Ұлысын ұлықтаған ел жүрегі

Бірер сөз

Көзінің тірісінде- ақ аты алты алашқа аңыз болып тараған Сарыарқаның саңлақ ақыны, тарихшысы, ойшылы Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің шығармалары сонау тоқырау жылдарының өзінде әр жылдарда там - тұмдап болсын «Үш ғасыр жырлайды», « Бес ғасыр жырлайды» жарық көрсе, оның елден ерек дара қасиеті, әулиелігін кеңінен толғаған кесек дүние түгіл ауызекі айтылатын аңыз әңгімелердің арқауына айналудан қалып, ұмтылып бара жатқандай еді.

Оған 1952 - жылы Мәшекеңнің бейіті құлатылып, сол кездегі партиялық идеологияның ақынның аруағын қорлап, былайғы жұрттың үрейін ұшыруға негізделген солақай саясаттың салқыны ерекше әсер еткені сөзсіз. 

Бір ғажабы идеологтар қаншама тырысып, талаптанса да Мәшекеңді халық санасынан жоя алмады. Оның рухы жылдар өткен сайын асқақтап, аспандай берді.

Тек «Өмір бар жерде өлім бар» дегендей, кезінде Мәшекеңмен дәмдес, тұздас болған, оның дара қасиетін көзімен көріп, көңіліне тоқығандардың қатары сирей берді. Көбінің жадында жатталған небір сырлары өздерімен бірге кеткен болар, кім білсін?!

Әйтсе де, Мәшекеңнің көмескіленіп бара жатқан ізін қайтадан жаңғыртуға талаптанғандар  да аз болған жоқ. Олар жайлы зерделеп, зерттеп, сөз қозғау - келешектің ісі.

Солардың бірі ақынның немересі Сүйіндік Көпеев  1932 - жылы туған еді. Ол ауыл механизаторы, трактор бригадасының бригадирі бола жүріп газет - журналдарға штаттан тыс тілші ретінде атсалысумен келді.

Сонымен қатар ұрпақ парызын өзінше түсініп, бағалаған ол ұлы адамның өмір кезеңдеріне, дара қасиетіне байланысты айтылатын ел аузындағы там - тұм әңгімелерді шама - шарқы келгенше қағаз бетіне түсіре берген екен. 

Қайта  құру, жариялылық рухымен қанаттанған ол соның кейбірін облыстық « Сарыарқа самалы» газетіне жариялатып та жүрді...

Өткен жылы осы «Сарыарқа» журналының бесінші саны С. Торайғыровтың туғанына 100 - жыл толуына орай Баянауыл ауданына арналды.

Онда Сұлтанмахмұт, Қаныш, Шәкен, Зейін тағы да басқа алты алаштың арыстары, исі қазақтың біртуар азаматтары мен Ғабит Мүсірепов, Евней Букетов сынды ұлы тұлғалар жайлы естеліктер беріліп, азды - көпті сыр шертілді. Журналдың сол санында Мәшһүр Жүсіп Көпеев әулие туралы ештеңе жоқ еді.

 Біз ол жайлы материалды Сүйіндіктен күткен едік. Кейін анықтап білгеніміздей оған жіберген хабарымыз дер кезінде жетпеген. Ал қайта хабарласуға, тосуға журналдың уақыты көтермеді. Қап, деп өкінгеннен басқа шара болмаған.

«Бітер істің басына, жақсы келер қасына» демекші, С.Торайғыровтың жүз жылдық мерейтойына Ақмола делегациясының құрамында келген белгілі жазушы, ақын, халқының өткенін зерделей зерттеуші, жоқшысы, бұл күнде мыңдаған оқырмандардың сүйікті басылымына айналған «Сарыарқа» журналының бас редакторы Нұрғожа Оразов ағамыз Мәшһүр Жүсіп әулиенің өзі атындағы шаруашылықтағы Ескелді елді мекеніндегі мазарына арнайы барып, тәуап қылды.

Сол жолы қаламдас бауырым Тілеубек Ғалымұлы екеуімізге журналға Мәшекең жайлы материал ұйымдастырып жіберу жөнінде арнайы тапсырма берді. Біз ол кісіге уәде берген едік.

Содан... Уәде беру оңай, оны орындау соншалықты қиын боларын кім білген. Тағы да сарыла Сүйіндік ағадан, бейіт басында бірге болған бұл да ақынның немересі Қажыманнан хабар күттік.

Күн өткен сайын сол хабардың болатынына деген үмітіміз азая берді. Сондай күндердің бірінде есіме Мәшекеңе ағайын, аудандағы белгілі азаматтардың бірі, аудандық салық инспекциясының бастығы Балға Шайхин аға түсе кеткені. Бәкеңе жолығып, жағдайды айттым. Айтып айтпай не керек, апталар бойы тостырған материал Бәкеңнің араласуымен айналасы бір - екі күнде қолға тиді.

Бәкеңе шын жүректен Мәшекең үшін атқарған ізгілікті ісіңізге рахмет. Сізге бабаңыздың аруағы жар болсын дей отырып, Мәшекең жайлы Сүйіндік жазған «Осындай әңгімелер бар» атты дүниені «Сарыарқа» журналына үлкен үмітпен толқу үстінде ұсындық.

Сүлеймен Баязитов

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)