Қазақ емлесіндегі кейбір дауысты дыбыстардың қолданылу

Тілдің өсу, даму, жетілуімен, жалпы жазу мәдениетінің жетілуімен тілдегі сөздерді дұрыс жазу ережелері де бірте-бірте өңделіп, жетіліп отырады. Қандай тілдің болмасын орфографиясын түзеуде негізгі екі принцип болады: а) морфологиялық принцип; ә) фонетикалық принцип. 1940 жылға дейін қазақ тілінің орфографиялық ережелері фонетикалық принципке сүйеніп құрылды, яғни қазақ тіліндегі сөздер қалай естілсе, сол күйінде жазылатын болды. Қазақ тіліндегі сөздер үндестік заңы бойынша бірыңғай не жуан, не жіңішке түрде айтылады, жазылады. Осы үндестік заңына сай фонетикалық принцип бірден-бір дұрыс принцип болып көрінгенмен жеке сөздерді жазуда бірыңғай сауатты жазуды қиындатты. Өйткені қазақтың байырғы сөздерінің өзін әркім әр түрлі айтады да, әр түрлі жазатын болды. Әсіресе орыс тілінен енген термин сөздерді жазу үшін фонетикалық принцип қолайсыз болды. Мысалы: совет, деген сөз собет, сәбет күйінде, институт деген сөз инстөт, үнстөт, енситөт күйінде, газет – газит, кәзит, казет т.б.  күйінде жазылып келді.

1940 жылы қазақ тілінің жазу ережелеріндегі фонетикалық принциптің кемшіліктері ескеріліп, тіліміздегі сөздер морфологиялық-фонетикалық принципке негізделіп жазылатын жаңа орфографиялық ереже қабылданды. Морфологиялық принцип деп тілдегі сөздер айтылуынша, естілуінше құбылып жазылмай, әрбір сөздің бастапқы түбір тұлғасы мен қосымшалардың тұлғасын сақтап жазуды айтады. Мысалы: басшы (башшы емес), қашса (қашша емес), түнгі (түңгі емес), айта алмай (айталмай емес), келе алмай (келалмай емес), Аманкелді (Амангелді емес), шекара (шегара емес), ақ ешкі (ағ ешкі емес), кім келді (кім гелді емес) т.б.

Қазіргі тәуелсіз елімізде, әсіресе соңғы кезде, ғалымдарымыздың біразы орфографиялық ережемізді қайта қарау қажеттігі туралы айтса, елбасының латын графикасына көшу туралы жарлығы да сәтті болмақ.

Қазіргі тәуелсіз елімізде, әсіресе соңғы кезде, ғалымдарымыздың көбісі орфографиялық ережемізді қайта қарау қажеттігі туралы мақалалар көптеп жарық көруде. Түбінде жаңа әліпбиге көшетініміз кәміл. Себебі бұл елбасының тапсырмасы. Оған дейін қазіргі әліпбиіміздің бірсыпыра жерлерін жөнге келтіру керек болады. Біз осы тақырыпта кейбір дауысты дыбыстардың қолданылуы жайында сөз қозғамақпыз.

Мысалы: е, ы, і әріптері сөздің барлық буындарында жазылады, бірақ олар ылғи да е, ы, і болып дыбыстала бермейді.

Бұлардың еріндіктермен қатар тұрып айтылу мүмкіндіктері жоққа тән. Мысалы, өзен , өлең, өнер, осы, орын, оқы, ұлы, ұғым, ұзын, үлкен, түлкі, жүрек, өмір, ауыл, бауыр, жауын, әуе, әуес, дәуір... сөздерінің құрамында е, ы, і дыбыс емес тек әріп. Айтуда олар ө, ұ, ү түрінде болады.

Соңы ы, і дыбысына аяқталған етістіктерге –у жұрнағы жалғанғанда, ы ұ-ға, і ү-ге айналады, жазуда бір-ақ әріппен (у) таңбаланады: алжы-алжу, жылжы-жылжу, сырғы-сырғу, тепші-тепшу, терші-тершу  т.б.

Қысаң ы, і фонемалары көп буынды сөздерде кейде көмескі естіледі. Орфоэпиялық сөздіктерде олар түсіріліп (жарты белгімен) жазылады: дәрі'гер, қат'нас, аз'рақ, ед'реңдеу, и'рім, кеш'рім, қас'рет т.б.

Тіпті л, р дыбыстарының алдынан келгенде сөздің лексикалық мағынасына нұқсан келмесе, олар жазылмайды: лақ, ләм, леген, лекер, лес, лай, лайық, лас, рас, разы, рай, рахат, рахмет, рең, рәсуа, рәсім.... Осы сөздердің алдында ы, і дауыстыларынсыз айту қиын-ақ. Мысалы: Ылайла, ылай оймен тұнығыңды (Абай); Ырас десең, ырас сөз мен айтайын (Бекболат дастан); Мұны қайда қоямыз? Қай ережеге сыйғызамыз? – деген сұрақ өзінен өзі туындайды. Дауысты дыбыстары жуан дауыстылар: а, о, ұ, ы, у; Жіңішке даустылар: ә, е, ө, ү, і, и деп бөлгенде и әрпінің жіңішке дауысты дыбыстардың қатарында тұратынын мектеп оқушыларынан бастап, қалам ұстаған елдің бәріне белгілі. Сондықтан да И әрпі тек жіңішке айтылады. Қазіргі кезде жастардың (әсіресе мектеп оқушыларының) тілінде байырғы сөздерімізде кездесетін и әрпін жіңішке айту байқалып жүр: мійіміз ашійді, жійна, қійын, бійіл, сійла, тійсін, тійын т.б. Жалғанатын қосымша дауысты болса, немесе дауыстыдан басталса, кейбір сөздердің екінші буынындағы ы, і (айтуда да, жазуда да) түсіп қалады: халық-халқы, қарын-қарны, ырық-ырқы, қырық-қырқы, ерін-ерні, ерік-еркі, кейіп-кейпі, ірік-іркіп-іркеді, қырық-қырқып-қырқады,  дауыс-даусы, әріп-әрпі т.б. Баспасөзде орыны, дауысы, әріпі болып жазылып жүретіні де ұшырасады. Бұл қасиет е фонемасында жоқ.

Ы, і әріптерінің қолданылуында біраз қиындықтар бар. Қазақ тілінде соңғы буындарында ы, і қысаң дыбыстары бар бірқатар сөздерді тәуелдегенде олардағы соңғы қысаң дыбыстар сусып түсіп қалады: халық+ы-халқы, көрік+і-көркі, ерік+і-еркі т.т. Бұл заңдылық ы, і дыбыстарының үнді (сонор) р, л дыбыстары  мен қатаң қ, к дыбыстарының аралығында келген жағдайында ғана байқалады. Ал қалған сәттерде соңғы буындағы қысаң дыбыстар сусымайды, сақталып айтылады және жазылады: киім-киімі, құлын-құлыны, ойын+ы-ойыны, бұрым+ы-бұрымы т.т.

Кейбір зат есім, сын есімдерге көбінесе а, е сияқты ашық дауыстыдан басталатын қосымшалар жалғанғанда, соңғы буындарындағы ы,і дыбыстары түсіріліп айтылады және жазылады: орын+а-орнады, (орынады емес), ойын+а-ойнады (ойынады емес), ерін+еу-ернеу (ерінеу емес), қырық+ыншы-қырқыншы (қырықыншы емес) т.б.

Р дыбысынан басталатын бірқатар сөздердің басында (р әрпінен бұрын) ы, і әріптері жазылады да, бірқатарында жазылмайды. Бұларды ажырататын белгілердің бірі мынадай: егер сөз басындағы р дыбысынан кейін ы, і дауыстыларынан басқа дауыстылар келсе, сөз басында ы, і әріптері жазылмайды: рас, рай,рахмет, ресми, рең, рет, риза, ру, рұқсат, рәсуа. Ал р дыбысынан кейін ы, і қысаң дауыстылары келсе, олар сөз басында да жазылады: ырым, ырыс, ырық, ірі, іріту, қырылдау, т.б.

И әрпі кірме сөздердегі жалаң и дыбысымен қатар (кино, философ), ій, ый қосар дыбыстарын да таңбалайды. Мысалы: тиек, киім, ирек, иіс, ине, қиын, қуыс, сиыр, гуіл т.б. сөздерді буынға бөлу қиындық туғызып жүр. Бұл себебі  фонетикалық заңдылыққа қарсы құбылыс. Қазақ сөздерінде сөз ортасында буын тек дауыссыз дыбыстан басталады деген ережемізге қарама-қайшы құбылыс. Қазақ орфографиясымен пунктуация жайында анықтағышта қосарлы ый әріптері тек сый, тый сөздерінде (оларға қосымша жалғанғанда да) жазылады. Мысалы: сыйлық, сыйлау, сыйымды, тыйым, тыйылу деп жазылған. Күнделікті газет-журналдарда силық, силау, тиым, тиылу деп жазу жиі кездеседі. Сол сияқты орфографиялық сөздіктерде де ала-құлалық кездесіп қалып жатады (2001-2007 жылдардағы сөздіктер). 2001 жылғы орфографиялық сөздікте сый – сыяпат деп жазылған, ал 2007 жылғы сөздікте сый – сияпат т.б. көрсетілген.  Аталған анықтағыштың алғы сөзінде емле ережелерінің тиянақсыздығы жазатын адамға үлкен қиыншылық келтіреді. Белгілі бір сөздер мен сөз тіркестерінің жазылуы бір ізге түспеген болса, ең сауатты адамның өзі толқып, қиналады. Бұл қиындыққа әсіресе баспа қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері кездесіп отырады – делінген. Бұл қиындық орыс тіліндегі и-дің әсерінен болып тұрған құбылыс. Жаңа әліпбиге көшерден бұрын осы сияқты толып жатқан орфографиялық, орфоэпиялық, пунктуациялық ережелерді қатты ескере отырып ретке келтіру керек болады.

Асылбек Тасымов

 

Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Р.Сыздықова. Қазақ тілінің анықтағышы, Астана, 2000.
2. 1988, 2001, 2007 жылғы орфографиялық сөздіктер.
3. С.Мырзабеков. Қазақ тілінің дыбыс жүйесі. 1999 ж. 47-бет.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)