Жарнама

Діни тәрбиеде берілген дұрыс білім

Бүгінгі таңда қазақ елі өз алдына дербестігін алып, рухты, патриот жастарымен шаңырақ көтерген тәуелсіз мемлекет. Енді міне, жас ұрпақты имандылыққа тәрбиелеп, барша адам баласын бейбітшілікке, туралыққа, тыныш өмір сүруге шақыратын хақ дініміз – Ислам жайлы терең түсінік беріп, теріс ағымдарға жетелеуші қаскүнемдерден аулақтататын кез келді. Себебі, күн өткен сайын өкінішке орай, асыл дінімізге қойылмаған ат, жабылмаған жала жоқ. Дінімізді жек көрінішті етіп көрсететіндер жер-жерден бой көтере бастады. «Терроризм», «Экстремизм» секілді қатыгез атаулар Исламға қатысты айтылатын болды. Алайда, әлемде болып жатқан террорлық әрекеттерге Исламның титімдей қатысы жоқ. Ислам діні – жер бетіне бейбітшілік пен тыныштықты орнату үшін жіберілген хақ дін.

Бүкіл қазақстандықтар өз елінің, жерінің өткенін сезінбей, оның ерлікке, адамгершілікке толы тарихын, өнерін жете ұғынбай, отаншылдық сезімді қалыптастыру мүмкін емес. Сонымен бірге, Елбасы өзінің халыққа әр Жолдауында отандық патриотизмді азаматтардың еліне деген сүйіспеншілігін дамытуды ұлттық қауіпсіздікті сақтаудың негізгі элементтерінің бірі ретінде алға тартып келеді.

Жиырма бес жыл, әрине аз ғана уақыт. Тарих үшін осы аз ғана уақытта еліміз ауыз толтырып айтар жетістіктерге жетті. Тәуелсіз еліміздің жарқын болашағы мен кемел келешегі жастардың қолында. Ал, бүгінгі ұрпақтың тәрбиелі де сауатты болып өсуі, білікті маман болып қалыптасуы бірінші кезектегі мәселе.

Әлемдегі ең жас дін-ислам. Дара дін. Адамгершілікті, адалдықты, бейбітшілікті көксеген дін. Жасыратыны жоқ, бүгінде ата дінімізге қарсы түрлі ағымдарды бетперде қылушылар жиілеп кетті. Көбіне теріс пиғылды діни секталардың жетегінде жастар жүреді.

Жас ұрпақты әртүрлі экстремистік ағымдардан сақтаудың басты амалы – отаншылдық сезімді, елге, жерге, ұлтына деген табандылықты қалыптастыру. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деген болатын. Жалпы, Президент ұлттық руханият дамуының мемлекет өміріне тигізер игі әсері туралы да аз айтып жүрген жоқ. Бір сөзінде «Қазақстандықтардың отаншылдық сезімін тәрбиелеу білім берудің мектепке дейінгі жүйесінен бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық ұйымдарда көкейкесті болып табылады. Балаларды Отанды, туған жерді, өзінің халқын сүюге тәрбиелеу – ұстаздың аса маңызды әрі жауапты парызы» – деген еді.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеуде, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруда негізгі стратегиялық бағыт – мемлекеттік жалпыға бірдей міндетті білім беру стандартына сай оқу процесін жүзеге асыру. Жастардың әртүрлі діни ағымдар мен секталардың шырмауына түсіп, экстремистік әрекеттерге баруы өзіне деген, болашағына деген сенімнің болмауынан. Олай болатын болса, біз әр азаматымыздың өзіне, елінің болашағына деген сенімін арттыруға ықпал етуіміз керек.

Патриотизмге тәрбиелеудің үлкен ортасы – жоғары оқу орны мен мектеп екені белгілі. Ондағы жоспарлы тақырыптық сабақтармен қатар, пәндік олимпиадалар, ғылыми жобалар патриотизмге тәрбиелеудің бір бағыты болып отыр. Сондықтан да, министрлік жастарға білім беріп, оларды тәрбиелейтін ұстаз мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Ұстаздың мәртебесін көтеру, материалдық жағдайын жақсарту тәрбие ісіне елеулі серпін беретіні сөзсіз.

Ахмет Байтұрсынұлының «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын!» деген қанатты сөзі тегін айтылмаса керек. Сондықтан жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, еңбекке баулуға ерекше көңіл бөлінуде.

Қорыта келе, қаралмаған ағаш қисық өсетіні секілді дұрыс тәлім алмаған ұрпақ қоғамды улайды. Ал діни тәрбиеде берілген дұрыс білім бір күні өз нәтижесін бермек. Осы секілді іс-шаралар өзге оқу орындарында да жалғасын тауып, кең көлемде қолға алынғаны абзал. Алла тағала әлемде болып жатқан түрлі жаман оқиғалардың бетін тәуелсіз Қазақстаннан аулақ етсін. Осы орайда жас ұрпаққа рухани тәрбие беріп, діни сауатын ашу үшін барлық жағдайды жасау керек деп ойлаймын. Сонда қан төгу түгілі, бір–бірінің маңдайынан шертпейтін ұрпақ жетіліп шығады. Балалардың руханиятына қатысты құндылықтар олардың бойына мектеп табалдырығынан бастап сіңірілуі керек. Сонда ғана келешекте мұндай аты жаман індеттерден ұрпағымыз аман болмақ.

 

Тұрғанбай Құралай Егінбайқызы

Алматы  қаласы

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)