Өзгелерді кінәлауды доғартатын 3 қадам

Көп жағдайда өзіміз ұғына бермейтін қателіктерге біреулерді кінәлап жатамыз. Осы әдеттен арылтуға көмектесетін оңай жол бар.

Ұйықтап қалғаннан немесе ұзақ жиналғаннан емес, кейінгі шегеруге келмейтін жағдайлардан, сіздің бөгеле тұруыңызды қажет ететін оқиғалардан кездесуге кешіккен сәттеріңіз болған шығар? Әрине, өмірде түрлі жағдайлар болады. Алайда бұған сіз емес, сыртқы факторлар әсер еткенін айтып, көндіре алдыңыз ба?

Жауап қандай болмасын, сізбен кездесуге біреу кешігіп жатса, оның бөгелуіне себеп болған жағдайларға қарамастан, оны ұқыпсыздығы үшін кінәлауға дайын тұратын боларсыз?

Өзгелердің қателігі неге кешірілместей көрінетінін, ал өз қателіктерімізді сыртқы жағдайлармен неге ақтап алуға дайын тұратынымыз жайлы осы мақалада әңгімелемекпіз.

Атрибуция қателігі дегеніміз не?

Өзгелердің қателігін әсірелеу – қалыпты құбылыс. Бұл тұрғыдан уайымдаудың қажеті жоқ, себебі бұл психологиялық механизм бәрінде бар. Ол атрибуция қателігі деп аталады және былай түсіндіріледі:

Біз өзге адамдардың әрекетін тұлғалық ерекшелігі тұрғысынан, ал өзіміздікін – сыртқы жағдайлардың әсері тұрғысынан түсіндіруге бейімбіз.

Бұл құбылысты біз күнделікті байқаймыз.

Алайда атрибуция қателігінің ең қорқыныштысы өз әрекеттеріңді әрдайым ақтап алу емес. Ең қиыны – мұның адамдармен қарым-қатынасымызға көшуі. Бір адам басқа біреудің жаман мінезін айтып, кінәлап, ал өзіне келгенде бұған сыртқы әсерлерді кіналайтын көптеген мысалдарды білеміз.

Дөрекі адамды кездестіргенде, ол адам неге ондай болды деп әркім ойлана бермейді. Бірінші кезекте біз оның тұлғасына көзқарасымызды көрсетеміз. Бірақ біз бұлай салдарды себеппен шатастырып, адамдардың және өзіміздің әрекеттерімізді сауатты бағалай алмай жатамыз.

Атрибуция қателіктерін түйсінудің өзі қарым-қатынастағы көптеген мәселелерге жаңаша қарауға мүмкіндік береді. Алайда ол туралы білу «Не істеу керек?» деген сұраққа жауап бермейді. Сондықтан мен осы психологиялық қақпанға түсіп қалмаудың бірнеше қарапайым ережесін ұсынамын.

Өзгелерді кінәлауды қалай доғаруға болады?

1. Сыртқы себепті іздеңіз

Бөгде адамның кесірінен қолайсыз жағдайға түсіп қалған болсаңыз, өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: «Оның бұл әрекетіне оған тәуелді емес қандай да бір себеп болуы мүмкін бе?» Жағдайларға ғана сүйеніп, адамның жеке қасиеттерін екінші планға ысырып тастаңыз. Себебі жалпы біздің мінезіміз көптеген жағдайлардың әсерінен қалыптасты ғой.

Жауап табылған сәтте эмоцияларыңыз біртіндеп бәсеңдейді. Оның орнына адамның олай емес, неге бұлай істегенін түсіне бастайсыз және жақын досыңызды, сүйіктіңізді немесе бизнес-серіктесіңізді кінәраттамайсыз.

2. Ниеттес болыңыз

Себебін тапқан уақытта, ашу мен көңіл қалудың орнына жанашырлық келеді. Себебі сіз қиын жағдайға түсіп қала жаздаған адам үшін уайымдай бастайсыз.

Егер бұл сезім бірден келмесе, онда өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Иә, ол кешігіп жатыр, бірақ оған дереу туыстарына көмектесу керек болған шығар немесе жұмыстан күтпеген тапсырма жүктелген шығар? Сіз оның орнында не істер едіңіз?

Адамның бойынан кемшілік іздегенше сол адамға ниеттес болыңыз. Сонда сіз өзіңізді теріс ойдан арылтып қана қоймай, адамды бекерге айыптамайтын боласыз.

3. Өткенмен өмір сүрмеңіз

Бұл психологиялық қақпан жайлы білгенде, бұрынырақта оған түскен жағдайларды еске түсіре бастадым. Ең алдымен сезінгенім — бұл өз-өзімді айыптау болды. Себебі осындай сәттерде біреулерді кінәлап, өзімді ақтап алған кездерім есіме түсті. Сонымен қатар өзгелердің сыртқы жағдайлардың салдарынан өздерін ақтап алған кездеріне ашуым келді.

Бірақ бұл сезімдер мені артқа тартпас үшін мен бүгінде әр ойым мен әрекетімді бақылап, өткенмен өмір сүруді доғардым.

Өз қателіктеріңізді түсінген уақытта, өзгелердің әрекетінің себебін іздеп және оларға ниеттес болуды үйренген кезіңізде, өзгелер мен өзіңізді кінәлаудан арыласыз.

Сөз соңында

Атрибуция қателігінен арылу қиын. Себебі барлық жетістіктерге өзіміз жеткенімізге, ал сәтсіздіктер сырттан болатынына сенімді болып жүргіміз келеді.

Алайда өмір алуан түрлі. Және кейде біздің сөздеріміз бен шешімдеріміздің салдары оң нәтиже бермейтін жағдайлар туындап жатады. Мұны тым құрығанда өзіміз мойындауымыз керек. Не үшін? Себебі басқаша әрекет ете алатынымызды білу үшін.

Өзгелердің табысы аспаннан жауған, ал өзінің сәтсіздіктері — тағдырдың тәлкегі деп ұғатындар табысқа жете алмайды немесе бақытты қарым-қатынас құра алмайды.

Сәттілік тілеймін!


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)