Өлең, жыр, ақындар

М. Әбенов азаматтары жұмысты шертіп жүріп таңдайтын аймақтарды атады

Он жылдан кейін Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында халықтың саны азаяды. Солардың ішінде еңбекке жарамды азаматтар 10-17 пайызға дейін төмендейді. Осыған байланысты «Серпін -2015» бағдарламасын жан-жақты дамытып, адам саны көп облыстарда тұратын жастарды аталған аймақтарға көптеп көшіру керек. Онсыз ол өңірлердің экономикалық дамуы тежеледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Жұмысқа жарамды азаматтар азайған сайын жұмыстың көрсеткіші төмендейді. Демек, белгілі бір жұмыс тобын алмастыратындар жоқ. Қазірдің өзінде мектептер, ауруханалар сияқты бюджеттік мекемелерде адам табылмай жатыр. Оңтүстікте ондай жұмыс табылса, халық саны азайып келе жатқан аймақтарда маман тапшы. Тіпті, жастар арзан қызметке барғысы келмейді. Соның салдарынан бизнес те дамымайды. Ал бизнес қай жерде дамиды? Адам саны көп жерде дамиды. Себебі ондай ортада бәсекелестік бар. Мәселен, біз Риддер қаласында болдық. Ол қалада 65 мың адам тұрады. Бар болғаны 126 адам жұмыссыз жүр. Солардың артынан жүгіреміз дейді, жұмыс істеші, 60 мыңға ең болмаса, көше сыпыр деп. Жаңа автобус бос тұр. 150 мың айлық, ешкім жұмыс істегісі келмейді. Полицияға баратын адам жоқ. Осылайша, халық арасында бәсекелестік болмағасын, нарық төмендейді», - деді «Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша республикалық үйлестіру кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов.

Оның айтуынша, болашақта аталған аймақтарда қанша өндірістік ошақ ашамыз десек те, соның барлығын іске қоса алмаймыз. Себебі жұмыс істеймін деушілердің қатары сиреп жатыр. Аталған мәселені шешу үшін мамандарды сырттан әкелу керек, я болмаса, «Серпін-2050» бағдарламасы аясында ішкі көші-қонды күшейту керек.

«Сондықтан қазіргі кезде біз адам саны көп аймақтарда тұратын жастарды ертерек көшіріп, сол жерлерде бейімделуін қамтамасыз етпесек, ертең экономикалық ғана емес, тіпті саяси-әлеуметтік проблемаларға да тап боламыз. Қазірдің өзінде кейбір жерлерде мектеп оқушылары үш ауысыммен оқиды, балабақшада орын жоқ, колледждерде орын жетіспейді. Мәселен, Қызылорда облысында 100 бала оқуды бітірсе, 17-ақ балаға колледжде орын бар. Әрине, жұмыссыздық осыдан туындайды. Ал Шығыс Қазақстан облысында бұдан бес жыл бұрын колледждерде 17 мың адам оқыса, қазір 10-ақ мың адам білім алады. Оқитын балалар жоқ. Бүгінде көбісі «Серпін» бағдарламасы оңтүстік өңірлерге арналды деп ойлайды. Әсте олай емес. Аталған бағдарлама барлық  аймақтарға арналған. Осыны қоғамға дұрыс түсіндіруіміз керек», - деп атап көрсетті М.Әбенов.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар