Ақ Жайықтағы университеттің математик түлегі

    Бұл мақала қазақтың Жайықтың «ақ шағаласы» атанған ақын қызы Ақұштап Бақтыгереева апамыз «Оралдым, саған Ақ Жайық» деп жырға қосқан Қазақстанның батыс өңірі Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің алғашқы түлектерінің бірі математик – ғалым, физика – математика ғылымдарының докторы (1961), профессор (1961), Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі (1962), КСРО Оқу ағарту ісінің үздігі Тайманов Асан Дабысұлының өмірі мен еңбек жолына арналады.

    Дүние жүзіне танымал, атақты математик, Ұлы Отан соғысына қатысқан офицер Асан Дабысұлы Тайманов (25.10.1917ж. Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Бейсен ауылы – 01.02.1990 ж. РФ Новосибирск) 1936 жылы А.С. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (қазіргі М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университеті), 1938 жылы Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің сырттай бөлімін, 1938 – 41 жылдары (кейін 1945 – 1947) Ленин атындағы Мәскеу мемлекеттік пединститутының аспирантурасын бітірген. 1947 жылы физика – математика ғылымдарының кандидаты, 1961 жылы физика – математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алған.

   1936 – 1938 Орал пединститутында оқытушы, 1947 – 1954 жылдары – Қызылорда педагогикалық институтының оқытушысы, кафедра меңгерушісі. 1954 – 1956 жылдары Шуя институтының доценті. 1956 – 1960 – жылдары Иваново тоқыма институтының доценті. 1960 – 1968 жылдары – КСРО Ғылым академиясының Сібір бөлімшесі Математика институтының аға ғылыми қызметкері, Новосібір мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі. 1968 – 1970 жылдары – Қазақ КСР Ғылым академиясы физика – математика бөлімшесінің академик хатшысы. 1970 – 1971 жылдары – Қазақ КСР Ғылым академиясы Математика және механика институтының (қазіргі Матемтика және Математикалық модельдеу институты) директоры. 1971 – 1990 жылдары КСРО Ғылым академиясы Сібір бөлімшесінде Математика институтының аға ғылыми қызметкері қызметтерін атқарған.

    Ғалымның негізгі еңбектері теориялық жиынтық топологиясына, үздіксіз бейнелеудің таралуына, борель жиынтығына, модельдер теориясына, эвклид кеңістігі элементтер теориясын зерттеуге, математикалық логикаға арналған. Тайманов Асан Дабысұлы Қазақстанда математикалық логика ғылымының дамуына сүбелі үлес қосқан. Ол оқытушылар мен студентерге арнап математикадан ғылыми семинарлар ұйымдастырып, математикалық конкурстар мен кештерді өткізуді енгізген. 1951 жылы тұңғыш рет республикада ғалымның ұсынысымен оқушылардың қалалық және облыстық математикалық олимпиадалары ұйымдастырылған. Асан Дабысұлы Қазақстанда математикалық ғылымды дамытуда көптеген еңбек сіңірді. Ғалымның бастамасымен Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті) алгебра және математикалық логика кафедрасы, Математика және механика институтында алгебра және математикалық логика зертханасы мен қолданбалы бағыттағы зертханалар, Республикалық физика – математика мектебі ашылған. КСРО Оқу ағарту министрлігі жанындағы Ғылыми – әдістемелік кеңесі Президиумының мүшесі және көптеген ғылыми кеңестердің мүшесі болып сайланып, математикалық логикадан Бүкілодақтық конференцияның ұйымдастыру комитетінің мүшесі болған. Асан Дабысұлы Тайманов Кеңес Одағы мен Қазақстан атынан Ниццада математика, Ганновердегі логика, әдістемелік және философия ғылымдары бойынша өткен Халықаралық конгресске, модельдер теориясы жөніндегі көптеген Халықаралық конференцияларға қатысқан. 1973 – 1984 жылдары үш дүркін шетел университеттеріне барып, математикадан дәрістер оқыған. Асан Дабысұлының ғылымдағы қажырлы еңбегін атақты академиктер Л.В. Келдыш, А.А.Ляпунов, П.О. Александров, А.Я. Хинчин, А.И.Мальцевтер жоғары бағалаған. Саналы ғұмырында математика ғылымы саласында ірі ғылыми мектеп қалыптастырып, тек Қазақстанның өзінде 12 ғылым кандидатын дайындап шығарған. «КСРО Ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен (1978), І – дәрежелі «Отан соғысы» орденімен (1985), 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» орденімен (1967, 1986) марапатталған.

     2002 жылдан бастап аталған университетте академик Асан Дабысұлын еске алуға арналған «Тайманов оқулары» халықаралық ғылыми – тәжірибелік конференция дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Қазіргі таңда Орал қаласындағы Орджоникидзе атындағы көше, №34 мектеп – гимназиясы академик А.Д. Таймановтың атында. Сонымен қатар, университетте білімі мен қоғамдық жұмыстарға қатысуға белсенді, озат студенттерге А.Д. Тайманов атындағы атаулы шәкіртақы беріліп келеді.

     Қазақстан математикасында әлемдік есептерді шешер ғалымдарымыз жыл санап көбейіп, математика ғылымының дамуы айқын көрініп келе жатқанына қуаныштымыз. «Ғылым жолы – ауыр жол. Егер сен күн сайын өз талантыңды ұштап, енбектенбесең, ешнәрсеге қол жеткізе алмайсың», - деп Асан Дабысұлы айтқандай күн сайын білімін шыңдап, математиканы одан әрі қарай дамыта түсетін, әлемдік деңгейге шығарып, еліміздің ғылымының дамуына орасан үлес қосар ғылым – білім мамандары көбейе берсін.

Әл – Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті

Механика – математика факультеті

Сисекенов Н.Д. nurbolat.94s@mail.ru

 


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
Сертификат алу. Сертификат, алғыс хат пен диплом алу жөнінде мәлімет
ҰБТ(онлайн тест)