Эссе және өлең-жыр байқауы

Әділет министрі қылмыс жасаған балаларға арналған мектепті БҒМ-ге беруді ұсынды

ҚР Әділет министрі Марат Бекетаев Білім және ғылым министрлігінің қарауына аса ауыр қылмыс жасаған балаларға арналған мектепті беруді ұсынды, деп ҚазАқпарат хабарлайды.

«Түрлі деңгейлерде ұстанымымды бірнеше рет айтқан болатынмын. Жалғыз балалар колониясын Ішкі істер министрлігінен ҚР БҒМ-ге беру мәселесін тағы ойластырудың уақыты жеткен сияқты. Түрме жүйесінің өзіндік ерекшеліктері бар. Балалар колониясында жұмыс істеген қызметкер ары қарай мансабын жалғастырып, ересектер колониясына басшылыққа барады. Отрядтар бастықтары ересектер мекемесінен балалар колониясына ауысып жатады және керісінше ауыс-түйістер жалғасуда. Яғни, ересектермен жұмыс істегендер келесі күні балалардың тәртібіне қарап жүреді. Бұндай қадамдар дұрыс емес секілді. Сондықтан Білім және ғылым министрлігі тағы да бір рет осы мәселені ойластыруы керек деген ұсыныс бар»,-деді министр ҚР Әділет министрлігінде өткен заң жобалық қызметтер мәселесі бойынша ведомствоаралық комиссияның отырысында.

Кейіннен брифинг барысында ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Забира Оразалиева бүгінде Қазақстанда колониялар жағдайына теңестерілген жалғыз арнайы мектеп ШҚО-да орналасқанын атап өтті. Онда аса ауыр қылмыс жасаған 14-18 жас аралығындағы балалар тәлім алуда.

«Бұл мектептің штатында колониядағы секілді күзет қызметі бар. Оны ІІМ-нен БҒМ-ге беру туралы мәселе бірнеше мәрте Үкімет деңгейінде талқыланған болатын. Қазіргі кезеңде сарапшылар мектепті Ішкі істер министрлігіне қалдыру шешімін жасады. Ол жерде аса ауыр қылмыс жасаған балалар орналастырылған. (...) Осындағы ерекше режімді Білім министрлігі қамтамасыз ете алмайды. Яғни, онда тиісті қадағалау мен күзет шаралары ескерілмей қалуы ықтимал»,-деді З. Оразалиева.

Комитет мәліметінше, бұл мекемеге баратын балалардың саны айтарлықтай азайған. 2015 жылы мектепте 197 бала болса, 2016 жылы 22 бала тәрбиеленді.

«Республика бойынша бұл жалғыз мектеп болғандықтан, барша өңірлерден аса ауыр қылмыс жасаған балалар сонда жеткізілетіні белгілі. Соңғы жылдары онда балалар саны күрт азайды, сондай-ақ 2016 жылы тек қана екі бала болған кезде мектепті жауып тастау мәселесі де көтерілді»,-деді комитет басшысы.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...