Өлең, жыр, ақындар

Орта білім беру мазмұнын жаңарту бойынша білім беру

«Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сын тұрғысынан ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет.»

«Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» 31.01.2017 жылғы

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың Қазақстан Халқына жолдауы

Білім – елдердің бәсекелестікке қабілетті болуын қамтамасыз ететін ең тиімді әрі ұзақ мерзімді стратегия. Бүкіл әлемде білім беру жүйелерінің келешек ұрпаққа қандай білім беретіні туралы мәселе қайта қаралуда. Осы мәселе аясында «Балалар ХХІ ғасырда табысты болу үшін нені үйренуі керек?» және «Оқытудың тиімді әдістері қандай?» деген сияқты негізгі сауалдар туындайды. Қазіргі кезде Қазақстан Республикасында жоғарыда сипатталған жаһандық проблемаларға жауап бере алатындай деңгейдегі жұмыстар республикалық деңгейде жүргізілуде. Оқу бағдарламасындағы ұлттық стандарттарға, бағалауға, оқулықтар мен оқыту әдістеріне қатысты білім беру саласындағы өзекті құндылықтар мен мақсаттар мектеп оқушыларының жалпы үлгерімін арттыруды, сондай-ақ инновация мен көшбасшылықты енгізу үшін талап етілетін дағдыларды дамытуды, мектеп мәнмәтіні арқылы ұлттық сананы қалыптастырып, іске асыруды және ауқымды халықаралық тәжірибемен өзара әрекеттесуді көздейді. Жаңартылған оқу бағдарламасы мен бағалау жүйесін енгізу аталған міндеттерді шешу үшін қабылданған шаралардың бірі болып табылады.

Олай болса, 2017 жылдың 5 маусымы мен 19 маусымы аралығында «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы, Педагогикалық шеберлік орталығының Қарағанды қаласындағы филиалының ұйымдастыруымен, Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту аясында «Биология» және «Жаратылыстану» пәндері бойынша педагог кадрлардың біліктілікті арттыру курсын Қарағанды облысының биология пәндерінің мұғалімдері өз білімдерін жетілдірді. Онда жаңартылған оқу бағдарламасының негізгі қырлары туралы мәлімет алып, өз сабақтарын жоспарлап, өткізуге, пәннің оқулықтары мен оқу-әдістемелік кешенін пайдалануға,критериалды бағалау жүйесін қолдануға, жүйелі-әдістемелік кешенмен жұмыс істеудің қыр- сырларын үйреніп, кәсіби шеберліктерін арттырды.

Бағдарламаның мақсаты: пәндер бойынша оқу бағдарламаларын жаңарту және критериалды бағалау жүйесін енгізу мәнмәтінінде мұғалімдердің педагогикалық шеберлігін жетілдіру болса, оның міндеттері:

- мұғалімдердің пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мазмұнын білуін қамтамасыз ету;

- пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдер мен оқу материалдарын қолдануды үйрету;

- пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін қолдануды үйрету.

Одан күтілетін оқу нәтижелері:

- мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларының мақсаттарын, міндеттерін, құрылымын және мазмұнын біледі және түсінеді;

- мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес педагогикалық тәсілдерді, оқу материалдарын қолдана біледі;

- мұғалімдер пәндер бойынша оқу бағдарламаларына сәйкес оқу мақсаттарына қол жеткізу үшін критериалды бағалау жүйесін түсінеді және қолдана біледі.

Жаратылыстану-ғылыми білімнің құрамдас компоненті ретінде биология оқушыларға алған білімдерін объектілерді бақылау, жіктеу, жүйелеу, салыстыру, сәйкестендіру, талдау, бағалау, себеп-салдарлық байланыс орнату секілді дағдыларын дамыту үшін қолдануға көмектеседі, бұл олардың тәжірибелік дағдыларын дамытуға, эксперименттік зерттеу жоспарлап, оны жүргізу дағдыларын дамытуға септігін тигізеді. Бұл жерде жаратылыстану мен биология сабақтарында ақпараттық технологияларды қолданудың маңызы зор. Себебі зерттеу жүргізу және ақпаратты өңдеу әдістерімен үйлесімді қолданылған жағдайда олардың мүмкіндіктері ашыла түседі. Оқушылардың «Биология» пәнінің академиялық тілін пайдалануы оларға ықшам және түсінікті сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік береді, биологиялық құбылыстарды, үдерістер мен тетіктерді сипаттау кезінде тиісті тілдік құралдарды іріктеу шеберлігін жетілдіреді.

Биология мен жаратылыстануды ойдағыдай оқыту мұғалімнің тікелей кәсіби тәжірибесі мен құзыреттілігіне, оқу үдерісі нәтижелеріне басым көңіл бөлуіне байланысты. Қазіргі кезде табысты болу үшін оқушыларға білім қандай қажет болса, дағды да сондай қажет деген ойдың жақтастары көбейіп келеді. Бұл оқушылардың ақпаратты есте сақтап, алған білімдерін ұғынуын, түсінуін және әртүрлі салада қолдана білуін талап етеді.

Бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі алдын ала белгіленген критерийлердің нақты жиынтығының көмегімен өлшенеді. Бұл нормаға негізделген бағалаудан өзгеше. Нормаға негізделген бағалау кезінде оқушылардың үлгерімі олардың сыныптастарының үлгерімімен салыстырылып қойылады. Оқушылардың пән бойынша оқу жетістіктері екі тәсілмен бағаланады: қалыптастырушы бағалау және жиынтық бағалау. Қалыптастырушы бағалау күнделікті оқыту мен оқу үдерісінің ажырамас бөлігі болып табылады және тоқсан бойы жүйелі түрде жүреді. Қалыптастырушы бағалау үздіксіз жүргізіле отырып, оқушылар мен мұғалім арасындағы кері байланысты қамтамасыз етеді, балл не баға қоймастан-ақ оқу үдерісін түзетіп отыруға мүмкіндік береді. Мұғалімдер оны оқушылардың жетістіктерін өлшеп, алдағы сабақтарын жоспарлау үшін қолданады. Жиынтық бағалау оқу бағдарламасының бөлімдерін/ортақ тақырыптарын және белгілі бір оқу кезеңін (тоқсан, оқу жылы, орта білім деңгейі) аяқтаған соң оқушының үлгерімі туралы ақпарат алу мақсатында балл және баға қою арқылы өткізіледі.

Қорыта айтқанда жаңартылған оқу бағдарламасын қолдану барысында оқушылардың пәнге ынтасы, белсенділігі артып, іздемпаздық, дербес ойлау, өзіндік қорытындылау қабілеттерін дамытамыз. Сөйлеу, дұрыс сұрақ қоя білу, өз ойын сауатты, толық жеткізу дағдыланырын одан әрі жетілдіреміз, алған білімдерін өмірде тиімді қолдану  арқылы функционалды сауатты ұрпақ тәрбиелеуге жол ашамыз. Олай болса, білімді дәл осылай қолдану арқылы оқушыларға «ХХІ ғасыр дағдысы» деп жиі айтылып жүрген кең ауқымды құзыреттілікті меңгеруге мүмкіндік береміз.


Едилбаева Сауле Боранбаевна
Қарағанды облысы ББ
«№2 «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты» КММ-нің
директордың БОЖ орынбасары, биология пәнінің мұғалімі


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз