Дональд Трамп тұсында америкалық білім қандай болмақ

Мектепті еркін таңдаудың бас чирлидеріне айналамын

АҚШ Президенті сайлауы республикашыл Дональд Трамптың тосын жеңісімен аяқталды. Жыл бойы сарапшылар мен шолушылар саясатта тәжірибесі жоқ миллиардер маңызды мәселелерді талқылаудың орнына туиттерде әлдекімдерді балағаттап, қорлаудан аса алмағанын айтып келгенімен, кезекті президенттің жоспарлары мен жұртқа берген уәдесі жөнінде аз болса да, ақпарат бар. Ақ үйдің жаңа тұрғыны мектептер, оқушылар мен мұғалімдер үшін қандай өзгерістер әзірлеп отыр екен?

1. Қаражат

Дональд Трамп білім беру саласына жұмсалатын шығындарды «қатты қысқартатынын» бір емес, бірнеше рет айтты (АҚШ Білім министрлігінің биылғы бюджеті – 25 млрд доллар). Жалпы, бұл – республикашылдардың бұрыннан бері ұстанып келе жатқан ойы. Мысалы, Дональд Трамптың орнына президент сайлауына түсуі мүмкін болған техастық сенатор Тед Круз бұл министрлікті тіпті жауып тастамақ та болған. Өйткені, партиядағылардың ойынша, жалпыға бірдей ұстаныммен қарауға болмайды: Вашингтонда отырып, Техастағы балаларға не үйрету керек екенін айту мүмкін емес дейді олар.

2. Мектеп бағдарламасы

Трамп жалпыға бірдей білім стандартын таңу дұрыс емес деп есептейді. Сондықтан, мектеп бағдарламасы өзгерсе де, ол өзгеріс жекелеген штаттар деңгейінде ғана болмақ. Республикашылдардың бұл тұрғыдағы кейбір қалауы қазірден белгілі. Мысалы, олар мектептегі отбасын жоспарлау және жыныстық тәрбие бағдарламаларының бәрін жыныстық қатынастан тежелуді насихаттаумен алмастыруды ұсынады. Қыздардың некеге тұрмай жүкті болып қалуы мен жыныстық жолмен таралатын жұқпалы ауруларға қарсы күрестегі ең тиімді тәсіл осы дейді. Сондай-ақ, партиядағылар адамның Жер климатына ықпал ететінін мойындамай, Батыста орнығып қалған теорияға қарсы шығып отыр. Ақыр аяғында, республикашылдар мектептерде Інжілді оқытуды ұсынады. Киелі кітапты түсіну «білімді қоғам қалыптастырудың міндетті алғышарты» деп есептейді екен олар.

3. Білім стандарттары

Common Core білім стандарты біздегі мемлекеттік білім стандартына ұқсайды. Ол білім берудің түрлі сатыларындағы пәндер бойынша оқыту нәтижелерін анықтайды, сондай-ақ, біздегі бірыңғай тестілеуге ұқсайтын формалы емтихан түрін енгізеді. Ағылшын тілі мен математика бойынша стандарттар 2009 жылы пайда болды және оларды Американың елу штатының қырық екісі қабылдады. Бұл бағдарламаны енгізу – мектеп бітіруші түлек балабақша мен мектепте өткізген 13 жылының нәтижесінде қандай білім мен машықтарды игеріп шығуы керек екені жөнінде әйтеуір келісімге келуге деген талпыныс еді. Дональд Трамп сөйлеген сөздерінде Common Core стандартын «апат» деп атап, оны алып тастауды ұсынды. Себеп біреу – америкалықтардың барлығына бір стандандартты жапай таңуға болмайды дейді.

Әйтсе де, бұл құр даурықпа әңгімеге көбірек ұқсайды. Жаңа президенттің Common Core стандартын алып тастауға мүмкіндігі бола қоюы екіталай. Анығырақ айтқанда, алып тастай алмайды, өйткені алып тастайтын ештеңе де жоқ. Бүкіл елге ортақ заң да (әр штат стандартты өз бетімен қабылдаған), стандарттан бас тартпағандарды шөміштен қысам дейтіндей қаражат та жоқ. Әрине, стандарттың алып тасталуын 42 штаттың әрқайсысында жеке-жеке талап етуге болады. Яғни, Вашингтонда отырып, Техастағы балаларды қалай оқыту керек екенін түсіндіруге тура келеді. Тұйық шеңбер.

4. Мектеп таңдау еркіндігі

Трамптың осы идеясы назар аударуға тұрады. Ол тіпті оны жүзеге асыруға 20 млрд доллар жұмсаймын деп те уәде берді. Трамптың айтуынша, әр бала мектепті, яғни мемлекеттік, жекеменшік немесе charter school (дербес басқарудағы, алайда, мемлекет тарапынан қаржыландырылатын алдыңғы қатарлы мектеп) түрлерінің бірін өз қалауынша таңдауға мүмкіндігі болуы керек. Не болмаса, бала мен ата-ананың қалауы бойынша, үйінде отырып та білім алуға немесе діни мектепте оқуына да қақы болуы тиіс. Мұндай жағдайда мектептер әр бала үшін бәсекеге түсе бастайды, өйткені әр балаға мемлекеттен қаражат бөлінеді: мемлекеттік мектеп өзін таңдаған балалар үшін ғана қаржыландырылады.

«Мектеп таңдау еркіндігінің бас чирлидеріне айналамын», - дейді Дональд Трамп, АҚШ қазіргі білім беру жүйесін сынға ала отырып.

Трамптың сайлауалды бағдарламасында америкалық оқушылар өзге елдердегі қатарластарына қарағанда білім деңгейі жағынан артта келе жатқаны атап өтілген. Ал жаңа бағдарлама балаларды – оның ішінде жағдайы нашар отбасылардан шыққан балаларды – нашар мемлекеттік мектептердің тұтқынынан құтқарып алуы тиіс. Хиллари Клинтон бастаған демократтар бұл идеяға түбегейлі қарсы шықты. Олардың ойынша, осының салдарынан мемлекеттік мектептер бәрінен қажет жерде олар құрып кетуі мүмкін, ал ниет білдіргендердің бәріне жекеменшік мектепте оқуға грант бөлуге қаражат жетпейді.

Әйтсе де, дәл осы тұста жаңа әкімшіліктің батыл шешімдері мен әрекеттерін күтуге болады. АҚШ мектептеріне балаларды бөлуде «еркін нарықсыз» да мәселе жетіп артылады. Трамп әсіресе статистика бойынша ең нашар мектептерге тап болатын және ең төмен білім деңгейін көрсететін афроамерикалықтар мен өзге де нәсіл өкілдерін «құтқарудың» маңыздылығын баса атап өткен. Алайда, ол мектептердің ең нашар болып шығуы кездейсоқ емес. Ол – АҚШ саясатындағы қитұрқы экономикалық және нәсілдік бөлінудің салдары. Америка мектептерінде ақ нәсілділер мен афроамерикалықтарды бөліп оқытуға ресми тыйым салынғанына алпыс жыл өткеннен кейін де, жағдай керісінше болып отыр.  Бастапқыда, тек ақ нәсілді не тек қара нәсілді балалар оқитын мектептер саны азайған еді. Кейіннен, нәсілшілдікті түп-тамырымен жойдық деген кезде, қайтадан арта бастады. Бұл мәселенің тамыры АҚШ-тағы географиялық бөлінуде де жатыр: орташа статистикалық америкалық ірі қалалардан тыс елді мекендерде көбінесе тері түсі өзінікіндей адамдардың ортасында өмір сүреді.

5. Тест

АҚШ-тағы бақылау және емтихан тестері айналасындағы дау Қазақстандағыдай-ақ. Қазір біздің елімізде ҰБТ-ға енді үйреніп келе жатсақ, Америкада мұндай емтихан 100 жылдан бері бар (SAT — Scholastic Aptitude Test алғашқы нұсқасы, сыни ойлау дағдыларын тексеретін стандарт емтихан 1926 жылы пайда болған). Қазір америкалық оқушылар стандарт тестерден біздің оқушылардан кем шаршап жүрген жоқ. Олар жылына сондай тесттің жиырма шақтысын, бүкіл оқу кезеңінде – шамаман 110 тест тапсырады. Оларды тек тапсыруға ғана, дайындалуды қоспағанда, жылына 20-25 сағат уақыт кетеді.

Дональд Трамп ең алдымен Common Core аясындағы тесттерге наразы. Оның наразылығы біздің ҰБТ деген наразылығымызға ұқсайды: керек емес нәрсені тексереді және тест сұрақтарына жауап беруді үйрену үшін де біраз уақыт керек. Трамп тесттерден толық бас тартуға шақырмайды. Есесіне, оқушылардың бағасын мұғалімдерді қаржылай ынталандыру немесе жазалау (және мектептер арасындағы бәсекелестікті арттыру) мақсатында қолдануды ұсынады. Бір кезде ойлап шығарылған жыл сайынғы 20 тесттің мақсаты да осы болатын. Алайда, жинақталған тәжірибе кейде күлкілі жағдайларды тудырып жатады. Мысалы, көркемөнер мұғалімінің еңбегін бағалауға математика пәнінің тесті ықпал етіп кететін кездер болады. Ал әр тест тапсырған сайын ең жоғары баға алатын оқушылар ұстазының жалақысына обал жасап жіберуі мүмкін, өйткені «ешқандай өсім көрсетпейді».

6. Мұғалімдер

Жаңа президентке мұғалімдермен қарым-қатынасын басынан бастап қалыптастыруға тура келеді және бастапқыда қиын тиері де анық. АҚШ екі ірі ұстаздар кәсіподағы сайлау кезінде ашықтан-ашық Клинтонды қолдады. Трамп кәсіподақтарды білім беру нарығындағы бәсекелестікті тежеп отырған басты кедергі деп сынға алды. Оның үстіне, мұғалімдер қауымы Трамптың идеяларының бір де біреуін қолдамайды және мектепті еркін таңдауға түбегейлі қарсы. Кәсіподақтар құрамына америкалық мұғалімдердің жартысының жуығы, яғни, екі миллионнан астам адам кіреді. Олар қит етсе ереуілге шығуы да мүмкін.

7. Студент қарызы

Екіге жарылған елдің өзінде демократтар мен республикашылдардың ойы тоғысатын арна табылып жатады. Олардың бірі – студенттер қарызы. Тоғыспау да қиын, өйткені қарыз мөлшері былтырғы жылдың аяғына қарай 1,2 триллион долларға жетті. Салыстыру үшін айта кетсек, АҚШ мемлекеттік қарызы 20 триллионға жетіп қалды. Хиллари Клинтон студенттер қарызымен күресудің ауқымды шараларын ұсынған болатын: білім беру кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемені азайту, табысы төмен отбасылардан шыққан студенттерді мемлекеттік колледжерде тегін оқыту және тағы басқа. Трамп болса, колледждер мен университеттерді оқу ақысы мен шығындарын азайтуға мәжбүрлеуді ғана жоспарлаған. Және, әрине, мемлекеттік студенттерге кредит берудегі ролін әлсіреткісі келеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сайттан іздеу

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)