Нар тәуекел еткен екен

Мәшһүр Жүсіп Көпеев атындағы кеңшар жиырмасыншы ғасырдың екінші жарты жылдығында еңсе көтеріп, іргелі ел қатарына қосылған. 1961 -жылы сол кездегі «Шадыра» совхозынан бөлініп, жеке совхоз болып шаңырақ көтерген.

Ол кезде бұл елді мекен «Жаңажол» совхозы аталатын. Аудандағы орта шаруашылықтардың бірі еді. Өткен отыз екі, отыз үш жылда сол қалпынан бір танған емес.

Рас, сонау бір жылдарда Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметов директор болған тұста әр сала бойынша арты аудан, алды облыс көлемінде жеңімпаз деп танылып, ауыспалы Қызыл туларды жеңіп алған тұстары да болған. Тек мұндай жұлдызды сәттері ұзаққа бармаған. Шаруашылықтың ірге тасы берік болғанымен,  шаруасы шалқыған ел еді деп айта қою қиын.

Бір сөзбен, оза шауып бәйге алмаса да ұлан бәйгеде шаңға көміліп, тіпті артта қалған жайы және жоқ еді. Ел қатарлы тірлік кешіп жататын. Тек алыптарды алқындырып, онсыз да өлместің күйін кешіп келе жатқан Одақтағы көптеген кәсіпорындар мен шаруашылықтардың шаңырағын шайқай, төрт аяғын аспаннан келтіре келген қайта құру кезеңінің тепкіні қабырғасын қақыратып-ақ жіберген.

Бұл ауыртпалықты қырда жатқан аядай Мәшһүр Жүсіп атындағы кеңшар ғана емес, одақтағы небір шаруасы шалқып отырған кәсіпорындар мен шаруашылықтар да айқын сезінген. Көбісі-ақ тұралап тынған. Шаруадан береке кете бастағаннан кейін елдің де экономикалық жағдайы тығырыққа тірелгендей еді.

«Бір жұмақтың бір тозағы бар» дегендей, нарықтық қатынас кезеңінде ел ішіндегі байланыстың үзіліп, есеп айырысу жүйесі жүрісінен жаңылған жорғадай    кібіртіктеп,    баға    шарықтап,    ақша құнсызданып, жекелеген адамдардың да қалтасын қаға келген қатқыл қабақты нарық заманы одақты мекендеген ұлттар мен ұлыстардың егемендігі мен тәуелсіздігіне жол ашқандай еді.

Ал мұның өзі соңғы жетпіс жылдан астамғы кеңестік дәуір кезеңінде тілі мен дінінен, ата дәстүр, салт-санасынан ада болуға айналып ұлттық сезіміне селкеу түсіп, намысы аяусыз тапталған қазақ
халқы  үшін  жаратушы   жаббар хақтың асқан мейірімділікпен жарылқауымен пара-пар еді.

Ақ түйенің қарны жарылып, тәуелсіздігіміздің негізгі тірегі Ата Заңымыз қабылданып, көсегені көгертер көк байрағымыз көкке шаншыла желбіреп, тірі  жетімнің  күнін  кешіп,   шет  қақпай  қалған тіліміз мәртебелі мінбелерден бұлақ суындай сылдырай төгіліп, хан Абылай, қанжығалы Бөгенбай, қаракерей  Қабанбай, Малайсары, Олжабай, әз Жәнібек тағы да басқа ел қорғаны батырларымыз, қаз дауысты Қазыбек, Төле би, Әйтеке би, Абылайдың   ақылшысы   көмекей   әулие   Бұқар жыраулар   ғасырлар қойнауынан   «тіл   қатып», рухтары туған  халқымен  сағыныса  қауышқан.   

Сол бір тарихи кезең, сол бір ұлы кезеңдер халық  санасын сілкіп қана қоймай, ұлттық намыс отын үрлей түскен шақ еді.      Халықтың өшкенін жандырып, өлгенін тірілту үрдісі  Баян  жерінде де,  өзінің  сәтті  жалғасын тапқан.

Сөйтіп, 1993 - жылдың 20 - қазанында Мәшекеңнің есімімен аталатын кеңшар да ақын, тарихшы, көріпкел әулие Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің осы заманға, сәулет өнерінің талаптарына сай салынған мұражайы айқара есік ашқан.

 Сол күні Арқа төсінде жер-дүниені қарашаның қара суығы қалтыратып   тұрғандай еді. Соған қарамастан Мәшекеңнің мұражайының ашылу салтанатына келген адамдардан көз тұнады.

Аудандағы он бір шаруашылықтан аудан орталығынан келгендерді былай қойғанда, Семей, көршілес Екібастұз қалаларынан да қонақтар баршылық еді.

Міне, біз әулиеге арналып салынған мүражайдың ішіне кіріп келеміз. Мұнда қойылған экспонаттар ақынның өмірінен мол хабар беретіндей. Қарсы алдымызда ақ қағазға бір кимелеп келген ойды жаза қоюға құлшына кіріскен Мәшекеңнің бюсті тұр. Оны көргенде ақ жаулықты аналардың бірі:

- Жарықтық-ай,  деп көзіне жас алған. Сол сәт жұрттың көпшілігі қол орамалдарын жанарларына қарай жақындатып жатқаны байқалып-ақ қалған. Иә, бұл талай жылдар аңсай кұткен асылының, ардағының туған еліне арнаған өлшеусіз еңбегінің ендігі жерде халық игілігіне айналатынан шүбәсіз сенген Мәшекеңнің ұрпақтарының сарғайған сағыныштан шыққан көз жасы, қуаныш көз жасы екендігі сөзсіз еді. Ал кейбір ақсақалдар Алла өзің кешіре гөр десіп, күбірлесіп қояды.

Бәлкім, олардың тарихтың, Мәшекеңнің алдында ешбір кінәлары болмаса да, сонау бір сойқанды жылдарда өткен өкінішті іс үшін Алладан, қала берді Мәшекеңнің аруағынан кешірім сұрағандықтары болар.

Экспонаттарды асықпай аралап жүрген адамдардың арасынан Мұрат Дүйсенбайұлы Рахметовты көзім шалды. Сол сәт жаңа ғана Мәшекеңнің мұражайының ашылуына байланысты баяндама жасаған ақынның немересі, ғалым, жазушы Қуандық Пазылұлы Мәшһүр еңбегін зерттеп, әр жылдарда пікір айтқан. М. Әуезов, С. Мұқанов, Д. Әбілев, Ә. Қоңыратбаев, М. Бөжеев, С.Дәуітовтермен қатар Мәшекеңнің бейітін қалпына келтіріп мұражайын ұйымдастыруды қолға алған адамдардың есімін мақтанышпен айта келіп, Мұрат Дүйсенбайұлына азаматтық ақ алғысын арнағаны есіме оралған. Расында да, Мұрат ағаның және басқаларының сол жылдарда.

Мәшекең үшін атқарған еңбегі ерлікпен пара - пар екен-ау деген ойға бекінген мен осыдан бір жыл, бір ай өткен соң осы әңгімеге қайтып оралып, Мұрат Дүйсенбайұлын іздеп баратынымды білген жоқ едім.

- Иә, деп аз іркіліп, ойға берілген ол әлден соң. Бұл 1976 жылы еді. «Жаңажол» совхозына директор болып тағайындалдым. Сол жылы ақынның келіні, Кеңес Одағының Батыры сол кездегі халық депутаттары облыстық Кеңесінің төрағасы Махмет Қайырбаевқа арнайы барып жолығып, Мәшекеңнің бейітін көтеріп,  қалпына келтіруге рұқсат алып келіпті.

Мақаңның көмегімен Екібастұз халық депутаттары қалалық Кеңесінің атқару  комитеті іске араласып, құрылыс материалдарын  әкеліп төге  бастаған  шағы екен. Нүрила апай маған осы жайларды баяндап, құрылыс материалдарының әлі де жетіспейтіндігін, құрылысшылардың қажет екендігін айтты. Қандай көмегің бар деуді де ұмытпады. Сұрастыра келсем Нұрила апай Ескелдідегі Мәшекең бейітінің басына жеңіл - желпі көшіп те алған екен.

- Көмектесеміз, апа, қолдан  келген  көмекті аямаймыз  деп жатырмын.  Айтқанды  орындау азаматқа сын, қолдан келген көмекті аяғанымыз жоқ. 1977 - жылы бейіт құрылысы аяқталды. Сол күні бейіт басына жиналған халықтың қуанышын көрсеңіз ғой.

Осы сәтте сол жылдарда әлде бір игілікті іс жайлы сөз бола қалса ел басшыларының ертең әлдекім жоғары жаққа жазып жіберсе мен жауап беремін, жұрттың несі кетеді деп шыр-пыры шығатыны есіме түсе кеткені.

- Мұрат Дүйсенбайұлы, құрылыс материаддарының,   әсіресе   адам  күшінің сол жылдар да жыртылып айырылмағаны белгілі. Ауыл тұрғындарының бірінің қорасы құлап, бірінің үйінің төбесінен  тамшы  ағып,   шаруашылық   басшыларынан материал сұрап, ол табыла қалған жағдайда жөндеуші құрылысшылар тауып беруін талап етіп кеңсе табалдырығын тоздырып жүргенін көзбен көрген едік.

Кейде мұның өзі жоғарыға жазылар арыз-шағымға да негіз болып жататын. Ақынның бейітін көтерген кезде өзіңіздің үстіңізден әлдекімдер жоғары жаққа жүйрік қаламын жорғалатып жіберген жоқ па?

- Ол не дегенің? Ауылдың еңбектеген баласынан еңкейген қартына дейін Мәшекеңнің бейітінің ойдағыдай бітуіне тілектес болды десем артық айтқандық болмас. Бір де бірі «Бейітті неге көтеріп жатырсыңдар» деп сөз қозғаған емес. Қайта қаржы қажет болса көмектесейік деушілер аз болған жоқ.

Тіпті, мұражай салу керек дегенді де сол ауыл адамдары ауызға алғаш алған еді. Солардың бірі қазақ өнерінің белгілі тарландары Қуат, Суаттың әкесі Әуезбек Әбусейітов ақсақал Мәшекеңнің немересі Төлеубайдың болашақ мұражайға деп арнап жинаған біраз экспонаттары бар, соны пайдаланып, Мәшекеңнің мұражайын ашу қажет, істің бір қолға алынуы ғой, ар жағы оңғарыла береді деп ауыл тұрғындарыньң атынан тілек білдірген еді.

Мен Төлеубай ақсақалдың үйінде жинақталған экспонаттармен таныстым. Онда киіз үйдің, арбаның, бесіктің алтыбақанның, келінің макеттері бар екен. Осы заттардың, тағы да басқа заттардың макетін Төлекеңнің өзі қолдан жасаған көрінеді.

Мен ол кісілерден: Мәшекеңнің киім - кешегі, пайдаланған заттары бар ма? - деп сұрадым. Бар десті олар. Көз әйнегін, киім - кешегін тағы да басқа заттарын, шай - самаурынын көрсете отырып, мұнымен қатар деді олар тағы да ел ішінде тараған Мәшекеңнің заттары баршылық. Іздестіреміз, жинастырамыз десті.

Көп ұзамай осындағы мектептің бір бөлмесін Мәшекеңнің мұражайына бөліп бердік. Салтанатты жиын өтті. Әуезбек салтанат үстінде Мәшекеңе арнап өзі шығарған өлеңін домбыраға қосылып айтып берді. Кезінде сері, әнші болған Әуекеңнің сол өлеңін жаздыртып алу бірде - біріміздің қаперімізге кірмегеніне өкінемін.

Сонымен қатар ол мұражайға күміс ертоқымын сыйлады. Ауылдың ақ жаулықты әжелері мен, ақсақалдары ән шырқап, би билеп кетті. Келер жылы ауыл ортасынан шаруашылық тәсілмен екі қабатты клуб үйін саламыз, соның екінші қабатын Мәшекеңнің мұражайы ретінде пайдаланамыз-, деп жиналған халыққа уәде бердім.

Аудандық партия комитетіндегі кейбір жолдастарға ойымды сездіртсем олар, өзің біл, әлдекім үстіңнен арыз жазып жіберсе партиядан шықпасаң да сөгіс алатының айдан анық дегенді аңғартты.

Қатты толқып ойлануға тура келді. Өйткені, партиядан шықпасаң да сөгіс алудың өзі ол жылдарда алға басқан адымыңды артқа қарай шегіндірумен пара-пар еді.

Әлденеден ауыл адамдарының мен уәде берген сәтте гүл-гүл жайнаған жүздері, Әуекеңнің әуезді әні құлағыма келгендей болды. Сонымен қатар «уәде құдай аты» дегенді жастай санамызға сіңіріп өскен ауыл баласымыз ғой тақ түссе таңдайға, бақ түссе маңдайға» дегендей нартәуекел деген едік.

Әулие бабамыздың аруағы қолдады ма екен. Әйтеуір ешкім жоғарыға да, төменге де бұл жайлы «хабар» салуға асықпады. Мәдениет үйінің қабырғасы көтеріліп, ішкі өңдеу жүмыстары да аяқталды.

Осы сәтте мен облыстық мәдениет басқармасының бастығы Балтабай Сейсенбековке жолығып, мұражайды жабдықтауға қол ұшын беруді өтіндім. Көп ұзамай Павлодардағы өлкетану мұражайының қызметкерлері келіп, жұмысты қолға алды. Ал бұл кезде болашақ мұражайдың экспонаттарын біржарым жылдың ішінде Аманкелді Омаров жинастырып та үлгерген еді.

Қ. Сәтбаевтың 90 - жылдығын тойлауға сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков келе қалды. Ол Мәшекеңнің басына ат басын бұрып, бейітін мавзолей етіп салыңдар. Музей үйін жеке салыңдар, деп нұсқау беріп қаржы бөлдіртті. Соңғы мұражай кезінде сол кісінің нұсқауымен жоспарланған еді. Міне, оның халқына қызмет етіп тұрғанына да екінші жыл. Тағы да қандай сауалыңыз бар, - деді ол маған назарын тіктеп.

- Бастаған істің сәтті аяқталуы әрқашанда қуаныш дей тұрсақ та сол қуаныш үстінде де адамның жан жүрегін толқытып, есінде мәңгілік қалатын ерекше сәттер де болады ғой. Сол жағына да аздап тоқталып өтсеңіз.

- Мәдениет үйіндегі мұражай ашылғанда Ақбәйбішенің Сүйіндіктің шешесі (Зейнеп) көзі тірі еді. Өзінің үстіндегі шапанын шешіп алып менің иығыма ілді. Сол сәтте айтары жоқ қатты толқыдым. Қарт ананың жан - дүниесінің дархандығына сүйсіндім деп үнсіз қалған ол әлден соң барып шапанын Ақбәйбішенің өзіне қайтып бердім. Қазір де Сүйіндіктің үйінде тұр, деген еді.

Сүлеймен Баязитов


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)