ХІХ ғасырдың ІІ жартысындағы Патша өкіметінің қоныстандыру саясатының Сыр өңірінің демографиялық ахуалына әсері

Патша өкіметінің қазақ жеріне орыстарды қоныстандыру саясаты тарихымыздың аса күрделі де қайшылықты беттері. Сондықтанда кеңестік тарих ғылымы да бұл мәселеге үлкен көңіл бөлуге мәжбүр болды. Кезінде П.Г.Галузо, Б.Сүлейменов, Е.Бекмаханов, Ә.Тұрсынбаев [1] тәрізді кеңестік тарихшылар бұл мәселені жан-жақты зерттеуді  қолға алды. Алайда, қалыптасқан комунисттік идеология қоныстандыру саясатының шынайы сипатын ашуға мүмкіндіктер бермеді. Революцияға  дейінгі Қазақстан халқының демографиялық даму мәселелері көрнекті ғалымдар Н.Е.Бекмаханова мен Н.В.Алексеенконың еңбектерінде қарастырылады [2].

Зерттеуші Н.Б.Бекмаханова «Многонациональное  население Казахстан и Киргизии в эпоху капитализма (60-е годы ХІХ-1917г)» атты еңбегінде патша өкіметінің қазақ жеріне қоныс аудару саясатын үш  кезеңге бөліп көрсетеді.

1. ХІХ ғасырдың 60-шы жылдары – бұл кезеңде қазақтардың  қоныс тепкен Орал, Сібір жерлері және  Қоқандар қуылған Сырдария, Жетісу  жерлеріне Ресейдің ішкі аймақтарынан  қоныс аудару патша үкіметінің қолдауымен жүргізілді.
2. 70-ші жылдар – бұл кезеңде қазақ  жеріне қоныс аударуға үкімет тарапынан тыйым салынды.
3. 80-90-шы жылдар – бұл кезең  Ресей шаруаларына өз бетінше үкіметтің көмегінсіз  қазақ  ауылдарына  қоныстануға рұхсат етілді [2,92,б].

Патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлауы қоныс аудару саясаты арқылы жүзеге асқаны белгілі. Орыстардың мүддесін қорғау үшін патша өкіметі Қазақстанның ұлан-байтақ аумағында өзінің билігін нығайтуды қажет деп санады.

Сол үшін 1867 жылы 2 шілдеде Жетісу  және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша «Ереже» жарияланды. Бұл облыстар жаңадан құрылған Түркістан генерал-губернаторының құрамына кірді[3,236,б]. Ережеде айтылғандай реформаның басты міндеті: «Ресей қол астындағы халықтарды бір басқарманың шеңберіне біріктіру, жергілікті ақсүйектерді  өкімет билігінен тайдыру, қазақ даласының  бірте-бірте Ресейдің басқа бөліктерімен қосылуына жету үшін рулық негіздерді әлсірету» болып табылады.

ХІХ ғасырдың 60-жылдарынан бастап қазақ жеріне  орыс шаруаларын қоныс аудару ісі  қолға алынды. Бұл шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылды. Оның  бұл әрекеті империяның ішкі губернияларынан Түркістан өлкесіне орыс шаруаларын әкеліп, жаппай қоныстандыру саясатын жүргізуінен  көрінді. Патша билігі  1886 жылдың   21 қазанындағы «Түркістан өлкесін басқару Ережесіне» сай қазақ халқы үшін жерді пайдалануға  және оған иелік етуге шектеу қойды.[4,337-б]. Бұл жөнінде «Ереженің 210 параграфында  былайша көрсетілген: Қазақ қоныстары алып жатқан жерлер мемлекеттік жерлер деп танылады және қазақтардың пайдалануына берілмейді».

Реформалар негізінде Сырдария облысы құрылып оның құрамына: Әулиеата, Шымкент, Ташкент, Перовск және Қазалы уездері мен Әмудария бөлімі кірді. Облыс орталығы болып Ташкент бекітілді. Қазіргі Қызылорда облысының территориясы Перовск және Қазалы  уездерінің құрамына  кіргізілді.

Ресей империясындағы басыбайлылық құқықтың жойылуы өңірдегі келімсек орыс шаруаларының қоныстарын біртіндеп көбейте түсті.  Мәселен 1874-1882 жылдар аралығында - 6, 1884-1890 жылдары - 14, 1874-1892 жылдар аралығында Сырдария облысында 37 поселка құрылған болатын. [5,177-178бб]

Патша әкімшілігінің жергілікті қазақтардың «артық» жерлерін анықтай алмауы, ол артық деп табылған жерлердің техникалық-географиялық негіздерінің жасалмауы, қоныс аударушы шаруаларды жерге орналастыу ісіне кедергі келтірді. Ал стихиялы түрде құрылған орыс  поселкаларының әлеуметтік-экономикалық негізі жасалмады. Бұл  өз кезегінде  жоспарлы  түрде жүргізілуі тиіс қоныстандыру саясатына  өзіндік кедергілер келтіре бастады.

1867 жылы Кауфман генерал-губернатор қызметіне кіріскеннен кейін Сыр өңіріне сырттан келушілер көбейді. Сыр өңірі қазақтарының тарихи демографиясын саралағанда көшпелілер мен отырықшылардың, ауыл мен қала тұрғындарының арасалмағын ажыратудың маңызы ерекше. Н.В.Остроумов құрастырған «География Туркестанского края» атты еңбекте «Түркістан өлкесінің солтүстік батыс бөлігі көшпелі шаруашылықты дамытуға қолайлы болды. Өлкенің бұл бөлігінде 802000 адам тұрады. Көшпелі қазақтар Қазалы, Перовск, Түркістан, Шымкент, Әулиеата, Әмудария бөлімінде тұрады. Перовск уезінде - 115210, Қазалы уезінде - 105900 адам қоныстанған»- деп көрсетілген.[6, 43] Н.В.Остроумов берген деректердегі Перовск мен Қазалы уездерін қоса есептегенде 221110 адам көшпелі өмір сүрген.

Л.Д. Мейер құрастырған «Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального  штаба» атты жинақта «Сыр бойында 10000-дай  шаңырақ егіншілікпен, 25000 шаңырақ көшпелі мал шаруашылығымен айналысып, жалпы өлкеде 35000-дай шаңырақ болған. Халықтың 5/1 бөлігі егіншілікпен, 5/4 бөлігі көшпелі мал шаруашылығын кәсіп еткен» – деген мәліметті көрсеткен. [7.95] Л.Д.Мейер бұл жазбасында Сыр өңіріндегі қазақтардың бір бөлігінің ғана егіншілікпен айналысып отырықшы болғанын, қалған төрт бөлігінің мал шаруашылығымен айналысып, көшпелі өмір сүргенін негіздеген.

1870 жылы Түркістан статистикалық комитеттінің Сырдария облысы бойынша берген мәліметінде Перовск уезінде - 10 көшпелі болыс, 109 ауыл, 20018 шаңырақ; Қазалы уезінде -7 көшпелі болыс, 42 ауыл, 12804 шаңырақ; Әулиеата уезінде -16 көшпелі болыс, 130 ауыл, 20405 шаңырақ; Шымкент уезінде -20 болыс, 184 ауыл, 29722 шаңырақ; Құрама уезінде -28 болыс, 78 қышлақ, 11684 шаңырақ; Ходжент уезінде- 25 ақсақалдық, 1382 шаңырақ; Жизақ уезінде - 7 серкелік, 327 шаңырақ болған. Сырдария облысы бойынша салыстырып қарайтын болсақ, Перовск уезі халқының саны жағынан 3, ал Қазалы уезі 2-орынды иеленген.

1886 жылы Перовск уезінде 113307 қазақ, 1251 орыс, 787 еврей барлығы -115345 адам болса Қазалы  уезінде 96186 қазақ, 3554 орыс, 206 еврей барлығы - 100000 адам  болған[8,76,б].    

1858-1859 жылдары Қазалыға 28 отбасы Ресей аймағынан қоныс аударылды. Бұларға Орынбор генерал-губернаторы А.А Керенский бұйрығымен арнайы тұрғын-жай беріліп, бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасалды.

1861 жылдың 1 қаңтарында Қазалыда 47 отбасы орналасып, олардағы адам саны 340-ты құраған. (187 еркек, 153 әйел)1862 жылы фортта 90 қазыналы үй болған, сонын 54-нде қарапайым форт  тұрғындары тұрса, 30 үй кіші шенді әскерилердің отбасыларына берілген. Ал,1868 жылдан бастап Қазалы тұрғындары Орынбор өлкесінен қоныс аударған татарлардың есебінен көбейе бастады. [9,12б]

Олар ауылдарды аралап жүріп, саудамен, мұсылман дінін кеңірек уағыздаумен айналысты. Татарлармен қатар патша әкімшілігіне  бағынбаған яғни патшаға әскери қызмет көрсетуден бас тартқан, ежелгі орыс дінін (староверцы) ұстанатын1000-ға жуық казак1875 жылдан  бастап осында қоныстана бастады. Олар аймақта балық шаруашылығының кәсіби деңгейге көтерілуіне елеулі серпін берсе, қазақтар да балық аулау ісіне машықтана бастады.

1870 жылы Қазалы халқының саны 62266 адамға  жетсе, оның 0,33 орыстар еді. Ал 1908 жылы бұл көрсеткіш 2 есеге артып, тұрғындар саны 128373 адам болған. Ал 1897 жылғы Бүкілресейлік Тұңғыш халық санағының мәліметі бойынша уезді 140541 тұрғын мекендеген. Тұрғындардың этникалық құрамы орыстар, украиндар, татарлар, өзбектер, еврейлер есебінен түрлене түсті. 1887жылдың 1 қаңтарына дейін Бұхар еврейлері де Қазалы жеріне еркін орналасып, отбасын құрап, тұрақтанып қалды. Аймақ тұрғындарының келесі буыны Бұхар хандығынан бөлініп келген сарттар мен тәжіктер, Хиуадан шыққан өзбектер, Әмудария ауданынан келген қарақалпақтар мен парсылар, т.б құрады.

Қазақстанды Сібірмен Еділ бойындағы жергілікті аудандармен және Оңтүстік Оралмен  теміржол магистральдары арқылы жалғастыру мүмкіндігі үкіметті қоныстандыру арқылы игерілуін  жеделдетуге итермеледі. Осы мақсатпен Ф.А. Щербина  экспедициясы Ақмола, Торғай және Семей облыстарының 12 уезін мұқият зерттеді. Экспедицияның материалдарын патша өкіметі «артық» жерлерін күшпен тартып алуды күшейту үшін пайдаланды.

1886 жылы Перовск уезі тұрғындарынның 97 %–ын, ал Қазалы уезі тұрғындарының 95 %–ын көшпелілер құраған. Бұл  Сырдария облысын құраған  басқа  уездерге қарағанда басым көрсеткіш. Көшпенділер үлес салмағы жағынан Сыр өңірінен кейінгі орынды Әулиеата, Шымкент, Түркістан уездері  иеленеді.

Салық жинау мақсатында есепке алынған мәліметтер статистикалық дерек көздер болып табылады. 1892  жыл Перовск уезінде 110237 адам, соның ішінде қазақтар саны 108916 адам болса, Қазалы уезінде 139805 адам, соның ішінде қазақтар саны 135814 адам болған. Барлығы Сырдария облысында 1892 жылы 1285742 адам тіркелген.

ХІХ ғасырдың аяғы мен  ХХ ғасырдың басында өңірдегі адам санының ішінде негізі бөлігін, яғни 99  %–ын қазақтар құраған. Мысалы 1895 жылы Перовск уезінде барлығы 111500 адам болса, соны ішінде қазақтар саны 111211 адам, соның ішінде ерлер- 55928, әйелдер-55293 болған. Ал, Қазалы уезінде барлығы- 140860 адам болса, қазақтар саны -140729 адам, соның  ішінде ерлер-68835, әйелдер-71894 болған. Яғни 1985 жылы Перовск уезінде  279 адам, Қазалы уезінен 131 адам басқа ұлттың өкілдері еді. [8,77б].

Астық шықпай қалған 1891 жылы Ресейден ретсіз көшіп келушілер көбейген кезде Сырдария облысында оларды қоныстандыратын  6 уақытша қоныстандыру комитеттері құрылды. Олардың екеуі Перовск пен Қазалыда орналасты. Әскери министрлер арқылы үкімет қазынашыларынан бұларға ақшалай жәрдемақылар берді. Бұдан кейін өңірдегі этно-демографиялық жағдай күрт өзгерді. Егер 1880 жылы өңірдегі 1000 адамның 682-і көшпенділер болса, 1896 жылы 567 көшпенді, 299 жері бар егін шаруашылығымен айналысатындар, 134 қала  тұрғындары болған.  Шаруалардың қазақ жерлерін өз беттерімен басып алуы жалғаса берді. Сырдария облысында Астрахан, Самара, Саратов, Тамбов губерниялары мен басқа да губерниялардан шыққандар басым  болды.

1897 жылы орыс шаруаларына Сырдария облысына көшіп келуге уақытша тыйым салынды. Түркістан генерал-губернаторы барон Вревский Сырдария облысының әскери-губернаторына берген циркулярында: «Түркістан өлкесіне қоныс аударған шаруалардың құжаттары мен жағдайдары реттелмейінше және бүкіл мәселелері шешілмейінше, жаңадан қоныс аударушылардың  өмірге қоныстануына тыйым салынуы керек» [5.179-б] – делінген. Осылайша, Сырдария облысы құрамындағы Қазалы мен Перовск уездері қоныс аударушылар үшін жабылды. Әкімшілік  орындарының рұқсатынсыз, өз еркімен көшіп келген орыс шаруаларына  жер телімдері берілмеді. Шаруалар жер  үлестерін  ала алмаса да, жергілікті қазақтардан жерді жалға алуға болатындығын естіп, өңірге көптеп ағылып жатты. Олар ертеректе келген шаруалардың  үйлеріне орналасып, соларға жұмысқа жалданып тіршілік етуге мәжбүр болды. 1902 жылдың өзінде Сырдария облысына өз еркімен қоныс аударған орыс шаруаларының саны 2 мың адамға жетті. Ресейдің еуропалық бөлігінен Қазақ даласына стихиялы түрде қоныс аударушы орыс шаруаларын ауыздықтауға патша әкімшілігінің ешбір қауқары жетпеді. ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің қоныс аудару сасясатының жаңа кезеңі басталды.

Қорыта айтқанда, жоғарыда келтірілген деректер ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы патша өкіметінің  қоныстандыру саясатының Сыр өңірінің демографиялық ахуалына өзгерістер әкелгенін көрсетеді. Қарастырылып отырған кезеңде, Сыр өңірі халқының демографиялық өсуі мен құрамында айтарлықтай өзгерістер болды. Сыр қазақтарының ата қонысынан ығыстырыла бастауы, өлкеге келімсектердің орнығуы мен жергілікті халықтың үлес салмағының азая түсуі патшалық биліктің отаршылдық саясатының аймақта кеңінен тарала бастағандығынын айқын дәлелі болды.

Әдебиеттер

1. Галузо П.Г Аграрные отношения на юге Казахстана в 1867-1914гг. Алма-Ата, 1965;  Сүлейменов Б.  Аграрный  вопрос в Казахстане последней трети ХІХ нач ХХ века. Алма-Ата,1963; Бекмаханов Е. Казахстан  в 20-40 годы ХІХ века. Алма-Ата, 1992;  
Турсынбаев А.Б . Из истории крестьянского населения в Казахстане. Алма-Ата, 1950.
2. Бекмаханова  Н.Е. Многонациональное  население Казахстана и Киргизии в эпоху капитализма (60-е годы ХІХ-1917г) Москва, 1986.; Алексеенко Н.В. Население до революционного  Казахстана (численность, размещение, состав). (1870-1917гг) Алма-Ата, 1981.
3. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. Алматы. «Дәуір» 1994, 345б
4. Материалы по истории политического строя Казахстана.Сборник составлен кандидатом исторических наук   М.Г. Масевичом- Алма-Ата: изд. АН КАЗССР. 1960, - Т.1-441с
5. Отчет  по ревизии Туркестанкого края, произведенный  по Высочайшему повелению Сенатором  Гофмеист.Графом К.К. Паленом. Переселенческое дело СПб, 1910, - 430с
6. Остроумов Н.В. География Туркестанского края. Родиноведение – СПб., 1856, - 67с
7. Мейер Л.Д. Материалы для географии и статистики России, собранные офицерами генерального  штаба. Ч.1 Киргизская степь. Оренбурского ведомства -  СПб., 1865, - 288с
8. Картаева Т. Сыр өңірі қазақтары: тарихи-этнографиялық зерттеу. ХІХғ  екінші жартысы –ХХғ басы.1-том. Алматы, «Қазақ университеті» 2014, 298б
9. Белокопытова М.А., Васильева М.С., Тютюников.И.А. Кызыл-Ординская область. - Алма-Ата,  1961. – 12.с.

Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің
магистранты: Сайлауова Жамиля Қайратқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)