Өлең, жыр, ақындар

Биыл елді дүрліктірген білім саласындағы реформалар

2016 жылы еліміздің білім саласы - ең көп реформаны бастан кешірген салалардың бірі, ал жыл басында ғана тағайындалған министр Ерлан Сағадиев үкіметтегі ең реформашыл министр болды десек, қателеспейміз. Биыл мектептерде жаңа білім беру жүйесі бекітіліп, соған байланысты көптеген жаңашылдықтар енгізілді. Білім саласында 2016 жылы ең көп сынға ұшыраған мәселелерге шолу. 12 жылдық білім беру, үштілділік, «Әліппемен» қоштасу, мектеп формасы, жазғы демалыс, мектепте ақша жинаумен күрес...

2016-2017 оқу жылы оқушылар саны 2,7 млн адамнан асып, бiрiншi сыныпқа 370 мың балғын барды. Елімізде оларға бiлiм беретiн педагог саны 350 мыңнан асты. Жаңа оқу жылында 7126 білім ошағы оқушылар қабылдады. Дегенмен, биылғы жыл осындай статистикамен ғана шектелмеді, білім саласы биылғы жылдың ең жиі талқыланған өзекті тақырыптарының біріне айналды. Ал Ерлан Сағадиев Білім және ғылым министрі қызметіне тағайындала саласымен бірқатар бастамасымен жұртты дүрліктірді.

Биыл 1-сынып оқушыларына арналған білім берудің жаңартылған стандарты енгізілді. Атап айтсақ, 2016 жылдан бастап бірінші сынып оқушылары жаңа жүйе, сәйкесінше, жаңа пәндер мен оқулықтар бойынша үш тілде білім алып жатыр. Жаңартылған мазмұн бойынша бірінші сыныпқа арналған оқулықтардың 24 түрі әзірленді.

Бірінші сыныптың бiрыңғай оқу-әдiстемелiк кешенінің бағдарламасы өзгеріске ұшырап, «Әліппенің» орнына «Сауат ашу» пәні енгізіліп, жаңадан «жаратылыстану», «көркем еңбек» сияқты пәндер енді. Алайда, министрдің бұл бастамаларын қолдаушылармен қатар оған наразылық білдіргендер де болды. Олардың қатарында саясаткерлер, ғалымдар, қоғам белсенділері, тіпті мұғалімдер де бар. Дегенмен, келесі жылдан бастап жаңа бағдарламаға екінші, бесінші, жетінші сынып оқушылары көшетін болды. Ал 2019 жылдан бастап еліміздегі мектептер үштілді білім беру жүйесіне толығымен өтеді.

Сондай-ақ, биыл 12 жылдық білім беру жүйесіне толық көшу 2027 жылы аяқталатыны белгілі болды. Ал 2016-2017 жылғы оқу жылында мектепте оқып жүргендер (1-сыныптан басқалары) 12 жылдық жүйеге іліккен жоқ.

Биыл Е.Сағадиевтің 5 күндік оқуға көшуге байланысты оқушылардың жазғы демалысының қысқаратыны туралы мәлімдемесі де жұртты бір сілкіп алды. Сенат депутаты Дариға Назарбаева да алдағы уақытта Қазақстанда оқу жылы шілдеге дейін ұзартылуы мүмкін екенін айтқан болатын. Дегенмен, әзірге бұл мәселеге қатысты нақты шешім жоқ.

Биыл мектеп формасына қатысты да бірқатар даудың туындағаны белгілі. Бірі тігілген формалардың сапасыздығына наразылық білдірсе, енді бірі Астана бойынша бірыңғай форма шығады деп шулады. Дегенмен, Астана қаласының Білім басқармасы қала бойынша әзірге бірыңғай форманың енгізілмейтінін айтты. Сондай-ақ, елордада «Илясова А.А.» ЖК сапасыз мектеп формасы бойынша ата-аналар арасында дау тудырып, кейіннен кәсіпорын түркиялық фирмадан бас тартып, киімді ресейлік кәсіпорынмен бірігіп тігетінін мәлімдеді. Жалпы, мектеп формасы тақырыбы ел арасында кең талқыланып, оның орташа бағасы да белгілі болды. Бастауыш сыныптарда формасы 10 мың теңгеге, ал жоғары сыныптардың киімі 18-20 мың теңгеге сатылды.

Ал мектептердің ақша сұрауына қатысты мәселені Тамыз кеңесінде Астана әкімі Әсет Исекешев көтерді. Қала басшысы ақша сұрайтын мектептер проблемасын жеке бақылауына алатынын айтты. «Білім мекемелері балаларды мектепке қабылдау кезінде «орын жоқ» деп сылтауратып, ақша сұрайтыны туралы әлеуметтік желіде жиі айтылады. Осындай проблемалармен кездескен қала тұрғындары тікелей маған хабарласа алады», - деген еді әкім.

Оқу жылының қарсаңында көптеген түйткілді мәселелермен қатар смартфон мәселесі де назардан тас қалған жоқ. Мемлекеттік қызметкерлерге қарағанда оқушылардың маңдайының бағы бес елі болып шықты. Яғни, Үкімет бір ғана қаулымен бүкіл мемқызметкерлерді жұмыс уақытында смартфоннан айырған болса, оқушыларға келгенде рақымшылық танытты. ҚР БҒМ, оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салу туралы шешiмдi мектеп немесе ұйым өздері қабылдайды. Себебі, бұл мәселе ата-аналармен бiрiгiп шешiлуi тиiс деп есептеді.

«Ата-аналардың көбі балалары қалай мектепке немесе үйге жеттi деп телефон арқылы бiлiп отырады. Сондықтан, смартфонға әзірше тыйым салынбайды. Дегенмен, телефон жоғары сыныптардың оқу процесіне кедергі келтіреді», - деген болатын ҚР БҒМ вице-министрi Э.Суханбердиева.

Реформашыл Ерлан Сағадиев жуырда бала тәрбиесіне алаңдаушылық білдірді. Министрдің айтуынша, соңғы уақытта ата-аналар жұмысбасты болып, мектепке мүлдем келмейтінді шығарды. Сондықтан, ол үкімет отырысында мемлекеттік қызметкерлерді жұмысынан ерте жіберуді сұрады. Е.Сағадиевтің айтуынша, қазіргі кезде ата-аналардың тек 10-12 пайызы мектептегі жиналысқа қатысады екен. Ата-аналардың 50 пайызы 11 жыл бойы мектеп бетіп көрместен кететін көрінеді.

Еліміздің жоғарғы біліміне келсек, онда жағымды жаңалықтар көп болды. Мәселен, биыл ҰБТ-дан өте алмай қалған түлектер қайта тапсыру мүмкiндiгiне ие болды. «Биыл ҰБТ жаңа форматта өттi. Бiрiншi рет тестiлеуден өте алмай қалған түлектер қайта тапсыру мүмкiндiгiне ие болды. Сондай-ақ, межелi балды жинай алмай қалған түлектер шартты түрде ақылы бөлiмге қабылданатын болды. Бұл түлектердiң қазақстандық ЖОО-ларға түсуiн бiршама жеңiлдетедi», - дедi Ерлан Сағадиев.

Сондай-ақ, биыл 2017 жылдан бастап орта кәсіптік-техникалық білімнің тегін берілетіні белгілі болды.

Жылдың қорытындысы бойынша, Ұстаздар күні 2016 жылдың үздiк педагогтары марапатталды. Оларға төсбелгi мен «үздiк ұстаз» мүсiнi сыйға тартылып, жүлде ретiнде 2 млн теңгеден берiлдi. Ұстаздардың қуанышын биыл елімізде ашылған жаңа білім ордалары жалғады. Солардың бірі – елордада ашылған Қазақ ұлттық хореография академиясы. Академияны Қазақстан Президентi Нұрсұлтан Назарбаев салтанатты түрде ашып, ғимараттың Астанада ғана емес, бүкiл Орталық Азияда теңдесi жоқ екенін айтты. Академия балет өнерінің түрлі саласында білім беріп, кішкентай кезден кәсіби балет орындаушыларын тегiн дайындайтын болады. Елбасы академия Тәуелсiздiктiң 25 жылдығына Астанаға, жалпы Қазақстанға жасалған үлкен тарту екенін жеткізді. Міне, биылғы жылы басталған үлкен реформалардың алғашқы қадамдары осындай болды. Үлкен өзгерістер келесі жылы жалғасын тауып, енді екінші сыныптарды 12 жылдық білім жүйесіне көшіріп, жаңа оқулықтармен қамту көзделген.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар