Өлең, жыр, ақындар

Қарағанды облысындағы мектеп медпунктерінің тең жартысы нормаға сай емес

Қарағанды облысы әкімдігінде мектеп медпункттерін денсаулық сақтау жүйесінің қарауына өткізу үдерісі талқыланды.

«Облыста оқушылар мен мектеп ұжымына медициналық қызмет көрсету жұмысын, құрылғылар мен медициналық кабинет ғимараттарын денсаулық сақтау жүйесіне өткізу бойынша Жол картасы жасалды. Меншік нысанына қарамастан, барлық мектептер сол аумақтағы емханаларға бекітілген», - деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев.

«Инвентаризация көрсеткендей, білім беру ұйымдарының 40% медициналық пункттері ғимарат, техникалық шарттар, орналасқан орны секілді нормативтерге сәйкес келмейді. Сондай-ақ, кабинеттердің жабдықталуы да рұқсат етілген норманың 35,8% ғана құрайды», - деп атап өтті баяндамашы.

Оның айтуынша, өңірдегі білім беру жүйесінде 8 дәрігер мен 529 орташа медициналық қызметкер жұмыс істейді. Мекеме басшысы олардың ешқайсысы жұмыссыз қалмайтынын баса айтты.

«Барлығына емхана штатына ауысу туралы хабар жіберілді. Салыстыру арқылы 10 медициналық қызметкердің сертификаты жоқ екендігі анықталды. Олар уақытша өзге лауазымдар бойынша қабылданады және емхана есебінен біліктіліктерін көтеріп, сертификатталады», - деді Е.Нұрлыбаев.

Ол биылғы оқу жылында 180 мыңнан астам оқушының қаралғанын, оның 8,5 мыңының түрлі аурулар бойынша диспансерлік есепке қойылғанын хабарлады.

Қарағанды облысында жалпы білім беретін 513 мектеп бар, оның 507 мемлекеттік және 6 - жеке. Онда 475 медициналық пункт жұмыс істейді. Ал 15 балаға дейін оқитын ауылдың шағын мектептерінде медициналық кабинеттер мүлдем жоқ. 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар