Өлең, жыр, ақындар

Дихан Қамзабекұлы сапасыз оқулықтардың басты себебін атады

Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, алаштанушы ғалым Дихан Қамзабекұлының айтуынша, Кеңес дәуіріндегі оқулықтарды жас әрі дайындығы жоқ мамандар жазған. Бұл үрдіс әлі күнге дейін сақталып келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Алаш зиялыларының барлығын атып тастағаннан кейін 50-ші жылдары сол кездегі Білім министрі 20-25 жастағы жігіттерді шақырып алып, оқулық жазыңдар деді. Өрімдей жас жігіттер жазған оқулықтар әлі күнге дейін айналымда жүр. Ондай оқулықтарды заңгерлер де, біз секілді филологтар да, тарихшылар да жаза алады. Қазір қарасаңыз, жұрттың бәрі оқулық жазғыш болып кетті. Содан қайшылықтар көбейді. Әрине, ол оқулықтарды дұрыс адам жазып жатқан жоқ. Сол себепті дау да туындап отыр. Егер маман жазса, онда ешқашан қате болмайды. Маман бірінші, екінші, үшінші басылымдар деп оқулығын шығарады да, жіберілген қателіктерді түзеп отырады. Қателік түзетілгеннен кейін оқулықтың сапасы да дұрысталады. Бұл - табиғи үдеріс. Сол үдерісті көргіміз келеді», - деді Дихан Қамзабекұлы бүгін Астанда өткен дөңгелек үстел отырысында.

Айта кетейік, бүгін ҚР Жоғарғы сотында «Рухани жаңғыру - мәңгілік ел болудың кепілі» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Алқалы жиынға тарихшылар, тіл мамандары, әдебиетшілер мен судьялар қатысып, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласына, сондай-ақ «Туған жер», «Қазақ тіліндегі 100 оқулық», «Қазақстанның киелі жерлер географиясы» сияқты жобаларға қатысты өз ойларын ортаға салды. Сол жерде Ш. Шаяхметов атындағы тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Ербол Тілешов оқулықтарды аударуға қатысты өз ұсынысын ортаға салып, алдағы уақытта «Балалар әлемі» мемлекеттік порталының ашылатындығын жеткізді. Ал профессор Дихан Қамзабекұлы қазіргі жаңғыру Алаш зиялыларының жүріп өткен жолы екенін тағы бір мәрте еске салды.  


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар

Пікірлер