«Яндекс» компаниясының артықшылықтары мен кемшіліктері

Atlassian компаниясының бас бағдарламашысы және «Яндекстің» бұрынғы қызметкері Дмитрий Сорин ресейлік ірі ІТ-корпорация «Яндекстегі» жұмысы жөнінде жазды. Автор компанияға жұмысқа орналасу, ондағы жалақы көлемі, қызметтік мансап жөнінде және «Яндекстен» жұмыстан кетуінің себебін ашып айтты.

Мен 2012 жылдың басында «Яндекс» компаниясында жұмыс істеу үшін, Санкт-Петербургтен Мәскеуге қоныс аудардым. Мұнан кейінгі 5 жылда Firefox-ке арналған кеңейтулер жасайтын маман ретінде қызмет еттім. Ол ғана емес, «Яндекс.Бардың», Firefox пен Chrome-ға арналған «Элементтер» мен «Визуалды Белгілер» жасауға атсалысып, «Телебағдарламалар» (tv.yandex.ru) фронтендінің, «КиноПоисктің» (plus.kinopoisk.ru) жаңа түрінің және ішкі кино және ТВ-жобалардың жасалуын басқарып, тест құрушыларды автотест жазуға үйреттім. 2017 жылдың қаңтар айында Atlassian-де Senior Software Engineer қызметіне жұмысқа орналасу үшін, «Яндекс» компаниясындағы қызметімді доғарып, Сиднейге көштім.

Бұл мақала – «Яндекс» компаниясында 5 жыл атқарған еңбек тәжірибемнің мазмұны. Компанияда мені көп нәрсеге үйреткен білікті мамандармен тізе қосып, бірге жұмыс істегендіктен, еш шүбәсіз жолым болды дей аламын. Сонымен қатар кеңейтулер, жобалар жасаушы ретінде ғана емес, «people management» ретінде басқару қызметін атқарғанымды үлкен бақ деп білемін.

Мүмкін, мұнда да бірдеңе жетіспейтін болар. Бірақ ол – кейіннен қайтып келіп, өзіңді тексеру үшін сақтауға тұрарлық маңызды дүние.

«Яндекс» компаниясына жұмысқа орналасу қиын ба?

Әрине, жұмысқа орналасу қиын, бірақ мүмкіндік бар. Өз басым компанияға қызметке келер алдында 6 рет сұхбаттан өттім. Алғашқы екеуі сәтсіз болды. Мұнда тек бір қағида бар: байқап көріңіз, сұхбаттан өте алмасаңыз, осал тұстарыңызды жетілдіріп, қайтадан талпыныңыз. «Яндекс» компаниясында қызмет атқарған 5 жыл ішінде көптеген үміткермен сұхбат өткіздім. Бірақ олардың қатарында кемшіліктерін түзеп, қайта бағын сынайтындар аз.

Компанияда позитивті көңіл-күйдің маңызы зор: егер әлденені білмесеңіз, уайымдамаңыз. Тіпті, сізбен сұхбат өткізіп отырған маманның да барлығын білуі мүмкін емес. Ең маңыздысы – алдыңызға қойылған міндетті атқара білуіңіз, үйренуге қабілеттілігіңіз, жағымды көңіл-күй мен табандылық.

Мен үшін сұхбаттағы ең маңызды қасиет үміткерлердің позитивті әрі сындарлы ойы болған еді. Әрине, бойыңнан аталған қасиеттер табылса да, сұхбатқа дайындалуға тиіссіз.

Компанияда сізбен салыстырғанда, біліктілік деңгейі анағұрлым жоғары мамандар көп

Бастапқы кезде бұған сену өте қиын, себебі өзіңді білікті, мінсіз маман санайсың. Алайда «компания үшін еш пайдам жоқ» деген ой туындамауы тиіс. Айтқым келгені, бұл жерде сіздің жетілуіңізге көмектесетін, білгенін үйрететін мамандар көп. Яғни мұнда үйрене аласыз және кемелденуге мүмкіндік бар.

 «Яндекстегі» жалақы

«Яндекс» компаниясындағы жалақы нарықтағы орташа жалақы мөлшері төмен деген пікір қалыптасқан. Иә, жалақы сәл төмен болуы мүмкін, бірақ біздегі ішкі қызмет көрсету жоғары деңгейде, ал қызметкерлер – адам ретінде де, маман ретінде де ғажап жандар. Сонымен қатар тамақ үшін өтемақы төленеді. Әлеуметтік пакетке мін таға алмайтының тағы бар. Аталғандар жалақы мөлшері төмендігінің қарымын қайтарады. Алайда, жалпы алғанда, Ресей бойынша «Яндекс» компаниясының қызметкерлері жақсы табыс табады. Егер мен Mail.Ru Group немесе Jetbrains-ке жұмысқа орналассам, жалақы мөлшері айтарлықтай артпайтын еді.

Жалпы «Яндексте» жалақы әр жарты жыл немесе жыл сайын өзгеріп отырады. Бірақ ол жөнінде компанияда қызметін жалғастырушылар менен артық біледі.

Қызметтен кетерден жарты жыл бұрын мен алғашқы шектеулі акциялар пакетіне қол жеткіздім. Вестингті (акция алу құқығына иелену) күтпестен, акциялар пакетіне қол жеткіздім. Яғни бірінші ширектегі вестингке жарты жыл қалғанда жұмыстан кеттім.

Компанияда қызметкерлерге арналған акциялар қарастырылған. Белгілі бір қызметтік деңгейге жеткен мамандар ревью қорытындысы бойынша акцияларға иелене алады. Яғни шектеулі акциялар пакетіне қол жеткізу әдбен мүмкін. Ол үшін білікті әрі басшылық бағалайтын қызметкер болу керексің. Оған қоса басқарушы өз тобының жетістігіне немқұрайлы қарамауы тиіс. Егер сізде шектеулі акциялар пакеті болмаса, бірақ өзіңізді акцияларға иеленуге лайық санасаңыз, басқарушыңызбен сөйлесіп көруіңізге болады.

Work-life balance — «Яндекс» компаниясына қатысты емес

Егер «Яндекс» компаниясында жұмыс істеп, жоғары жалақыға иеленіп, мансапқа қол жеткізумен қатар жеке өміріңізге уақыт бөліп, жанұяңызбен демалуды ойласаңыз, қателескеніңіз. Мұндағы қызметкерлер жұмысына шындап берілген. Олар тынбай жұмыс істеп, түрлі жобалардың іске асырылуына атсалысып, түнімен не демалыс күндері код жазудан жалықпайды.

Десе де Мәскеуде тұратын әріптестерімнің ішінде отбасы мен қызметін қатар алып жүргендері де аз емес. Сондықтан ол сіздің жұмысқа деген қатынасыңызға, тобыңыз даярлап жатқан өнімге байланысты.

Компанияда түрлі жобалар көп

Бір жобамен айналысу жалықтырса, басқасына ауысу мүмкіндігі бар. Маманды дайындап жатқан өнімнің жалықтыруы, басқарушысының қысастық жасауы немесе технологияларға көңілі толмауы мүмкін. Сондықтан оның өзге жобаға ауысуына еш наразылық болмайды. Тіптен, ол үшін барлық жағдай қарастырылған: біздегі HR қашанда көңіліңізге жағымды жұмыс тауып бере алады. Кезінде мен де медиа қызмет саласына ауысып, мүлдем өзге топпен қауышқан едім.

Сіз «Яндекс» компаниясына жұмыс істеуге келгенде, болашақ әріптестеріңізден қызықтыратын дүниелердің барлығын жай-жапсарына дейін сұрап алыңыз: өнімге қатысты жоспар қандай, топтар арасындағы жоспарлау мен олардың өзара әрекеттестігі қандай негізде құрылған, сіздің болашақтағы тобыңыз қандай бағытты ұстанады. Осы сауалдардың барлығына жауап алғаныңыз жөн.

Бұл ретте болашақ басқарушыңызбен де тілдескеніңіз абзал. «Яндекс» - үлкен компания. Оның бір бөліміндегі жоба заманауи әрі белсенді болса, келесі бөлімдегісі айтарлықтай маңызсыз, қажетсіз болуы мүмкін.

Мансап жолында өрлеу

Бастапқыда мен үшін компаниядағы мансап мүлдем түсініксіз еді. Тек басқарушы қызметін атқарғаннан кейін ғана ол жөнінде толық түсінік қалыпасты. Сондықтан қазір ауыз толтыра айта алатындай пікірім бар. Компанияда жоспар бойынша жұмыс істеп, ұсақ-түйекке бола басқарушымен сөз таластырмау керек. Сонымен қатар сәттіліктің серік болғаны да артық етпейді.

- Жоспар бойынша жұмыс істеу. Сізден талап етілетініні – тапсырылған міндетті жылдам әрі сапалы атқару. Оған қоса жұмысыңыздың атқарылуындағы әр қадамыңыз анық болуы тиіс. Ол басшылықтың сізге жүктелетін міндет пен оның іске асырылу мерзімін анықтауы үшін қажет. Егер ағымдағы жобадан тыс өзге міндеттерді атқаруға көшсеңіз, өнімге қатысты жоспарды бұзасыз.

- Басқарушыңызбен дауласу

- Жоғарыда айтқанымдай, сізге қысастық жасайтын, қоластындағы қызметкерлердің өрлеуіне қызығушылық танытпайтын немесе жұмыс тәжірибесі аз басқарушыға тап болуыңыз мүмкін.

Десе де, бұл тек менің пікірім. Ол басқарушы ретінде маған қажет болған әрекеттер мен істерге негізделген. Бәлкім, сіздің басқарушыңыз қабылданған әр шешім үшін дауласқанды ұнататын болар. Немесе жолыңыз болмай, алға қарай жылжымайтын, еш өзгеріс орын алмайтын бөлімде қызмет ететін боларсыз. Не де болса, басшылықпен тілдесіп, сізден талап етілетін қасиеттер мен міндеттер туралы біліп алғаныңыз жөн.

Тұрғын үй қарызы

Басқа қалаларда пәтер сатып алу мәселесі қандай екенін білмеймін, бірақ Мәскеуде пәтер алу – қиын. Тұрғын үй құны – қымбат, ал ипотека – қолжетімсіз. Кей адамдар Мәскеу маңынан үй алып, жұмысқа электричкамен қатынайды.

Осыған байланысты, «яндекстік» тұрғын үй қарызы (үш жылға берілетін пайызсыз қарыз) – пәтер алуды мақсат еткен жандар үшін үлкен демеу. Берілетін қарыз мөлшері жалақыңызға байланысты, сондықтан жұмысқа орналасқан бойда қарыз алуға асықпағаныңыз жөн. 2015 жылы «яндекстік» тұрғын үй қарызының көмегімен екі бөлмелі пәтерге иелендім. Компаниядан жұмыстан шыққан кезде, қалған қарызды бірден төлеу керек.

Компанияда қызмет ететін адамдардың барлығы мінсіз емес

Ұзақ уақыт бойы компанияда тек білікті әрі мінсіз мамандар қызмет ететініне шүбәсіз сеніп келдім. Өкінішке орай, кемшіліксіз дүние болмайды.

«Яндекс» компаниясындағы қызмткерлердің басым көпшілігі – өз ісінің маман. Олармен бірге жұмыс істеу жанға жағымды. Алайда біліктілігі төмен, бүкіл әлемге өкпе артатын немесе мінезі нашар адамдар да бар. Бір қуаныштысы, мұндай адамдар қатары аз болғандықтан, сирек кездестіресің.

Компаниядағы әріптестеріңіздің ісіне мін таға алмайтындай білікті, адамгершілігі мол адамдар болатыны анық. Бірақ бес саусақ бірдей еместігін естен шығармағайсыз.

Қорыта келе, «Яндекстің» тамаша және Ресейдегі ІТ қызмет үшін ең үздік компания екендігін атап өткім келеді.

«КиноІздеу» медиа қызметін қайта іске қосу сәтсіз болғандықтан, компанияда қызығушылығымды тудыратын іс қалмады. Ал жаңа басшылық сервисті тұрақтандырумен айналысып, бар назарды соған аударған еді.  

Дәл осы себепті 2016 жылы шет елдік компанияларда сұхбаттан өте бастадым. Олардың ішінен Atlassian компаниясын таңдап, 2017 жылы осы жерге ауыстым. Atlassian компаниясын таңдауыма түрткі болған дүниелер – код жазу мүкіндігі мен ағылшын тілі бойынша білімімді тәжірибе жүзінде жетілдіру.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Басқа да жазбалар

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)