Өлең, жыр, ақындар

Жаңартылған бағдарлама – білім берудің жаңа мазмұны

Әлемдік білім беру кеңістігіне кіру мақсатында Қазақстан Республикасы отандық білім берудің озық дәстүрлері мен стандарттарын сақтай отырып, әлемдік білім беру тәжірибесіне бағытталған стратегиялық курсын таңдады.

Бүгінде Елбасымыз алға қойған, дамыған отыз елдің қатарына кіру жөніндегі «Ұлт жоспары – 100 нақты қадам» – баршамызға ортақ жауапкершілік жүктеп, Қазақстанның білім беру саласын жаңғыртуындағы негізгі бағыттарын айқындауды көздейді. Соның ішінде:12 жылдық білім беруге кезең-кезеңімен көшу, оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамыту үшін мектепте оқытудың стандарттарын жаңғырту, білікті мамандар даярлау.

Білім мазмұнын жаңарту – білім беру бағдарламасының құрылымы мен мазмұнын, оқыту мен тәрбиелеудің әдістері мен тәсілдерін қайта қарастыру болып табылады. Ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген, кез келген өмірлік жағдайда функционалдық сауаттылығы мен бәсекеге қабілеттілігін көрсете білетін тұлғаның үйлесімді қалыптасуына және зияткерлік дамуына қолайлы білім беру ортасын тудыру – жаңартылған білім мазмұнын енгізудің нәтижесі болуы керек.

Қазіргі заман талаптарына сәйкес қазіргі мектеп «білімді тұлға», яғни білім, білік пен дағдылары қалыптасқан  жеке тұлғаны дайындаумен ғана  шектеле қоймай, «өмірдің өзгерістеріне дайын болатын», белсенді және шығармашыл ойлайтын, интеллектуалды және жан-жақты дамыған жеке тұлғаны дайындау тиіс. Бұл деген мектептегі білім берудегі жаңа моделінің құрылымы  әдеттегі дәстүрлі «Мектепте нені оқу керек?» емес, «Мектепте не үшін оқу керек?» деген мәнмәтін аясында өрістелуі тиіс.

Сондықтан қазіргі уақытта дайын білімдерді игеру мен жалпылау мақсат емес, ол адамның интеллектуалды дамуының көмекші құралы болып табылады. Ал қажетті ақпараттарды өз бетінше табу, мәселелерді анықтау және оларды шешу жолдарын іздеу, алынған білімдерді сын тұрғысынан талдай білу және оларды жаңа тапсырмаларды орындауда қолдану жаңартылған білім мазмұнының нәтижесі.

Білім алушылардың күтілетін оқу нәтижелері жетістігін бағалау жүйесі білім беру мазмұнының ажырамас бір бөлігі болып табылады. Жаңартылған орта білім беруді енгізу кезінде білім алушылардың оқу жетістігін критериалды бағалау жүйесі қолданылады.

Критериалды бағалау жүйесі бұрыңғы дәстүрлі бағалауға қарағанда қалыптастырушы және жиынтық бағалау болып ерекшеленеді.

Қалыптастырушы  бағалауда  білім алушыларға жаңа материалды меңгеру кезеңінде тапсырманы қаншалықты дұрыс орындағанын жəне оқыту мақсаттарына қол жеткізгенін түсінуге мүмкіндік беретін бағалау. Жиынтық бағалау оқу тоқсанының соңында оқу бағдарламасының бөлімдерін оқып аяқтағаннан кейін білім алушылардың меңгерген білімі мен қалыптасқан дағдылары деңгейін айқындайтын бағалау.

Критериалды бағалау мұғалімдер мен оқушылар және ата-аналарға да өте тиімді бағалау түрі, өйткені мұғалім үшін — сапалы нәтижеге әкелетін критерийлер құрастыруға, өз іс-әрекетін саралап және болашаққа жоспарлай алатын мәліметтер алуға т.б., оқушылар үшін — табысқа жетелейтін бағалау критерийлерін түсінуге, өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсіп, түсінбегенін түзетуге мүмкіндік алады, сыни ойлауына, еркін ойын айтуына, өзінің білімін көрсетуге т.б., ата-аналар үшін — оның оқуындағы табыстылықты бақылауға, оқуына қолдау көрсету үшін бағыт алуына мүмкіндік туғызады.

Критериалды бағалау

  • Қалыптастырушы бағалау(күнделікті мадақтау, видео, слайд, т.б.)
  • Жиынтық бағалау(бөлім бойынша жиынтық бағалау, тоқсандық жиынтық бағалау, білім беру деңгейі бойынша жиынтық бағалау)

ТОҚСАНДЫҚ ЖИЫНТЫҚ БАҒАЛАУДЫ ӨТКІЗУ

Тоқсандық бағалау жұмыстарын және балдарды қою кестесін әзірлеу бір параллельдегі барлық сыныптар үшін біркелкі Тест спецификациясы негізінде жүзеге асырылады.

Тоқсандық жиынтық жұмыстар әр түрлі болуы мүмкін (тест, сынақтар, бақылау жұмысы және т.б.). Тоқсандық жиынтық бағалауды өткізу кестесі мектеп директорының бұйрығымен бекітіліп, тоқсан басында ата-аналар мен оқушылардың назарына жеткізіледі.

Тоқсандық жиынтық жұмыс бір параллель үшін бірдей жағдайда өткізіледі. Тоқсандық жиынтық бағалауды қайтадан орындауға (көшіруге) болмайды.

Егер оқушы тоқсандық жиынтық бағалауға белгілі бір себептермен қатыса алмаған жағдайда (ауырып қалуы, жақын туысқанының қайтыс болуы, конференцияға, олимпиадаға және басқа да ғылыми жарыстарға қатысқан жағдайда), пән бойынша орындай алмаған тоқсандық жиынтық жұмысын мектепке келгеннен кейінгі екі апта ішінде орындауы тиіс; бұл жағдайда тоқсандық ішкі жиынтық бағалау жұмысының қосымша нұсқасы қолданылады.

МОДЕРАЦИЯ

Бағалаудың бірыңғай стандартын белгілеу үшін оқушылардың жиынтық жұмыстарының нәтижесін талқылау үдерісі.

Модерация : бағалауды стандарттау мақсатында оқушылардың жиынтық жұмыстарының нәтижесін мұғалімдердің талқылауы үшін белгіленген.

Модерация: бірдей сыныпта сабақ беретін мұғалімдердің қатысуымен өтеді;

олар белгілі бір пән бойынша балл қою кестесін бірыңғай қолданудың тәсілі арқылы жұмысты бастапқы бағалауды талқылайды.

Білу маңызды:

Модерация қорытындысы бойынша тоқсандық жиынтық бағалаудың нәтижесі өзгеруі мүмкін.

Модерациялау бойынша төраға әдістемелік бірлестіктің жетекшісімен қатар кез келген пән мұғалімі болуы мүмкін.

Білім алушылардың ілгерілеуін қадағалау мақсатында мұғалімдер

оқытудың белгілі бір кезеңінде орындалған жұмыстарды сақтауы қажет.

Білім алушылардың портфолиосы бағалау нәтижелерінің анықтығы мен дәлдігін арттыруға бағытталған.

 

Оқушылардың оқу жетістіктері нәтижелерін тіркеу:

Сынып журналы:

  • оқушылардың сабаққа қатысуы
  • сабақтың тақырыптары
  • тоқсандық және жылдық бағалар

Электрондық журнал: жиынтық бағалаудың балдары (бөлім, тоқсан); тоқсандық және жылдық бағалар.

Оқушы табелі: тоқсандық және жылдық бағалар.

Қолданылатын әдістер:

  • Диалогтік оқыту және топтағы бірлескен жұмыс арқылы білімдерін жетілдіру;
  • Оқушылардың сөздік қорын молайту;
  • Өз ойын ашық, анық айтуға төсілдіру;
  • Қарым-қатынас жасай білу;
  • Күтілетін нәтиже:
  • Оқушы өз ойын ашық айта алады;
  • Шығармашылық қабілеттері өседі;
  • Сөздік қоры баийды;
  • Өз қабілеттерін одан әрі ұштайды

Диалог барысында оқушылар күтілген нәтижеге жету үшін күш – жігерін жұмсайды, ынталанады, ойларын бөлісіп, пікірлеседі, білімді бірлесіп алып, өз білімін толықтырады. 
Оқушылардың өзара әрекет дағдыларын дамытудың тағы бір тәсілі – оқушылардың бір-біріне сұрақ қоюы. Егер де сұрақ дұрыс қойылған болса сабақ берудің, білім берудің тиімді құралына айналып, оқушылардың білім алуына жағдай жасайды. Сұрақ қою маңызды дағдылардың бірі болып табылады, себебі сұрақ дұрыс қойылған жағдайда сабақ берудің тиімді құралына айналады және де оқушылардың білім алуына қолдау көрсетіп, оны жақсарта және кеңейте алады. Оқушының білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әртүрлі техникаларын пайдалануға болатыны белгілі.

Менің ойымша, оқушылардың тілді меңгеруде үлкен нәтижеге жетуде электрондық оқулықтардағы дайын диалогтарды тыңдау, жаттау, аяқтау, толықтыру, мәтін мазмұны, кесте, сызбалар бойынша диалогтар құру-әдістері де көп көмегін тигізеді.

Топтық жұмыс ішіндегі тығыз қарым-қатынас оқушыларды бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара, тығыз байланыста жұмыстануға жеткізеді. Сабақ барысында оқушылардың достығы нығайып, сабаққа деген жаңа көзқарастары қалыптасып, жаңа, тың идеялармен танысып, білімдерін жетілдіріп, жан-жақты дамуына мүмкіндік алады.

Нәтижесінде оқушы:

  • Жан-жақты
  • Тілдік қоры бай
  • Өзіне сенімді
  • Тобының жанашыры
  • Өз ойын анық та, ашық айта алатын
  • Өз көзқарасын тұрақты ұстай алатын тұлғаға айналады.

Портфолио – білім алушылардың мақсатты түрде жинақтаған, олардың оқудағы нәтижесін, ілгерілеуін, белгілі бір оқу жылындағы бір немесе бірнеше пәндер бойынша жетістіктерін көрсететінжұмыстары. Портфолио бір оқу жылына арнап құрылады. Оқу жылы аяқталған соң, оны білім алушыларға, ата-аналарға беру керек.

Портфолиода білім алушылардың бағалау критерийлері бар бөлім/ортақ тақырыптар бойынша және тоқсандық жиынтық бағалау кезінде орындаған жұмыстары, балл қою кестелері, білім алушылардың рефлексиялары, мұғалімнің ұсыныстары көрсетілген кері байланыстары болуы қажет. Оның ішінде білім алушылардың жұмыс дәптерлері, салған суреттері, тәжірибелік тапсырмаларды орындау кезіндегі фотолары, зерттеу жұмыстарының қорытындылары, мұғалімнің жұмыстарға берген пікірлері жинақталады.

Жалпы білім беретін мектептерде Қазақстан Республикасының зияткерлік, дене бітімі және рухани дамыған азаматын қалыптастыру, тез өзгеретін әлемде оның табысты болуын қамтамасыз ететін білім алудағы қажеттілігін қанағаттандыру, еліміздің экономикалық әл-ауқаты үшін бәсекеге қабілетті адами капиталды дамыту болып табылады деп білімді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында көрсетілген.

Барлықтарыңызға жұмыста шығармашылық табыс, талантты шәкірттеріңіз көп болуына тілектеспін.

 


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (3)

УМИДА

КҮШТІ .....КЕРЕКТІ АҚПАРАТТЫ АЛДЫМ

Гүлсина Нұрболат♡

Күшті күшті.Нағыз бізге керекті ақпараттар бар екен.Бірақ менің өзіме жаңартылған бағдарлама кыйындау.Бірақ мен мойымаймын .Тек алға!Сіздерде мойымаңыздар!Ал,сау болыңыздар!

Назипа

Керемет бизге керек нәрсе екен

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз