Жарнама

Фенек

Фенек (лат. Vulpes zerda) – иттер тұқымдасына жататын Солтүстік Африканың шөлдерінде тұратын кішігірім түлкішек. Анда-санда оны Fennecus айрықша тобына жатқызады. Өзінің атын осы аң арабтың fanak сөзінен алды, бұл "түлкі" сөзін білдіреді.

Фенек – ең кішкентай түлкішек. Құйрығымен санағанда дене тұрқы 42-70 см, ал салмағы 1,5 кг-ға дейін. Алайда, табиғат оған шамадан тыс үлкен құлақ берген. Құрғақ шөлдерді мекендеп, бұл аң шыжыған күннің астындағы өмірге әбден бейімделіп алған.

Фенек барлық түлкілердің ішіндегі ашық реңде тонның иесі. Арқасындағы ұзын, қалың және жұмсақ жүні күреңдеу-ақсары немесе қуқыл сары, ал аяқтары мен қарны әдетте ақ түсті. Құйрығының ұшы қара немесе қою қоңыр. Құлақтары арқасындағы жүннің түсіне боялған, ал ішін ашық реңді түкті жүн басқан. Басқа да түлкілердегідей фенектің бас сүйегі жалпиған, тұмсығы жіңішке. Сулы-қара көздері ақшыл жүзінде контрастты түрде ерекшеленіп тұрады.  

Құлағының ұзындығы 15 см-ге дейін жетеді. Құлақтар фенектің шыжыған шөлдегі өмірінде көмектесуші бірден-бір құрал болып табылады. Сақ локатор-құлақтары 1,5 км қашықтыққа дейінгі олжаның тұрған орнының дыбысын аңғарады. Олар сонымен қатар, аңды қызып кетуден құтқаратын, ылғалды буландыру қызметінде атқарады.

Түлкішектің камуфляжды ашық құм түстес реңі оны шөлде мүлде көзге іліктірмейді. Табандар қалың жүнмен қапталған, бұл фенекке күйіп тұрған құмның үстінде оған батпай және күйіп қалудан қорықпай жеңіл жүгіруге мүмкіндік береді. Өзінің мықты аяқтарымен оның құмды қазуы сондай жылдам, ол жердің астына құлап түсіп бара жатқандай көрінеді.

Фенек Солтүстік Африка мен Араб жарты аралын мекендейді. Олардың таралу ареалы батыстан шығысқа – Мароккодан Араб жарты аралына дейін, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай – Жерорта теңізінің жағалауынан Чад, Судан мен Нигерияға дейін созылды. Бұл кішкене аң тек шөл мен шөлейттерде тұрады. Ол ін қазуға жеңіл жұмсақ топырақты немесе шағыл құмды жазық телімдерді ұнатады. Бұл түлкілер әдетте саны 10-15 болатын отбасылық топ болып өмір сүреді. Топтың алдында өз территориясының шекарасын жиі белгілейтін мықты бастаушы тұрады. Отбасы мүшелері өзара бай дыбыстар жиынтығы арқылы түсініседі – ұлиды, үреді, ырылдайды және шырылдайды. Алыс қашықтықтарға фенектер жиі қосыла ұлумен бірге мұңды үру арқылы үн қатады.

Фенектер түңгі жануарлар болғандықтан, азығын аулауға ақшамда шығады және шөлде таң атқанға дейін қожалық етеді. Күндіз шыдатпайтын аптап ыстықта түлкішектер өздерінің құмнан қазған терең індерінде тығылып жатады. Ін неғұрлым терең болған сайын, соғұрлым онда салқынырақ. Жерасты туннельдер ұзындығы бойынша бірнеше метрге жетеді және бірден көп тұрғын орны мен сыртқа шығатын көптеген тесіктері бар.

Фенек ұсақ омыртқалылармен қоректенеді. Ең алдымен өз телімінде терең індерден қазып алатын кеміргіштермен қоректенеді. Сонымен бірге бұл ұсақ аң құс жұмыртқаларымен де, кесірткелермен де және жәндіктермен де қоректенеді. Тамақ қалдықтарын фенек құмға көміп, қор ретінде тығып қояды. Барлық түлкілер сияқты ол тағам талғамайды және түннің көп бөлігінде ұсақ мақұлықтарды аулайды, бірақ қарны ашқан жағдайда жидек және жемістермен әлденуі мүмкін. Бұл түлкі ұзақ уақытқа дейін сусыз жүре алады, бірақ суат тапса, ол көп және ынталана ішеді.

Фенек жұптары бүкіл өмірге құрылады. Олардың төлдері наурыздан мамырға дейін пайда болады. Ұрғашысы бірден бес күшікке дейін алып келеді. Балалары жарыққа зағип жіне мүлде қорғансыз болып келеді. 12-20 күнге түлкішектер көздерін ашады, ал үш аптадан соң қатты тағамды байқап көреді. Бір айға толғанда төлдер сыртқы әлеммен таныса бастайды, ал екі айда олар аналарынан бөлінеді. Фенектер 10-12 жылға дейін өмір сүреді.

Фенектер өте жұғымды, жатырқамайтын аңдар. Тіпті, үлкендерінің өзі ойнағанды және бірін-бір жалағанды жақсы көреді. Кейбір жерлерде адамдар қолға үйретілген фенектерді ұстайды.

Бұл аңдардың нақты саны анықталған жоқ. Соңғы уақытта олар аңшылардың көзіне түсе бастады. Оларды тек терісі мен еті үшін ғана емес, сонымен бірге үй жануары ретінде сату үшін де аулайды. Қазіргі уақытта кейбір елдерде бұл аңдар қорғауға алынған.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (3)

Lashyn

Keremet, magan ynadi raqmet!

Lashyn

Keremet!

Марал

Түрі сондай сүйкімді))

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)