Өлең, жыр, ақындар

ҚазҰУ-да «Нутрициология» кафедрасы ашылмақ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Қазақстан тағамтану академиясы (ҚТА) ынтымақтастық келісімін орнатты. Ынтымақтастық аясында университеттегі Қоғамдық денсаулық сақтау жоғары мектебінде (ҚДЖМ) нутрициология кафедрасы (тамақтану туралы ғылым) ашылатыны жөнінде ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов пен ҚТА президенті Төрегелді Шарманов меморандумға қол қойды, деп хабарлайды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің баспасөз қызметі.

ҚазҰУ мен ҚТА ынтымақтастығы ғылым мен тәжірибе, білім беру интеграциясы жолында медициналық білім беру сапасын арттыру үшін ресурстардың интеллектуалдық және техникалық қабілетін біріктіруге бағытталады. ҚазҰУ-дың нутрициология кафедрасы өз жұмысын медицина ғылымдарының докторы, академик Төрегелді Шармановтың жетекшілігімен бастайтын болады.

Әлемдік медициналық ғылым саласына қосқан үлесі үшін Леон Бернард атындағы Дүниежүзілік денсаулық сақтау қорының лауреаты, профессор Т.Шарманов өз сөзінде «Еліміздің жетекші оқу ордасында кафедра басқару - мен үшін үлкен мәртебе. ҚазҰУ мен Академияның бірлескен қызметі нутрициология, диетология, микронутриент тапшылығы профилактикасы саласындағы оқу-білім, ғылыми-зерттеу, консалтингтік және сарапшылық ынтымақтастығына негізделіп отыр», - деп атап өтті.

Сондай-ақ, Шарманов нутрициология кафедрасының ашылуы халықтың дұрыс тамақтану мәдениеті мен дұрыс өмір салтын қалыптастыруда маңызға ие екенін тілге тиек етті. Бұл жұмыстар дәстүрлі технологияны жүзеге асыруға, тамақтану индустриясына инновациялар енгізіп, тағам өнімдерін өндірудің жаңа технологияларын құрастыруға бағытталатын болады.

Ұлттық оқу орны мен Академия әріптестігі күрделі және қолданбалы медицина-биологиялық зерттеулер жүргізуді, мемлекеттік және халықаралық қоғамдық ұйымдар мен қорлардың грант байқауларына қатысуды, сондай-ақ, нутрициология саласында әлемнің жетекші мамандарының қатысуымен білімгерлер мен мамандарға арнап білім беру және ғылыми мектептерін өткізу тәрізді ортақ қызметтерді жоспарлап отыр.

Сонымен бірге, аталмыш ынтымақтастық тамақтану мәселелері бойынша отандық қоғамдық денсаулық сақтаудың таңдаулы дәстүрлері мен әлем тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік бермек. Келелі кездесу барысында Төрегелді Шарманов бие сүті мен жылқы майынан әзірленген өнімдермен таныстырып өтті. Академик олардың иммундық-биологиялық және емдік-профилактикалық жоғары қасиетін сақтай отырып, өндірудің инновациялық технологиясын баяндап берді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар