Өлең, жыр, ақындар

Диатез

Диатез – терінің аллергиялық қабыну сырқаты. Оған көбіне тектік бейімдігі бар балалар шалдығады. Бұндай тектік бейімдікті «атопия» деп атайды. Нәресте шақта атопия көбіне атопиялық дерматит түрінде көрініс береді. Оны бұрын «экссудативті диатез» деп атайтын. Атопия көптеген аллергендерге қатысты болуы мүмкін: тағамдық, шаң-тозаңдық, дәрі-дәрмектік, бактериялық, вирустық аллергендер, т.б.

Диатез жүре келе аллергияның ауыр түрлеріне ауысуы мүмкін. Мысалы, аллергиялық тұмау немесе қолқа демікпесіне. Балада аллергияның бұл түрлерінің бәрі қатар жүруі мүмкін, бұл ауру түрін «аллергиялық триада» деп атайды.

Ағымы. Сәбидегі диатез оның өмірінің алғашқы айларынан басталуы мүмкін. Сырқаттың ағымы үш кезеңге бөлінеді: нәрестелік, балалық және жасөспірімдік немесе ересек кезең. Бұл кезеңдердің бәрі аурудың асқынуымен, одан соң басеңсуімен өтеді. Жасөспірім шақта балалардың көбі диатезден біржола құтылады.

Нәресте диатезі сәби өмірінің алғашқы айларынан бастап екі жасқа дейін созылады. Сулы немесе құрғақ диатез түрінде өтеді.

Диатездің сулы түрі терінің қатты қышуымен, ісінуімен, беті томпақ бөртпемен немесе көпіршіктермен көрініс береді. Бөртпелер мен көпіршіктер кейін жарылып, сулы аумақтар құрады. Ол аумақтар бетте, бөкседе, аяқ-қолда орналасады. Кейде осының бәріне инфекция қосылып, теріде іріңдіктер пайда болады.

Диатездің құрғақ түрі терінің құрғауымен, қызаруымен, кей жерде ісінуімен сипатталады. Тері бетіне қатты қышитын, сәл томпайған бөртпе шығып, қасығанда қабыршақтар мен ойық жаралар пайда болады.

Кейде диатездің құрғақ және сулы түрлері аралас болады немесе бір түрі екіншісіне ауысады.

Аурудың балалық шақтағы түрі екі жастан бастап 10-12 жасқа дейін созылады. Табиғи бүгілетін жерлердегі теріде тығыз ісік, қызару, қышитын ұсақ бөртпе, қатты қабыршақтанған жерлер пайда болады. Көбіне бұл ауру ошақтары симметриялы орналасады.

Жасөспірім шақтағы диатез көбіне 14-15 жасқа қарай мүлде жоғалады. Кей балаларда ғана ол ересек кезеңге өтіп, нейродермит деп аталатын болады. Асқыну кезінде терінің кей жерлері қатты қышиды, тері кұрғайды, бұрынғыдан гөрі қалыңдайды, тері суреті айқынырақ болады. Бұл көрініс лихенизация деп аталады, көбіне мойында, шынтақ пен тізе астында, бөксенің ішкі бөлігінде, аралықта байқалады.

Емі. Балалардағы диатез тек тері ауруы емес, бүкіл организмнің сырқаты. Сондықтан бала кешенді ем алуы тиіс. Емнің басты мақсаты – диатездің асқынуына жол бермеу.

Ең алдымен, зерттеу кезінде анықталған аллергендерден және аллергендігі жоғары тағам өнімдерінен баланы аулақ ұстайды. Ата-ана дәрігермен кеңесе отырып, балаға бірнеше ай бойы дербес гипоаллергенді емдәм құрады. Одан әрі осы емдәмге жекелеген тағам өнімдерін қосады (бір ғана өнімнен және аса сақтықпен!).

Аллерголог-дәрігер балада аллергия тудыруы мүмкін заттардан оны сақтау керектігін түсіндіреді. Үйді артық заттардан тазартып, күн сайын ылғал шүберекпен сүртіп, кітаптар мен киімді жабық шкафтарда сақтау, үйді үнемі желдетіп тұру керек. Сондай-ақ үй өсімдіктерін, жануарлар мен балық ұстауға болмайды, бұларды тазалағанда көгертетін саңырауқұлақтардың өсуін тоқтататын ерітінділер қолдану, бала жастанатын жастықты жыл сайын ауыстыру қажет.

Диатезбен ауыратын баланың емін тек дәрігер ғана жүргізе алады. Тері күтіміне үлкен мән беріледі: баланы күн сайын хлордан ажыратылған суға (суды бұлауда 1-2 сағат тұндырып, үстіне ыстық су кұяды) шомылдыру керек. Жуындыру кезінде ысқыш қолдануға болмайды, жуатын кұрал рН бейтарап (5,5) болуы шарт, жуынып болған соң теріні ыспай, орамалды жеңіл ғана басып, ылғалды сіңіріп алады, терінің қатты құрғаған тұстарына диатезі бар балаға арналған крем жағып қояды.

Қажет болған жағдайда, маман дәрігер дәрі-дәрмектер тағайындайды. Диатез көбіне тұқым қуалайды, алайда дәрігердің барлық ұсыныстарын орындау арқылы аллергияға төтеп беруге әбден болады.

Г.Әшірбекова, А.Сапарова,
А.Бегалиева, бала дәрігерлері


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

Мадина

Менин балама 6ай болды 3айыннан бастап кургак диатез шыга бастады адвантанды кунде жагам оны Бир Кун жакпай калсам катты кызарып кетеди онымжаксан жок болады ол мазь кауипти емеспа

Жәудір

Дәрігермен кеңесіп жаққаныңыз дұрыс

Жәудір

Синтомицинді жұқалап жағып череда мен ромашкаға қайта қайта түсіре берсеңіз кетіп қалады

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз