Өлең, жыр, ақындар

Оралда «Болашақ» халықаралық бағдарламасына енгізілген өзгерістер таныстырылды

Өңірге жұмыс сапарымен келген «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Ғани Нығыметов М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде болып, «Болашақ» бағдарламасына енгізілген өзгерістермен таныстырды.

Жиынға қатысқан Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгіновтің атап өткеніндей, Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бұдан жиырма үш жыл бұрын ел болашағы - жастардың әлемдік деңгейде білім алуы үшін «Болашақ» халықаралық бағдарламасын енгізген болатын. Содан бері 12 мыңнан астам адамға стипендия беріліп, шетелдерде оқып келген 9 мыңға жуық маман қазіргі кезде Қазақстанда еңбек етуде. Соның ішінде 135 түлек Батыс Қазақстан облысында қызмет атқаруда. Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында қазіргідей дағдарыс жағдайында ел алдында тұрған міндеттерді атқара алатын, әлемдік талаптарға сай келетін кәсіби мамандарды даярлау жүйесін құруды тапсырғаны белгілі. Бұл ретте «Болашақ» бағдарламасы ЖОО бітірген түлектерге тың жол ашады.

 Кездесуде сөз алған Ғани Нығыметовтің айтуынша, «Болашақ» стипендиясының 2016-2020 жылдарға арналған жаңа даму жоспары Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарына сәйкес жасалды.  Бұдан былай «Болашақ» үміткерлеріне қойылатын талап қатаңдатылды. Егер 2014 жылдың өзінде үміткерлер үшін ағылшын тілі бойынша талап (IELTS) 3.00-ден 4.00 балға жоғарылаған болса, биыл барлық квоталық санаттар үшін 5.00-ге дейін жеткізіліп отыр. Алдағы уақытта ағылшын тілін меңгеру деңгейі дүние жүзіндегі жетекші ЖОО-лардың қабылдау талаптарына дейін көтерілмек.

«Шығынды оңтайландыру және тілдік оқыту тиімділігін арттыру бағытында 2015 жылдан бастап квоталық санаттағы стипендиаттарды 6 айлық тілдік дайындау Назарбаев университеті мен әл-Фараби атындағы Қаз-ҰУ-да жүргізіледі. Содан кейін ағылшын тілін алты ай бойы шетелде оқиды.  2016 жылдан барлық санаттағы «Болашақ» үміткерлері үшін жұмыс өтілі жоғарылатылды. Атап айтқанда, академиялық бағдарламаларға түсетіндер үшін кемінде екі жыл, ал тағылымдамадан өтетіндер үшін 12 айлық мамандану кезеңін қосқанда, үш жыл жұмыс өтілі болуы тиіс. Сондай-ақ техникалық мамандықтар мәртебесін арттыру аясында 2016 жылдан бастап «Магистр дәрежесін алуға инженерлік-техникалық қызметкерлер» жаңа санаты енгізілді, бұл санат бойынша өндірістік секторда кем дегенде екі жылдық қызмет тәжірибесі бар мамандар оқытылады. Осы орайда бұл мүмкіндіктерді батысқазақстандықтар да пайдаланып, әсіресе, инженерлік-техникалық кадрлар қатарын анағұрлым көбейте алады», деді Ғ.Нығыметов.

ҚР Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес ҚР Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау конкурсына қатысу үшін құжаттарды қабылдаудың үшінші қорытынды кезеңі биылғы 30 қыркүйекте аяқталады. «Болашақ» бағдарламасының ресми әкімшісі - «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ стипендияға үміткер Қазақстан азаматтарынан құжаттарды қабылдауда. Үміткерлер құжаттарды электронды үкімет веб-порталы, «Аза­маттар үшін үкімет» мемлекет­тік корпорациясы арқылы (бұрынғы ХҚО) немесе өз қолымен «Халық­аралық бағдарламалар орталығы» АҚ-қа тапсыруға болады. Өткен жылғы конкурстық іріктеу тәжі­рибесі бойынша биылдан бас­тап құжаттар тапсыру талаптары жеңіл­детілді. Бағдарламаны дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған жоспарына сәйкес стипен­дия «Магистратура», «Докторан­тура», «Резидентура» және «Та­ғы­­лымдамалар» бойынша таға­йын­далып, оларға санатына қарай жекелеген талаптар қойылады.

Ғ.Нығыметов өңірге сапары барысында Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалында журналистерге сұхбат беріп, сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектебінде болды.

Айта кетейік, қазіргі кезде БҚО-дан шыққан 45 стипендиат шетелде білім алуда.

Автор: Елжан Ералы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар