатайызына  айтар алғысымыз мол! «Жақсы адам ғана жақсы басшы бола алады», -деп Жүсіп Баласағұни бабамыз айтып кеткендей, жаттықтырушымыз бізге өте әділ, мейірімді, білімді, алғыр басшы бола білді. Алдыңғы білімді өткен біліммен салыстыра, ұштастыра отырып, түсінбегенімізді қайта түсінідіріп, әр тыңдаушының санасына жеткізе білді.  Курс аясында білімімізді одан әрі шыңдай түстік, әр сабақ тартымды, қызықты өтті.

Қорыта келе, мен мақаламды  ақын Міржақып Дулатовтың  «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниедегі сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарқын жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні – қараң, келешегі — тұман» деген сөздерімен аяқтағым келіп отыр. ХХІ ғасыр – ғылым ғасыры. Мақсатты білім беру – тұлға дамуын жүзеге асыратын мәселе. Ал осы жалпыеуропалық стнадартқа сай  жаңа білім беру  -  жеке тұлғаның жан-жақты дамуына әкелетін бірден-бір жол!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)