Өлең, жыр, ақындар

Бейсбол

Бейсбол (ағылшынша baseball, base – негіз, ball – доп ) – таяқша мен доп арқылы ойналатын спорттық командалық ойын түрі.

Әр ойында екі команда ойнайды. Олар шабуыл мен қорғаныста кезекпен ойнайды. Қожайын команда ойынның басында қорғаныста, ал қонақ команда шабуылда ойнайды. Қорғаныстағы команда ойыншылары алаңға шығып, шабуылдаушы командаға ұпай жинауға тосқауыл болады. Ойын тегіс, төртбұрышты көгалды алаңда өткізіледі. Әр команда құрамында 9 ойыншы болады.

Шабуылдаушы команда ойыншысы жүгіруге рұқсат алғанға дейін, қорғаныстағы команданың питчері (доп лақтырушы) квадраттың ортасында белгіленген арнайы орынға тұрады. Ал қалған қорғаушы-ойыншылар алаңда өз позицияларында тұрады. Шабылдаушы команданың ойыншысы (қағушы немесе бэттер) қолына таяқша алып «үй» деп аталатын квадраттың бұрышында тұрады. Қағушы питчер «үй» жаққа допты лақтырғанша күтеді. Питчер допты лақтырған соң бэттер қағуға тырысады. Егер бэттер алаңдағы допты қаға алса, ол таяқты лақтырып, бірінші базаға қарай жүгіреді. Сөйтіп, ойыншы барлық базаларды жүгіріп өтіп, бастапқы орнына қайтіп келу керек.

Ойынның мақсаты – қарсылас командаға қарағанда көбірек ұпай жинау. Шабуылда ойнап жатқан команданың ойыншысы квадраттың (қабырғалары 27,4 метр) бұрышында орналасқан барлық базаларды (жерге бекітілген квадратты (30 × 30 см) жастықшалар) кезекпен жүгіріп өткенде ұпай есептелінеді.  Квадраттың бұрыштары ойында базалар деп аталады (сағат тіліне қарсы): үй, бірінші база, екінші база, үшінші база.

Әр ойын «иннинг» деп аталатын кезеңдерге бөліген. Әр иннингте әр команда бір реттен қорғаныста және шабуылда ойнайды. Шабуылдағы команданың үш ойыншысы аутқа түскенде, командалар орын ауыстырады. Әдетте ойын 9 иннингтен тұрады. Соңғы иннингтен кейін ұпай саны тең болса, қосымша иннингтер беріледі. Бейсбол ойыны тепе-тең есеппен біте алмайды. Сондықтан, жеңімпаз анықталғанға дейін қосымша иннингтер беріледі.

Бейсболдағы доп шеңберінің ұзындығы 23,5 см, салмағы 145 г, таяқшасының ұзындығы 106,7 см.

Бейсбол спорты жылдамдықты, реакцияны, ептілікті, координацияны, күшті, төзімділікті, стратегиялық ойлау қабілетін, тез шешім қабылдай алу қабілетін, коллективтік сезімді және спорттық интелегенттілікті дамытады. Футбол мен баскетболдағыдай ойын уақыты шектелмегендіктен бейсбол ойыны өте қызықты өтеді. Әрі ол демократиялы ойын. Жетістіке жету үшін баскетболшыға бойшаңдық қажет, ал футболистке мығым дене мен төзімділік қажет болса, бейсболда аласа да және бойшаң да, арық та және толық та, жылдам да және баяу да ойыншылар жарық еткен.

Басқа классикалық спорт түрлерімен салыстырғанда бейсболдағы ойын ережелері біршама көп.

Бейсболдың отаны – Англия. Ең алғашқы бейсболдан халықаралық матч 1846 жылы 19 маусымда өтті. Бейсболдың Халықаралық федерациясы (ІBF) 1921 жылы құрылды. Қазіргі уақытта 71 мемлекет мүше. Бейсболдан дүниежүзілік чемпионат 1938 жылдан өткізіліп келеді, 1992 жылдан Олимпиада ойындарына енгізілді.
Бүгінде бейсбол ойынын 120-дан астам мемлекет ойнайды. Бұл ойынды АҚШ өзінің ұлттық ойыны ретінде есептейді. Америкалықтардың ұлттық ойыны бүгінде шекарасында ғана шектеліп қалмай, бүкіл әлемге таралды. АҚШ-та ұлттық бейсбол құрама жұмыс жасайды. Оның командасының 35 жастағы капитанына «Американың халық батыры» атағын бергеніне қарап, ойынның АҚШ-тағы қаншалықты маңызды екенін білуге білуге болады.

Қазақстандағы бейсбол тарихы 1995 жылғы Chevron компаниясы мен Сан-Роман қаласының (Калифорния) бейсбол лигасы белсенділерінің қолдауымен өткен ойыннан басталады. Жыл сайын 300 қазақстандық балалар мен жасөспірімдер бейсболмен айналысады, дегенмен еліміз үшін спорттың бұл түрі экзотикалық (шетелдік) болып табылады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Пікірлер