Криптия — Спартадағы өлтірудің заңды түрі

Белгілі болғандай, спарталықтардың тәрбиесі – өте қатаң. Спартада ғылым, өнер, қолөнерге мән берілмеген. Жер өңдеу илоттарға, яғни құлдарға міндеттелген. Ал азат спарталық үшін мұндай кәсіп ұятты болған. Тіпті, балаларды сауаттылыққа қажетті деңгейге дейін ғана үйреткен.

Нағыз спарталық үшін ең маңызды әрі лайықты дүние – соғыс. Ұл балаларды 7 жасқа толғаннан-ақ агела аталатын ерекше мектепке берген. Онда ұлдар ерлік, табандылық пен үлкендерге бағынуға тәрбиеленеді. Ал 12 жастан бастап нағыз әскери тәрбие берілген. Яғни жас спарталықтарды қатыгездік пен алдына келген жанды мерт етуге дайын болуға үйрете бастайды.

Ер жеткен жауынгерлердің алғашқы құрбандары – илоттар. Құлдарға шабуыл жасау «криптия» деп аталған. Бұлайша жазықсыз жандарды өлтіру заңды негізде болған. Эфорлар, яғни Спартадағы жоғары сот билігі өкілдері илоттарға қарсы соғыс жариялаған.

Қысқа семсермен қаруланған жас жауынгерлер илоттардың үйіне шапқыншылық жасаған немесе егіс алқабында еңбектеніп жүрген адамдарды өлтірген. Құрбанына сездірместен жақындап, семсерді бір сермегей ажал құштыру криптияда ерекше бағаланған. Жауынгерлер ең күшті деген құлдарды өлтіруге тырысқан. Себебі дәл сондай мықты жандар Спартада бүлік тудыруы мүмкін еді.

Десе де тек құлдар ғана құрбан бола бермеген. Илоттарға қару ұстауға қатаң түрде тыйым салынғанына қарамастан, олардың кейбірі жауынгерлерге айбат көрсетіп, төтеп бере алған. Сәтсіз «аңшылық» спарталықтың өлімімен де аяқталуы ықтимал. Бірақ мұндай жағдайда құлдардың тағдыры адам шошырлық күйге түседі. Спарталықтар жолдасы бақилық болған ауылға бірнеше жасақ аттандырып, ауыл тұрғындарының бәрін аяусыз қырған.

Криптаның негізгі мақсаты – жеткіншектерге өлтіру ілімінің негіздерін үйрету ғана емес, сонымен қатар илоттардың жүрегінде үрей тудыру. Олар үнемі үреймен өмір сүруі керек еді. Илоттар арқылы жас спарталықтарға адам бойындағы кемшіліктер мен жағымсыз қылықтарды көрсеткен. Мысалы, жас спарталықтарға мас адамның хайуан күйіне түсетінін көрсету үшін, құлдарды шарапқа сылқита тойғызған.

Криптия кезінде спарталықтар ашық түрде арамдыққа барған. Бірде жүздеген илот қанішерлерден қашып, Посейдон ғибадатханасында тығылған. Заң бойынша ғибадатханадағы адамға тиісуге болмайды. Осы кезде спарталықтар құлдарға өмірін сақтауға уәде береді. Жауынгерлер сөзіне сенген құлдар біртіндеп ғибадатханадан шыға бастайды. Алайда жауынгерлер уәдесінен тайып, барлығын қырып салады.

Криптия Спарта тарихының соңғы нүктесіне дейін жалғасқан. Грекияны Рим жаулап алғаннан кейін, адамдардың қанын төккен мұндай қатыгез дәстүр ұмыт қалған-ды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)