Жалғасы бар ертегі

Адамзат  мекен ететін 5 құрлықтың барлығына қанатын кең жайған алып бір патшалық болыпты. Ол патшалықтың ерекшелігі адамдардың жасына, жынысына, тіліне, дініне, ұлтына қарамай барлығын да өз патшалығына қабылдай беретін, ешқандай шекарасы жоқ мекен екен. Сол Бүкіл Әлемдік Желілер Патшалығы деп аталатын патшалықтың билеушісі Ғаламтор патша өте ақылды, білімді, жан-жақты болыпты. Ең алғаш америкалық  Леонард Клейнрок деген студенттің адамдардың қарым -қатынасын жеңілдету туралы ізгі ойынан дүниеге келген Ғаламтор, ағылшын тілінде тілі шығып, Арпанет (Arpanet) деп аталған екен. Келе-келе өзінің алғырлығымен көзге түскен  Arpanet барлық тілдерді тез арада еркін меңгеріп, білім-ғылымға даңғыл жол ашып, адамзатқа пайдасын тигізу үшін жер бетіне өз патшалығын құрады. Адамдар БӘЖ патшалығы арқылы екі құрлықта отырып-ақ бір-бірімен байланысып, керек мәліметтеріне лезде қол жеткізіпті. Осылайша жер бетін ешқандай соғыссыз жаулап алған патша өз билігінің аясын кеңейте беріпті.

*   *   *

Басынан қар кетпейтін асқақ шыңдары, шырша, қарағайлармен жасанып, аққайыңдармен сәнденген биік жоталары бар сұлу таудың етегінде кішкене ғана қазақ ауылы болыпты. Денелері күнге күйген ауыл балалары асыр салып ойнап жүр. Таудың таза ауасымен демалып, таза суына шомылып өскен балалардың денелері шымыр, мығым, қимылдары ширақ. Осындай мамыражай қазақ ауылына да Ғаламтор патшаның әскерлері біртіндеп ене бастады. Бірінен бірі көріп ауылдың барлық балалары әке-шешелеріне қыңқылдап жүріп компьютер алғызып алған екен.

Иә, сонымен не болды дейсіз ғой? Енді бұрынғыдай асыр салып ойнаған, әке-шешелеріне қолғабыс жасап зыр жүгіріп жүрген, сабақта «мен айтайыншы, мен айтайыншы» деп қолдарын түсірмейтін балалардың қарасы көрінбеуге айналды. Барлығы үйлерінен шықпайды. Тіпті мектепте де бір-бірімен Ғаламтор патшаның шабармандары агент, ватсап арқылы ғана сөйлесетін болды. Балалар қатты өзгерді. Ақжарқын, елгезек балалар ашушаң, еріншек балаларға айнала бастады. Таза ауаға шығып, ойнап, еңбектеніп, уақытылы тамақ ішпеген соң өңдері аппақ қудай, денелері ап-арық болып кетті. Басында құлақтарының тыншығанына қуанған ата-ана енді балаларының мына күйін көріп не істерлерін білмей дал болды.

Осылай БӘЖ патшалығының шырмауына шырмалған балалардың ішінде тек бір ғана бала бұрынғы қалпынан ажырамады. Ол  — Айбарыс болатын. Айдай нұрлы, барыстай батыл елінің азаматы болсын деген ниетпен ата-анасы осылай атаған. Әрине БӘЖ патшалығы оның да үйіне еніп үлгерген. Алғаш компьютер әкелгенде бұл да қатты қуанған. Бірақ әкесі әуелі баласына компьютер мен ғаламтордың пайдасы мен зияны туралы жақсылап түсіндірген. Ақылды, зерек бала бәрін түсінді. Уақытынды сабағын оқып, сүйікті спортымен де айналысты. Ата-анасына қолғабыс жасап, бауырларына қамқорлық жасауға да үлгерді. Кітап десе ішкен асын жерге қоятын, жаңалыққа жаны құмар бала Ғаламтортен тек пайдалы мәліметтерді ала білді.

Айбарыс достарының бойындағы өзгерістерді бірден байқап, оларға өз ақылын айтып еді, ешқайсысы тыңдамады. Тіпті жан досы Ербарыс та бұдан алыстап кетті. Екеуі көрші, әрі бір күнде дүниеге келген достар еді. Ата -аналары тел қозыдай бірге өссін деп Айбарысқа ұқсатып Ербарыс атаған.

Бұрынғыдай асыр салып ойнаған балалар шуы болмаған соң, ауылдың да сәні кетіп, көңілсіз болып қалды. Мұғалімдерден ата-аналарына баласының сабағы нашарлап кеткені туралы шағымдар түсе бастады.

Айбарыс болып жатқан жағдайға қатты алаңдады. Достарының Ғаламтор патша шырмауына шырмалғанын түсініп, оларға қалай көмектесу керек екенін ойлана бастады.

Сондай көңілсіз күндердің бірінде Айбарыстың үйіне Ербарыстың анасы келіп:

— Айбарыс қарағым, Ербарыс досың жоғалып кетті, — деп жылап жіберді. Айбарыс та, анасы да шошып кетті.

— Жоғалғаны қалай? Не болды? — деп Айбарыстың анасы бәйек болып қалды. Ербарыстың анасы:

— Білмеймін. Күнде ана компьютер алдынан шықпай отыратын. Таңертең тамаққа шақырайын деп барсам, жоқ. Іздемеген жерім қалмады. Бірнәрсеге ұрынып қалды ма деп қорқамын. Кейінгі кезде мінезі қатты өзгеріп кетіп еді,-деді жылауын тоқтата алмай. Осы кезде көшеде адамдардың шулаған дыбыстары естілді. Айбарыс не болып қалды екен деп тысқа жүгіріп шығып еді, көшеде достарының ата-аналары балаларын іздеп айқайлап жүр екен. Сөйтсе бір түнде компьютер алдында атыс -шабыс ойындар мен ғаламтордан бас алмайтын балалардың барлығы ізім-ғайым жоғалып кетіпті. Ешкім қайда кеткенін білмейді. Осылайша шулап қалған ауыл адамдары жиналып Айбарысқа келді.

— Балам, біздің балаларымыз, өзіңнің достарыңды құтқару енді сенің қолыңнан ғана келеді. Оларды не де болса Ғаламтор патша алып кетті. Балаларымызға басында дұрыс бағдар бере алмаған біздің де кінәміз бар... — деп бастады Асқар ағай сөзін. Барлығы:

— Иә, дұрыс айтады. Жұмыс-жұмыс деп балаларымыздың немен айналысып жүргеніне назар аудармаппыз, — деп ұнжырғалары түсіп кетті.

Айбарыс ауыл тұрғындарының өзіне үміт артып тұрғандарын түсініп, ата-анасынан рұхсат сұрады. Әкесі:

— Жарайды балам. Атыңа сай болып, адамдардың үмітін ақтауға тырыс. Есіңде болсын, компьютерді де, ғаламторды да ойлап тапқан — адамзат. Мына бір түн жусанды алып ал,-деп бір түп иісі аңқыған тау шөбін орап берді де, — Бұрынғы заманда бір батыр бабамыз жусанды иіскеп, Отаны есіне түсіп, туған жеріне оралған деген аңыз бар. Керегі болып қалар. Ал Алла жолыңды оңғарсын,-деп маңдайынан иіскеді. Ауыл адамдары да Айбарысқа сәт сапар тілеп жатты.

Сонымен осы заманға жас батырымыз жолға шықты. Әрине батыр бабаларындай тұлпарға мініп, айшылық жер жүрген жоқ. Үйіндегі компьютер арқылы-ақ БӘЖ патшалығына лезде жетіп барды.

Кең сарайға кірген Айбарыс бұрынғы патша сарайындағыдай керемет сән-салтанатты көре алмады. Есесіне компьютердің неше түрінен өрілген қабырғалар ұялы телефондар, планшеттер, iPhone, iPad тағы да Айбарыс білмейтін соңғы құралдармен сәнделіпті. Сарайда жүгіріп қызмет ететін қызметшілердің де қарасы көрінбейді. Төрде Ғаламтор патша отыр. Ол да қаһарлы, сұсты емес. Қайта мейірімді, көңілді көрінді. Басында ағылшынның үш «w» әріптерінен жасалған тәжі, үстінде 0 және 1 сандарынан өрілген желбегейі бар екен. Айбарыс патшаға сәлемдеспек болып еді, Ғаламтор патша:

— Қош келдің, балақай, — деп бірінші амандасты.

— Амансыз ба, Ғаламтор патша, — деп Айбарыс та патшаларға лайық сәлем рәсімімен қолын кеудесіне қойып, басын иді.

— Мәссаған, қаншама уақыт патша болсам да маған ешкім бұлай құрметпен сәлемдескен емес. Тек «сәлем», «қош келдің» деп қана амандасады,— деп таң қалып, әрі риза болып қалды Ғаламтор патша.

— Иә, балақай неге келдің?

— Мен сіздің патшалығыңыздың шырмауына түскен достарымды құтқаруға келдім. Достарымды босатуыңызды сұраймын, — деп Айбарыс ауылда болған жайды баяндап берді.

— Достарым дейсің бе? Менің  патшалығымда адамдар миллиондап саналады. Қане іздеп көрейік, — деп «Іздеу» деген уәзірін бір нүктені басып шақыртып алды да, Айбарыстың достарының аты-жөндерін көрсетті. Ол екі-үш минут ішінде-ақ осы аттас адамдардың барлық тізімін шығарып берді. Айбарыс ол тізімнен өз достарын таба алмады.

— Таба алмадың ба? Жарайды мұңайма табамыз. Айбарыс айтшы мен бұрынғы патшаларға ұқсамаймын иә? — деп Ғаламтор патша Айбарысқа сұраулы жүзбен қарады.

— Иә ұқсамайсыз. Мейірімді сияқтысыз. Бірақ мені сөзге айналдырмай достарымда тауып беріңіз, — деп Айбарыс қабағын шытты. Осы кезде қайдан келгені белгісіз жан-жағына «мені басып көр», «тегін жүктеп ал», «ғажап!», «қызықты роликтер» деген қызылды-жасыл кішкене экрандар пайда болып кетті. Айбарыс бұларды біледі, адамды осылай қызықтырып уақытын босқа алады.

— Мені бұлармен алдай алмайсың, — деп қолын жан-жағына сермеп қалып еді, әлгі жазулар жоқ болып кетті. Ғаламтор патша жымиып:

— Жарайсың, уақыттың қадірін біледі екенсің. Әттең адамдар менің патшалығымды дұрыс пайдалана алмайды..., — деп лезде мұңая қалды.

Содан кейін Ғаламтор патша көмекке Білім-Ғылым уәзірін, Спорт-Өнер, Пайдалы істер, Соңғы ғылыми жаңалықтар, Тарих уәзірлерін бір-бір нүктені басып шақыртып алды. Бірінші келген тарих уәзірі:

— 1957 жылы алғаш рет бұрынғы КСРО да жасанды жер серігі ұшырылды. Бұл КСРО мен АҚШ арасындағы технологиялық бәсекелестікке әкелді. 1961 жылы Массачусетск Технология Институтының студенті Леонард Клейнрок файлдарды бөлшектеп, әртүрлі желілер арқылы тарату технологиясын сипаттайды.  1967 жылы Ларри Робертс ARPA компьютерін бір - бірімен жалғастырып, 1969 жылы ARPANET жұмысын бастайды. Оның алғашқы пайдаланушылары әскерилер, ғалымдар болды. 1971 жылы бағдарламашы Рей Томилсон электронды пошта жүйесін ашып, @  белгісін қолдануды ұсынады. ARPANET-ті қолданушылар аясы кеңіп 1982 жылы қазіргі Ғаламтор дүниеге келді...., — деп зулата бастап еді, Ғаламтор патша қолын көтеріп:

— Тоқта, тоқта! Мен сені менің өмірбаянымды айту үшін шақырған жоқпын. Онанда қара, мына балаларды көрдің бе? — деп қолындағы Айбарыстың достарының суреттерін көрсетті.

— Жоқ көрмедім, — деп Айбарысқа қарап күлімдеп, — ал мына балақайды танимын. Қалың қалай Айбарыс? — деп ескі досын көргендей құшақтасып амандасты.

Осылайша барлық уәзірлерге суреттерді көрсетіп еді, ешқайсысы Айбарыстың достарын көрмеген болып шықты. Тек Ербарысты басында бір-екі рет көргендерін айтып, ал Айбарысқа құшақ жая амандасып жатты. Айбарыс та көмекке өз достарының  келгеніне қуанып қалды. Кенет Ғаламтор патша аяқ астынан тұнжырай қалды. Барлығы:

— Не болды, Ғаламтор патша?

— Неге көңілсіздене қалдыңыз? Біз бір нәрсені дұрыс істемедік пе? — деп бәрі бәйек болып қалды.

— Жоқ, сендер қолдарыңнан келгенше жұмыс жасап жатырсыңдар. Тек адамдар уақыттарының қадірін білмей күні бойы компьютер алдында отырады. Әсіресе балалар. Олар жазылмаған ақ парақ қой. Не  жазғысы келсе де ата-анасының еркінде. Ал кейбір ата-аналар балаларының кіммен дос болып жүргеніне мән бермейді, ал кейбір балалар ата-анасын тыңдамайды. Мен Windows, Mac, Linux және басқа да операциялық жүйелерге пайдасыз мәліметтерді құлыптап тастаңдар деп бұйрық та бердім, Family Online Safety Institute (жанұяның онлайн қауіпсіздік институты) уәзірі де жұмыс істеуде. Бірақ барлығы адамның өз ерік-жігеріне байланысты екен. Соны ойлап көңілім түсіп кетті,-деп патша үнсіз қалды. Барлығы:

— Иә, дұрыс айтысыз, дұрыс айтасыз, — деп бастарын изеді.

— Сенің достарың бұл жерде жоқ. Демек олар менің інімнің құрығына түскен болар.

«Менің інім» деген сөзді естігенде уәзірлердің барлығы шарасыз күйге түскендей болды. Ғаламтор патшаның бір сотқар, қиқар інісі бар болатын. Өзі ешкімді тыңдамайтын, қару-жарақ, соғыс ойындарын жақсы көретін, балалардың басын айналдырып, өз айтқанын істететін ойынқұмар Бағдарлама болатын. Оның құрығына түскен жан оңайлықпен құтылмайтын.

— Ініңіз кім? Шақыртсыңызшы тезірек, — деп Айбарыс қуанып кетті. Достарымды тапқан шығармын деген үміт жарқ ете түсті.

Ғаламтор патша Әлеуметтік желі шапқыншысы арқылы Сотқарбайды лезде шақыртып алды. Сотқарбай ағасына ұқсамайтын, қаталдау әрі дөрекі көрінді Айбарысқа. Патша ағасында жоқ қаруларды да іліп алыпты өзі. Келе сала ешкімге де амандаспастан Айбарысқа қарап:

— Мәссаған, уысыма түспей жүрген батырымыз мені өзі іздеп келіпті ғой, — деп Айбарысқа тиісе сөйледі. Уәзірлер де Сотқарбекке жақтырмай қарады. Інісінің қылығын жақсы білетін патша мәселеге бірден көшті.

— Айбарыстың достары сенде ме?

— А, мыналар ма? — деп Сотқарбек үлкен экранды көрсеткенде барлығы шошып кетті. Экранның арғы жағынан ап-арық, өңдері қудай, жанарларында жалын жоқ, мәңгүрт секілді балалар ұзын желілірмен шырмалып, көздерін үлкен экрандағы атыс-шабыс ойындардан алмай отыр. Патша да, уәзірлері де, Айбарыс та:

— Не істегенсің?

— Мынау не сұмдық?

— Ойбай-ау мыналар мына түрлерімен Отандарын қалай қорғайды?

— Болашақтары не болады? — деп шуылдап кетті.

Айбарыс шыдамай кетті.

— Қане жібер дереу достарымды, — деп жұдырығымен қойып қалып еді бейқам тұрған Сотқарбек анадай жерге ұшып кетті.

— Менде нең бар? Мен бе екем бұларды шақырған? Адамдар өздері былай істе деп бағдарлама құрып алады да, енді балаларына ие бола алмай мені кінәлайды. Бұлардың ерік-жігерлері осал болса да мен кінәлімін бе сонда!-деп қатты ашуланып кетті Сотқарбек, — жібермеймін достарыңды!

Сотқарбекті ашуландырып алғанын түсінген Айбарыс енді не істерін білмей:

— Ағатай, жіберші достарымды! Не айтсаңда орындаймын!

«Не айтсаң да орындаймын» деген сөзді естіген  Сотқарбек дереу ашуы басылып, көзі жайнап шыға келді.

— Шынымен де не айтсам орындайсың ба?

— Иә!

— Әй, тағы не ойлағаның бар! Дереу жібер балаларды қинамай! — деп Ғаламтор патша Сотқарбектің ішінде бір қулықтың бар екенін сезіп, інісіне зілмен бұйрық берді. Сотқарбек міз бақпастан:

— Ағатайым, тұтқынды жай жібере салғанды қашан көріп едіңіз? Барлық нәрсенің қарымтасы болады емес пе? Көптен бері адаммен сайысқа түскім келіп, қолым қышып жүріп еді, енді сәті келген секілді. Айбарыс өзі сұранып тұр ғой. Солай ма, батырым? — деп Айбарысқа қулана қарады.

— Иә! Не айтсаң да орындаймын!

— Онда тыңда. Адамдар ер кезегі үшке деуші еді ғой. Менімен үш рет сайысқа түсесің. Бірақ ағам мен уәзірлердің көмегіне жүгінбей бәрін өзің істейсің. Саған бір жеңілдік-үшінші сайыс түрін сен таңдайсың. Осыған келіссең онда бастаймыз.

— Жарайды. Ал баста. Мен дайынмын.

— Онда ең әуелі шахмат ойнаймыз. Сенің атыс-шабыс ойындарды жақтырмайтыныңды білем ғой,-деп бетін бір тыржитты да шахмат тақтасын жая салды. Ғаламтор патша сайысқа басында қарсы болып еді, шахмат тақтасы жайылғанда өзіне де Айбарыс пен інісінің сайысы қызықты болып кетті.  Ойын басталды. Басында жинақтала алмаған Айбарыс 5 жүрістен кейін Сотқарбек мат қойып жеңіліп қалды. Сотқарбек келесі ойында да өзі жеңіске жетеріне нық сеніммен  ойынға кірісті. Бірақ бұл жолы адам мен бағдарлама ұзақ ойнады. Ақыры 50 жүрістен соң да бірде-бір пешка орнынан қозғалмай, бірде -бір тас желінбей ойын пат болды. Соңғы шешуші ойында Айбарыс: «Айбарыс, жинақтал! Бұл ойын компьютерден бұрын шыққан. Адам ойлап тапқан. Барлық мүмкін болатын жеңісті жүрістерді есіңе түсір» деп іштей өзін-өзі қамшылап, жинақталып ойынға кірісті. Ойын ұзаққа созылды. Айбарыс терлейін деді. Сотқарбек ашудан қызып кетудің алдында тұр. Ақыры Айбарыста 3 тас Сотқарбекте 2 тас қалғанда Айбарыс ферзя арқылы мат қойып шын жеңіске жетті. Маңдайынан тер бұрқ ете қалды. Сотқарбек ашудан жарылып кете жаздады. Ғаламтор патша мен уәзірлер Айбарысты құттықтап, қуанып жатты.

Келесі сайыста Сотқарбектің шешімі бойынша құлтемір мен Айбарыс бір-біріне үздіксіз доп лақтыру керек болды. Кім бірінші түсірсе, жеңіліс те сонікі. Ойын басталды. Доп құлтемір мен адам арасында ойқастап жүр. Біраз уақыттан соң Айбарыс шаршай бастады. Қолы талып кетті. Ал құлтемір былқ етер емес. Сотқарбек әбден қуаттап әкелген ғой. Патша да мазасыздана бастады. Кенет Айбарысқа бір ой сап ете қалып қуанып кетті де, өзіне келген допты ұстай қалды. Сотқарбектің көзі жайнап кетті.

— Не болды, жеңілгеніңді мойындайсың ба?

— Жоқ. Мен ойынға ереже қосамын. Доп сендерден бұрын пайда болған әрі ойынның ережесін адам құрады. Сондықтан мен әрбір 20 минут сайын 5 минут демалу ережесін қосамын.

Ешкім бұл шешімге қарсы келе алмады. Тіпті Сотқарбек те. Ойын жаңа ережемен қайта жалғасты. Төрт сағатқа созылған ойында Айбарыс қанша демалып алса да қалжырап шаршай бастады. Қолындағы добын «осы ең соңғысы болғай» деп лақтырып қалып еді, құлтемір оны қағып үлгермей қатты қызғаннан күйіп кетті де құлап түсті. Айбарыс та сылқ етіп жерге отыра кетті.  Сотқарбек ашудан бұлқан-талқан болып ашуланып кетті. Тағы да адам жеңді! Патша мен уәзірлер қуанып Айбарысты құттықтап жатты. Айбарыс қолын көтере алар емес. Енді сайысты өзі таңдайды. Жақсылап ойлану керек. Компьютердің шамасы келмейтін тапсырма болу керек. Ал спорттық ойынға шамасы жоқ, қатты шаршады. Не істеу керек? Кенет қуанып кетті де:

— Айтыс! Кел, мен сені айтысқа шақырамын! — деп айқайлап орнынан ұшып тұрды.

— Кәдімгі қазақша айтыс па? — деп Сотқарбектің көзі бақырайып кетті.

— Әрине!- деп жауап күтпестен бастай жөнелді.

 

Келдім мен бұл өлкеге досымды іздеп,

Балаларды шырмапсың мыңдап, жүздеп.

Қақпаныңа түсіріп ұялмайсың,

Алдап, арбап айнымас досыңбыз деп.

 

Қане, жібер барлығын тез арада!

Мен осал қарсылас деп ойлама.

Дос боламыз ағаңмен ақылы көп,

Бұдан былай бірақ та сен жолама!

 

Айтыс қазақтың төл өнері ғой. Тек бағдарламамен өмір сүретін компьютер бұған жауап бере алушы ма еді? Үні өшті. Айбарыс жеңіске жетіп, достарын босатып алды. Ғаламтор патша мен уәзірлер қатты қуанды. Ал Сотқарбек болса ашудан қатты қызып кетіп, біраз уақыт істен шығып қалды. Меңіреу сияқты ешнәрсені сезбей тұрған достарына Айбарыс әкесі берген жусанды иіскетіп еді, олар шынымен асыр салған тау жоталары мен ата-аналары есіне түсіп, сөніп қалған жанарлары шоқтай жайнады. Басында ешнәрсені түсінбеген оларға Айбарыс барлық оқиғаны баяндап берді. Сонымен патша мен уәзірлер оларға ақылдарын айтып, Айбарыс оларға алғысын жаудырып, достарын ертіп ауылына оралды. Ауыл қуанып той жасады. Айбарыстың ата-анасы балаларына риза болды. Атына лайық азамат болып өсеріне сенді. Балалар ата-аналарына енді атыс-шабыс ойындарды ойнамауға, тыйым салынған сайттарға кірмеуге уәде берді. Ауыл балалардың шуымен қайта жанданғандай болды.

*   *   *

Осылайша бұл ертегі де басқа ертегілердей сәтті аяқталды. Айбарыс өз достарын құтқарды. Бірақ, балалар, ол тек өз достарын ғана құтқара алды. Сотқарбектің құрығында әлі талай бала қалды. Жан-жағыңа, достарыңа қара. Бәлкім олар да Сотқарбектен босанып шығуға ерік-жігері жетпей, сенің көмегіңе зәру болып жүрген шығар...  


Пікірлер (1)

Айдар

Заман талабына сай ертегі! Көптеп жазылаберсін! Қазаққа пайдасы бар!!

Пікір қалдырыңыз

Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)