Неге үнсізсің?...

 

Өңімде мен бұл жерді кезбегенмін,

Шынын айтсам, бар-жоғын сезбегенмін.

Ал түсіме осы шың  жиі кіред,

Сезем, сезем, жері емес өзгелердің,

Төскейінен қанша жыл, ғасыр өтті,

Қаншама ұрпақ алмасты өңіріңнен,

Қар көмкерді, жаңғыртып жасын өтті.

Оны қазір тап басып айта алар кім?

Тап басса да, есесін қайтарар кім?

Осы шыңға өрлеймін түсімде мен,

Түн түндігін түргенде айқара күн.

 

 

Қазына іздеп сабылам үңгірлерден,

Тосын үннен сескеніп күңгірлеген,

Өз-өзіме жатқаным сауал қойып,

Іздегенім алтын ба, мүмкін, өлең?..

Сан үңгірді сабылып шарлап-шарлап,

Түк таба алмай көзімнен жасым парлап.

Оянамын, о, тәуба-ай, ертең тағы

Түс сапарға шығамын.

Маған арнап,

Іздемек боп тығылған қазынаны,

Қанағат қып аз дәулет, аз мұраны,

Жүрген жан ем, бұл сырым Аллаға аян,

Жоқ іздетіп неге үңгір қаздырады?

Не десең де,

 

 

Тылсым сыр ашылмаған,

Көрінеді көп жайдан басым маған.

Іздеп жүрген қазынам өлеңім бе,

Жазылмаған,сонан соң басылмаған,

Жыр шашуым жұртыма шашылмаған?..

Неге үнсізсің, мәңгі жас, жасыл ғалам?

 

    Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (1)

зульфия

енбек жемисти болсин

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет

Жарнама