1917 жылғы Ақпаннан қазанға дейінгі кезеңдегі саяси партиялар мен ағымдар

1917 жылдың соңында Солтүстік, Солтүстік – Шығыс Қазақстанда құрылған қазақтың ұлттық, демократиялық бағыттағы саяси ұйымын 1917 жылдың ақпан айында Омбы қаласында құрылған «Қазақ еңбекшілері одағының» мүшелері құрады. Бұл одақ 1917 жылдың соңында «Үш жүз» партиясына айналды. Партия мүшелері өз ұйымын «Қазақтың социалистік партиясы» деп атады. Жетекшілік рөлді бұрынғы адвокат, журналист әрі драматург Көлбай Төгісов, фельдшер, тілмаш Шаймерден Әлжанов, Әбілқайыр Досов, Ысқақ Көбеков, Мұқан Әйтпеновтер атқарды. Ұйымның құрамында зиялы топ өкілдерімен қатар қаладағы қазақ кедейлері де болды. «Үш жүз» партиясы ОК-нің орналасатын жері Омбы қаласы болып белгіленді. Әйтпенов — партияның төрағасы, орынбасары — Төгісов, хатшысы — Көбеков, қазынашысы Тынышбаев  болды. Баспасөз органы «Үш жүз» газеті Қызылжар қаласында шығарылды. Кейіннен «Үш жүз» партиясының төрағасы болып Төгісов сайланды. Партияның Қызылжар, Ақмола, Семей, т.б. қалаларда өз ұйымдары мен топтары жұмыс істеді. Қазақтың демократиялық радикалды топтарының мүдделерін білдіре отырып, Алаш партиясына қарсы идеялық – саяси күрес жүргізді.

«Үш жүз» партиясының бағдарламасында негізгі мақсаттар ретінде қазақ халқын көшпенділіктен отырықшылыққа көшіру, оларға шаруашылықпен айналысу үшін жеткілікті жер бөліп беру, кедейлер мен жарлыларға жәрдем беруді ұйымдастыру, оқу-білімге тарату, мұсылман дінін құрметтеу, партия құрамына қазақ жері де кіруі тиіс Түркістан Федерациясын құру, т.б. аталып көрсетілді. «Үш жүз» партиясы Бірінші дүниежүзілік соғысты тоқтатып, бітім жасауды, мұсылман халықтарының арасындағы ынтымақтастықты, басқа діндегі халықтармен де достық қарым-қатынастарды сақтауды жақтады. «Үш жүз» партиясы большевиктерді қолдап, оларға жаңа қоғамдық құрылыс орнатуға жәрдемдесті. Партияның бірқатар қайраткерлеріне Батыс Сібір, Қызылжар, Семей кеңестерінде жауапты қызметтер атқаруға ұсыныс жасалды. «Үш жүз» газетіне қаржылай көмек көрсетілді. Газет Кеңес өкіметінің саясатын насихаттап, оның шешімдерін қолдап отырды, ашаршылықпен күрес жөнінде мақалалар жариялады. Омбыдағы Кеңес өкіметі құлағаннан кейін Колчак үкіметі «Үш жүз» партиясының басты қайраткерлерін түгелге дерлік тұтқынға алып, қуғынға ұшыратты. «Үш жүз» партиясының бағдарламасы негізінен солшылдық, радикалдық бағытта болды. Қазақ халқының ұлттық мүдделерін басшылыққа алғандарымен, әлеуметтік экономикалық және саяси мәселелер бойынша большевиктер партиясының ықпалында болды. 1918 жылдың жазында «Үш жүз» партиясы таратылды.

Түйіндей келгенде Ақпан мен Қазан төңкерістері аралығында Ресейдегі сияқты, оның ұлттық аймағы – Қазақстанда да көп партиялы жүйе  қалыптасты. Қазақстанда ұлттық, діни, таптық, сословилік негізде пайда болған әр түрлі партиялар мен топтар көптеген реттерде келісімге  немесе ымыраға келе алмай, бір-бірімен шиеленіскен түрде жүргізді. Сонымен бірге 1916 жылғы, оның ізінше болған 1917 жылғы Ақпан   төңкерісі  Қазақстанның халық бұқарасының орасан көпшілігін дүрсілкіндіріп, тарихи процестің дамуын жеделдетуге себепші   болғаны  анық еді. ....

1917 жылғы Ақпан буржуазиялық-демократиялық төңкерістің жеңісінің нәтижесінде патша үкіметінің құлатылуы және Ресейде Республикалық тәртіптің орнатылуы Қазақстан мен Түркістандағы саяси жағдайды түбімен өзгертті. Ақпан төңкерісі Қазақстанның басқа аймақтары секілді оңтүстік өңіріндеде үлкен қолдауға ие болды. Бірақ, аймақтың аталған кезеңдегі қоғамдық саяси дамуының ерекшеліктері де болды. Аймақтағы казак–орыс әскерлерінің билеуші топтары өзгерістерге қарамастан казак–орыс станциаларындағы билік тізгінін бұрынғысынша өз қолдарында қалдыруға барлық күштерін салды.

Әдебиеттер:

1.    Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық, төртінші том. Алматы  Атамұра2010 ж. 752 б,
2.    Айман Селкебаева. Қазақстанда құрылған қоғамдық ұйымдар.//Қазақ тарихы  №6 (145)2016ж. -29-30б
3.    Гүлжаухар Көкебаева. Уақытша үкімет және большевизм//Егемен Қазақстан 78 наурыз 2017 жыл.
4.    Е.Тілешов, Д.Қамзабекұлы Алаш қозғалысы ( энциклопедиялық анықтамалық) Алматы, «Сардар» 2014ж.-528 б.
5.    Дмитрий Чураков. Уроки и значение 1917 года.//Литературная газета 18-24 января 2017 №1-2 (6582).

Қорқыт ата атындағы
Қызылорда мемлекеттік университетінің
магистранты Ниязбек Аякөз Әділханқызы


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)