Өлең, жыр, ақындар

Ұялы телефонның жас өспірімдерге кері әсері

Заманауи техниканың дамуы, адамдарды жалқаулыққа, немқұрайлыққа, менмендікке, оған деген басыбайлылыққа тәрбиелеп бара жатқандай… Көшеде, аялдамада, автобус ішінде, кез-келген ортада экран бетіне үңілген жұрт. Тіпті, кішкентай сәбидің өзі де ұялы телефонды «сүйкімді ойыншық» еткісі келеді. Бесік жырының орнына музыкамен ұйықтайтын бөпелерде  жоқ емес. Заманында шыққан техника, онда тұрған не бар екен деген ата – аналар кездесіп жатыр. Сонда ұлттық болмысымызды, салт-дәстүрімізді басқа елден келген заманауи техникаға алмастырып, өз елінің салт-дәстүрін бойына сіңіріп өспеген жанның ертеңінен не күтуге болады? Осының салдарынан бұйығы, өзімшіл, қайрымсыз ұрпақ өссе ертеңнен не қайыр?

Шыны керек, кітапханаға баратындардың қатары сиреп барады. Ол шындық, қанша жерден том-томдап кітап шығарғанмен, күні ертең оның электронды нұсқасы қолыңа түседі, сосын кішкентай экранға телміреді. Ұзақ мерзім экран бетіне үңілген жанардың нұры таятындығын медицина да дәлелдеп жатыр. Айтпағымыз, қалтафонның жас буынның санасына пайдасынан гөрі кері әсері көп болып тұрғандығы.

Баладан ата-ананың аяры бар ма?  Ұрпағы үшiн жүрегiн суырып беруге дайын. Адамдарға айшылық алыс жерлерден жылдам хабар жеткiзетiн, жүздеспесе де  көргендей әсер беретiн қалтафонның пайдасы мол. Ұл-қызының аман-саулығын бiлiп отыруға құштар үлкендер үшiн ыңғайлы болған бұл техниканың тұрмысы нашар отбасынан шыққан балалар арасында әлеуметтiк теңсiздiк тудыратынын бiле бермейміз. Сананы нарық билеген заманда әркiм өз шама-шарқынша жұрт қатарлы жүрiп-тұрғысы келедi. Жаңа сән қуып, киiмнiң қымбатын, техниканың озығын тұтынуды армандайды. Әрi соған қарай әрекет жасайды. Кейде “сотовыйсыз”  құрбыларына заман көшiнен қалып қойғандай таңырқай қарайды. Бұл жағдайдың барлығы саналы тәрбе мен сапалы білім алуға кері әсерін тигізеді.

Статистикалық мәлiметке сүйенсек, Қазақстанда қол телефонын пайдаланушылардың саны жалпы халықтың 50 пайызынан асқан. Қазақстан халқының 30 пайыздан астамы жастар екенiн ескерсек, байланыс жүйесiнiң белсендiлерi де солар болып отыр. Сондықтан болар, байланыс қызметiн ұсынатын iрiлi-ұсақ серiктес компаниялар елiмiзде жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтай көбейiп кеттi. Кейiнгi кездерi қалтафон брендтерiнiң өзара бәсекелестiгi нәтижесiнде олардың бағасы төмендедi. Бұрын банк қызметi арқылы кредит алып жүргендер ендi технодомдардан телефон алуына да болады екен. Ол үшiн арнайы келiсiмшартқа отырып, айлық көрсеткiш есебiнде бiр жыл iшiнде төлеп бiтсе болғаны. Бұл компаниялардың iшкi саясаты – жастарды көбiрек жұмылдыру. Оның үстiне жұртшылықтың назарын бағасы арзан байланысқа аударған акциялар өткiзу арқылы тартады. Соның арқасында жастар арасында абоненттерiнiң санын арттырмақ.

Жастар арасында ұялы телефондардың пайдаланушысының көбеюуі жастардың ағзасына зиян келтiрмесiне кiм кепiл? Мамандар алдағы 10-15 жылда сымсыз телефонның әлегiнен қауiптi iсiк дертiне шалдығушылардың саны арта түсетiнiн айтуда. Көршi Қытай елiнiң ғалымдары зерттеу жүргiзу барысында қалтафонның зияны туралы айта келiп, оның зардабын әлсiретудiң жолдарын ортаға салды. Әрi сөйлесу уақытының аралығы күнiне 3 сағаттан артық болмауы керек дегендi алға тартады.

Он жыл бойы күнiне жарты сағат ұялы телефонмен сөйлескен адамдардың глиома дертiне шалдығу қаупi 40 пайызға дейiн ұлғайған. Бұл жүйке, эндокриндiк және жыныстық аурулардың асқынуына әсер ететiн көрiнедi. Шведтiк ғалымдардың мәлiмдеуiнше, 10-11 жастан берi ұялы телефонды тұрақты пайдаланатын жандардың ми iсiгiне тап болуы әбден мүмкiн. Себебi, электромагниттiк сәулелер ойлау қабiлетiн реттейтiн мидың жүйке орталығына енедi. Эпилепсия, жүйке аурулары, ақ қан сияқты дерттiң де асқынуының негiзгi себепкерi де осы ұялы телефондар болып отыр.

Сабақ кезiнде оқушының қалтафон пайдалануы қаншалықты заңды? Сабақ барысында ұялы телефонды пайдалануына Қазақстан Республикасының Заңдары бойынша тыйым салынбаған. Сондықтан бұл жағдай әр мектептiң iшкi ережесiне сәйкес, ата-аналардың келiсiмiмен реттелiнiп отыр. Өйткенi, «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚР Заңының 10-бабы, 1-тармағына сәйкес «Әрбiр баланың өмiр сүруге, жеке басының бостандығына, қадiр-қасиетiне және жеке өмiрiне қол сұғылмауға құқығы бар» делiнген. Бүгiнде сабақ үстiнде ұялы телефонды пайдалануына «Iшкi тәртiп ережесiне» сәйкес барлық сабақтары аяқталғаннан кейiн ғана рұқсат бередi. Алайда, азаматтық қоғамда әркiмнiң өз құқығы бар дегендi көлденең тартатындар да аз емес. Ашушаң апайдың сабағында “соткасын” сөндiрiп қойып, момын мұғалiмнiң дәрiстерiнде құлаққаппен музыка тыңдайтын жастар да кездеседi.

Ұялы телефон әр адамның жеке мүлкi болғандықтан арнайы нұсқау болмай, оның iшкi мазмұнын тексеруге мекеме әкiмшiлiгiнiң және оқытушылардың құқығы жоқ. Бұл мәселенi тек оқушының ата-аналармен байланысып шешуiне болады.

Ұялы телефон мен интернет желілері жас өспірімдерді «Порно» әуестікке жетелеуде. Жоқ десеңіз қателесесіз. Еліктеу кезеңіндегі жас буынның санасын торлаған азғындықтың таралуы осы «момақан соткалар» арқылы таралады. Тіпті, әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларында да сондай суреттер мен видеолар салып, оны бір-біріне жіберіп жатады. Эротикалық-порнографиялық сипаттағы вирустардан қорғаудың жолы кәмелекте толмаған өскінге заманауи қалтафонды оқу орындарында, тіпті отбасында да тиым салумен ғана әлсіретуге болатындай.

Шымкент аграрлық колледжінің
КТК9-141 тобының оқушысы Шамил Айдана
Жетекшісі: Информатика пәнінің оқытушысы Айтмирзаева Райхан

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз